Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Жаңалықтар 4336 0 пікір 10 Ақпан, 2012 сағат 07:57

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ. Сатира жоқ деп кім айтты?!

Қазақ жерінде болып қайтқан белгілі орыс сатиригі М.Зощенко: «Қазақ халқы күлкі мен қалжыңның, әзіл мен сықақтың отаны екенін аңғардым. Әзіл - қазақ халқының табиғи, төл қасиеті екенін оның ауызша прозасы одан әрі дәлелдей түседі деген екен. Сонау есте жоқ ескі заманнан. яғни, айлакер Алдар Көсе мен Қожанасыр әпендіден басталатын қазақ сатирасы қай кезеңде болсын, өзекті мәселелерді қозғап отырған.
Бірақ. өкінішке қарай, қазір көпшіліктен «сатира жоқ» дегенді жиі еститін болдық. Сатириктеріміз бен олардың сатиралық еңбектерін көре тұра, жұрттың бұлай деуінің мәнісі неде? Ендеше, «садақ» болып қадалатын, «шаншар» боп шаншитын, «балға» боп ұратын, «ара» боп шағатын сатираның бүгінгі күні неге ел алдында әлсіз көрінуінің себебін анықтауға тырысып көрейік.

Қазақ жерінде болып қайтқан белгілі орыс сатиригі М.Зощенко: «Қазақ халқы күлкі мен қалжыңның, әзіл мен сықақтың отаны екенін аңғардым. Әзіл - қазақ халқының табиғи, төл қасиеті екенін оның ауызша прозасы одан әрі дәлелдей түседі деген екен. Сонау есте жоқ ескі заманнан. яғни, айлакер Алдар Көсе мен Қожанасыр әпендіден басталатын қазақ сатирасы қай кезеңде болсын, өзекті мәселелерді қозғап отырған.
Бірақ. өкінішке қарай, қазір көпшіліктен «сатира жоқ» дегенді жиі еститін болдық. Сатириктеріміз бен олардың сатиралық еңбектерін көре тұра, жұрттың бұлай деуінің мәнісі неде? Ендеше, «садақ» болып қадалатын, «шаншар» боп шаншитын, «балға» боп ұратын, «ара» боп шағатын сатираның бүгінгі күні неге ел алдында әлсіз көрінуінің себебін анықтауға тырысып көрейік.
«Күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу - өлім» дейді Сейіт Кенжеахметов. Расында, күлкінің құдіреті күшті. Қазақ ойындағысын орайлы әзілмен, астарлы қалжыңмен-ақ жеткізе білген. Жалпы, сатираға қызмет еткен қырғи тілді қаламгерлер қазақта көп. Қазақ әдебиетінің Ілияс, Бейімбет, Сәбит Дөнентаев, Сәкен сынды қайраткерлері бұл жанрды айналып өтпеген. Ал олардан кейінгі сатириктер қатары Асқар Тоқмағамбетов, Жүсіп Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкір, Сейіт Кенжеахметов, Мыңбай Рәш, Есенжол Домбаев, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Iлияс, Ғаббас Қабышев, Сақ-тапберген Әлжіковтерден басталып, Көпен Әмірбек, Берік Садыр, Толымбек Әлімбекұлы, Мұхтар Шерім, Ермахан Шайхыұлы, Еркiн Жаппас және т.б. болып жалғасып кете береді. Бұдан біз қазақ сатириктерінің қатары сиремегенін аңғарамыз. Соңғы аталған сатириктердің әрқайсысы бір-бір газетте күлкі бұрыштарын жүргізетінін ескерсек, бұл өткір жанрдың «өлмегеніне» көз жеткіземіз. Тіпті, бұл жанрға қалам сілтегендер қатарында данышпан ақынымыз Абай да бар. Белгілі сатирик, ғалым Темірбек Қожакеев оның өлеңдерін сатиралық жанрлар бойынша талдап, жіктеп берген. Бұл күлкінің өмір-шең екенін дәлелдеп тұр емес пе? Демек, «сатира жоқ» деушілер қателеседі.
