Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 4665 6 пікір 17 Қараша, 2020 сағат 12:50

Үнсіздік

Үнсіздік деген – үн шықпайтын кеңістік, адам зейінінде орнығатын тып-тыныш ұғым. Үнсіздік сөзінің ұғымдық аясы кең болғаны соншалық саясат пен өмірдің ащы шындықтарын көріп-көрмегендей, естіп-естімегендей барлық ауыртпалығын ішке тығып, тек үнсіз ғана куәгер болып отырғанды таңдаған адамды да елестеткізеді. Үнсіздік ұғымы тыныштық емес, оған сай келмейді. Адам өмірде бітпейтін талас-тартыстан, гуілдеген көлік дауысынан, дүние қуған талпыныс үнінен әбден қажығанда табиғаттың оңаша мекенінде  барлық гүрілден ұзақ та аулақ болғысы келетін кеңістікті тыныштық дейміз.                                                                                      

Ал келесі «Үнсіздік» Мүһсен Мәхмәлбаф сецнарийін жазып,  режиссорлығымен 1988 жылы Тәжікстанда түсірілген фильм. Бұл киноның бас кейіпкері «Хуршид» атты соқыр бала. Бірақ құлағының есту қабілеті өте жоғары болғандықтан дыбыстарға сезімтал. Сол үшін де музыкалық аспап жасайтын ателиеде жұмыс істеп, дутар сазының құлақ күйін келтіретін маман. Солай бола тұра ателие иесі оның жұмысына көңілі толмай оны жұмыстан шығарады. Ал ол болса шешесімен өзен жағалауында бір үйді жалға алып тұрады. Сондықтан ай сайын төленетін жалға алынған үйдің ақысын төлеп тұру Хуршидтың мойнында еді. Оның жұмысы сазды сатып алушылар тарапынан қабылданбаған соң жұмыстан қуылады. Фильмнің соңында үй иесі бала мен ананы жалға алынған үй ақысын төлей алмағандары үшін үйінен шығарып жібереді. Бұл фильм бір қарағанда тәжік жұртының тауқыметті өмірінің көрінісі іспеттес. Өйткені қазіргі кезде әлем жұртшылығы Тәжікстанды кедей ел ретінде таниды. Сондықтан бұл фильм сондай елдің жоқшылығын сомдап берген дейсіз. Ал енді бір қыры, авторлық фильмнің философиялық көзқарасына келіп тіреледі. Осындай жоқшылығы мол бір елде бар нәрсенің жүрісі баяу, адамдардың дауыстары ұяң, машиналардың дыбысын да өшіріп тастағандай. Бірақ қазан жасайтын дүкен орындарында дауыстардың дүмпісі естіледі. Дәл сол мекендерде Хуршид іздеген нағыз дыбысына қол жеткізгендей болады. Онда ол үндесіп, үйлескен әуенге дирижер бола бастағанда Амадей Моцарттың (1756-1791) симфониясына айналып, жалғаса кетеді. Сонда Мәхмәлбаф байлықты әр елдің классикалық өнері мен дәстүрінен іздеп жүр ме екен дейсің! Өйткені фильмнің бір сахнасында Хуршидтың ізденісі бір түрікмен дутарының әуенімен ұштасып, оның әуенімен әсем әлеміне қол жеткізгендей күй кешеді. Неге десеңіз? Өйткені фильмде үйлесімді әуеннің пайда болуынан үш фактор көрініс табады. Біріншден, тәжіктердің дәстүрлі қол өнері мыстан қазан жасаушылардың дыбысы, екіншіден, түрікмендердің дутар сазының әуені, үшіншіден, Моцарттың  симфониясының әуеніне ұласуы әлем жұртшылығын жоқшылықтан құтқара алатын әлем өнерінің үндескендігі байлықтың сара жолын аша алады деген ойға жетелейды. Киноның тағы бір ойы Хуршид соқыр кейіпкер ретінде дүниенің ластығын көрмеген соң тыңдау арқылы табиғат пен өнер арасындағы үндестікті іздейді. Оның жанында серіктес дос қызы болса, саздардың әуенінен үндестік тапқандай үйлесімді әрекеттер жасайды. Фильм басталғаннан соңына дейін үнсіздікке бекінген тәрізді. Есесіне тұспал мол. Сондай-ақ адамның жан әлемін ірі бейнелер (close up) арқылы сомдауға тырысады. Оны көрермен тізіліп тұрған нан сатушы қыздарды көрсеткен сахнада көре алады. Ал фильмнің сценарист, режиссор, продюсері Мәхмәлбаф кім екен? 

