Футбол федерациясының басшылары отставкаға кетсін!
Қазақстан құрамасы 18 қараша күні UEFA Ұлттар лигасы аясында өз алаңында Литва футболшыларын қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша, біздің құрама өз тобындағы (С лигасы, 4-топ) төрт команданың ішінде төртінші орынға жайғасты. Алты ойында алғандары төрт-ақ ұпай. Егер қарсыластары аса азулы болып, өз тобында ең соңғы орын алса, тағы түсінер едік. Албанияны айтпағанда топтағы өзге екі құраманың деңгейі бізден асып тұрған жоқ.
«Ұлттар лигасының» ерекшелігі - терезесі тең құрамалар ғана бір топта ойнайды. Бұл турнирде біздің футболшылар Франция, Испания сынды саңлақтармен кездеспейді. Өзіміз деңгейлі Албания, Беларусь, Литвамен бір топқа түскен едік. Алғаш жеребе тартылғанда бұл топта тым құрығанда екінші орын алармыз деп межелегеміз. Нәтижесінде көш соңында қалып қойдық...
Мұны аз десеңіз жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде Қазақстан жастар құрамасы Фарер аралдарынан жеңіліп қалды (2:3). Футболға миллиардтап қаржы құйып отырған Қазақстан 50 мың ғана тұрғыны бар арал мемлекетке есе жіберді.
Өткен аптада болған осы екі ойынның өзі қазақ футболында мүлде даму жоқ екенін көрсетіп берді. Осыдан он жыл бұрын қалай ойнап, қалай жеңіліп жүрсек - сол көрініс әлі өзгерген жоқ. Сонда футболды дамытуға бағытталған бағдарламалар қайда қалды, бөлінген неше жүз миллиард қаржы қайда кетті?!
Бір қызығы біздің елде мемлекеттік бюджеттен бөлінген мол қаржы футболды жүйелі түрде дамытуға жұмсалмайды. Мәселен шенділер сапалы жасыл алаңдар мен базалар салу, ауыл-аймақтағы футболды дамыту сынды маңызды мәселелерді мүлде естен шығарған. Есесіне қаптаған шетелдік легионерлерге миллиондай жалақы төлегенді ғана біледі. Мысал үшін, соңғы 10 жылда елімізде жалғыз стадион салынды. Ал тәуелсіздік алғалы салынғаны 2 стадион ғана. Бірі елордада, бірі жаңа құрылған облыстың орталығы Түркістанда.
Ал академия ашып, балалар футболын дамыту, заманауи базалар салып, елдің әр аймағынан таланттарды табу секілді жүйелі жұмыстар біздің шенділердің түсіне де кірмейді. Қазақстанда доп тепкен көптеген шетелдік ойыншылар бізде инфрақұрылымның нашар екенін айтады. Сөйте тұра ойыншыларға төленетін жалақының тым жоғары екеніне таңқалып жатады. Мәселен сербиялық Джордже Деспотович деген ойыншы қазақ футболындағы жалақы мен инфрақұрлымның бір-біріне мүлде сай келмейтінін ашық сынаған болатын.
Ендеше осының бәріне кім кінәлі? Әрине Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы кінәлі. Қазақ футболының екі тізгін, бір шылбырын қолында ұстап отырған осы екі ұйым не халықтың алдында, не биліктің алдында есеп бермейді. Бір сөзбен айтқанда, өз білгендерін істеп, дара билік жүргізіп отыр.
Халыққа есеп бермейді дегеніміз: еліміздегі футбол клубтарының ешқайсысы жылдық бюджеті қанша екенін, шетелдік спортшыларды қаншаға сатып алатынын, оларға қанша жалақы төлейтінін жариялаған емес (Бұған дейінгі мақалаларымызда ел футболындағы есеп-қисап жайлы бірнеше мәрте жазған едік). Тек 2020 жылғы президент жолдауынан кейін ғана 2019 жылы футболға 34 миллиард, 2020 жылы 37 миллиард бөлінгені айтылды. Бірақ бұл кәсіпқой клубтарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы. Ал біз сөз етіп отырған ұлттық құрама бұл қаржыға ортақтаспайды.
Үкіметке жауап бермейтіні: бізде футбол туралы заң жоқ екен. Сондықтан аладоптың айналасындағы ережелерді, өзгерістерді ҚФФ шенділері өздері ақылдасып шеше салады. Оны халықтық талқылауға салу немесе парламентте дауысқа салу деген мүлде жоқ.
Мәселен, өткен жылы ҚФФ ел футболы үшін тиімсіз шешім қабылдады. Ресейдің әсерімен ЕАЭО-ға мүше елдердің ойыншылары біздің елде легионер саналмайды деген ереже енгізді. Осы шешімнің әсерінен онсыз да шетелдіктер көп қазақ футболына Ресей мен Беларусьтің екінші-үшінші сортты футболшылары қаптап кетті.
Ең сорақысы, осындай маңызды өзгеріске не халық, не ел үкіметі араласқан жоқ. Федерациядағы бес-алты шенді бәрін шеше салды. Тіпті бұл идеяның бастамашысы болған Ресейдің өзіне мемлекеттік думада талқыланып барып қабылданған. Ал бізде бәрі басқаша. Бұл өзгеріс Ресейге пайдалы. Оларға Қазақстан, Қырғызстан, Армения мен Беларусьтің ең үздік ойыншылары барады. Ал бізге керісінше аталған елдердің ең нашар футболшылары келеді.
