Жұма, 17 Қыркүйек 2021
Жаңалықтар 2794 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 19:37

Серікбай САПАРҰЛЫ. Әкең өзіңе керек болмаса…

Басқаны қайдам, біздің қазекең ат қоюға келгенде алдына өзге ұлттарды көп сала қоймайды.
Есімдердің ен тізбесіне көз салсаңыз тау мен тастан бастап, өзен-су, қыбырлаған жәндік пен жан-жануардың біршамасын өздеріне ныспы етіп жүргендер жетіп артылады. Аралбай, Таубек, Қабылан, Өзенбай, Қозыбай, Жылғабай, Алмагүл, Өрікгүл, Қауынбай, Малдыбай, Үкібай, Күрішбай деген аталарымыздың ұрпақтары өз құжаттарында осы тектерді теберік етіп келеді. Мақұл-ақ, делік. Есім мен тек жайында журналист інім Дидар Бегалиевтің пікір-жазбасы мені де біршама ой-пікір айтуға жетеледі. Баспасөзде мөлтек сыр – пікір ретінде берілген бір мысал да дәлдігімен әрі күлкілілеулігімен қолға қалам алдырды.
Қазіргі қазақ әдебиеті ақсақалдарының қатарында ел таныған қаламгер Әкім Таразидің азан шақырып иемденген аты-жөні – Әкім Әшімов. Бірде осы жазушы ағамыз лауазымынан ат үркетін бір дөкейдің қабылдау бөлмесіне келіп, қазақшасынан гөрі орысша шүлдірлеуі басым хатшы қызға: «Қарағым, бастығыңа Әкім Тарази келіп тұр деп айтқайсың» деп өтініш айтыпты. Сұлбасының өзінен адам ығатын кісіден сескенгені ме, әлде қазақы сөздің басын құрай алмағандықтан ба, хатшы қыз бастығына кіріп: «Сізге Тараз қаласының әкімі келіп тұр» деп хабарлаған екен. Күлесіз бе, ренжисіз бе, ерік өзіңізде.

