Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 7377 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 19:35

Бақтияр Қожахметов. Киелі мекен - Ұлытау

 

 

Ұлытауға тағзым ету ерте замандардан бастау алады. Оған дәлел – осы аймақтағы археологиялық ескерткіштер. Ұлытау сияқты киелі орындарға тағзым ету әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі тек қазақ халқының мәдениетінде ғана емес, барлық түркі халықтарында кездеседі, осы дәстүр бүгінде сақталған. Барлық халықтарда мәдениет әлемі адам оны көне-наным сенімдерге және әдет-ғұрыпқа сай құрғанда ғана құнды, бағалы болып саналады. Әдет-ғұрыптың көмегі арқылы қоғам өзінің рухани құндылықтарын, мінез-құлық нормаларын белгілейді, діни көзқарастарын айқындайды. Әлемнің моделін өзінің күнделікті өміріне байланысты қабылдайды. Аймақтың әдет-ғұрпы туралы білу сол өңірдегі мінез-құлықтың ерекшелігін байыптау, түсіну үшін қажет. Әдет-ғұрыпты, оның формаларын білу сол халықтың менталитетіндегі рухани ұстанымдарым ойлау образын түсінуге жол ашады.
Қазақ халқы үшін киелі, қасиетті деген ұғымның қандай мән-маңызға ие екендігін Шоқан Уәлиханов «Тәңірі» деген еңбегінде былай берген: «егер жануардың айрықшалығы, ерекшелігі байқалса, онда оны әулие санайды (бақыт қасиеті). Аққудың киесінен қорқып, аққуды атпас болар дейді, аққу құстардың патшасы деп атайды. Үкіге, тоқылдаққа, қарлығашқа тиіспейді». «Жалғыз өсіп тұрған, ең айдалада ағашты немесе ерекше бір қисық бұтақтары бар кейіпсіз өскіндердің жаңына түнейді, ыдыс-аяғын қалдырады, басына мал шалады».
Қазақтар тек өсімдік пен жануарларға емес, өлі табиғаттың жеке объектілеріне бас иген. Мәселен, әулие бұлақтар, тұзды көлдер, тастар, таулар туралы да Алла тағаланың көзі түскен киелі орын деп санап, оны сақтап қорғау туралы уағыздар айтады.
Қасиетті орындар туралы мифология қай халықта болмасын бар. Орталық Азиядағы түркі халықтарында әулие, қасиетті деген атаулар тұрақты түрде әдет-ғұрыптар орындалатын киелі кеңістік жөнінде хабар береді. Әлбетте, ол өзінің салттық заңымен ежелден адамдармен бірге жасасып келеді. Адам баласы бұл орынды тағзым ететін орын деп таңдап алған соң бірнеше ғасырлар бойы осы араға өздерінің әдет-ғұрыптарын орындауға келіп тұрған.
Ұлытау тауы тек қана батыс Сарыарқаның ең биік нүктесі ғана емес, оның кіндігі, бастау алатын тамыры «әлемнің орталығы» болып саналады. Оның шыңы аспанға жақын, аспан мен жердің бір-бірімен кездесетін орны. Сондықтан да, көне заманнан тау киелі орын, құдай мен әруақтың мекені, тұрақты әрекет үстіндегі қаситетті күштердің ордасы, салт-дәстүрдің адам табиғатпен нәзік деңгейде байланысқа түсетін қасиетті жер деп саналған. Табиғат пен адам байланысқа түсіп, тілдесе алатын бұл орын қазірге дейін сақталып отыр. Өмірлік күш-қуатымызды толықтыру үшін біз қашан да ата-бабамыздың жұртына, әулиелермен қарым-қатынасқа түсетін, күш-қуаттың сарқылмас бастауы бар киелі орындарға барамыз. Бұл қарым-қатынас бізге өмірде кездесетін көптеген сауалдарға жауап табуға, дамуымызға өз өмірімізді құруға, әлемдік мәселерді шешуде алға жылжуымызға көмектеседі. Біздің проблемаларымызды шешудің жолдарын іздестіру бүгінгі күні де өзекті болып тұр.
Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі басқа да елдер сияқты Қазақстанды да не істеу керек, мемлекеттің ұлттық идеясын қалай құрған жөн деген ежелден келе жатқан мәселелер толғандырады. Мемлекеттің ұлттық идеясын жасау кезінде Отанымыздың қорғайтын жеріміздің символын белгілеу қажеттігі маңызды фактордың бірі болып саналады. Бұл орын әр адамның санасында үй, Отан, ата-бабаның қонысы деген ұғымды бейнелеуі тиіс. Әрі бұл ұғым туған халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ұлттық тарихы бастау алатын және басқа әлеммен байланыстағы орталық пен үйлесе қабысып жатуы тиіс. Қазақтар үшін мұндай ата-баба жұрты Ұлытау таулары болып саналады. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының Президенті Ұлытауды «Қазақстан халықтарының бірлігі» монументі орнататын жер ретінде таңдады. Бұл кездейсоқ жағдай емес. «Мәдени мұра» қоғамдық кеңесінің мәжілісін қорытындылай келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет құрудың жаңа белесіне көтерілген кезеңде халық ұлттық даму идеясы төңірегіне топтасуы тиіс, тарихи мұра халықтың бірлігі мен тұтастығының символы болуы тиіс деген ойды тағы да еске салып өткен еді.
Ұлытау – Қазақстан Республикасының тарихи және географиялық орталығы, қазақ халқының алтын бесігі. Көшпелі мәдениет пен далалық өркениеттің эпицентрі, түрік халықтарының Меккесі. Ұлы Евразия даласының орталығы. Бұл жерде қазақ хандығының құрылуы мен мемлекеттігіне қатысты ұлт тарихындағы ұлы оқиғалар өткен.
Ұлытау таулары алыстан мен мұндалап көрініп тұрады. Ең жоғарғы нүктесі «Әулиетау шыңы» көне дүниедегі тауға табынудың көрінісі «Әлем таудың» образын елестетеді. Әулие таудың образы осы төңірдегі таулардың сақтаушы, қорғаушы киелі нышандармен түйіндес болуы әбден мүмкін. Бәлкім, Ұлытау таулары айналасында ерте дәуірдегі көшпенділердің салт жоралық құрылыстары – мұртты қорғандар, түркілердің оба қоршаулары, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі тас мұнаралардың көптеп кездесуі осыдан да болар.
Ұлытауда хандардың ордалары, хандардың қорықтық аумақтары және тарихи тұлғалардың молалары орналасқан. Көшпенділер саналы ойлаудың терең деңгейінде оларға түсінікті белгілі себептер мен бұл жерді қасиетті деп санаған.
Орта ғасырдағы араб жазбаларына сүйене отырып археолог Е. Көмеков Ұлытауды мекендеген қимақ-қыпшақтар отырықшы өмір кешкен, саудамен, қолөнермен айналысқанын анықтады. Максуд-Кукистанның куәлігі бойынша Ұлытау тауларында Әбілхайыр ханның ордасы және орта ғасырдағы Дешті Қыпшақ мемлекетінің астанасы және сұлтандардың сұлтанының мәртебесі Орда Базар бол-ған. Араб ғалымы әл Идрисидің жазуы бойынша Ұлытау даласы арқылы саяхаттап өткенде қимақтардың 16 қаласы болған. Орта ғасырлық енді бір саяхатшы Гардизии Ұлытау жерінде тастарға сурет салынған киелі орын – сарқылмайтын бастауы бар емдік сулы құдық бар екендін жазып қалдыр-ған. Жергілікті түріктер осы жерге келіп тағзым ететінін айтқан. 1993 жылы археолог Ж.Е.Смайылов Ұлытау тауларының маңынан орта ғасырдағы 9 қалашықты және бекініс қоныстарды санап шыққан болатын. Егер Сырдариядағы қалалар экономикалық орталық болып саналған болса, Ұлытау рухани және идеологиялық орталық болған. Сондықтан Ұлытау біздің кезеңде де сонау Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда және Қазақ хандығы кезіндегідей айрықша қорғалуға тиіс қорықтағы аймақ болып саналуы тиіс. Қазақстанда қажылыққа бару табиғаттың формасының киелі ландшафына тағзым ету түрі қола дәуірден бастап бүгінге дейін сақталған орындар аз.