Бұл болжам емес, нақты дерек. Биыл Қазақстан Премьер-лигасында бақ сынап жатқан 11 команда сапында 127 шетелдік ойыншы доп теуіп жүр. Оның 115-сі ресми легионер ретінде тіркелген (біз ЕАЭО ойыншыларын легионер ретінде қарастырдық). Ал өткен жылы ел чемпионатында 12 команда болды. Сол 12 командада 107 шетелдік ойыншы болған (оның 92-сі ресми легионер). Ал биыл 1 команда аз болғанына қарамастан, шетелдіктер саны 20-ға артып отыр. Осыдан-ақ, ҚФФ-ның жаңа ережесі шетелдік футболшылар үшін тиімді болғанын байқауға болады.
Ел чемпионатындағы 11 команданың ішінде петропавлдық «Қызылжарда» шетелдіктер ең көп - 16 ойыншы. «Астанада» 14, «Жетісу», «Шахтер», «Оқжетпес» сапында 13-тен шетелдік жүр. Ал шетелдік ойыншылар ең азы «Қайсар» мен «Каспий». Бірақ бұлардың өзінде 9-дан шетелдік футболшы бар.
Мұны аз десеңіз, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ережесіне арқа сүйеген клубтар отандық ойыншыларды алаңға шығаруды қойды. Тіпті негізгі құрамда шығатын 11 ойыншының біреуі ғана қазақстандық болған жағдайлар аз емес. ҚКФЛ ережесінде қазақстандық ойыншыны алаңға шығару міндеттелмеген. Бір ойында 6 легионер, 5 ЕАЭО ойыншысын шығарса да бапкер өз біледі. «Қызылжар», «Астана», «Шахтер», «Оқжетпес», «Жетісу» секілді клубтар бір жыл бойы әр ойында 2-3 ғана отандық ойыншыларды алаңға шығарды. Бұларға қой дейтін ешкім табылған жоқ.
Енді есептеп көрейік. Премьер-лигадағы 11 клуб 2-3 ғана қазақстандық ойыншыны алаңға шығарса, 20-30 ғана отандық футболшыда ойын практикасы бар деген сөз. Чемпионатта тұрақты ойнап жүрмеген футболшы ұлттық құрамада қалай жоғары деңгейде өнер көрсетеді. Ал жастар құрамасы жайлы айтудың өзі артық. Жастар құрамасына шақырылатын ойыншылардың 95%-ы жыл бойы қосалқы құрамда отырады. Осыдан кейін құрамадан қандай нәтиже күтуге болады?!
Ендігі мәселе, осындай түсініксіз шешімдерді кімдер қабылдап отыр, олар неге қолындағы мол қаржыны ел футболын жүйелі түрде дамытуға жұмсай алмайды? Жүйелі жұмыс жасалмаса, балалар футболы, ауыл-аймақтағы инфрақұрлым дұрысталмаса, футболшыларға бұрқыратып жалақы төлегеннен футбол дамымайды. Ол үшін басшылық қызметке ел спортына жаны ашитын, футболды жақсы білетін маман келуі керек. Әділбек Жақсыбеков секілді кісілер футболды 50 жыл басқарса да ештеңе өзгерте алмайды.
Сомен Албания, Беларусь, Литваны алға жіберіп, Ұлттар лигасында ең соңғы орын алдық. Енді не болады? Өздеріне шаң жуытпайтын ҚФФ басшылары бас бапкер Михал Билекті қызметінен қуады. Одан ештеңе өзгермейді. Орнына тағы бір сондай маманды тауып келеді. Ол тағы жеңіледі, тағы қуады. Сөйтіп жүргенде тағы 10 жыл өтеді. Қазақ футболы сол таз қалпында қала береді...
Соңғы 10 жылда Қазақстан құрамасында 6 бапкер ауысты. 5 шетелдік, 1 қазақстандық маман. Ең қызығы бұлардың ішінде ең тәуір нәтижені жалғыз отандық маман көрсетті. Не үшін екені белгісіз бір жылға толмай Талғат Байсуфиновті орнынан алып, ресейлік біліксіз бапкер Александр Бородюк дегінді шақырды. Ол 7 ойынның 6-ауында жеңіліп, масқара болып жөніне кетті. Жай кеткен жоқ, келісімшартты бұзғаны үшін ҚФФ-дан мол өтемақы алды деген ақпарат бар.
Одан кейін аттай қалап Станимир Стоилов деген богар бапкерді шақырған. Оған тіпті бір миллион еуро көлемінде жалақы төлеген көрінеді. Бірақ Андорра секілді әуесқой құраманы жеңе алмай ол да кетті. Одан кейін құрама тізгінін ұстаған Михал Билектің де тағдыры қыл үстіне тұр. Оны да қызметінен қуатын шығар...
Осыған қарап отырып, мәселе ойыншылар мен бапкерлерде емес, тікелей футбол шенділерінде екенін аңғаруға болады. Федерация басшылары футболды жүйелі түрде дамытумен емес, көзалдағы нәтиже үшін түрлі сынақ жасап жүрген секілді. Демек, әр нашар нәтиже үшін бапкерді қызметінен қуа бергенше, федерация басшыларының өздері отставкаға кеткені жөн шығар. Өркениетті елдерде болса, мынадай масқара жеңілістерден кейін жауапты басшылар жылы креслосымен баяғыда қоштасар еді!
Қуаныш Қаппас
Abai.kz