Иранның астанасы Теһранда 1957 жылы туған Мүһсен Мәхмәлбаф жазушы, режиссор, продюсер, саяси белсенді кейпімен Иран мен Батыс елдерінде танымал болған тұлға. Оның сыры неде? Оған қазақ кино өнерінің өкілдері де қызығып «Үнсіздік» киносын қазақ тіліне аударып «ABAi TV» (соңғы муза бағдарламасы бойынша) 31.10.2020 сағат 22:20 өз экранында көрерменге ұсынды. Осы себепті қазақ тілінде, қазақтың өнер сүйер қауымы аталған режиссордың өмір жолы және шығармашылық дүниесінен иран сыншыларының баянында да кеңірек таныссын деген ниетпен осы жазуды қолға алдым. Мақсат таным өрісіміз кеңейіп, өзімізде қабылдау не қабылдамау таңдауы болғанды жөн көрдім. Біз өзгені керемет дей жүріп, өз кереметімізден айырылып қалмайық деген ниет болды. Жақсы дүниелер біздің жақсылықтарды шыңдаудауға жарасын!                                                                               

Иранда 1979 жылы 54 жыл патшалық билік құрған (1925-1979) Пәһлеуи династиясы тақтан кетті. Орнын имам Хомейни басқарған саяси қуат басып, Иран Ислам Республикасын құрды. Иран астанасы Теһран қаласы патша заманында әлеуметтік-мәдениет жағдайына байланысты оңтүстік және солтүстік деп екіге бөлінетін. Қаланың оңтүстігі кедейлер, ауылдардан жұмыс іздеп келген топтар, қылмыс дүниесінің өкілдері және мәрт мінезді қорланғанға қорған болып жүрген ерлердің мекені болған. Дәл осындай ауданда Мүһсен өте жұтаң, тұрмысы нашар отбасында дүниеге келді. Ол шешесі мен өзінің күнкөрісін қамтамасыз ету үшін сегіз жасынан он жеті жасқа келгенше он үш түрлі жұмыста көмекші және жұмысшы болып еңбек етті. Сондай қиын жағдайда жүргенде патшалық режимге қарсы ызасы өрши түсіп, он бес жасында үкіметке қарсы саяси күреске шығуды ойластырып, өзі бас болып, шағын партизандық – саяси топ құрды. Мәхмәлбаф вебсайтында иранның қауіпсіздік ұйымының 22 мордад 1353 жылғы рапорында өзі жайында: «Мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы іс-қимыл жасап, бүлікші топ құрып, зиянды үн парақ шығарып, таратып, марксисттік трактаттарды оқуымен бірге оның идеялары туралы ой бөлісіп жүргені, полицияның күзет орындарына шабуыл жасап, өз қызметін атқарып тұрған адамдарды жарақаттап, қаруларын тартып алғандары, жарылғыш заттар жасап, ұлық патшалық шенге былапыт сөздер айтқандары анық болған», - деп жазылғанын жариялапты. Осыған қатысты иранның ресми таралымы ауқымды «итилаат» газеті 1355 жылдың испәнд айының 18 күнгі санында: «1353 жылы Руһолла Кәфили, Мүһсен Мәхмәбаф, Ғұламүсейін Ләнгеруди Қәзвининежат алдын-ала жасалған жоспар бойынша қаруларды қолға түсіру үшін Иран көшесіндегі полиция күзетіне шабуыл жасады. Сол оқиғада бір полицей Руһолла Кәфилидің пышағынан жарақат алды. Содан кейін ол қашып кетті. Мәхмәбаф полицейдің атқан оғынан жарақаттанып, тұтқындалғаннан кейін бес жыл түрмеге қамалған. Ал қашуға тырысқан Ләнгеруди жұртшылық тарапынан ұсталып, ауыр қылмыс жазасымен 15 жылға сотталады. Сондай-ақ кейінірек ұсталған Кәфили әуелгі сотта өлім жазасына кесілсе де кейін соттың  бұл  шешімі, патшаның кешіріміне ілігіп, өмір бойы түрмеде отыру жазасына ауыстырылады.                                                

