Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3369 0 пікір 8 Ақпан, 2012 сағат 11:03

АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ХАТТАРЫ

Профессор Тұрсын Жұртбай - 1920-30 жылдар аралығындағы Алаш қайраткерлерiнiң тағдыр-талайы мен жанкештi iс-әрекеттерiне қатысты құжаттар мен материалдарды 1987 жылдан берi әртүрлi архив қорларынан тiрнектеп жинап, бүгiнде оларды жалпы айналымға түсiрiп отырған ғалым. Сол еңбектерiнiң бiрi - таяуда «Ел-шежiре» Қоғамдық қорынан жарық көрген «Движение алаш: сборник материалов судебных процессов над алашевцами» атты орысша-қазақша үш томдық авторлық басылым (мұнда басқа құрастырушылардың да материалдары бар). Осы үш томдықтың 2-томына кiрген төрт хатты «Түркiстан» оқырмандарына ұсынуды жөн көрдiк.

А.БАЙТАСОВТЫҢ Ж.АЙМАУЫТОВҚА ХАТЫ. 12/IХ- ?

Жүсiпбек!

«Көрмегелi көп айдың жүзi болды» дегендей бiр-бiрiмiздi көрiспегелi көп уақыттар болып та қалды-ау. Сенiң биылғы жазған хатың маған кешiгiп тидi. Сондықтан саған iле жаза қоймадым. Өйткенi сенiң адресiң өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкентке барған соң қапшықтың ауызын бiрақ шешiп, жаздайғы бастан кешкендi бiр айтармын-ау деушi едiм.

Профессор Тұрсын Жұртбай - 1920-30 жылдар аралығындағы Алаш қайраткерлерiнiң тағдыр-талайы мен жанкештi iс-әрекеттерiне қатысты құжаттар мен материалдарды 1987 жылдан берi әртүрлi архив қорларынан тiрнектеп жинап, бүгiнде оларды жалпы айналымға түсiрiп отырған ғалым. Сол еңбектерiнiң бiрi - таяуда «Ел-шежiре» Қоғамдық қорынан жарық көрген «Движение алаш: сборник материалов судебных процессов над алашевцами» атты орысша-қазақша үш томдық авторлық басылым (мұнда басқа құрастырушылардың да материалдары бар). Осы үш томдықтың 2-томына кiрген төрт хатты «Түркiстан» оқырмандарына ұсынуды жөн көрдiк.

А.БАЙТАСОВТЫҢ Ж.АЙМАУЫТОВҚА ХАТЫ. 12/IХ- ?

Жүсiпбек!

