Сейсенбі, 31 Наурыз 2020
Жаңалықтар 2229 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 19:40

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, «Астана» журналының бас редакторы: Телеарнада сауатсыздар өріп жүр

 

- Ғұмартанушы ғалым, ғылым кандидаты екеніңізден хабардармыз. Журналистикадан ғылымға бет бұруыңызға не түрткі болды?

 

- Ғұмартанушы ғалым, ғылым кандидаты екеніңізден хабардармыз. Журналистикадан ғылымға бет бұруыңызға не түрткі болды?

-Жұрт мені ғалым деп есептейді. Негізі мен журналистпін. 5-ші сыныптан журналист болуды армандап, «Қазақстан пионері» газетіне мақала жаздым. Ең алғашқы мақалам «Бір топ кілт» деген шағын заметка түрінде жарық көрді. Мақала жазуыма басымнан кешкен оқиға түрткі болды. Есік алдынан бір топ кілт тауып алып, иесін іздедім. Ол өзіміздің көрші болып шықты. Жоғының табылғанына қуанған көрші рахметін жаудырып, мерейімді өсірді. Оқиғадан кейін жазылған алғашқы мақалама Ғасыр, Балабек деген балаларды кейіпкер қылдым. Балабек тауып алған кілтті «қалтамызға салып қояйық, кейін керек болады» десе, Ғасыр «жоқ, иесін тауып алып, қайтарып берейік» дейді. Сол кездегі Совет үкіметінің гуманистік адамшылық идеологиясының лебімен жазылған шағын заметкадан кейін жеңгелерім мені «бір топ кілт» деп атап кетті. Әлі күнге дейін «бір топ кілт қайда?», «бір топ кілт келе жатыр» деп әзілдейді. Ал, ғылымға журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін келдім. Революцияға дейін Орал өңірінде төте жазумен «Қазақстан» деген газет жарық көрген. Ұстазым Мамытбек Қалдыбаев аталмыш газетті дипломдық жұмысым ретінде бекітті. Архив ақтаруым осыдан басталды. Газеттің 16 номерін тауып алып, оның басы-қасында Алаш қайраткері, ағартушы-ақын Ғұмар Қараш деген азаматтың болғанын анықтадым. Дипломдық жұмысымды сәтті қорғағаннан кейін, Ғұмар Қарашты ары қарай зерттей бастадым. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атандым. Қазір осы тақырыпты ары қарай тереңдетіп, докторлық диссертация жазып жатырмын.
Менің журналист болуым, ғалым ретінде қалыптасуымды көп жеңілдетті. Сол сияқты ғалым ретінде қалыптасуым, журналист ретінде өсуіме негіз болды. Журналист-ғалым ретінде үстірт ойларға бармауды, қай тақырыпты болмасын кеңінен толғап жазуды үйрендім. Кейде менің мақалаларым журналистік тұрғыдан қарағанда ауырлау болып жатады. Дегенмен, «Ар», «Ұят» Кодексі жағынан келгенде осы дұрыс деп ойлаймын.

- Республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы қызметін атқарған кезіңізде газетті тотыдай түрлендірдіңіз. Аз тер төккен жоқ шығарсыз?

- Сұрағыңыз мақтауға құрылған екен. Мен мұны «аванспен» айтылған дүние деп қабылдаймын. «Ана тілінің» басшысы болып екі жарым жыл жұмыс істедім. Шыны керек, аз тер төгілген жоқ. Жалпы, «Ана тілі» газетінің тарихы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 1990-1996 жылдар аралығында Жарылқап Бейсенбай басқарған уақыт. Бұл газеттің қалыптасу, халыққа танылу кезеңі. Мұны «Ана тілі» газетіндегі «Ақпараттың ақмылтығы» деген мақаласында Бауыржан Омарұлы деген ініміз әдемі айтты. Мен Жақаңның қарамағында алғашқы лекпен бірге жұмыс істеп, «елтану» деген бөлімді меңгердім. Қарап отырсам, «Ана тілінде» 1990 жылдан бастап қызмет етіппін.