Мәхмәлбаф саяси тұтқын ретінде түрмеде Мұхммед Әлі Режаи (1933-1980) Иран Ислам Республикасының үкіметінің екінші преьмер-министрі болған және бүгінгі күні 78 жастағы тіс қаққан саясатта мемлекет  қайраткері Беһзат Нәбәвимен танысқан. Олармен жақын қарым-қатынаста жүріп, коммунистік көзқарасынан бас тартып, исламдық қағидаға ауысып, өзгергені айтылады.                                                             

Ислам төңкерісі 1979 жылдың желтоқсанында жеңіске жеткен соң саяси желеумен түрмеге қамалғандардың басым көпшілігі бостандыққа шықты. Солардың бірі – Мүһсен Мәхмәлбаф болды. Ол түрмеден босатылған соң  жаңадан құрылған «Бір болған үммет» ұйымның мүшесі болып, саяси істерге араласа бастады. Саяси істерінде патша режиміне қарсы саяси-партизандық «Мүжаһеддин халық» ұйымын құрған топқа қатаң шаралар қолдану керектігін айтып, өзі де оппоциция түрлі радикалдық саясат ұстанды. Сондықтан жеті шағын саяси топ бірге бас қосып, «Мүжаһедин инқылап ислами» ұйымын құрды. Бұл ұйым кейінгі жылдары Иран Ислам Республикасының негізі қарулы күшіне айналған «Сепаһ пасдаран инқылап ислами» органының іргетасы болды. Мәхмәлбафтың саяси ұстанымының асқан қатал болғандығы соншалық «Кімде кім Израйыл мемлекетімен түрлі сылтаумен байланыс құрған жағдайда діннен шыққан кәпір», - деп жария етті. Осылайша ол қатыгез - имансыз, кертатпа комунист белсенді қатқыл діншілге айналған адам болып шыға келді. Екінші жағынан киногер ретінде патшалық режимінде бұқара халық үшін керемет саналатын өнер туындыларын нарықтың масыл фильмдері деп бағалап, олардың ең атақты, ел ішінде аса құрметке ие ойыншы актерлерді де кино саласының төңірегіне жолатпай қойды. Әрі адам баласының өміріндегі мән-мағына тек қана ислам қағидасында көрініс тапқан деген көзқараспен кино түсірудің негізгі мақсаты осы бағытта болу керектігіне сенген болғандай алғашқы көркем киносы «Нәсуһ тәубесі» фильмін 1982 жылы экранға шығарды. Онда барлық құндылық рухани әлемге жетуге меже тұтқан бір кейіпкерді көреміз. Оның саяси, экономикалық және қоғамдық жақтары себеп ретінде қаралмайды. Ондағы кейіпкер Лүтіпәли хан зейнеткер кейпіндегі ауқатты адам, жүрек талмасы ұстап қалғаны үшін есінен танып жатады. Сол себепті дәрігер оны өлген деп анықтама береді. Бірақ жерге тапсырылған кезде тіріліп шыға келеді. Содан соң Лүтіпәли ханға қазір рухани абызға айналған бала кездегі досы Яһиа дидарласуға келеді. Өмір мен өлім жайында әңгіме құрғанда: «Мен өмір бойы жанталасып, отбасымның жағдайын жасайын деп бар күш-қуат, айла-шараларымды жұмсадым. Бірақ олар оп-оңай мені жерлей салды. Тіпті өлгеніме толық көз жеткізбей жатып, мені көмді. Сонда менің өмірімдегі соншама талпынысымның бар мәні осы болғаны ма?», - деп налиды. Ол ұйқыда да ояу болған кезінде де өткен өмірін сын көзімен саралап шығады. Соның нәтижесі ретінде дүниенің байлығы түкке тұрмайтын алдамшы зат екеніне көз жеткізеді. Досы екінші рет көрісуге үйіне келгенде жұма күндері қабірстанға барып дұға оқып қайтатынын