Түркі мәдени қоры Испанияда Абайға арналған пошта маркасын шығарды
Әзербайжандағы Түркі мәдени мұраларын дамыту коры Испанияда Абайдың 175 жылдық мерей тойына арналған пошта маркаларын шығарды. Бұл туралы аталған қордың басшысы Гюнай Эфендиева Қазақ журналистері және блогерлерімен өткен кездесуде мәлімдеді.
Гюнай Эфендиеваның айтуынша, қазір Қазақстан мен Әзірбайжан елшілігі, Түркі кеңесінің аясында ұлы ақынның мерейтойына арналған бірнеше жобаны қолға алған.
Гюнай Эфендиева, Түркі мәдени мұраларын қорғау және дамыту қорының басшысы:
- Биыл Абай тойы бүкіл түркі елдерінің көлемінде аталып өтуі керек еді. Соның ішінде біздің де ұйым бірқатар жобаларды қолға алған. Ол жобалар Қазақстандағы Әзербайжан елшілігінің, Түркі кеңесінің аясында ұйымдастырылмақ болған.
Бірақ дүние жүзілік пандемия кесірінен біраз өзгерістер болды. Біз сонда да Абай шығармаларын, Абай туралы шығармалардың жинағын баспаға дайындадық. Ол әзербайжан тілінде жарық көріп жатыр. Ал, қараша айының соңында кітаптың тұсаукесерін Әзербайжанда да, Қазақстанда да өткізуді жоспарлап отырмыз,- деді.
Сонымен қатар ол Түркі мәдени мұраларын қорғау және дамыту қоры атынан алдағы уақытта Қазақстанмен бірлескен жобаларды қолға алуға ниетті екенін білдірді.
Айта кетейік, аталмыш кездесуді Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілігі ұйымдастырған.
Abai.kz