Көпшілік көбіне қазіргі сатира мен Кеңестік кезеңдегі сатираны салыстырады да, оны жоққа теліп жатады. Жұрттың бұлай ойлауы орынды. Біріншіден, Кеңестік қоғамда сатираға көп мән берілді. Бұған дәлелді сатира жанрының жілігін шаққан, оны тұңғыш болып зерттеген Темірбек Қожакеевтің еңбектерінен табуға болады. Қазақтың халықтық сатирасын түбегейлі зерттеп, «Сатиралық жанрлар», «Сатира - күштілер қаруы», «Сатира - тәрбие құралы», «Сатира негіздері» секілді көптеген кітаптар жазған ғалым сатираның кемелденуіне әсер еткен фактор ретінде биліктен келген нұсқауларды қарастырады. Ол өзінің «Сатира - күштілер қаруы» атты монографиясында: «Партия мен үкіметіміз бұл қаруға деген үміт, ықыласын, сенім-нанымын ешқашан бәсеңсіткен емес. Ол сатира мен юморға, оның жауынгер жанрларына сонау жиырмасыншы жылдары-ақ зор мән берді. Лениндік партияның 1924 жылы мамыр айының 23-31 күндері өткен ХІІІ съезі «Баспасөз туралы» қарарында жергілікті ұлттардың баспасөзін дамытуды, оның түр саласын молайтуды міндеттеді. Жастарды жауынгерлік рухта тәрбиелеу үшін большевизмнің оппортунизммен, өз ішіндегі әрқилы уклондармен күресін кең көрсететін әдебиетке ерекше көңіл бөлуді талап етті» деп жазады. 1918 жылы В.И.Лениннің «Біздің газеттеріміздің сипаты туралы» деген мақаласы жарыққа шығып, онда «көсем» «сатира мен юморға зор маңыз беру» қажеттігін ескертіп, осы мәселеге қатысты арнайы нұсқау береді. Сондай-ақ ол «Крокодил», «Правда», «Ленинград», «Звезда» сияқты басылымдарға жеке-жеке қаулылар шығарып, оларға кертартпаларды фельетон арқылы сынап отыру қажеттігін ескертіп отырған екен. Яғни пролетариат табының «көсемдері» елді бақылауда ұстауда сатираның таптырмас құрал екенін терең ұғынып, бұл қаруды оңтайлы пайдалана білген. Осылайша, қоғамда болып жатқан өзгерістерді назарда ұстап, кемшіліктерді дер кезінде байқап отыру үшін үнемі сатираға қатысты қаулы-қарарлар шығарып отырған.
Ленин өмірден озғаннан кейін де сатира өз маңызын жоғалта қоймайды. 1927 жылғы сәуірде «Сатиралық юморлық журналдар туралы» қаулы шығады. Онда: «Сатиралық-юморлық журналдардың міндеттері - біздің құрылысымыздағы, ел өмірінің әрқилы саласындағы, тұрмысындағы буржуазиялық көзқарастарды, мещандық дәстүр мен әдеттерді, социалистік құрылыс міндеттері мен жалпы пролетарлық мүдделерге қайшы келетін әртүрлі топшылдықты, бюрократтық, ұлтшыл-шовинистік тенденцяларды, тап жаулары мен олардың саналы және санасыз түрдегі қостаушыларын сынау, әшкерелеу» деп келетін нақты нұсқаулар беріледі. Сатираның «мықтылар қаруына» айналуының мәні осыда болса керек. Сондай-ақ сатираны фашизмге қарсы күресте де пайдаланып, бұл өз кезегінде жауынгерлердің жігерін жануға көп септігін тигізген. Соғыс біткен соң, бұл қаруды қайтадан қоғам келеңсіздіктеріне бағыттаған. Партияның 1946 жылы қабылданған «Звезда», «Ленинград» журналдары туралы қаулысында «талғамы төмен журнал редакциялары мен баспа басшыларының кеңес шындығын бұрмалайтын, көркемдік қасиеті шамалы, идеялық деңгейі төмен сатиралық юморлық шығармаларға орын беріп жүргендігі» айтылып, сынға ұшыраған екен. Яғни сатира ешқашан назардан тыс қалып қоймаған. Бұл өз кезегінде сатираны жауынгер жанрға, өткір жанрға айналдырған. Кеңес-тік дәуірде сатира «дәуренінің жүруі» - бұл жанрды тікелей биліктің өзі қадағалап, назарда ұстауында десек, қателеспейміз.