айтады. Өйткені өлім қорқынышты емес, жасаған күнә қорқынышты. Адам өлгенде алғаш рет осы өмірдегі жасаған істері одан сұралады. Сонда не демекпіз? Оны тірі кезде ойлану керек. Осыдан Лүтіпәли ханның ожданы ояна бастап, өткен күнәларынан арылу үшін өзі жамандық жасаған адамдардан кешірім сұрай отырып, барлық дүние байлығын қайырымдылыққа жұмсайды. Оның бұл іс-әрекетіне бір ұлынан басқалары қарсы болып, тілсіз байлықтан айырылып қалмауға тырысады. Бірақ ең соңында кейіпкер дүниенің батпағынан жалғыз тақуа ұлының көмегімен шыға алады.                                                                                                            

Фильмнің «Нәсуһ тәубесі» атануының сыры да Нәсуһ деген кісінің өмірбаянына қатысты қойылған. Бұл жайында құранда да көп мәрте айтылған. Әсіресе тәубе өте маңызды тақырыптардың бірі. Енді Нәсуһ хикаясына тоқталайық. Онда: «Дене бітімі әйелге ұқсас, әйелқұмар бір еркек өзінің дене ерекшелігін пайдаланып, әйел қылығында әйелдер моншасына барып, массажист болып отыз жыл бойы жұмыс істеп, өзінің құмарлығын қанағаттандырып жүреді. Кейде өкініш білдіргендей тәубесіне келіп, осы жұмысты тоқтатқысы келсе де әуестігінен бас тарта алмай ісін жалғастыра береді. Сөйтіп жүргенде атағы әбден шыққан Нәсуһтың массаж шеберлігін естіп, қызыққан хан қызы бір күні моншаға келеді. Сол күні моншада бағалы гауһар тасы жоғалып кетеді. Сондықтан оның бұйрығы бойынша монша тас жабылады. Хан қызы бұйрығымен жіберілген тексеруші топ сондағы барлық әйелдердің тұла бойын тексере бастайды. Бұл оқиғадан Нәсуһ қатты шошиды. Өйткені оны тексергенде жұрт оның шынайы болмысын байқап қалып, артынан абыройы судай төгіледі. Сол үшін Нәсуһ мүмкіндігінше тексерушілерден қашқақтап жүруге тырысады. Бұны байқап қалған тексерушілер оны нысанаға алып, артына түседі. Ең соңында үрейленгеннен моншаның су қоймасына тығылған Нәсуһ қашуға тесік таба алмай шын жүректен тәңіріне жалбарына жәрдем сұрап, бір жолата бұндай алаяқтық жұмыстан тәубе еткенін тілге тиек етеді. Тәубесі шынайы болған соң дәл сол сәтте тексерушінің бірі қарсы жақтан «гауһар тасты таптық ол сорлыны қоя беріңдер» ,- деп айғай салады. Үлкен бәледен құтылған Нәсуһ сол сәттен бастап, тәубесін берік ұстануға шешім қабылдады. Бірнеше күн жұмысқа бармай қойған соң ханның қызы оны шақыртты. Бірақ қолым ауырып жүр деп бір жолата жұмысқа бармай қойды. Әрі өз жұмысынан тапқан барлық дүние байлығын кедейлерге таратып берді. Бірақ қаланың әйелдері оны жұмысына шақырумен болды. Әйелдердің қоймай жасайтын сұрауынан құтылу үшін алыс маңдағы тау етегіндегі бір мекенге жайғасып, тәңірге құлшылық етіп, ғибадат жасаумен күн кешеді.                                                                                                     