Ойдан ой, пікірден пікір туындайды. Бұрындары газетте істейтін тілшілер бір нөмірде бірнеше мақаласы жарық көрсе, өздеріне қосымша аты-жөн жазатын. Ол есім Журналистер Одағына мүшелік билеттерінде жақшаға алынып, ресми түрде бекітілетін. Ал, қазір жөні келсін, келмесін қолына қалам ұстаған танылған, танылмаған таланттар ішінде тегіне тіркеме тіркейтіндер көбеймесе, азаяр емес. Оның нендей мәжбүрліктен туындап жатқаны тағы түсініксіз.
Мәселенки, деп бірнеше таусылмайтын тізбені біз де тізіп көрелік. Әуелгі мысалды әртістер көшін бастаған Тұңғышбай ағамыздан бастайық. Жаманқұлов деген фамилиясымен-ақ бүкіл елге танымал Тәкең кейінгі кезде Әл-Тарази деген тіркемемен «танылып» жүр. Ол кісінің Тараз қаласында емес, Жамбыл облысының бір ауданында туылғанына ешкім дау айтпайды. Бағзы замандағы Әбу Нәсір Әл-Фараби бабамыздың өзі Фараб қыстағында дүниеге келіп, төрткүл дүниені аралағанда өзінің фарабиялық екендігін білдіру үшін Фараб атын «тіркеме» еткені шындық, ал бүгіндегі Тәкеңдердің «жамбылский» екенін бүкіл ел біледі, сондықтан Таразға таласудың жөні қандай болар екен?! Әлде, орыстың Кузнецовы мен Житомировтарына еліктеп жүр ме екен? Мақұл, мұны туған елге деген құрмет, болмаса жершілдік деп бағалар болсақ, базбір ағайындардың ата-тегін ауыстыруын рушылдық емес деп кім айта алады?
Жетпісіңізді желкелеген, қара сөздің һәм шежіренің хас шебері Ақселеу Сейдімбековті мен қазақпын дегендердің бәрі біледі. Ғайыптан тайып, ол кісінің Ақселеу Тарақты атануы, оны баспа бетіне жиі «тықпалауы» тарақты руының өкілі екенін айдай әлемге жария етіп тұрғанымен кім келіспейді?
Байбота Серікбаев деген айшықты қолтаңбасы бар ақын қалың оқырманға таңсық, елеусіз есім емес. Теледидардағы тың бағдарламалардың соңына көз салсаңыз осы қаламгер замандасымыз Байбота Қошым-Ноғай болып шыға келді. Бұрындары өткен Ақтамберді жыраудың туысы, бүгінгі ұрпағы. Ал, дау айтып көріңіз. Кәсібі мен нәсібі басқа сала болғанмен, өлең өлкесіне он табан жақын болған, әдебиетпен ауылдас қонған Қуаныш Төлеметов марқұмның досы, туысы, ауылдасы Сатыбалды Қосалиев өзінің қай ру, қай атаның баласы екенін ел білсін деген ниеті ішінде ме, қазіргі өлең-жырларының соңына Сатыбалды Дулати деп қол қояды. Ұлы жүздің іргелі төрт тайпасының бірі Дулат бабаның неменесінің неменесі екендігін елге жария ету қажет пе?
Иісі қазақ «ақсүйек» деп құрметтеген, сол ниетін, қадірін әлі жоймаған Қожадан тараған азамат, «Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмшиддин Тәттеевтің де бір кездерде атының соңына Әл-Түркістаниды еншілеп бергені рас. Ненің тоқтап келтіргенін кім білсін, әйтеуір қазір бәз-баяғы Тәттеев күйінде «аман-сау» жүр.
«Шыңғысханның бейітін таптым» деп бүкіл елді шулатқан, бірақ сол «құпиясын» сегіз жылдан бері жаһанға жария етпей, сағыздай созып келе жатқан шымкенттік Әмзе Қалмырзаев өзін-өзі «Хамза Көктәнді» деп жариялады. Бірақ, оны «Көктәнді» деп танып, тәу ете қалғандар әзірге байқалмайды.
Бір мемлекеттің атын иемденіп жүрген Иранбек Оразбаев ағамыз Оразбай атасының атын өшіріп, ғайып етіп «Иран-Ғайып» (соңындағы «Бек» деген жалғау да жоғалды) атанып алды. Ғайып болуға ниеттену онша жағымды әрекет емес секілді.
Ендігі бір көңілге онша қона бермейтін, қолдан жасалған дәстүр-дағды - кейбір ақын-жазушылар есіміндегі «бек» пен «бай» деген қосымшаны «через дефис» (орысшалағанымызды айып көрмес, біздікі олардың өзімбілермендігінің қасында нанға май жаққандай ғой) арқылы жазып жүргенінен не зиян, не пайда дейсің? Дейсің де, соның не пайдалы, не пайдасыз жауабын таба алмайсың.
«Бек», «бай» демекші, тағы сол Шымкент жаққа атбасын бұрсақ кәсібіне емес, нәсібіне орай ақпарат ауылына қарай ірге аударған Сәрсен-Бек Сахабат деген «жасанды журналистің» шын аты - Сәрсенбек, фамилиясы құжатта мүлдем басқа, ал, «Сахабат» дегеннің нендей мағынаға ие екенін оның өзі ғана біледі.
Сөзіміздің түйінінде «тегі» шымкенттік Аян Нысаналин жөнінде сөз басындағы Әкім Таразиға байланысты айтылғандай бір күлер-күлмес мысалды айта кетсек артық болмас. «Егемен Қазақстанда» (”Социалистік Қазақстан”) істеп жүргенінде Аякең (азан шақырып, үш рет құлағына айқайлаған ныспысы - Сейітхан) мақала соңына «Нысаналин» дегенді жазбай, үш әріптен ғана «Аян» деп «шиырады» екен. Бас редактор Шерхан Мұртазаевқа «осыны қалай етеміз» деп мәлімдеген газеттің басшылықтағы қызметкеріне Шерағаң «Оны не істейсің, егер әкесі өзіне керек болмаса, біздің немізге керек?» деген екен.
Адамның аты мен тегі кімнің кім екенін білдіреді. Әкесі мен ата-бабасы жөнінде мәлімет береді. Олардың өзі өлсе де атының өшпегенін растайды. Ендеше, аталық тегімізден неге алыстаймыз? Біз бірнеше кісілер жөнінде көкейдегі ойды айттық. «Айтпаса сөздің атасы өледі», айту парыз шығар дегеннен өзге бөгде ой, бөтен ниет жоқ.

Серікбай САПАРҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы
«Ел» ұлттық қоғамдық-саяси, экономикалық апталығы

0 пікір