Менің журналистикадағы ұстаздарымның бірі Мереке Құлкенов ағамыз «Ана тілі» газетін табаны күректей 10 жыл басқарды. Кейін «Қазақ газеттері» ЖШС-не директор болып қызмет ауыстырған кезде маған үлкен сенім артып, мені өз орнына тағайындады. Екі жарым жыл артылған сенім үдесінен көріндім деп ойлаймын. Әрине, оңай болған жоқ. Себебі, Жақаң қалыптастырып, Мекең түрлендірген газетті одан әрі қарай жақсарту мәселесі мен үшін үлкен сын болды. Жақаңның кезінде жарияланған танымдық, ұлттық материалдар қазақтың қанын қыздырып, рухын асқақтатты. Газеттің таралымы бір жылдың ішінде 100 мыңнан асты. Бұл қазақтың арқаланып, аруақтанып тұрған кезі еді. Ал, Мекең газетті нарықтық кезеңде басқарды. Сол себепті «Ана тілі» ұлттық-патриоттық газетке айналды. Мен газетті қолға алғанда нарық қыспағы келмеске кетсе де, алдымызда бүгінгіні талдап, болашақты жоспарлау мәселесі тұрды. Соған байланысты мен журналистік зерттеулерге, әлеуметтік проблемаларға, репортерлық мақалаларға басымдық бердім. Әу баста кадр мәселесі көп қиындық туғызды. Өйткені, мен газетке келген кезең журналистердің 3-4-ші ұрпағы ауысқан уақыт еді. Өзіңізде білесіз, қазіргі жас журналистердің журналистика туралы түсінігі біздің түсінігімізбен тоғыспайды. Олардың дені ғаламторға иек артып алған. «Нашар журналист интернет жағалайды, жақсы журналист ел аралайды» деген сөз күн өткен сайын өзекті болып барады. Қазір журналистердің ел аралап мақала жазуы жоқтың қасына пара-пар. Телефондық журналистика, пресс-релиздік журналистика белең алып кетті. Мен «Ана тіліне» келген кезде осы мәселені қолға алдым. Алғашқыда қарамағымдағы журналистерге мақалаға айдар, тақырып қоюдан бастап, мақаланың ішінде не айтатыны, не жазатыны туралы тәптіштеп түсіндіріп жүрдім. Жазған мақалалары сапалы болсын деп қосымша материалдар тауып берген кездерім де болды. Осылай әрекет ете жүріп, Мереке ағамыздың кезіндегі газет тиражын ұстап қалдық.

Мен басқа бас редакторлар сияқты науқаншылдыққа ұрынған жоқпын. Керек десеңіз, ешкімге хатта жазған жоқпын, әкімдерге де барған жоқпын. Тек газеттің мазмұнын күшейте бердім. Менімше газет тиражын жасанды түрде көбейткен дұрыс емес. Газет басшысы ауысып, қызметке жаңа адам келсе, ол баспасөзге жазылуды іске асыра алмаса, жазылым саны ойсырап, қоғамда кері пікір туады. Тираждың табиғи түрде жасалғаны жөн. Нағыз оқырман ғана шыңда да, сында да газетпен бірге болады. Газетті сатпайтын да, атпайтын да солар. Осындай оқырман қазақ баспасөзіне ауадай қажет. Мейлі ол аз болсын, көп болсын, ең бастысы өзіңнің оқырманың болсын. Ол оқырман жүз оқырманға татиды, ол оқырманның жазған бір хаты мың сөзден артық. «Ана тілімен» оқырман арасындағы байланыс үзілмесін деп 2 айда бір рет оқырман хаттарының негізінде арнаулы номер шығарып тұрдық. «Ана тілі» халықтан хат келетін санаулы газеттердің бірі. Оның оқырманы ауылда. Біз сол оқырманнан көз жазып қалмауға тырыстық. Үнемі «Жазылған жайдың жалғасы», «Біз күткен хат» деген айдармен номер аралатып хаттар топтамасын беріп отырдық. Өкініштісі, қазіргі газеттерде оқырманмен кері байланыс жоқ. Көп газеттер тек қана өз күштерімен шығады. Бұл басқа халықтарға тән дүние болуы мүмкін, бірақ бізге жат нәрсе.

