Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3559 0 пікір 6 Ақпан, 2012 сағат 03:12

Қуандық Шамахайұлы. Шыңғыс хан жасампаз тұлға ма? (басы)

Американдық Жак Уэтерфорд деген профессордың «Қазіргі әлемнің негізін салушы ұлы император Шыңғыс хан» атты туындысы 2011 жылдың әлемдік таңдаулы кітабы ретінде танылды. АҚШ-тың онлайн-сауда «Амазон.ком» компаниясы өткізген «Оқырман талғамына сай кітап» номинациясы бойынша аталған туынды кітапқұмарлардан ең көп дауыс жинаған көрінеді. Бұл туралы дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мәдени басылымдары жарыса жазып жатыр.

Хан туы ғибадатханамен бірге өртеніп кеткен

Жак Уэтерфордтың кітабы көшпенді тайпалардың мәдениеті мен дәстүрін, Шыңғыс ханның тарихи тұлға ретінде қалыптасуын шынайы баяндағандығымен ерекшеленіп отыр. Тарихқа жаңаша тұрпатпен қараған ғалым Шыңғыс хан жайында тың деректер ұсынумен қатар қазіргі әлемнің қалай қалыптасқанына да басқаша ой жүгіртуді оқырман қауымға ескертеді.

Автор ең алдымен жылқының жал-құйрығынан жасалған Шыңғыс ханның шашақты байрағы туралы баяндайды.

Шыңғыс хан ақ түсті айғырдың жал-құйырығынан жасалған байрақты бейбіт кезде көтерсе, қара түстісін жауға шапқанда ұстатқан. Ақ түсті байрақ сақталмады, ал, қара түсті Шыңғыс туын оның мұрагерлерінің бірі Занабазар XVI ғасырға дейін арнайы ғибадатханада сақтаған көрінеді. Алайда, XX ғасырдың 30-жылдарының соңында басталған сталиндік зұлмат хан туын ғибадатханасымен қоса өртеп жібергенін автор еске алады.

Американдық Жак Уэтерфорд деген профессордың «Қазіргі әлемнің негізін салушы ұлы император Шыңғыс хан» атты туындысы 2011 жылдың әлемдік таңдаулы кітабы ретінде танылды. АҚШ-тың онлайн-сауда «Амазон.ком» компаниясы өткізген «Оқырман талғамына сай кітап» номинациясы бойынша аталған туынды кітапқұмарлардан ең көп дауыс жинаған көрінеді. Бұл туралы дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мәдени басылымдары жарыса жазып жатыр.

Хан туы ғибадатханамен бірге өртеніп кеткен

Жак Уэтерфордтың кітабы көшпенді тайпалардың мәдениеті мен дәстүрін, Шыңғыс ханның тарихи тұлға ретінде қалыптасуын шынайы баяндағандығымен ерекшеленіп отыр. Тарихқа жаңаша тұрпатпен қараған ғалым Шыңғыс хан жайында тың деректер ұсынумен қатар қазіргі әлемнің қалай қалыптасқанына да басқаша ой жүгіртуді оқырман қауымға ескертеді.

Автор ең алдымен жылқының жал-құйрығынан жасалған Шыңғыс ханның шашақты байрағы туралы баяндайды.

Шыңғыс хан ақ түсті айғырдың жал-құйырығынан жасалған байрақты бейбіт кезде көтерсе, қара түстісін жауға шапқанда ұстатқан. Ақ түсті байрақ сақталмады, ал, қара түсті Шыңғыс туын оның мұрагерлерінің бірі Занабазар XVI ғасырға дейін арнайы ғибадатханада сақтаған көрінеді. Алайда, XX ғасырдың 30-жылдарының соңында басталған сталиндік зұлмат хан туын ғибадатханасымен қоса өртеп жібергенін автор еске алады.

Шыңғыс ханның тағдыры туралы ой қаузаған автор оны пешенесіне жазылған жазмышпен емес, өзі жасаған жолмен жүрген адам деген тұжырымға келеді. Оның дүниеге келген ортасының өзі тайпалар мен ұлыстар арасындағы жан алысып, жан беріскен қырқыстар, тонау мен қарақшылық, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік жайлаған кезеңмен тоғысады. Ес біліп, етек жапқан кезінде әкеден айырылғаны аздай бүкіл ағайын-туғандары оның отбасынан ат тондарын ала қашып, анасы, бауырларымен бірге құла түзде қаңғып қалған Тэмүжиннің көз ашқалы көргені зұлымдық болғанына автор назар аударады. Бір ауыз қатты сөзі үшін туған бауырын атып салған ол өзі де азаптан көз ашпады. Дұшпандарының қолына түсіп, тұтқындалды, жалшылыққа жегілді, құтылу үшін қашты-пысты дегендей.

