Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4297 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 10:49

Жанар Нұрғали. Сөзін жоғалтқан ұрпақ өсіп келеді

Мәдениет, ойлау, тіл секілді ең негізгі құндылықтар - халықтың рухани дамуының түп қазығы. Адамның сөйлеген сөзінен оның ішкі мазмұны мен жалпы болмысы аңғарылады. Ал, қазіргі ұрпақта өзіндік Сөз жоқ. Ерекшелік жоқ. Еуромәдениеттің жаман көшірмесіне айналып барады.


«Прикинь», «тупой», «тупица», «цыган», «картоп», «колхоз», «баран», «бақылаушы», «каша-маша», «невидимка», «паук». Қазіргі ұрпақтың күнделікті тілдік қорындағы сөздер осылар. Олар үшін бұл - сән, жаңа үлгі. Мектеп жасындағы балалардың өзара сөйлескенін, әңгімесін тыңдасаңыз, жаныңыз түршігеді. Қандай ұрпақ өсіп келеді деген ойға қаласыз. Техникасы қарыштап дамыған қатыгез де, жабайы капиталистік қоғам бәлкім, өзіндей ғып ұрпақты да қатыгездікке тәрбиелеп жатқан шығар. Қала мектептерінің біріне барып, үзіліс кезінде оқушылардың әңгімесіне құлақ түрдік. Бүгінгі балалар ортасын танып білу үшін. Сабақтан үзіліске шыққан ер балалар бірден сыртқа беттеді. Тысқа шыға бере 14-15 жас шамасындағы ер баланың бірі екіншісіне «анаған айт, бұйрықты орындасын, әйтпесе, басын жерге қадап тастаймын» деді. «Ой, одан да, «өлтірем» десейші» деп жатыр енді бірі. Әлгі бала сол-ақ екен «қанын ішем» деп қоқиланды...

Мәдениет, ойлау, тіл секілді ең негізгі құндылықтар - халықтың рухани дамуының түп қазығы. Адамның сөйлеген сөзінен оның ішкі мазмұны мен жалпы болмысы аңғарылады. Ал, қазіргі ұрпақта өзіндік Сөз жоқ. Ерекшелік жоқ. Еуромәдениеттің жаман көшірмесіне айналып барады.


«Прикинь», «тупой», «тупица», «цыган», «картоп», «колхоз», «баран», «бақылаушы», «каша-маша», «невидимка», «паук». Қазіргі ұрпақтың күнделікті тілдік қорындағы сөздер осылар. Олар үшін бұл - сән, жаңа үлгі. Мектеп жасындағы балалардың өзара сөйлескенін, әңгімесін тыңдасаңыз, жаныңыз түршігеді. Қандай ұрпақ өсіп келеді деген ойға қаласыз. Техникасы қарыштап дамыған қатыгез де, жабайы капиталистік қоғам бәлкім, өзіндей ғып ұрпақты да қатыгездікке тәрбиелеп жатқан шығар. Қала мектептерінің біріне барып, үзіліс кезінде оқушылардың әңгімесіне құлақ түрдік. Бүгінгі балалар ортасын танып білу үшін. Сабақтан үзіліске шыққан ер балалар бірден сыртқа беттеді. Тысқа шыға бере 14-15 жас шамасындағы ер баланың бірі екіншісіне «анаған айт, бұйрықты орындасын, әйтпесе, басын жерге қадап тастаймын» деді. «Ой, одан да, «өлтірем» десейші» деп жатыр енді бірі. Әлгі бала сол-ақ екен «қанын ішем» деп қоқиланды...

Жасы шамамен он екі-он үштердегі қыз балалар да қызу әңгімеге кіріскен. Бес-алты қыздың ішінде бірінің аузы аузына жұқпайды. «Прикинь, ол нағыз «тупица», «тауық» деді ол...

«Басын жерге қадап тастаймын» деп айтқан бала спортпен айналысатынға ұқсайды. Айтқаны орындалмаса, спорттық әдіс-тәсілдердің бірін қолданатын шығар деп түйдік.