- Қазір командамен жұмыс істеу үрдісі белең алып барады. Алматыдан өзіңізбен еріп келген қызметкерлер бар ма? «Астана» журналының бұрынғы журналистерінің басына бұлт үйірілген жоқ па?

- Бұрын «командамен жұмыс істеу» дегенді мойындамайтынмын. Бастықпен бірге бірнеше адамның қызметімен қош айтысатыны несі?- деп ойлайтынмын. Байқасам, бұл сөздің жаны бар екен. Кез келген ұжымда бір идеяның қайнап, бір мүдденің іске асуы үшін мұраттастар мен пікірлестердің тізе қосуы заңдылық. Алайда, бұрынғы қызметкерлердің барлығына шүйлігіп, өз адамдарыңды алып келу керек деп топшылайтындармен келіспеймін. Кез келген ұйымнан өзіңмен пікірлес адам табуға болады. Оларға басшы тарапынан жылы сөз, қамқор көз керек. Осында келгелі біреуге қырын қабақ көрсетіп, тіземді батырған емеспін. Маған дейін журналда ресми тілдегі мақалалар басым болыпты. Осы мәселені көтеріп, алдағы уақытта журналда мемлекеттік тілдегі мақалаларға мәртебе берілетіндігін жеткізгенімде орыстілді 3-4 журналист өз еріктерімен жұмыстан кетті.

Менімен 1-ақ адам еріп келді. Ол «Ана тілінде» тәрбиелеген шәкіртім, жауапты хатшы - Әділбек Жапақ деген жігіт. Осы жігітке үлкен сенім артамын. Қаламының қарымы бар, талантты журналист.

- «Астана плюс» деген журнал жарық көреді деген әңгімені құлағымыз шалды...

- Талдау жасап көрсем, көп адам «Астана» журналын оқымайды екен. Ресми басылым деп ойлайтындықтан жарнама берушілерде бізбен байланыс жасауға құштар емес көрінеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Астана плюс» деген қосымшамызды шығаруға бел будық. Бұйыртса 1-шілде күні құрылтайшымыз Алматы әкімдігі, Ішкі саясат басқармасының бастығы Аида Балаеваның қолдауымен Тәуелсіздік Сарайында жаңа журналдың таныстырылымы өтеді.

Уақыт өте келе «Астана» журналын қазақ-ағылшын тілдерінде, «Астана плюс» журналын орыс тілінде шығарсақ деген ойымыз бар. Бірақ, қосымшаның тілі орысша болғанымен, рухы қазақша болады. Мақсатымыз - қазақша білмейтін шенеуніктер мен маргинал тұлғаларға қазақтың жанын ұқтыру. Осы тұрғыдан алғанда журнал өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын.

- Елбасы Н.Назарбаевтан сұхбат алған БАҚ басшыларының қатарынан көрініп, Мемлекет басшысына үштұғырлы тіл, әліпби, наурыз салтанаты жөнінде сауалдар қойдыңыз. Меніңше, сол кезде сізді тап осы сұрақтар толғандырды. Қазір қандай елдік мәселелерге ой жүгіртіп жүрсіз?

- 2008 жыл мен үшін мерейлі жыл болды. Үш мемлекеттің Президентімен кездесіп, сұхбаттасу құрметіне ие болдым. Біріншісі, «БТА» банк құрған «Мұстафа Шоқай жолымен» жобасы аясында Грузия президенті М.Саакашвилидің қабылдауында болдық. Тбилисиде Грузияның экс-президенті Э.Шэвернадзамен әңгімелестік. Екіншісі, «Евразия, Да!» журналының ұйымдастыруымен Түркия президенті А.Гүл мырзамен дидарластық. Сондай-ақ, былтыр Елбасымыз Н.Назарбаевтан сұхбат алуға барған қазақтілді 5 журналистің құрамына ендім. Елбасыға 2-3 сұрақ қойдым. Соның ішінде әліпбиге қатысты сауалыма Мемлекет басшысы жан-жақты жауап беріп, латын әліпбиіне көшуге әлі ерте деген тоқтамды сөзін айтты. Сол кезде «Ана тілі» газеті осы ұстанымды ұстанған. Талай рет халықтың пікірін жариялаған. Президентіміздің сол пікірлермен санасуы үлкен көрегенділік болды. Н.Назарбаев үштұғырлы тіл туралы сауалыма да нақты жауап беріп, «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін, бірақ орыс тілі мен ағылшын тілін білсін» деген ой айтты. Наурыз мерекесін тойлауға бір апта сұраған болатынбыз. Елбасы 3 күн берді. Бұрынғымен салыстырғанда бұл үлкен жетістік деп ойлаймын.