Қорқыныш пен үрей құшағында жүріп, тірі қалудың қамымен ғана арпалысқан жас жеткіншектің ойына ол кезде болашақтағы ұлы жеңіс туралы қиялдың өзі кіріп-шықпағаны аян. Қабаған иттерден жанұшыра қашып, жылап-сықтап жүрген балада қай бір ес болушы еді. Жастайынан көргені, аш-жалаңаштық, таяқ пен тепкі, тонау мен қарақшылық.

Алайда, американдық ғалым-публицист Жак Уэтерфорд оның дәл осы  балалық шағында танысқан екі адамы Тэмүжиннің кейінгі өмірінде ерекше маңызды рөл атқарғандығына аса мән береді.  Өзінен бар-жоғы бірер жас қана үлкендігі бар баламен танысып, өмірлік дос-анда болуға  ант-су ішкені, жас кезінде жолдастық қарым-қатынастары берік болғанымен кейін бітіспес жауға айналғанын Жалайыр Жамухамен арадағы байланысымен сабақтастырады. Ал, өмірлік серігі, Қоңырат тайпасының хас сұлуы Бөртемен тағдырлас болғандығы болашақта ел басқаратын даңқты тарихи хандардың дүние есігін ашуына түрткі болғандығын автор Жаратушының берген сыйы деп есептейді.

Шыңғыс ханның жас шағында қалыптасқан достасу мен қастасу қосарланған қарама-қайшы сипаты өмір бақи оның соңынан қалмай адами болмысын айқындап келді, дейді автор. Шын мәнінде, мұның бәрі әр адамда кездесетін әдеттегі жағдай. Дегенмен, оның жеке тұлға ретіндегі мақсаты, арман-мүддесі, үрейі, шалыс басқан қадамдарының өзі әлем тағдырына ықпал еткені шындық.

Жылдар жылжып өткен сайын ол өзінен күші басым көптеген тайпаларды тізе бүктіріп, сайын даланы кең жайлаған көшпенділердің бәрін бағындырды. Атағы айдай әлемге жайылып, жасы елуді еңсерсе де ол аттан түспеді. Шыңғыс ханның шашақты байрағы бір кездері көшпенділерді алымсынбай мұрын шүйіре қараған отырықшы елдер армиясының зәресін ұшыра бастады. Ат тұяғымен әлемді дүр сілкіндіріп, Говь даласын кесіп өтіп, Сары өзеннің арғы жағасына шықты. Қытай жеріндегі хандықтарды талқандап, Орта Азия даласы арқылы таулы Ауған жерін басып өтіп, парсыларға шабуылдады, Үнді мұхиты маңында жеңісін тойлап, атақ даңқын дүниеге паш етті.

Ол әлемді Тәңірдің жарлығына бағынуды міндеттеді

Көшпенділердің қолы, ұлы жасақ әр жорығында соғыс қимылдарын құрлық аралық ірі сапарға ұластырып, сан мыңдаған шақырымдық кеңістікке кеңейте түсті. Шыңғыс ханның жаңаша түрдегі соғыс тәсілдері орта ғасырдағы Еуропа елдеріндегі рыцарлар дәуірінің келмеске кеткенін дәлелдеді. Ондай ескі тәсілдің ендігі жерде бірнеше топтарға бөлінген, темірдей қатал тәртіпке бағынған атты әскердің алға ұмтылатын шабуылдармен алмастырылғанын әлемге көрсетті.

Ол сонымен қатар қорғаныс, бекіністің де күні біткенін дәлелдеп, ұрыс алаңында ойға кірмес тосын әрекеттерді жасап, жылдамдық пен алғырлықтың таңдаулы тәсілдерін қалыптастырды. Шыңғыс хан өз жауынгерлерін шалғайға сапарлай жүріп, ондаған жылдарға созылған, тіпті екі-үш буын алмасқан үзіліссіз шайқастарда күрестен қайтпауға баулыды. Көшпенді тайпалардың біріккен одағы-«Монғол» деп аталған сарбаздарының 25 жылға созылған жорықтарында жаулап алған елдері мен халықтарының саны римдіктердің 400 жылдағы көрсеткішінен әлде неше есеге асып түскен еді. Шыңғыс хан балалары мен немерелері, кейінгі мұрагерлері ХІІІ ғасырда халық жиі орналасқан, ең көп тұрғындары бар елдердің санымен де, жер көлемімен де өзге жорықшылар мен жаулап алушыларды шаң қаптырып кетті.