Таңқалмай-ақ қойыңыз. «Братан», блатной», «паук», «лох», «лапша», «құлақ» секілді сөздердің мектеп жасындағы балалар лексиконына енгені қашан. Күнделікті ауызекі тілде қазір жиі қолданылады. Бүгінгі мектеп оқушыларының сөйлеу тілі ғана емес, жалпы мәдениеті өте төмен. Сөйлеу мәнеріне қарап, баланың еліктеу мен солықтаудың құрбаны екенін аңғарасыз. Соңғы жылдары қыз баланың шылым шегіп, боқтық сөз араластыра сөйлеуі де қалыпты дағдыға айналып барады. Бұл бір қазіргі заманға лайық жақсы әйел мен қыздың озық үлгідегі бейнесі сияқты. Тіпті, мұның еш таңсықтығы жоқ. Себебі, бүгінгі заманғы адамның даму сатысындағы қол жеткізіп отырған «құндылықтары» осындай. Сонда кінәлі кім? Ата ана ма, әлде мектеп пе? Бірақ, қай ата-ана баласының жаман болғанын қалайды дейсіз. Әр ата-анаға өзгенің баласы - бала да, өз баласы - дана көрінеді. Баласын үптеп-сүптеп, қолындағы барын аузына тосып, әлінше қатарынан қалдырмай киіндіріп, мектебіне жібереді. Ал, мектепке барған соң...

Бүгінгінің мектебі - қайнаған базар сынды.  Өйткені, мұнда әр түрлі тап өкілдерінің балалары бас қосады. Киім киістері де әр түрлі. Яғни, әр баланың киім киісінен-ақ оның отбасының әлеуметтік жағдайының қандайлығын аңғаруға болады. Айлығы шайлығына әзер жететін мұғалімге не кінә артарсыз? Бар білгенін айтып, жеткізгісі келеді ғой. Сонымен, ешкім кінәлі емес. Ұсталмаған ұры еместің кебі. Кешегі кеңестік дәуірдегі орыс халқының ойшыл педагогы А.Макаренко «Біз мынаны ескермейміз: өмірде нашар ата-ана да, мектепте нашар ұстаз да болуы мүмкін» деді. Ал, осы екеуінен де дұрыс тағылым, тәк-тәк көрмеген баланы көше құшағының тосып тұратыны анық.  Көше тәрбиесін көргеннің оңғаны жоқ.

Ғалымдардың зерттеуінше, баланың нашар атануына біріншіден, ол өмір сүріп отырған қоғамдағы тұрмыстық қиыншылықтар мен экономикалық проблемалар себеп. Екіншіден, ата-аналары үйінде бар жағдайын жасағанмен олар көшеге шыға беріп, телеэкраннан көргеніне еліктеп бағады. Соны үлгі тұтады. Кинолардан көрген қанқұйлы қуыршақ батырларға ұқсағысы келеді. Демек, қазіргі балалар телевизорға құштар. Олардың мектептегі мұғалімнен, үйдегі ата-анадан гөрі күштірек өз тәрбиешісі бар. Ол - теледидар мен ойын залдары. Сол себепті де, балалардың кі­тап оқуға деген құмарлығы жыл өт­кен сайын төмендеп келеді. Үйінде күнұзаққа әлемнің бар кереметін алдына жайып сап, теледидар тұрса, кітапты қайтсін. Ендеше, бала ересектер өмі­рін тек отбасы мен көшеден ғана көр­мей­ді. Балалардың мінез-құлықтары мен жеке қасиеттерінің қалыптасуына отбасы мен жақындары, балабақша, мектеп, қоршаған орта, көше ғана емес, теледидар да әсер етеді.

Қазақстандық әлеуметтік зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, күніне балалар орта есеппен  өлімге қатысты 17 және қатыгездікке құрылған 37 көрініс көреді екен. Мұндай эпизодтардың қандай сөздермен көрсетілетінін болжау қиын емес. Әрі бұл көріністер таңертең де, күндіз де, түнде де көрсетіле береді. Бір танысым айтады: «ұлым «өрмекші адам» болуды армандайды. Соның киімдерін сатып алғызды. Оның ептілігі соншалық шынымен де жер үйдің шатырына шығып, жерге қайта секіріп түседі. Қызық-ә». (?) Анасы баласының сол қылығына өзінше мәз. Теледидардың бала түсінігінің қалып­тасуына қалай әсер етіп жатқанынан ана  бейхабар.