«Көрмегелi көп айдың жүзi болды» дегендей бiр-бiрiмiздi көрiспегелi көп уақыттар болып та қалды-ау. Сенiң биылғы жазған хатың маған кешiгiп тидi. Сондықтан саған iле жаза қоймадым. Өйткенi сенiң адресiң өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкентке барған соң қапшықтың ауызын бiрақ шешiп, жаздайғы бастан кешкендi бiр айтармын-ау деушi едiм.
Не керек, жолығыса алмадық. Сенi Қызылордада кездестiремiн деген оймен Қызыл-ордаға соқтым. Мен келген күнi таңертең Жақандыкiне барсам, Ж. «Жүсiпбектi шығарып жаңа ғана вокзалдан келдiм», - деп отыр. Санды бiр-ақ соқтым. Сенi Ташкент не Қызыл-орданың бiрiнде болар деп ойлап едiм. Болмаған себебiңдi Жақаннан естiдiм. Ж. айтуынша, «Дәлелi - дәлел» дейдi. Және жеңгемнiң науқасы Ташкент ауасын жақтырмайтындығы екiншi себеп болса керек едi. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, ендi орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сенi Шымкентке шақыртуы күштi көрiнедi (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едiм), өзiң ырза болсаң, егер сенi тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едiк деп ынтық-ақ болып отыр. Әуелi жақсы жерге барсаң да терiс болмас едi. Әлi де кеш емес қой.
Ендi әңгiменi өз жағыма аударайын. Жаз - ай жарым елде болдым, 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңiл күй жақсы. Әзiрше ойлаған нысанаға дәл тиiп келедi. Ана жағын айтам. Бiзге қырын қарайтын (өсек айтпаса iшi кебетiн бiр адамдардан келген хабар болса керек) бiреу, ол туралы саған терiс информация берген сықылды. Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгерiп қалса да, сырттағы бiр күш ерiксiз (қол сұғып - ? - Т.Ж.) деген сықылды... Бұл сөздердiң источнигi атақты қу атышулардан шыққан көрiнедi. (Әминаның) сiңлiсiн Байдилдин алды. Ол тұқыммен бiз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйiмiзден ешбiр өзгерiс болған жоқ. Қайта одан гөрi өмiр қызығырақ болған сықылды. Бiрақ, саған ол күйдi суреттi түрде сездiруге қалам шабан ғой. Өзiң ауызға салып жiберсең, ие солай дер едiм. Қалайда көңiл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бiтiруiне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал-жайымыз осы.
Мағжанға жолықтым. 15 күндей бiрге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенiң соңғы жазғандарыңа қанағаттанады: Осы күнге шейiн айызым қанған сәулеттi қалам «Нұр күйi» болды. Қызыққандықтан әлденеше оқыдым, - дейдi. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менiң ойларымды нық бекiттi. Қуандым. Онымен түрлi мәселелер туралы көп кеңестiм. Сан пiкiрлерi бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: «Түбiнде жалғыздар тобы жасайды, бiз жалғыздар тобының құрамасы», - деп жазады екен. Бұл пiкiрдi Мағжан да қуаттайды. Екпiнi күштi қалам, сиқырлы сөз, негiзi берiк пiкiр түбiнде алып та, шалып та жығады, - деп ақын шалқып-ақ жүрген көрiнедi.