Даланы билеушілердің дәстүрін жалғастыра отырып, бүгінгі күні де Ұлытаудың тек түріктер үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін рухани үй мәртебесін сақтау қажет. Бұл идея іс жүзінде қазақ халқының тарихындағы негізгі оқиғалар орын алып, дамыған жерді, табиғи-мәдени ландшафтағы бірегей ескерткіштерді, айналасындағы қоршаған табиғатты сақтауға көмектеседі. Бұл қорықтың басты мұраты – «тірі» ескерткіш. Тек осы жағдайда ғана археологиялық немесе этнографиялық объектілер, табиғи-тарихи ландшафтар қазіргі кезеңде рухани өсуге, патриотизмнің қалыптасуына белсенді әсер етуге қабілетті болмақ.
Ұлытау – өзіне мыңдаған жылдар бойы біздің ата-бабаларымыздың рухани сақтаған, аңызбен өрілген, ақындардың жырына арқау болған, сан ғасыр бойы адамдарды өзіне арбай тартқан қазақ халқының көздің қарашығындай сақтайтын киелі орыны. Осы табиғи-мәдени объектіге ұлттық мұраның басымдығын сақтау саласы бойынша мемлекеттік саясат та біртіндеп көңіл бөле бастады. 2008 жылдың 13 маусымында қабылданған «Мәдени мұра» жобасының нәтижесінде Ұлытау ұлттық нышандардың, біздің мемлекеттігіміздің алтын қазынасының қатарына кірді.
Ұлытаудың археологиялық пен сәулеттік, табиғи ескерткіштерін сақтау және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында 1990 жылы 29 қарашада Қазақ ССР-і министрлер кеңесі «Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайын ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдаған болатын.
2008 жылы әйтеуір қорыққа қарасты аумақ пен жер телімдері бөлініп берілді. Ұлытаудың табиғи және тарихи ескерткіштерін көпшілікке танымал ету, дәріптеу жөніндегі шаралардың жоспарлары жасалды. Дегенмен осы атқарылған оң істермен қатар, біраз проблемаларды шешу үшін республикалық және аймақтық мемлекеттік құрылымдардың дереу, шұғыл араласуын күтіп тұр.
Мәселен, қорық-мұражайда жөндеу-жаңғырту шеберханасы, ғылыми-зерттеу, іздену археологиялық, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажет ғылыми-зерттеу лабораториясы жоқ.
Қорық ғимараты типтік емес, шаруашылық құрылыстары жоқ. Мұражайдың материалдық-техникалық базасы, экспозиясы ескірген. Әлемге белгілі тарихи ескерткіштер – Жошы хан, Алаша хан, Едіге, Алтын шоқы, Хан ордасы, Терікті әулиеге барар жол салынбаған, абаттандырылып, көркейтілмеген, тағзым етушілерге қызмет көрсететін инфраструктура жоқ.
Кейбір шенеуніктер Ұлытау өркениеттен алыста, оған туристер бара қоймайды деп санайды. Мен Ұлытау жарнамалы туристік орталық болуы тиіс деген ойдан аулақпын. Тіпті де олай жасамау керек. Ұлытау – бұл патриоттық сезімдерді тәрбиелеуге қызмет ететін, рухани әлеммен қарым-қатынасқа түсетін қасиетті, сақтаушы орын. Киелі жерлер, рухани мәнге ие болғанымен әрқашанда табыс түсіре бермейді.