Тынық мұхиттан Жерорта теңізі аралығындағы барлық өзен, судан көшпенді сарбаздары аттарын суарды. Көшпенділер жаулап алып билік жүргізген жердің көлемін  11-12 миллион шаршы метр деп мәлімдеген американдық ғалым оны қазіргі  Африка құрлығымен салыстырады да,   Кариб теңізі аралдары елдері, Орталық Америка, Канада, Мексика, АҚШ-ты қосқандағы Оңтүстік Америка жерінің көлемінен де асып түсті деп мәлімдейді. Қар төсеніп, мұз жастанған Сібірден бастап ауа райы жұмсақ Үнді өңірі, Пәкстанның күріш алқабынан Мажардың бидай егістігіне, Корей жерінен Балқан түбегіне дейінгі өлкені мекендейтін үш миллиардқа жуық адамнан тұратын 30-дан астам  елді көшпенділер империясы бағындырды.

Расында, таңданарлық бір жайт бар екен. Сол тұста көшпенді тайпалардан тұратын Монғол атты мемлекеттің өз азаматтарының саны бір миллионға жетер жетпес ғана болған көрінеді. Қазіргі американдық бір ірі компанияның қызметкерлерінің саны бұдан әлдеқайда көп. Ал, Шыңғыс хан сарбаздарының саны жүз мыңнан аспаған. Мәселе санда емес, сапада болса керек.

Шыңғыс ханды автор қазіргі Америка өмірінің мысалдарымен салыстырып түсіндіруге тырысады. Айталық, АҚШ-ты білімді, көзі ашық саудагерлер мен бай еңбеккерлер емес, керісінше, даланың көшпенді жұрты біріктіріп, сыртқы басқыншы күштерден азат етіп, оларға хат танытып, негізгі заңын бекіттіріп, діни сенім-нанымына бостандық берді. Егер көшпенділер  соғыс және әскери өнердің тың тәсілдерін жасап қолданбағанда бүгінгі АҚШ Канададан Бразилияға дейінгі аралықта қол  жинап, құрлықаралық еркін сауда-саттық ісін жүргізе алар ма еді? - деп сауал тастаған автор Шыңғыс хан атқарған өлшеусіз еңбекті тиянақты зерттеудің қажеттілігін айтады.      
Шыңғыс ханның атты сарбаздары ХІІІ ғасырды дүбірлеткенде әлем елдері мен құрлықтар шекарасын жаңартып, елеулі өзгеріс жасаған екен. Жаңа ел, жаңа ұлт жасалып, пайда болды. Сан жылдардың бедерінде хандықтар мен тайпалардың басын қосып, күшті державаға айналдырды. Олар Шығыс Еуропада славьяндардың оншақты кньяздықтарын, бірнеше қалаларын Ресейге қосты. Солтүстік Азияда шығыстан Манжчурия өлкесін, батыстан Тибет пен говь даласымен жалғасқан  Таңғыт (тангуд) елін, шығыс Түркістандағы ұйғыр жерін Сүн мемлекетінің қалдығымен бірге қосып Қытай елін жасақтады.

Монғолдар кезінде жерін кеңейту үшін тағайындаған шекарасының арқасында  қазіргі Корей мен Үндістан дербес ел болып қалыптасқанын автор Шыңғыс ханның ерен еңбегі деп біледі. Сонымен қатар көшпенділер құрған империя айналасына, жалпы әлем елдері үшін жаңа өркениет жолымен  дамуына зор үлес қосқанын айтады. 1162 жылы Тэмүжин шыр етіп дүниеге келгенде көрші елдер ғана болмаса, дүниежүзі ғаламшардағы өзге өркениеттен мүлде бейхабар еді. Қытайлар Еуропа, еуропалықтар қытай туралы естімеген, олар бір біріне барысып-келіспеген заман болған.