Оның настроениесiн көтерiп отырған Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пiкiр жарысы бар, майдан бар сықылды. Еуропа әдебиетшiлерiнiң де соны пiкiрi жарыққа шығып қалатын шақтары болады дейдi. Марксшылдыққа қарсы пiкiрдi қолдайтын әдебиетшiлер де пiкiрлер ұсынатын сияқты. Тегiнде бiрезулiк қылмай, ғылымы жетiп, сығалап жүрiп таңдап ала алса, пiкiр тудыратын майдан ашылғандай. Қапелiмшiл желөкпелер көп ағымның арасында кез-келгеннiң бiреуiне қақтығып, саломдай салмақпен бiреуiне ерiп жүре беретiндей сияқты. Бiздiң Қызыл-орданың ВАП-да сондай бiр ағымға ерiп бара жатқандай деседi. Түрлi әдебиет ағымдарымен таныстыру үшiн олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жiбермек болды. Сен де сұрап алып таныс.
Мағжан саған жазудан қажитын емес, өзiң де ендi шет тұрғаннан кейiн жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең - «Восиздаттың» научный сотрудниктерi. Мүмкiн бұлар арқылы жазуға кiтап та аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кiтаптарын қазақшаға аударту керек дейдi, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.
Мұхтар: әдебиет соңынан жарық алып түстiм, оқимын, - деп Ленинградқа кетiптi. Оның «Таңдағы» соңғы жазған әңгiмелерiн оқыған шығарсың. Мен оны байқай алмадым, әйтсе-де жақсы-ау! Мұхтар Мағжанмен жиi жазысып тұрған екен, пiкiрлерiн оқыдым. Олардың ендi бiр ойы: сол ұйымдардың бiр қазаққа қолайлы деген бiреуiне қатынасып, қазақ әдебиетiне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Орыстың әдебиет журналдарына жазбақ. Баяндамалар жасап, пiкiрлерiн тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бiрнеше қырғыз, қазақ тiлдерiнде шыққан әдеби кiтаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделi кiрiсемiн деп отыр.
Ташкентте тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспiз. Қошке: институтке әдебиет сабағын беремiн деп барып едi, «Жәшейке қабыл алмапты», - деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке временный исполкомге кiрдi. Мен орыншамын. Менiң мұндағы қуанышым педфак түзелiптi, программа жақсы. Әдебиет тарихы, тәрбие жағы күштi. Әзiрге оқу басталған жоқ.
Жалғызсырайтын емеспiз. Жолдастар бар. Әйтсе де сенiң орының бөлек. Биылғы хатың менi көп желпiндiрдi. Жазып тұр. Не жаза-йын демессiң. Өмiрiмiздiң қою-сұйығы, ащы-тұщысы бiр-бiрiмiзге мәлiм шығар деп ойлаймын. «Туғаныңды көргем жоқ, өлгенiңе жыламайын», - дейтiн жерiмiз жоқ. «Достық пен махаббатқа сауда жоқ» деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзiнен қымбат нәрсенi мен өзiм әзiрге бiлмеймiн. Жалғыз-ақ, шын достық санаулы екенiн бiлемiн. Бiрақ достықты тар кезең, талма жер көрсететiн көрiнедi ғой.
«Жап-жақын жайшылықта көп достарды, мен неге жамандықта сирек көрем» - дейтiн ақынның сөзi сүзiлiп өткен таза сөздiң нақ өзi шығар деп ұғамын. Сенiң жақсылығыңа мерей өсiп қуана алмаған, жамандығыңа жаны ашып күйзеле алмаған ерлiгi ездердiң не керегi бар».
Жарайды жазып тұр. Жеңгеге жақсылап сәлем айт. Бектұр, Мәруа, Жанақ жолдастарға сүйiп сәлем. Анық адресiңдi жазып жiбер. Абдолладан сәлем.
Ғабдолла. 12/IХ- ?

Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ А.БАЙТАСОВҚА ХАТЫ. ОРЫНБОР, 2 НОЯБРЬ

Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесi - көркем өнердiң басты тақырыбы. Таптық жiк арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсiресе қазақ өмiрiнде бұл өте ажыратылмаған iс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзiм де кедей боп өстiм.
Сонда көргенiм, кедей жiгiттерi жаман аяғымен, байдың жақсы төсенiшiн былғайды. Тiлегенiн сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкiн бе? Сiрә, бiздiң жас марксшiлер үлкен кiтаптарды оқып алады да: «Мынау қазаққа келедi екен»,- деп жалшының, не мұжықтың көзiмен қазақты өлшейдi. Маркстi бiздiң жiгiттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжiрибешiл болудың арасы алыс. Бiздiң Ғаббас алдыңғысы болар деймiн. Әуелi қазақты оқу керек. Қазақты бiлемiн дегенмен көбiмiз бiле бермеймiз, оны мен Бройданың кiтабынан көрiп отырмын. Бiз анық бiле алмай, көмескiленген нәрселердi ол анық айтып отыр. Қазақ - ұйымсыз, қазақ - берекесiз, қазақ - ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiзде даудың шегi болмайды.
Тағы бiр қосылмайтын жерiм: «Ақын - таптiкi ғана болады. Бiрақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», - деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге дiншiл болуға мiндеттi? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па едi? Жерiнен бай да, кедей де қуылған жоқ па едi? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгенi - өлген жоқ па едi? Ұлт мұңы бұрын бiр емес пе едi? Бiр болғандықтан да, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметi, Мiржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкiметiне қарсы болып келген жоқ па едi? Осы өткен ақындардың бәрiн байшыл, кедейшiл қылып алып, одан кейiн Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелi (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, Мiржақып байшыл, Бейiмбет кедейшiл деген сөз бола ма?
Төңкерiстен бұрын, деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейiмбет те бәрi де ұлтшыл болып жазып жүрсе, ендi кедейдi бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттiң сұйылуы боялудан шығады деп бiлемiн. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етiкшi. Рас, пiкiр жүре өзгередi. Орыс жазушыларының да кейбiрi төңкерiстен кейiн жарамсақтанған, олардың iшiнде жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пiкiрi соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткенi төңкерiске бiз көлденеңнен қосылдық. Ащылы, тұщылы тауқыметiн басымыздан көшiргемiз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерiстiң маңызын, дәмiн тата алмай (...) қалдық. Сол дүрмекпен әлi келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзiмiз үйлеспей жатыр.
Мен өз басымдағыны айтайын. Өзiм нағыз кедейдiң баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көрiп өстiм. «Балаң орыс болып кетедi, солдатқа алып қояды» деп немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүрiп, менi оқытпаған. Сөйтiп мен, байға, жуанға өш болып өстiм. Бiрақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдiң де орыстан көрген қорлығын көрдiм. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңiрегiндегi қазақтың шұрайлы жерлерiн келiмсектер алды, оны мен естiдiм де, көрдiм де. Орыс стражниктерiнен, полицейлерiнен қазақтың талай таяқ жегенiн көрдiм. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келiп жүрген Жетпiсбайлар есiмде. Хохол жоғалған малы үшiн оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. «Сотқа беретiн неме екенсiң деп», хохолдар оның аулына жиналып келiп өлтiрмек болған. Содан (VII том 148-бет) қорқып, қыстай үйiне жолай алмай жүрдi ғой. Ақмола үйезiнде Төкiш деген бiр кедей әншi бар едi. Жақ жоқ әншi едi. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкiштi тепкiлеп өлтiрген.
Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға.
Осыларды көрiп, естiп тұрып, қалай тапқа кiсенделерсiң? Кеше ғана осы жылдың сентябрiнде Қарқаралының алты кедейi Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бiр орысқа жалданып келе, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар менi тапты. Бiреуi ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, менi бiлетiн Сәбiкей деген жiгiт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кеттi. Қолдарында түк белгi жоқ. Не қыларсың?
Осының бәрi жүзден бiрi. Бәрiн көрiп, естiп жүрсiң. Қай қазақ хохолдың жерiн тартып алды, үйiнен бездiрдi? Ауылына ат ойнатты, өлтiрдi, ақысын бермей, сауырға бiр салып қоя бердi? Мұнша зорлықты кiм iстеп отыр? Осының бәрiн көре, бiле тұра - кiмшiл болу керек?
Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзiм байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бiрақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менiң миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы iздер де бар. Ол iздермен жүрмесiме мүмкiн бе? Ғаббас қалай жүргiзбейдi екен? Құлағымнан, көзiмнен миға хабар жеткiзетiн жүйкелерiмдi (нерв) кесiп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемдi мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзiнше ойлатам деу қиянат.
Рас, қазақ кедейi теңдiкке жеттi, жетiлдi. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бiрақ екi зорлықтан әлi айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды. Бiрi - өз байынан көретiн зорлық, бiрi - жатынан көретiн зорлық. Соңғыны айта-йын десең, ұлтшыл болып шығасың, немесе байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгi алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келдi. Мiне, менiң пiкiрiм осы.
Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер, бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жiбер.
Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенiмен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсiң? Жақсы кiтап болса маған жiбер. Мұхтардың адресiн бiлсең, жазып жiбер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы - 72 сом. Тезiрек хат жазарсың.
Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң.
Адрес: Орынбор, Совет көшесi, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор, 2 ноябрь».
VII том. 177-180 беттер

МҰХТАР ӘУЕЗОВТIҢ СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСОВҚА ХАТЫ