Бүгінгінің баласы Абай мен Алаш арыстарының идеяларынан алшақ өмір сүріп жатыр. Олар Әуезовке, Бөкейхановқа еліктемейді.  Еліктеп, пір тұтатын басты тұлғалары - шетелдік фильмдердің қанқұйлы кейіпкерлері. Балалардың өзара бірін бірі - «терпила», «бандит», «лох» деп атайтындықтары да содан.

Жалпы баланың бойындағы еліктеу қасиеті - заңдылық. Бәлкім, табиғи құбылыс. Ол өсе келе бір­тіндеп ересектер әле­мі­не кіргісі келеді. Шынайы өмірді білуге, түсінуге және үлкендерге тән мінез-құлықтарды қабылдауға тал­пынады. Тезірек есейіп, үлкен болғысы келеді. Соған сәйкес өз бетінше фильмдерден көріп, естіген сөздерін күнделікті «жаргонға» айналдырады. Өйткені, олар көптеген жағдайларда шынайы өмір мен телеэкраннан көргендерінің айырмашылығын аңғара бермейді. Сол себепті, бүгінгі бала - телеэкрандағы медиазорлықтың құрбаны. Сол арқылы балалардың болашағына балта шабылып жатыр. Бірақ оны қоғамның билеуші өкілі білсе де білмейді, көрсе де көрмейді. Билікте оны көретін көз жоқ. Бұл заңда жазылмаған қағида.

Күні кешеге дейін қазақта бала тәрбиесі проблема тақырыбы болған емес. Қазақы тәрбие мен өнегені, ата мен әженің бесігін көріп өскен ұрпақ кеше «көргенсіз» атанбады. Ал, бүгінгінің баласы ата мен әженің мектебінен алшақтаған. Әлемдік жаһандану саясатына жұтылуда. Ұрпақ тектілігін жоғалта бастады. Евроцентристік тәрбие методологиясы соған жетелеуде. Бала - ертеңгі болашақ. Өкініштісі, сол болашақтың тамырын кескілеп жатқан телеарналардағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жоқ бізде. Үкімет, билік тым-тырыс. Біз жайбарақатпыз. Ал, өзгелер әлдеқашан болашағын қорғайтын заңын жасап, өзгерісін енгізіп тастаған. Мысалы, Жапонияға барып келгендердің айтуынша, ол жақта Өнегелік кеңес жұмыс жасайтын көрінеді. Аталмыш Кеңес елдегі барлық телеарна­лар­дың жұмысына талдау жасап отырады екен. Егер­ бір телеарна бала­лар көруге болмай­тын фильм немесе бір көрініс көрсететін бол­са, онда ол арнаға өте көп мөлшерде айыппұл салынады. Ал, қа­зақ­стандықтар мұндай хабарлар көр­сететін ондаған канал­дар­дан ешқан­дай да қорғал­маған. Жақында қонаққа барып отырып, «МТВ» телеарнасынан беріліп жатқан мультфильмді (әрине, балаларға арналған) эротикалық ойыншықтарды сату жайындағы жарнаманың үзгенін көріп, шошыдым. Үй иесі басқа арнаға аударғанша үлкендер жағының бірі  баласын басқа бөлмеге қуып жіберсе, енді бірі 5 жасар қызына «теріс қара, көзіңді жұм!» деп сасқалақтады. Бұл не сұмдық? Жауап жоқ! Демек, әзірше экран арқылы адам санасына зорлық-зомбылық жасау жалғаса береді. Өйткені, біздегі білім ошақтарында баланы көркем сөйлеуге, ауызекі тіл мәдениетін қалыптастыруға баулитын пән оқытылмайды. Қазақтың сөйлеу мәдениеті сәнде жоқ. Ендеше, өсіп келе жатқан қызыңыз бен ұлыңыз «мама, прикинь» деп әңгіме айта бастаса таңқалмайтыныңыз кәдік.

«Не ексең, соны орасың». Қоғамы не ұсынса адамы соны бойына сіңіруге дайын. Ұлттық ділге негізделген сөйлеу мәдениетінен жұрдай қоғам ертеңіне рухани аш-жалаңаш ұрпақ қалдырудан қорықпайды. «Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе жоқ». Ең қорқыныштысы, бізде өзіндік Сөзін жоғалтқан ұрпақ өсіп келеді.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286