Қазір мені қазақ тарихына баламалы көзқараспен қарау мәселесі толғандырып жүр. Біз тарихты кеңес кезіндегідей саясаттандырып, идеологияландырып алдық. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл керек дүние болды. Қазір іргеміз бекіді. Енді, бізге шын тарихты зерттеу керек. Мәселен, Алаш кезеңіне 90 жыл ғана болды. Ал бүгінгі мектеп оқушысы осыдан 90 жыл бұрынғы тарихқа келгенде кібіртіктеп қалады. Есесіне, сақ, ғұн, көне түркі дәуіріндегі оқиғаларды көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп айтады. Неге? Біздің тарихымызда, оны танып-білуімізде үлкен-үлкен үзіктер бар. Қазір мектеп оқушыларының Алаш арыстары жөніндегі бар білімі Ахмет, Мағжан, Міржақып, Шәкәрім бастаған ат төбеліндей ғана тұлғалармен шектеледі? Ал, біз Алаш арыстарының 700-ге жуығы интеллегенция өкілі болған деп жүрміз. Қазақта «Қойда ақсағымен мың болады» деген сөз бар. Неге біз белгілі тұлғаларды ғана шиырлай береміз? Қатардағы қаһармандар неге ұмыт қалады? Міне, осы мәселе менің жанымды жегідей жеп жүр.

- «Арна медиа», «Нұр медиа» деген холдингтер БАҚ атаулының денін бауырларына басып алды. Қалай ойлайсыз, осыдан кейін «айтқаныма көнесің, айдағаныма жүресің» дегеннің кері болмай ма?

-Холдингтің басында креативті басшы отырса, маркетинг, менеджмент мәселесі қалыпқа келеді. Аты аталған холдингтер барлық БАҚ-ты уысында ұстап отыр деп дабыл қағудың қажеті жоқ. Бұл «жұмылсақ жұдырық, ашылсақ алақан болайық» деген ойдың жемісі ғана.

- Холдингтердің қамқорлығынан бас тартқан БАҚ-тар жөнінде не айтасыз?

- Бізде демократия. Әркімнің өз еркі, өз таңдауы бар. Десек те, қазір көптеген газет-журналдар жабылып жатыр. Ал, холдингкке кіру жан сақтаудың бір амалы. Өз басым холдингтерге кіруден бас тартқан БАҚ басшыларының ұстанымы дұрыс емес деп ойлаймын.

- Астанада Намазалы Омашев ағамыздың бастамасымен журналистиканың ғылыми-зерттеу институты құрылуда. Өзіңіз білетіндей, күні бүгінге дейін журналистика ғылым деп саналмайды. Ғылыми-зерттеу институты осы олқылықтың орнын толтырады десек те, қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырған жоқпыз ба?

- Мен журналистиканы мамандық дегеннен гөрі, кәсіп деп түсінем. Себебі, оқымай-ақ тамаша журналист болып жүргендер көп. Бірақ, қалай болғанда да журналистика деген өзінше ғылым. Оны зерттеу керек. Нәкең құрып отырған ғылыми-зерттеу институтын қос қолдап тұрып қолдаймын. Дегенмен, аталмыш институттың кеш құрылып отырғанын мойындаймын. Оның үстіне баспасөз туралы заң да қабылданып кетті.
-Ғылыми-зерттеу институты қарқынды жұмыс жасап, болашақта филологиядан бөлек журналистика ғылымынан кандидаттар мен докторлар шығуы мүмкін бе?

- Негізі филологияға журналистиканы әкеліп қосақтау дұрыс емес. Филология деген сөз - әдебиет деген мағынаны береді. Ол әдебиеттің теориясын, сынын, әдіснамасы мен әдістемесін зерттейді. Осылардың арасында журналистиканың теориясы, сыны, әдіснамасы мен әдістемесі бар деп айта алмаймын. Журналистиканы ғылымға айналдыратын болсақ, жоғарыдағы филологияның 3 обьектісі секілді журналистиканың параметрлері мен стандарттарын жасау керек. Олай етпейінше журналистикадан ғылыми атағы бар ғалым әзірлеу неғайбыл іс.