Бір түні түс көреді. Онда: «Әй Нәсуһ сенің тәубең қалай болғаны, сенің ет пен теріңнен шығатын арам иістер ұлғая бастаған? Сенің тәубең етіңе сіңген арамдық бойыңнан шыққанға дейін жалғасуы керек», - дейді. Нәсуһ ұйқыдан оянғанда өзіне: «Бойымдағы еттен арамдық тер болып шыққанға шейін күн сайын ауыр тастар тасып, жалғастыра беремін», - деп уәде етеді. Күндердің күнінде тау жайлауында жайылып жүрген бір саулыққа көзі түседі. Сонда: «Бұл саулық қайдан келген және кімдікі?», - екен деп ойлайды. Содан кейін бірде: «Бұл саулық осында қашып келген бір шопандікі болғандықтан, мен оның иесі табылып, іздеп келгенше баға тұруыма тура келеді», - деп ой түйеді. Ол саулықты тұрғылықты орнына әкеліп, оны өз қарауына алып, баға бастайды. Уақыт өте саулық жаңа төлін дүниеге алып келеді. Нәсуһ оның сүтін ішіп жүреді. Бір күні жолынан адасқан бір керуен оның тұрғылықты маңынан өтіп бара жатқанда, жолаушылардың шөлдегеннен жандары ауыздарына тақалып келе жатқанына куә болады. Нәсуһ су сұраған оларға сүт беріп, бәрінің шөлін қандырады. Артынша олар қалаға алып барар жолды сұрайды. Нәсуһ олар ең жақын, төте жолды нұсқайды. Жолаушылар риза болғандықтан әр қайсысы оған сыйлық беріп жатады. Нәсуһ олардан жиналған дүниеге бір қамал салып, су құдығын қаздырады. Осылай бара-бара үйлер тұрғызып, ол жерді қалашыққа айналдырған. Уақыт өте келе жан-жақтан келіп, өтіп жатқан жолаушыларға қоныс болғаны үшін барлығы оған құрметпен қарайтын еді. Осыған орай бірте-бірте Нәсуһтың игі шараларының жақсы аты шығып, патшаның құлағына жетеді. Ол әлгі моншаға барып жүрген қыздың әкесі болатын. Патша сондай хабарларды естіп, оны сарайына шақыруға бұйырған. Бұл шақыру Нәсуһке жеткенде ол қабыл алмай: «Мен патшаға да оның сарайына да мұқтаж емеспін, ода шаруам да жоқ», - деп жауап қайырыпты. Сөйтіп патшаның алдына барудан бас тартып, кешірім сұраған. Патша жаушысы оның әңгімесін жеткізгенде, патша таң қалып: «Ендеше ол бізге келмейтін болса, біз онымен көрісуге барайық», - деп сарай қызметшілерімен оған қарай жолға шығады. Олар көздеген жерге жеткенде Әзірейіл түскен бұйрық бойынша патшаның жанын алған. Патша өзімен кездесуге келе жатып, инфарк болғанын естіген Нәсуһ оның жерлеу рәсіміне қатысуға барған. Патшаның ұл перзенті болмағандықтан үкімет басшыларының кеңесімен Нәсуһ таққа отырады. Патшалық тізгінін қолға алғаннан кейін мемлекеттің барлық өңірлерінде әділеттілік орнатып, патшаның қызымен үйленеді. Той болатын күн жетіп, түн мезгілінде бірнеше жыл бұрын саулығын жоғалтып алған кісі кенеттен сарайында отырғанда алдына шығып: «Мен неше жыл бұрын саулығымды жоғалтып алған кісімін. Енді сенің жаныңда болғанынан хабардар болып, малымды қайтарып алуға келдім», - дейді. Нәсуһ: «Дұрыс айтасыз», - деп саулығын қайтрып беруге бұйырады. Ол кісі: «Саулығымды баққансың, одан көрген пайдасы да саған адал болсын. Бірақ одан қалғанның жарты-жартысын менімен бөлісуің керек», - депті. Нәсуһ: «О да дұрыс», - деп барлық жылжымалы және жылжымайтын мал-мүлікті екіге бөліп, оның үлесін беріңдер», - деп бұйырған. Ол кісі: «Әй Нәсуһ! Ол шопан да саулық та мен де саулық емес, бәлкім екі періште болып, сені сынауға келгенбіз. Бұл байлық пен нығметтеріңнің барлығы сенің шынайылық пен адалдығыңның қайтарымы, саған адал ас болсын», - деп көзден ғайып болады. Мәхмәлбаф діни сенімге барынша беріліп жүргенде «Нәсуһ тәубесі» фильмін түсірген.