Ал, Шыңғыс хан мәңгілікке көз жұмған 1227 жылы аталмыш елдер сауда-саттық қатынасын жасап, қазіргі дипломатиялық байланыстың негізін қалаған. Ол жоғары дәреже, мұрагерлік билік, текті тұқым секілділерді пір тұтатын феодалдық жүйені жойып,  жеке тұлғаның еңбегін, әділдігін, жеткен жетістігін негізге алатын жаңа құрылымды дүниеге әкелді. Жібек жолы бойындағы сауда-cаттық көңілсіз мүлгіген мекендерді оятып, тарихи ірі еркін сауда орталықтарына айналдырды. Шыңғыс хан жұртшылыққа салынатын алымдардың бәрін төмендетті, шипагерлерді, ұстаздарды, діндарларды, ағартушылық қызметтерді салықтан толықтай босатты. Санақ, есеп-қисап, тізім жұмыстарын жүргізетін болып, тұңғыш рет еларалық почта қызметі - лау ісін ұйымдастырды. Көшпенділер империясы дүние-мүлік, құнды заттар мен байлықты жинап қою үшін ғана емес, оны сауда айналымына түсіру үшін көп мөлшерде тарату, бөлу жұмыстарын жасаған көрінеді. Ол әлемде тұңғыш рет халықаралық заңды қабылдатып, барлық адамның мәңгілік көк аспан Тәңірдің жарлығына ғана бағынуын міндеттеді. Көптеген диктаторлар өздерін заң-зәкүн атаулыдан жоғары қойса, Шыңғыс хан қабылдаған заңы мен жарлығына алдымен өзі сөзсіз бағынып, оның алдында биік дәрежелі қолбасшыларды, ел бастаған нояндарын қараша халықпен, қатардағы малшымен тең деңгейде ұстады. Дәл сондай талапты барлық деңгейде қатал қойып, қадағалай білді.

Түрлі ұлттарды тегіне, дініне қарап алалаудан аулақ болды. Әділеттікті бәрінен бірдей тең талап ете отырып, жалпыхалықтық жарғы, ережелерге бағындырды және жерін, елін қастерлеуді тапсырды, дінге сену еркіндікті иеленуіне кедергі жасамады. Заң мен жарлықты құрметтеуді орнықтырды, адамның тәні мен жанын қинауға қарсы болды дегенді автор ерекше атап көрсетеді. Расында, Шыңғыс ханның сатқындықты кешпейтіні, соғыс кезінде де елшіге, ара ағайынға, бітімгерге тиіспегені, оларға  дипломатиялық ерекше мәртебе бергені тарихи шындық.

Осылайша, Шыңғыс хан көшпенділер құрған ұлы империяның іргетасын мықтап қалағандықтан өзінен кейін 150 жыл бойы күшті мемлекет ретінде әлемге кең құлаш жайды. Келесі ғасырларда ыдырап тарай бастағанымен оның үрім-бұтағы, мұрагерлері бірнеше елге бөлінген мемлекеттерді - Ресейді, Түрік елдерін, Үндістанды, Қытайды басқарып келгені белгілі.  Олар әр елде «император», «хан», «сұлтан», «шах», «әмір» және «далай лама» деген атаулармен билік жүргізген.  Жалпы Шыңғыс мұрагерлері ұлы держава ошағының алаулы отын жеті ғасыр бойы өшірмеген.  Британдықтар Баһадүр Шах II-ні жаулап, екі ұлы мен немересінің басын алғанға дейін «Моғолдар» деген атаумен Үндістанды басқарғаны бізге мәлім.

Шыңғыс ұрпақтарының Қазақ хандығы мұрагерлерін, төрелерді айтпағанның өзінде кешегі Бұхара әмірі Әлім ханның өзі  1920 жылы большевиктік қызыл армия жендеттерінің салдарынан биліктен айырылғанға дейін Өзбекстанды биледі.     Шыңғыс ұрпағы Әлихан Бөкейханов та большевиктердің қанды қырғыны болмағанда «Алаш туы астында күн сөнбесе сөнбес» еді.

Кеңес Одағы ұлы қаған есімінің ұлықталуынан қорықты

Қаншама жорықшылар мен жаулап алушыларды тарих кешірмегенін, өмірінің соңында қиналып жан тапсырғанын айтып таусу мүмкін емес. Ескендір Зұлқарнай 33 жасында Вавилионда белгісіз себептің салдарынан қайтыс болған соң қызметшілері оның отбасы мүшелерін қырып, иелігіндегі жерлерін тартып алған. Юли Цезарды өз серіктері мен бұрынғы жақтастары Рим сенатының сарайында пышақтап өлтірген.  Бонапарт Наполеон қыруар қастандық пен зұлымдықты, көтеріліс пен қақтығыстарды жеңсе де өмірінің ақырғы сәтінде дүниенің қайсы бір түкпіріндегі иен аралда жападан жалғыз жіпсіз байланып, ішқұса болып көз жұмған.