-Қазір аймақтардағы саны бар, сапасы жоқ журналистика кафедраларын жауып, болашақ журналистерді Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік және Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғана даярлау мәселесі көтеріліп жатыр? Осыны құптайсыз ба?

- Дұрыс бастама. Себебі, журналистиканың хас шеберлері негізінен Астана мен Алматыға шоғырланған. Осыдан кейін басқа дүниені сөз етіп, шалабын шайқамай-ақ қояйық.

- Әріптестеріңіз «Оңтүстік Астана», «Солтүстік Астана», "Қазақстандық ұлт" деген тіркестер тудырып алды. Бұған не дейсіз?

- Бұл - сауатсыздық. Бекітілген заң бойынша астана -Астана, Алматы - бас қала. Қалғандары облыс орталықтары. «Бәленше астана, түгенше астана» дегеннің бәрі образ, бейне. Бұл тіркестерді қолданған кезде өте сақ болу керек. Мәтінде тофтология болған жағдайда ғана сөзді құбылтуға, ойнатуға болады. Ал, «қазақстандық ұлт» деген тіркес тиянағын таппаған дүние. Өз басым осы тіркеске қарсымын. Мысалы дүниежүзінде моноұлттық мемлекеттер бар. Олар тек қана бір ғана ұлттан тұрады. Сондай-ақ, мултиэтникалық мемлекеттер бар. Бұған Америка құрама штаттарын жатқызамыз. Сол сияқты бірнеше ұлтты еркінен тыс басқа ұлтқа айналдырған Түркия сияқты мемлекеттер бар. Ондағы 18 ұлттың барлығы түрік деп аталады, түрік деп жазылады. Мұны Ататүрік қалыптастырған. «Қазақстандық ұлт» деген кезде менің көз алдыма Ататүріктің моделі елестейді. Бізде де осы жағдай қайталана қалса, уақыт өте келе біз қазіргі Түркияның кебін киеміз. Намысымызды жоғалтып, қанымызды сұйылтамыз. Ұлт азып, дәстүр жойылады. Қазақстанда бір ғана титулдық ұлт бар. Ол - қазақ халқы. Қалғандарының барлығы диаспоралар.

- Оппозициялық басылым десе биліктің ат-тонын ала қашатыны несі?

- Өте орынды сұрақ. Оппозиция әр кезде, әр елде болуы керек. Оппозиция деген бар нәрсе және болуы заңды да. Мен өз ұжымымда менің пікіріммен келіспейтін адам болса, оның бетінен қақпаймын. Керісінше, оны ыждаһаттылықпен тыңдаймын. Содан кейін қорытынды шығарам. Кейде осындай оқиғалардан кейін қателіктерімді байқаймын. Тіпті, ақылыма ақыл қосып, кемшілігімді тап басқан адамға моральдық, материалдық ынталандыру жасауға тырысамын. Ал, қазіргі басшылардың көбі қызметкерлердің барлығы біркелкі қырқылған, түшкірсең «жәрәкімалла!» деп тұратын, «ләппай, тақсыр!» болуы керек деп ойлайды. Мұндай нәрсенің болашағы болмайды. Негізінде, билік оппозициялық басылымдардан қорықпауы тиіс. Керісінше, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Тіпті, Үкіметтен ақша алып отырған мемлекеттік басылымның өзінде оппозициялық ой, сындарлы сын болғаны абзал. Мемлекеттік басылымдар мақтау мен мадақтаудан арылмаса, халық әрине, оппозицияның «шәуілдектері» мен «тапбасарларын» іздеп жүріп оқиды. Қазіргі билік өз қарамағындағы басылымдардың беделін көтерем десе, газет бетінде конструктивті сынның орын алуына мүдделі болуы керек.