Ал «Велосипед жүргізушісі» киносында да режиссор себептерге көңіл бөлмей, салдарды сомдайды. Онда: «Нәсим ауған азаматы жұмыс іздеп Пакістанға келген. Ол өз елінде атақты велосипедші болған. Жат жұртта әйелі демікпе ауруына шалдығып емделуіне мол ақша керек болады. Ал Нәсим болса құдықшы. Бұл салада ақша тауып әйелін емдетуі мүмкін емес еді. Сондықтан оның жанында жүрген жанашыр досы оны бір  контрабандистпен таныстырады. Нәсим бұрын ешқандай қылмыс дүниемен жақын таныспаған. Сол үшін: «Бізбен бір рет шекарадан шығып келсең әйеліңнің емделуіне тиісті қаражатқа қол жеткізе аласың», - дегенінде, сасып қалып, жауап бере алмаған болатын. Ол ертеңгі күн жасалған ұсынысты құп алғанын айтқысы келгенде кешігіп қалады. Өйткені әлгі адам таң сәріде жолға шығып кетіпті. Сондай ақша табу қамында жүргенде бір жарыс ұйымдастырушы кісіге тап болады. Ол бұқара халық үшін қызық бәйгелер ұйымдастырған болады. Бірақ оның артында көп ақшаға бәстесулер бар етін. Осы орайда кейіпкер туралы досы Ауғаныстанда үш тәулік дем алмай үздіксіз велосипед жүргізе алады дегенде қарсы жақ: «Жеті тәулік толассыз жасай алса, бәстесуге қызығатын қалталылар табылады. Содан мол еңбек ақы аласыздар», - деп оларды қызықтырады. Амалы қалмаған Нәсим тәуекелге бел буып, ұсынысты қабыл алады. Содан жеті айналым ойыны басталады. Бәсекеге ірі ақшаға бәстескен екі жақтың бірі - жедел жәрдем көлігі, тамақтандыру, көңіл-күйін көтеріңкі ұстап тұруды өз міндетіне алса, екіншісі оған қарсы оның діңкесін құрту амалдарын қарастырып жүреді. Соңында «мен жасырдым, сен ойларсың», - деп фильмның соңғы сахналары: ұйымдаутырушы апта бойынша танысқан сыған әйелмен қол ұстасып қашып кетеді. Қалталы бәстескендер тағы бір жоба дайындап жатады. Нәсим әйелінің ауруханада көз жұмғанын көрсетеді. Ал Нәсимнің жеңістен қуанып, көктерде самғап жүргендей қалпында көрінеді. Оның жалғыз ойы жеңіске қол жеткізу болып, алға  қойған  мақсатын  ұмытқандай күй кешкен сахнасымен киноның соңғы нүктесі қойылады. Бұл фильм екі рет халықаралық кино фестивалында ең жақсы кинолар атауына ие болып жүлде алады.1. Италия, Римлі халықаралық фестивалында ең үздік кино жүлдесі, 1989. 2. Америка, Һауаи халықаралық фестивалында ең үздік кино жүлдесі, 1991. Сондай-ақ басқада жүлделерден мол несібесін алады. Мәселен: 3. Бразилия, Саопаоло кино фестивалында баспа ақпараттары жүлдесі, барлық фильмдері үшін, 1995. 4. Италия, Жейфуни кино фестивалында, Франсуа Труфо жүлдесі, барлық фильмдері үшін, 2002.  Мүһсен Мәхмәлбаф кинолары үшін 32 реттен артық  түрлі халықаралық кино фестивалдардан жүлделі орын алып келген. Әрине Мәхмәлбаф дарынды режиссор, ұшқыр ойлы қаламгер екендігін қабылдау керек шығар. Бірақ «қаһарман» тұлға емес. Оның алған жүлделерінің басым көпшілігі Европа елдерінен екенін айтқан жөн. Неге Мәхмәлбаф кинолары осыншама көп жүлдеге ие болған? Әрине оның себептері де жоқ емес, бар. Басты себебі адам мен қоғамның сорлылығына себеп іздемеуде. Өйткені Тәжікстан, Ауғаныстан