2007-2008 жылдары туризм мен тәу етудің объектілеріндегі тәу етуді пайдалану тәжірибесі зерттеу мақсатында Ресейдің Челябі облысындағы Арқайымда, Самарқантта, Бұқарада, Алтайдағы Белуха тауында, Жидебайдағы Абайдың басында, Көкшетауда, Баянауылда, Айша Бибі мен Қарахан мазарында (Тараз), Арыстанбаб, Түркістан, Қорқыт баба (Қызылорда), Қойлыбай әулие, Шопан ата, Бекет ата (Маңғыстау) басында болдым. Мәселен, Бекет атаға дейін жету үшін сіз Астанадан поезға отырып, Ақтөбе, Ақтау, Жаңа өзен станциясына дейін үш тәулік жол жүресіз. Содан соң жолсызбен 200 шақырымдай жүріп барасыз. Қазір ол жақта жергілікті билік тәу етушілерге қолайлы болу үшін осы замандық үлгімен жол салуда.
Арқайым мен Белухадан басқа бұл жерлердің X-XVIII ғасырларда өмір сүрген бәрі де тарихи және діни қайраткерлер жерленгендігімен белгілі. Ұлытаудағы ескерткіштер өзінің мәні жағынан жоғарыда аталған орындардың ешқайсысынан да кем соқпайды. Мәселен, Алаша хан Алаш орданың (Батыс қағанаты) билеушісі, VII-VIII ғасырларда өмір сүруі мүмкін, Мавзолейді кенірек (ХIII ғасырда) қазақ хандары, Алаш орданың бұрынғы даңқын жаңғырту үшін, орданы көрсету үшін салған. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары да осындай мақсатпен салынған. Брендті ұйымдастыру кезінде Ұлытаудың шыңдарының бірі Едіге тауы өздерінің аңыздары мен әңгімелері арқылы Алтын орданың Едігені білетін халықтар халықтар тағзым етіп келетін орынға айналар еді. Ал бұл халықтар Якутиядан Кавказға дейінгі аралықта тұрып жатыр.
Арыстанбаб пен оның шәкірті Қожа Ахмет Ясауи, оның ізін жалғаған ХVIII ғасырда өмір сүрген Бекет ата сопы болғаны белігілі. Ұлытаудың басында жеті сопы жерленген. Ұлытау поселкесінде емші Бақберген Аяшевті бәрі біледі. Оның қанша адамды емдегені емес, қаншама адамның санасына жаратушыға деген сенімді, жоғары күшке деген нанымды, Құдайдың заңдылықтарын мойындау керек екендігін ұялатқаны бағалы.
Кейде маған біз киелі таудың етегінде тұрып, оның қасиетін сезінбейтін адам сияқты көрінеміз. Таудың етегінде тұрып, оның биіктігін сезбейміз. Рухани бұлақтың басында отырып шөлден қаталаймыз.
Тарихи орын, тарихи тұлғалар, қасиетті тау, жеті әулие, емдік бұлақ көзі және үңгір, оазисті табиғат, қым-қуыт өркениеттен жырақта болу, тәу етушілердегі – осының бәрі Еуразияның киелі орнының мәртебесін көтеру үшін қажетті негізгі жағдайлар. Егер біздің бәріміз Ұлытаудың мәртебесін көтеру жолында бірлесе жұмыс жасар болсақ, ол әлемдік мәдениеттің алтын қазынасының тізімін толықтыруы әбден мүмкін.
Осы мақсатпен «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражай ұжымы жергілікті әкімшілік, кәсіпкерлер және аудан жұртшылығының қолдауымен 2009 жылдың 3 маусым күні, сәрсенбінің сәтінде, «Тағзым орталығының» алғашқы кірпішін қалау рәсімін жүргізді. Болашақ «Тағзым орталығы» Әулие таудың етегінде, ем бұлақтың жанында 3 ғимараттан тұратын кешен болып салынбақшы. Ұлытауға тағзым етушілер Қазақстандағы қасиетті, әулие жерлердің мұражайлық экспозициясымен, қазақтың дүниетаным сенімдерімен, қазақ хандығының құрылу тарихымен таныса отырып, жергілікті емшілерден ем алуға да мүмкіншіліктері болады.

 


Бақтияр Қожахметов, өлкетанушы
«Ел» ұлттық қоғамдық-саяси, экономикалық апталығы 30 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5288