Ал, Шыңғыс хан алпыстың асқарын бағындырып жетпіске таяған шағында өзі үшін жан беруге серттескен, батыр текті адал сарбаздары мен сардарларының арасында, ет-жақын туыстары мен қимас дос-жарандарының ортасында, «өз үйі өлең төсегінде» (көшпелі хан ордасында)  Тәңірден тікелей келген ажалымен қайтыс болған.    
Таңғыт елін бағындырған жорықта 1227 жылы жазда Сары өзен бойында Шыңғыс хан о дүниеге аттанған. Оның өлімінің себебін көп жылдар бойы құпия сақтауының салдарынан түрлі болжамдардың, аңыз-әпсаналардың таралуына жол берілген. Оларды уақыт өте келе тарихи дерек іспетті түсінетіндер пайда болды. Көшпенді тайпалардың біріккен мемлекеті - Монғол еліне келіп саяхат жасаған  еуропалық алғашқы елші Плано Карпинидің жазуына қарағанда, Шыңғыс ханға аспаннан жай түскен. Шыңғыс немересі Құбылай-шешен ханның тұсында Монғолияны шарлаған Марко Поло оны тізесіне қадалған садақ оғының салдарынан көз жұмды деген. Кейде әлде бір дұшпан қастандық жасады делінеді. Тағы бір көркем шығармада Таңғыт (тангуд) ханының жасаған дуасынан өлді деп суреттейді. Ал, қазақтың атақты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармасында әлде бір әйел төсек қатынасы кезінде оның жыныс мүшесін алмаспен тіліп жіберген етіп бейнелеп, айды аспанға бір-ақ шығарады.

Алайда, профессор Жак Уэтерфорд осы тақылеттес орынсыз болжамдардың бәрін еш негізсіз дүниелер деп түбегейлі жоққа шығарады. Шыңғыс сарбаздары оның мүрдесін туған жеріне жеткізіп құпия түрде жерлеген. Оның басына ешбір белгі қоймады. Ол тұстағы көшпенділер дәстүрі бойынша  өлген адамның денесінен ұшып шыққан шыбын жан ғана қастерлі «аруақ» саналған. Ал, сүйегі құмға сіңіп, өзі жаралған топыраққа қайтадан айналуы тиіс еді. Ақыры, солай болды да. Ұлы қағанның мүрдесі дәл қайда жерленгені әлі күнге дейін құпия болып қалды. Аңыз-әпсана бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын профессор да тілге тиек етеді.

Ең көп тараған әңгіме ұлы қағанды жерлеу рәсімін бақылаған сарбаздар қырық күн бойы жолда ұшырасқан жандардың бәрін қырып тастаған дегенді баян етеді. Жерленген жерді 800 атты әскер шауып өтіп тегістеген. Құпия сырды ашпау үшін кейін сол сарбаздар да өлтірілген көрінеді. Қалай болғанда да сол құпия сыр сегіз ғасыр бойы сақталып келеді.

Шыңғыс империясының күллі құпиясы сонда секілді көрінетіндігіне ерекше назар аударған профессор ұлы Монғол хандығы ыдырағаннан кейін жатжұрт әскерлері елдің көп бөлігін жаулап алса да дәл сол Тэмүжин көмілген мекенге ат ізін салмағанына қайран қалады. Кейін монғолдар будда дінін қабылдаса да, сол өңірге ешбір шіркеу, ғибадатхана салынбады.

Кеңестік Ресей отаршылары ХХ ғасырда Шыңғыс хан есімінің аталуына тиым салып, рухани биік сананың оянып кетуінен, ұлтшылдықтың өріс алуынан өлердей қорықты. Оның туған өлкесін жергілікті әкімшілік жүйесінен шығарып, үкімет құзырына берді де оны Мәскеу өз бақылауында ұстады. Кеңес отаршылары Шыңғыс ханның сүйегі жерленуі ықтимал жерлердің айналасын жабық зона етіп жариялаған. Коммунистік режим тұсында аталған мекенге ағылатын қозғалысты шектеу үшін Ұлан-батыр мен арасында жол да салмаған. Онымен қоймай сол аралыққа кеңес армиясының әуе шабуылының әскери бөлімін орналастырып, айналаға күзет қойдырған. Ол жерде кеңес армиясы жауынгерлері әскери жаттығу жасайтын болған.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572