немесе Пакістан сынды елдерде жоқшылықтың себебін іздеп жатса, оның түбінде әлемдік отарлау саясатын жүргізіп жатқан Батыс елдері мен оларға тәуелді саяси билік себеп болғандығы көріне бастайды. Ал ондай саяси сананың оянуына жол ашатын өнер туындылары мейлі кино саласы болсын, мейлі әдебиет саласы болсын Европа елдерінің халықаралық фестивалдарына тиімді емес. Сондықтан олардың фестивалдарында  ұлттық бояудан, мемлекеттік мүддеден арылған ұлттық саяси бояуы жоқ өнер туындылары жеңіс пен жүлдеге лайық болып есептеледі. Онда бәлкім «өнер, өнер үшін» ұранымен бодандығы тиімді. Өйткені ол елдердің алда келе жатқан ойшыл тұлпарларын осы бағытқа жетелеу мақсат шығар!!! Сонда олар адам құқықтарын, демократияны, заңдылықтарды желеу етіп, сол елдің ұлт зиялысының орнына өздері жанашырлық кейіп танытып, бодандау саясатын жүзеге асырып жатады. Сөйтіп  Африканың елдерін миллиондап қырды. Мұсылмандықтан азғырып, христиан дінін қабылдауға жетеледі. Олар өздерінен басқа өзге елдерді адам сапына ала қойған емес. Кеше бір күнде терор актісі болды. Венада үш адам өлді. Дүние қияметке айналды. Дәл сол күні Ауғаныстандағы болған трактан 26 адам қаза тапты. Одан кім хабардар болды!? Сонда Ауғаныстанға отаршыл алпауыттар араласпаса, олардың адами санасы тезарада оянбай ма? Әрине оянады. Бірақ тойымсыз отаршыл Батыс елдері әлем елдерінің байлықтарын тонау үшін сол елдердің тыныштығын бұзып, ұлттық санасын жойып жатыр. Қазақ: «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан», - деген саясатты жүргізіп келеді. Менің ойымша бұндай авторлық кинолар қарыны тоқ, киімі көк елдердің интеллектуалдық топтарының ой шахматына жарамды, пайдалы туындылар. Сол себепті қазақ киносының «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол» сынды елдік мүддеге орайластырған жауһар туындылары Батыс елдерінің аты шулы фестивалдарында жүлделі орын алу үшін бәйгеге қосыла алмайды. Бірақ елін сүйген әр қазақтың жүрегінде баянды тақ құрып, тәжсіз ханы болып қала береді. Өйткені аталған кинолар қазақтың шынайы саяси тарихынан сыр шерткен тамаша туындылары болып саналады. Сол себептен қазақтың ұлттық саяси санасын тарихи сана арқылы жетелей алатын қабілетке ие туындылар. Сондықтан режиссоры Ақан Сатай мен барлық ұжымына қазақ «Оскар» жүлдесіне әбден лайық туындылар деп есептеген жөн. Меніңше әр ел өзінің мүддесіне орай өзіне баға беріп, өзіне лайық   жүлдеден артық өзгелердің жүлгесіне ұмтыла бермегені абзал. Сондықтан өнер, білім, ғылым сынды салаларда басты критерий өз мүддесіне сай болғанды көздеуді есте сақтап жүрейік.  Өйткені адамзат өркениеті тек қана ұлт-ұлыстар арасындағы саяси-мәдени ерекшеліктердің әділетті бәсекесінен дамып, өрісі кеңейе береді. Ал отаршыл алпауыттар саясатта, мәдениетте һәм қоғамдық өмірді бір бағытқа өз мүддесіне бағындырғысы келеді. Сондықтан ғылым мен өнерде ұдайы өзге елдерді өздерінің алға қойған критерийі арқылы өлшеп-пішіп баға беріп отырады. Бұның өзі бағындыру бағытын айқын көрсетеді.

