80 мыңнан астам ерікті жемқорлыққа қарсы күреске көмектесті
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 80 мыңнан астам ерікті көмектескенін мәлімдеді.
Бектеновтың айтуынша, агенттік қызметкерлерінің штат саны аз болған кезде, бүкіл ел бойынша мыңнан астам адам қоғамдық көмек көрсеткен. Олардың 80 мыңнан астамы еріктілер болыпты.
-Бізге көмектескен адамдар қоғамдағы жемқорлыққа бей-жай қарамайды. Және олар осы еңбегі үшін ешкімнен ақы да алмайды. Сондықтан біз барлық қоғамдық серіктестерімізге алғыс айтамыз және жемқорлықпен күресуге ниетті барлық адамдарды агенттікпен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жұмыс істеуге шақырамыз,- деді Бектенов.
Сонымен қатар ведомство төрағасының орынбасары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан екі жыл бұрынғы Халыққа жолдауында берілген тапсырмасы бойынша іске асырылатын “Адалдық алаңы” жобасы туралы да айтып өтті.
Қазіргі таңда аталған жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс ауқымына ие болған. Сонымен қатар, барлық өңірлерде, тіпті ауылдық елді мекендерден бастап орталық мемлекеттік органдар деңгейінде іске асырылып жатқан көрінеді.
Осы негізде барлық жерде жобалық кеңселер құрылып, олар азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуда және жалпы мемлекетпен өзара іс-қимыл жасау кезінде кездесетін тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюмен айналысады.
Бектенов бұл қозғалыстың маңызды бағыты ретінде мемлекеттік органдардағы ашықтық, есептілік, транспаренттілік қағидаттарын атап өтті.
-Қазіргі таңда 230 аудандық және қалалық әкімдік азаматтардың өтініштері кезінде ыңғайлы жағдай жасауды көздейтін жұмыстың сервистік моделіне көшірілген. Әкімдік сервистік деп тануға болатын белгілі бір стандарттар қалыптасқан. Қазіргі таңда 230 әкімдік осы аталған стандарттарға сәйкес келеді,- деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.
Бектеновтың сөзінше, жыл соңына дейін барлық қалалық және аудандық әкімдіктер сервистік модельге көшіріледі.
Айта кетейік, бүгінде ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 16 мыңнан астам ерікті бар. Алайда Мемлекует басшысы мұның аз екенін айтып, алдағы уақытта кем дегенде 100 мыңға жеткізу керектігін алға тартқан болатын.
Сонымен қатар, Президент алдағы уақытта атқарушы органдар мен Мемлекеттің,сонымен қатар Парламент демутаттарының міндеті – еріктілер қозғалысына қатысуға көмектесу керектігін айтқан болатын.
Бүгінде еріктілер қоғамның әр саласында ел иіглігі үшін қызмет етіп келеді. Олар бизнесте, экология саласында, әлеуметтік салада күнделікті пайдалы және маңызды істерді атқаруда.
Ал, бүгінгі таңда Қазақстанда 200-ден астам еріктілер ұйымы бар екені айтылады. Олардың қатарына 50 мыңнан астам еріктілер қатысқан. Олар көбіне Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында іргелі істер атқаруда. Сөйтіп, қоршаған ортаның өзекті мәселелерін шешуде белсенділік танытып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз сөзінде еріктілер – мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші екенін айтқан еді. Демек, алдағы уақытта қоғамның әр саласында еріктілер қызметі жандана түспек.
Abai.kz