- Болашақ журналистердің дені қолынан келсін, келмесін телеарнаға ұмтылады. Сонда баспасөзге кім барады?
- Газет пен журналдың көрігінен өтпеген журналист телеарналар мен радиоларды қарық қылады дегенге өз басым сенбеймін. Екі сөздің басын құрап мақала жаза алмайтын адамды эфирге шығару, көрермен мен тыңдарманды сыйламау деген сөз. Теле-радиожурналистиканың басындағы ағайындар осы мәселеге атүсті қарауды қойып, жұмысқа баспасөзден ысылып келген адамдарды ғана қабылдауы тиіс. Газет-журналдардың мектебінен өтпеуіне байланысты қазір телеарналарда сауатсыздар өріп жүр. Бұл журналистикадағы жүйенің дұрыс емес екендігін, мамандардың салаға бөлінбейтіндігін көрсетеді. Проблема - бұрынғы стандарттарды қалпына келтіріп, журналистерді телерадио, баспасөз және баспа ісі бағыттары бойынша 3-ке бөліп оқытқан кезде ғана шешімін табады.

- Қаракөздер мен қара домалақтар PR журналистиканы неге игере алмайды?

- Қазіргі заманда модульдік жарнама дегеннен қашу керек. Оның ешкімге қажеті жоқ. Есесіне PR журналистиканың дөңгелегін дөңгелеткен жөн. Пиар деген қалай жеп қойғаныңды білмей қалатын сырты әдемі кәмпит секілді. Орайын тапсаң қыруар қаржыға кенелтеді. Дегенмен, пиар журналистика біреуді мақтау арқылы ақша табу дегенді білдірмейді. Пиар мақалаларға да талап-тілек қойылады. Пиар мақалалардың танымдық, ақпараттық жағы төрт аяғын тең басып тұруы тиіс.

Қазақ журналистерінің арасында пиар журналистиканың жолға қойылмауына тағы да жүйе кінәлі. Айталық, 80 мың айлық алып отырған журналист үлкен бір фирмаға пиар жасап, редакцияға 4 мың доллар түсіреді. Бірақ, онысына ешқандай пайыз, үстеме ақы алмайды. Қолға тиетіні сол баяғы 80 мың. Ал, бас редактор сараң. Сараң болғанда да тас сараң. Еңбекті бағаламайды. Қызметкеріне материалдық көмек көрсету оның ойына кіріп те шықпайды. Міне, осындай жағдайлардан кейін біздің пиар журналистика кенжелей береді. Ал, шетелдегі пиар журналистер ешқандай жерде жұмыс істемейді. Айына бір материал жазады. Редакцияға 10 мың доллар түсіреді де, пайызын алады. Пиар журналистиканы редактордың жомарттығы жүйелейді. Бізде пиар журналистика жоқ емес, бар. Бірақ, деңгейі төмен. Портреттік мақтаудан аса алмайды.
- Біздегі журналистер экономиканы да, саясатты да, медицинаны да бетінен қалқып жаза береді. Мақаланың шикі болатыны да сондықтан. Салалық журналистиканы дамытсақ, осы кемшіліктен арыла аламыз ба?

- Анатолий Аграновский деген журналист болған. «Литературная газетаның» штатында тұрады, айлық алады, бірақ 5-6 ай мақала жазбайды. Ел кезіп жүреді. Сол кісінің «пустырь» деген мақаласы бар. Бір үйдің жанында далаңғы жер қоршалып тұрады. Бірақ ол жерге не салынатынын, қашан салынатынын ешкім білмейді. Совет үкіметі кезінде жариялық деген жоқ еді ғой. Міне, осыдан жаңағы журналист жариялық деген үлкен проблема шығарып, мақала жазды. Василий Песков әлі күнге дейін тек қана табиғатты суреттейді. Инна Муденко, Евгений Богот деген журналистер мораль тақырыбына ғана қалам сілтейтін. Дидахмет Әшімханов «Қазақ әдебиетінде» әлеуметтік мәселелерді қалай көтерді? «Алтынсарин көшесі. 100 қадам» деген мақала жазып, бұрынғы Правда көшесіне Ы.Алтынсарин көшесінің атын бергізді. Міне, салалық журналистика деген осы. Салалық журналистер өмір бойы бір тақырыпты ғана қаузайды. Ал, жұрт олардың мақалаларын іздеп жүріп оқиды. Салалық журналистика көп кемшіліктерден арылтады. Оған бет бұрсақ ұтылғанымыздан ұтқанымыз мол болады.