Мүһсен Мәхмәлбаф өзінің ой кеңістігінде өзі сергелдең күй кешіп, бұл өмірдің қай тұсынан ақиқатқа көз жеткізетінін де білмей дал. Оның фильмдеріндегі сюжетінің басым көпшілігі мүгедек, науқас, жетесіз, нақұрыс, кемтар, зинакар тағы сол сияқты кейікерлер қоғамдық өмірінің мәйегі болып, көрермендің зейініндегі бір үміт сәулесіне жетелеп отырады. Жаратылыс пен адам табиғатында ұшы-қиырсыз қуаттар бар. Мәхмәлбафтың кинолары сондай түпсіз қуаттардың бір тармағы. Онда субьективтік қуатпен обьективтік қайшылықтардан туған жетесіздіктерді бір үйлесімге жетелейтін кейіп танытады.  Сондықтан коммунизм мектебінен безген болып, мұсылман шийттік қағидасынан имани құндылығын іздеумен болған жылдарда нағыз ислам мектебін орнату керектігін айтып, барлық өзге ой мектептегі, діни топтарды, өткен режимнің киношыларын жек көріп, аяусыз қастандық жасап, олардан безіп жүрді де, аяқ астынан ислами биліктен де безіп, ат басын Европа елдеріне бұрды. Бұл ауысулар оның құбылмалы саяси психологиясын байқатты.  Мәлмәбафтың саяси көзқарастары оның кино саласына да ықпал жасағаны күмәнсіз. Ол Иран Ислам Республикасының саяси билігінен де, өзі сенген діни құндылықтардан да біржолата теріс айналған. Сол себепті 2005 жылы Франция еліне көшіп кетті. Артынша өзін Иран билігіне қарсы оппозиция болып, жаңаша творчествалық өмірін саяси іс-әрекетімен жалғастырып, Иранның саяси билігіне қарсы Израйыл, Америка және Батыс европа елдерін пана тұтып, 2018 жылдан өзінің жанына терор болу қаупі төніп тұрғанын  айтып, жар салып жүр.

Сондықтан айтарымыз: әлемнің саяси, экономика, мәдени құбылыстарын зерделі түрде қарап, оған өзіміздің ұлттық-мемлекеттік мүдде тұғырынан қарауға тиіс екенімізді есте сақтағанымыз жөн. Өйткені өзге елдердің құбылыс деп танылып, дәріптелген туындыларына еліктеп, бағынышты күй танытып немесе масылданып одан қоректене берсек өзіміздің Елдік болмысымыздан ажырап қаламыз. Ондай жағдайда елдік бояуымыз реңсіз болып кететіні анық. Өйткені әр ел өз мәдениеті мен саяси мүдделеріне орай өзге дүниеге қарағаны абзал. Азаматтың сүйеніші ұлт, ұлттың қорғаны мемлекет болары заңдылық. Сол үшін қазақ халқының қазіргі саяси-мәдени жағдайында қандай өнер туындылары, қандай әдеби көркем шығармалар қажетігін нақтылау қазақ киношылары мен  қаламгерлеріне  жүктеледі. 

Ислам Жеменей,

Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415