Өтемұратов ісі. 5 млрд долар қайдан шықты?
Ұлыбритания соты Болат Өтемұратовтың 5 миллиард долларға дейінгі активтерін бұғаттады. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы мәлімдеді.
Одан бөлек Өтемұратовтың «Ritz Carlton» қонақ үйіндегі акциялары, шетелдік банк шоттарындағы қолма-қол ақшасы мен Қазақстандағы «Burger King» франшизасы да бұғатталған.
БТА банктің өкілдері кәсіпкерді «банктен ұрланған ақшаны басқа 11 адаммен бірге жасыруға көмектесті» деп айыптапты. Жаңа айыптаулар негізінде судья Ник Калвер активтерді тоқтату туралы бұйрық шығарған.
Олигархтың адвокаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша өздерінің кінәсіз екендіктерін дәлелдеуге және жақын арада бұл іске шағымдануға ниетті. Ал, Өтемұратовқа тиесілі «Верный капитал» компаниясының өкілдері бұл шешімнің негізсіз екенін айтады.
«2015 жылы «БТА Банкі» АҚ бұл талапты Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа қарсы қойды. Кейіннен айыпталушылардың тізімін толықтыруға байланысты, 2020 жылдың қарашасында ол тізімге Болат Өтемұратов пен оның кәсіпкерлік құрылымына кіретін бірқатар адамдар енгізілді. Бұл шағымға «БТА Банкі» АҚ және оның адвокаттары ұсынған жалған құжаттар негіз болды», - делінген «Верный капитал» хабарламасында.
Бұған дейін БТА банктің экс-банкирі және Қазақстанда тыйым салынған «ДВК» ұйымының жетекшісі Мұхтар Әблязов Өтемұратовтың үй қамағында отырғанын айтқан.
«Болат Өтемұратовқа менің, Мұхтар Әблязовтың активтерімді жасыруға көмектесті деп айып тағылды», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алайда, бұл ақпаратты «Верный Капиталдың» өкілдері жоққа шығарып, қазіргі уақытта Болат Өтемұратов «Нұр-Сұлтан қаласында және әлеуметтік жұмыстарға ден қойып, жұмысын жалғастырып жатқанын», айтты.
Айта кетейік, Болат Өтемұратов ұзақ жылдар Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың көмекшісі болған. Ол ТМД-дағы және әлемдегі дәулетті адамдар қатарында. Кәсіпкер тау-кен металлургия, мұнай-газ және телекоммуникация секторларындағы, сондай-ақ қаржылық қызметтер, жылжымайтын мүлік пен бұқаралық ақпарат құралдарындағы активтерді басқарады.
Былтыр Өтемұратов әлемнің ең бай адамдарының ішінде 3,4 миллиард доллармен 654-ші орында тұрды. Ал, осы жылдың қазан айында Forbes журналы оның дәулетін 2,8 миллиард долларға бағалады.
Бұдан басқа «ForteBank» АҚ-тың 87,77% тиесілі. Сондай-ақ, кәсіпкер «Media Management Systems» ЖШС мен «Direct Technology Company» ЖШС-нің 100% иеленеді.
Жалқы сұрақ: Британ соты Қазақстандағы ауқатты елуліктің алғашқы бестігіне кіретін Болат Өтемұратовтың 5 миллиард долларлық мүлкін бұғаттағанын жариялады. Ал осыған дейін Өтемұратовтың тапқан-таянғаны 2,8 млрд доллар деп айтылып келді. Өтемұратовтың дәулеті бір түннің ішінде 1,2 миллиард долларға өсіп кетті ме немесе бұл қаражат қайдан шықты?
Abai.kz