- Журналистиканы бірнеше жылдық емес, курстық оқуға айналдыруға қалай қарайсыз?

- Журналистиканы курстық оқуға айналдырған дұрыс. Бірақ, берілетін куәліктің дәрежесін дипломмен теңестіріп, оның барлық жерде іске жарамды болуына жағдай жасау керек. Мұны Білім және ғылым министрлігі ғана шеше алады.

- Уақыт өте келе интернет газеттер мен блогтар газет пен журналды қайраңда қалдырады деген сөз қаншалықты ақиқат?

- «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген киноны көрген шығарсыз. Сонда Рудольф деген кейіпкер «телевидение ғана қалады, кітап болмайды» деген пікір білдіреді. 20 жыл өткеннен кейін де осы ойын қайталайды. Алайда, адам адам болып тұрғанда газет те, журналда, кітапта болады. Бірақ, интернет пен блогтардың рөлі күшейеді. Бұларға бәсекелес ретінде газет-журналдардың веб-нұсқасы жарық көреді. Олардың ішінде бейнематериалдарға дейін болады.

- Қазақстандағы телеарналардан қандай кемшілік байқап жүрсіз?

- Жүгіртпе жолдардағы қаптаған қателер мен ток-шоулардағы ұрыс-керістерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Салиқалылық, сарабдалдық жетіспейді. Телеарнадағылар «оңайдан тапқан оңғақ, қиыннан тапқан қымбат» деген сөзге сүйеніп алған. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүреді. Радиолардың барлығы викториналарға әуес. Радионовеллар, радиоспектакльдер мүлдем жоқ.

- Журналистің маңдай терімен табан ақысының өтеуі қаламақы мәселесіне салғырт-салақ қарайтын редакциялар көбейді. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

- Журналистке қаламақы төлемеу заң бұзушылық болып саналады. Мен журналдағы қызметкерлеріме қаламақы төлемеймін. Бірақ, айлықтарын қаламақы алып жүрген кездегі көрсеткішке жеткіземін. Себебі, журналда авторлық мақала жоқ. Ешкім хат қорытпайды. Ал, қаламақы қорының ақшасын штаттан тыс авторларға бөліп беремін. Стамбулда болғанымда «Заман-Қазақстан» газетінің жүйесімен таныстым. Олар қаламақыны тапсырыспен жазылған мақалаларға ғана береді екен. Менде осы тәсілді қолданып, штаттан тыс авторлардың әр мақаласына 40 мың теңге көлемінде қаламақы қоймақшымын. Бұл журналға қатысты дүние. Енді газетке тоқталайық. Газет тілшісіне қаламақы бермеу еңбегін жеу деген сөз. Өйткені, газет журналисі өзі жазады, келіп түскен хаттарды қорытады, автор тартады, нөмірге кезекші редактор болады, басқа да ұсақ-түйек шаруаларды шаруалайды. Осының бәріне бір айлық алса, обал ғой.

- Қазір оқу бітірген журналистердің жартысы жұмыссыз. Алайда, оқу орны министрлікке есеп беру үшін «бәленше редакцияға, бәленше телеарнаға жұмысқа қабылданды деген тілдей қағаз алып келмесең, диплом алмайсың деп қорқытады». Студент таныс-тамырларын салып, жаңағы тілдей қағазды алып келеді. Нәтижесінде, бітірушілердің 99 пайызы жұмыспен қамтылған болып шығады. Осыған не дейсіз?

- Мұның бәрі есеп үшін ұйымдастырылатын формальный, фиктивный нәрсе. Жалған екенін екі жақта біледі. Мұнда амбиция жоғары тұр. Бұл құбылыс аксиома секілді. Өзгермейді, өзгерте алмаймыз. «Тесік моншақ жерде қалмас» деген сөз бар. Егерде оқу бітірген журналист шын мәнінде мықты болатын болса, оған жұмыс табылады.

-Әңгімеңізге рахмет. Келе жатқан кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

 

 


Қанат МАХАМБЕТ

«Ел» ұлттық қоғамдық-саяси, экономикалық апталығы

 

0 пікір