Адресат:
г.Кызыл-орда, Ленинская, № 26. Майлину для Смагула. Приписка на конверте: «Бейiмбет! Смағұл онда жоқ болса Ташкен жiберуiңдi сұраймын. М.».
Смағұл!
Саған үнемi масыл болу маған бiр парыз сияқты мiнез болды. Iстеген iсiмдi: «Барарына барғыз», - деп сұрау бiр сәрi жұмыс болсын, соңғы уақытта: «Жата-жата жамбасқа ауды», - дегендей, «ендi маған пұл бер, менi асыра», - деген күйге де жеттiм. Соңғы жiберген ақшаң ерекше достықтың белгiсi болды. Бiрақ сенде де үй бар, бала-шаға бар. Қазiргi уақыттағы табысың да мардымды болмау керек. Оның үстiне Ленинградта тұратын үйлi-баранды бөгде бiр кiсiнi тағы да асырау әлден асқан мiндет. Қандай күйге жетсем де мен сенi бұлайша зорлауым керек емес едi. Ерiксiз соңғы уақыттағы хал соған әкелдi. Бiрақ, iштей қатты қысыламын, қиналамын. Сен отзывчивосын, бiлемiн. Бiрақ, солай едi деп асылу, солай едi деп жаралау керек емес едi. Талай-талай ұмыттырмас достық, туысқандық мiнездерiңнiң бiрi болды. Әйтсе де, бұдан былай өзгенiң қылығы үшiн өзiңдi жаралағанды қой. Оны мен тiлей де алмаймын, қабыл да көре алмаймын.
Оның есесiне, жiберген нәрселерiмдi шама келгенше барарына барарлық етiп жiберсең, сол да сенiң аз еңбегiң емес болады. Соған да мен риза боламын.
Тапсырылған нәрсенiң бәрi Ғаббасқа берiлсе, әрине, оның ешқайсысының да тезiрекпен аяғы жерге тимейдi. Өйткенi бәрiн жинағанда ол көп материал болмақ. Және жазу - менiң жазуым. Оқып шығу қиын. Көп уақытты алады. Ғаббас үнемi соған қарап отырған кiсi емес. Басқа да қызмет алаңы көп. Сондықтан да бұл менiң сөздерiме жасалған «құрметтi айдау» есептi болуға керек... Сөзiңе қарағанда, менiң былтырғы «Сұғанақ сұрым» да (соған - Т.Ж.) берiлген шығар деймiн. «Ескi әдебиет тарихы», Абай да соған берiлген шығар. Оларға соңғы «Қараш - Қараш» деген әңгiме, одан соң «Госиздатқа» жiберiлген әңгiмелер, тағы о-ваға (общество краеведение - Т.Ж.) ... тапсырған (кiсiнiң аты танылмады - авт.) материалдар қосылған шығар. Кәрiмнiң (Тоқтыбаев - Т.Ж.) жазды күнi маған айтқан бiр сөзiнде: «Сенiң жазғандарыңды Ғаббас пен Жандосов екеуiнiң бiрiнiң қарамағына берем!»,- деп едi. Сонда «Абай», «Сұғанақ сұрды» еске ала айтқан сияқты едi. Тегi кейiнгiлердi де сол iзбен жiберген ғой. Осының анығы қалай екен? Ғаббасқа тапсырғанның iшiнде соңғы, биыл жiбергендерiм бар ма екен? Жоқ бұрынғылар ғана ма? Осыны анықтап бiлiп, айырып жазсаң жақсы болар едi. Не болмаса, өзiң бiлiп жүруге уақыт алатын болса Телжанға (Шонанов - Т.Ж.) тапсырсаң жақсы болар едi. Дәл анығын бiлiп, Ғаббас қаншасын қарады, не айтты, қаншасын қараған жоқ. Қашан қарамақ, сол мәселе туралы анық толық хабар берсе жарар едi. Өздерiң жүруге көп жұмыс. Телжанға қадағалап тапсырып, жазып жiбер деп айтып кетсең екен деймiн.
Қызылорда басудан жалықпаса, мен жазудан да сондай қажымаспын деп ойлап отырмын. Жақында бiр пьеса жазбақпын. Онан соң 16-шы жылдың бiрер сөзiн кiшiлеу әңгiме роман қылмақпын. Осы екеуiн жақын уақытта жұмыстап жұмыстарымды бiтiрсем, декабрьдiң 15-нен әрi Қызылордаға барып қайтамын ба деп ойлап отырмын. Барлық бұрынғы-соңғы жұмыстарымды ең соңғы рет тағы бiр арыла сөйлесiп, барарына барғызып көрсем қайтедi деймiн.
Бұдан ештеңе шыға ма, жоқ па? Декабрьдiң 20-ларында сен қайда боласың? Барсам бiр-ақ жұмаға ғана барып қайтам.
Одан соңғы үлкен жұмысым: менi бiтiрген соң қайда пайдаланбақ? Бұл жайын өткен хатыңда осы жолы сөйлесемiн деп едiң, сөйлестiң бе? Өзiм барсам қалай сөйлесу керек? Осыны да тез жазып жiбер.
Хат жазсам ылғи мен «шаруа» жайын жазып, онша бiр сыр, нәрлi сөзбен пiкiр алысып, әңгiмелескеннен қалып барамын. Сен де ұзын-ырға болмаса, тәптiктеп жазбайсың. Читатель проблемасы туралы Жүсiпбекпен жазысады екенсiң, не десесiңдер? Маған да айтыңдаршы. Бұл iргелi мәселе болу керек. «Оқушы үшiн әдебиет» дейсiңдер ме, жоқ оқушы средасын әдебиет формировать етедi дейсiңдер ме? Екеуi де қабырғалы, соқталы сөз. Маған екеуiңнiң де не дейтiндерiң екеу сияқты, танысу, бiлу өте қажет сияқты.
Егер маған: «Ташкенге барасың», - дейтiн болсаң, қай кезде қалайша барамын. Өзiм май iшi бола ма деп мөлшерлеп едiм. Бiрақ бұл Қызылорда нәрселерiмдi басып, қаражат беретiн болған уақытта. Егер олай болмаса, жүдеп-жұтап жүрсiн десе, шыдап болмайды. Онда ерте кетемiн. Осы соңғы һал болса - қалай баруыма болады, соны анықтап, ашып жаз. Осы бола ма деп қорқамын. Өзiң Ташкенде отыру, отырмау (тұру, тұрмау - Т. Ж.) туралы тағы да оспақтап қалған кiсi сияқтысың. Тағы көшемiсiң, әлде немене? Бұлай болса қашан болмақ, қалай қарай? Оны да жаз. Вуз - келесi жылы Ташкенде бола ма, оны да бiлгiм келедi. Бұл туралы жаза сал. Әзiрше қош, сүйдiм. Валядан сәлем, достығыңа алғыс айтады.
Мұхтарың. 24. ХI - 27 ж.