Сатираның кемелденуіне әсер еткен екінші себеп ретінде фельетон жанрын қарастыруға болады. Темірбек Қожакеев: «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жамандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол - фельетон. Фельетон жат мінез, жайсыз қылық, кемшілік мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» дейді. Расында, сол кездері фельетон сатираның ең өтімді де, өткір жанры болған. Өкінішке қарай, бұл жанр бүгіндері мүлдем жоғалған. Сатириктер қауымы да фельетонның баспасөзден бой көрсетпей кеткенін айтуда. Белгілі сатирик Үмбетбай Уайдин: «Сатира да, сатириктер да бар. Халық барда күлкі өлмейді. Сатираны арзандатып, не болса соны күлкіге, жеңіл қылжаққа айналдырып жататындарды да жоққа шығара алмаймыз. Мұндағы мәселе сатираның жоқтығында емес, оның сапасында. Әсіресе, сахналық сатира кемшіліксіз емес дер едім. Олар сатириктердің еңбектерін пайдаланбайды. Пайдаланған жағдайда да, актерлер мәтіннен шығып, оны өз ыңғайына салып алады. Сондықтан да басы бүтін қойылым дұрыс орындалмай, көпшілік көңілінен шықпай жатады. Міне, осыған байланысты жұрт сатираның құны жоғалып кетті деп ойлайды. Сондай-ақ фельетон, памфлет сынды мықты жанрларын жоғалтқан соң да, сатира әлсіз көрінеді» дейді.
Рас, кезінде «Ара» журналының ең өтімді жанры болған фельетон бүгіндері ұмытылған. Оспанхан Әубәкіров: «Ара» - ара болады, шаққан жері жара болады» деп баға берген журнал бетіндегі фельетонның «басты кейіпкерлері» жылы орындарынан алынып, биліктің қатаң жазасына ұшырап отырған. Қоғамның талай мінін түзеген «Ара» журналы туралы көрнекті сатирик Ғаббас Қабышев: «Ол кезде «Ара» журналына есімі іліккен адам міндетті түрде тексеріліп, лайықты жазасын алып жататын. Журналда қызмет етіп жүргенімізде келеңсіздіктерді айтып, СОКП орталық комитетіне дейін шыққанбыз. Сол кезде үш бірдей министрге кінәсін мойындатқызып, қызметінен де босатқанбыз» дейді. Ол сатираның бүгінгі күні әлсіз көрінуінің себебін «оның еленбеуі мен лайықты баға берілмей жүргендігінде» деп түсіндіреді. «Сатираның ең бір мықты жанры - фельетон болатын. Бұл жемқорлар мен парақорларға қарсы таптырмас құрал еді. Өкінішке қарай, фельетон әдебиет сахнасынан аластатылды. Қазір сыналған адам емес, сынаған адам сүйкімсіз болып жатады. Осылайша, фельетонға қақпақ қоюшылар пайда болып, сатириктер бұл жанрды жазуды қойды. Осы біз сатирадан емес, фельетоннан айырылып қалдық десек дұрыс болады-ау. Сондай-ақ қазір сатираны жіктеп, түптеп жүрген зерттеуші жоқ. Сатиралық театрлар болса, жеңіл дүниелерге әуес болып алды. Міне, осындай үлкен-үлкен себептерге байланысты бұл жанр осал көрінеді. Ал жалпы алғанда сатира бар. Оның деңгейі де төмендей қойған жоқ. Құдайға шүкір, сайыпқыран сатириктеріміз де жоқ емес. Тек олардың не істеп, не жазып жүргенін бақылайтын адамның жетіспей-ақ тұрғаны» дейді қаламгер.
«Сатира әсте өмір шындығынан тыс тұрған жайдан тумайды, қайта өмірдегі мол міннен, сан сараңдық пен көп көргенсіздіктен туады. Соларды жиып топтайды да, сатира «обобщение» жасайды», - дейді М.Әуезов. Қоғамымыз мінсіз емес. Мініміз де, сынсыз қалып жатқан жоқ. Мін бар. Сын да бар. Тек оған мән беріліп жүрген жоқ. Темірбек Қо-жакеев сынды бүгінгі сатираны зерттеуге кіріскен жан да жоқ. Расында, әдебиетіміздің бұл саласына бүгінгі күні маңыз беріліп отырған жоқ. Бұл жанр Темірбек Қожакеевке дейін де зерт-теусіз тұр еді. Бірақ ғалым: «Қазақ сатирасы күні бүгінге дейін арнайы зерт-телмей келеді. Әдебиетіміздің бұл саласын елемеуге жөн жоқ. Сатира халқымыздың бүкіл өмірімен біте қайнасып, оның қанау мен тонауға, әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы күресінде ең айбынды қаруы болып келді» деп, оны зерттеуді өз қолына алған болатын. Ал бүгінгі сатирамызды зерттеу ісіне кім кірісер екен?..
Мұхтар Әуезов: «Күлкі - өлмес елдің өшпес күші» дейді. Иә, ешқашан өшпейтін мұндай мықты жанрға дәл Кеңес өкіметінің тұсындағыдай мән берілсе, сатира - ұлттық идеологияға, ортақ мүддеге қызмет ететін айбынды қаруға айналатын еді ғой.

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1561
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3365
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6371