С. СӘДУАҚАСОВТЫҢ М.ӘУЕЗОВКЕ ЖАУАП ХАТЫ

Мұхтар!
Сенiң соңғы хатыңды баяғыда алсам да, оған жауап жазуға жаңа ғана мұршам келiп отыр. Бiзде аздаған өзгерiстер бар. Мен педвуздан кеттiм, бүгiн Қызылордаға жол жүрмекпiн, ал ондағылар қайда жiбередi - бiлмеймiн. Менiң орыныма әлi ешкiмдi қойған жоқ, уақытша бiздiң басқарма мүшелерiнiң бiреуi қалады.
Ендi, сенiң бiзге қызметке келуiң туралы мәселеде өзгешелiк болуы мүмкiн. Оқу-ағарту комиссары таяуда бұндағы жаңа директорға: «Ендi бұл арада ешкiм де қалмайды» - дептi, бәрiмiз де солай ойлаймыз. Сондықтан да сенiң Ташкентке келуiң ресми емес жолмен расталды. Бiздiң Алматыға көшер-көшпесiмiз әлi шешiлген жоқ. Оқу-ағарту комиссариатының айтуы бойынша, таяуда көшуiмiз керек, бiрақ та нақты емес.
Пәтер жөнiнен қам жеме - педвуздың өз үйi бар. Мен тұрған үйде бiр үлкен де кең бөлме бар. Оның үстiне менiң үйiм үш бөлме, соның бiреуiн саған босатып беруiме болады. Лиза Ташкентте қалады, ол университеттен шығып кете алмайды. Сондықтан да мен қайда кетсем де жалғыз кетемiн. Егер де Қызылорда келiсiм берсе - Ташкентте қаламын.
Жiбергенiңдi алдым. Қуана-қуана сәлем жолдаймын. Егер де бұл хат болмаса, мен саған ренжитiнiм анық едi. «Еңбек жүрiп жатыр». Жураб жөнiнде пiкiр таласын өткiздiм, баяндама жасадым. Адам көп болды. Мен өзiме-өзiм қанағаттанбадым. Мен жақсы-ақ дайындалдым, бiрақ әдеттегiдей 40-50 ғана кiсi болатын шығар деп ойлағанмын. Бiрақ та 300-400 қаралы адам жиналды. Сөзiмнiң қорытындысында өзiмнiң беделiмдi сақтап қалғандай көрiндiм. Жора пiкiр таласын ұйымдастырмақшы, мен онда баяндама жасамақпын, ал Сәкен қосымша баяндама жасамақ.
Әзiрше, сүйiп құшақтадым - Смағұл.
Келесi хатты Қызылордадан жазамын. Смағұл.

http://qasym.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576