Бас прокурор кімді жақтап отыр?
ҚР Бас Прокуроры Ғ. Нұрдəулетов пен
Жоғары соттың төрағасы
Ж.Асановтың назарына!
Жақыннан бері баспасөзде, әлеуметтік желіде Кусманкызы Салтанаттың жанайқайы жиі естіле бастады.
Бастабында әділетті заң орындары бар ғой деп, әр екі жаққа да сабырмен қараған едік. Алайда, жазықсызбын деп шырылдаған қыздың сот ісінің ұзақ жылға созылуы, денсаулығынан айрылуы, әкесінің қасіреттен көз жұмуы, шешесінің мүгедектік күйге ұшырауы сынды қиын жағдайлар еріксіз назар аударта бастады.
Кусманкызы Салтанат өз арыз-шағымын «Компания Ас-Ай ЛТД» жəне «Минметалс Казахстан» ЖШС-не компания директоры – Жакулин Асқардың жұбайы Чжанг Вэйге көмекші болып жұмысқа орналасқан кезінен бастайды. Әр екі жағыда бір-біріне аса сенімді жұмыстар атқарады.
Осыдан кейін, К.Салтанат: «2014 жылғы қыркүйек айынан бастап, Чжан Вей мен Жакулин Асқар екеуі, Жакулиннің денсаулығына байланысты ай сайын Жапонияға емделуге барып-келіп жүрді. А. Жакулин Чжан Вэймен Жапонияда болған уақытта бала бағушымен бірге кішкентай балаларына қарауды, қадағалауды, оларға тамақ сатып алып отыруды, сондай-ақ Жапониядан келгенше, жұмыстан (аталған компаниялардан) Сәтбаев к-сі, 24-8 мекенжайындағы пәтерлеріне осы кәсіпорындар сатқан арнайы техниканы сатудан түскен ақшалай қаражатты әкеліп жинауды маған тапсырған. Ақшаларды жатын бөлмесіндегі гардероб бөлменің шкафында тұрған сейфтің үстіне екі ақ қораптарға салып сақтауымды тапсырды. Маған үйдің кілтін жəне гардероб бөлмесінің кілтін берді (басқа бөлмелері кілтпен жабылмайтын). Ал шкафтың ішіндегі сейфтің кілтін маған тапсырған жоқ. Мен Мөлдірден ақшаларын алып, журналға толтырып, ақшаны қораптарға салып жинап жүрдім. Чжан Вей келген кезде, мен оған сол екі кілтті қайтарып үйде жиналған ақшаны өткізіп беремін. Ертеңінде жұмысқа келіп жасырын журналға үйдегі жиналған ақшаны растап қол қойып береді...» дей келіп, «31.12.2014 түсте жиен сіңлім Айдана екеуміз жұмыстан қайтып Жакулиннің үйіне келіп үйді, ақшаны тексеріп, 12:00-ден аса үйден шығып Каменка кентінде тұратын сырқаттанып қалған əкемді көруге бардық. 02.01.2015 күні сағат 18:00 шамасында Жакулиннің үйіне келдік. Үйге кіргенде теледидардың косулы тұрғанын байқадым, сезіктеніп бірден жатын бөлмедегі гардеробты кілтпен ашып қарағанда ақшаның жоқ болғанын көрдім» деп баяндайды.
Осылайша, К.Салтанат 102 қызыметіне хабарласып, 430 000 АҚШ доллары ұрланғанын хабарлайды. Участкелік полциялар келеді, бөлмелерден саусақ іздерін алады, есік терезелерді, тексереді.
Оқиға осылайша күрделесіп, ендігі жерде Салтанат: «Жаңа жылдан соң менің міндеттерімді бірте-бірте басқа қызметкерлерге тапсырды. Нашар көңіл күйде жүрдім, кеште жұмыстан қайтып үйге келген соң маған Чжан Вэй күнде WeChat арқылы қарғап неше түрлі хабарлама жазады...» дей келіп, 2015 жылдың қазан айынан Азаматтық сот ісі басталғанын айтады. Осыдан кейінгі сот ісінде көбінде, дәйекті, дәлелдерді толығынан қарастырмай, оның өзіне ғана шүйліккенін тілге тиек етеді.
Оың айтуынша, 2015 жылғы қаңтар айында директордың орынбасары Шакреева Мархабат жəне есепші Нурманбаева Шəмша, 2015 жылы 16 наурызда Салтанатты кабинетіне шақырып алып, салық органдары мен қаржы полициясының тексеруі болғанға дейін бухгалтерлік есепті ретке келтіру қажеттігін алға тартып, ұрланған ақшаның кассаға ресми тіркелмегенін жасыру үшін оны алдап, 2014 жылдың желтоқсан айының 18, 19, 22, 23, 24, 27 күндерімен жасалған 9 шығыс-кассалық ордерлерге қол қойдырып алған екен.
Оқиға күрделене түседі. 02.02.2016 жылы Жакулин Асқар қайтыс болады. Чжан Вей 29.03.2016 жылы өзін «Ас-Ай» компаниясының директоры деп жариялап, Салтанаттың үстінен алаяқтық жасады деп Бостандық аудандық сотына арыз түсіреді. Салтанаттың айтуынша, осыдан кейін «тергеуші Бекбалаев Жасұлан болса осы заңсыз арызды қабылдап, алаяқтық бойынша тергеу ісін бастайды», 16.01.2019 жылы сот ашылады.
Барлық барыстарда «Куəгерлердің жəне менің психофизикалық жағдайым ескерілмеді, тіпті ықтимал күдіктілер жөніндегі нұсқалардың барлығын ұсынған жоқ» дейді зардап шегуші. Әрі өзінің заңды ұсыныс-талаптарының ескерілмегенін, бұрмаланғанын айтады. «Қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеу органы мен білетін қазақ тілін пайдалану және аудармашыны тарту құқығын бұзған» дейді.
Осыдан кейінгі оқиғаны ол: «Сот төрелігінің тағы да "жəбірленушілер" жағында да екендігіне көз жеткізгендіктен, ал қылмыстық іс бойынша тек қана екі трассологиялық жəне дактилоскопиялық сараптамалар ғана өткізілгендігіне қарамастан, ал айып болса Қазақстан Республикасы ҚК-нің 176 бабы 4 бөлімі «б» тармағымен жəне 419 бабы 2 бөлігімен тағылғанын ескере отырып, 12.07.2019 мені заңсыз жəне негізсіз соттап, мені сот залынан уақытша тергеу изоляторына алып кетті» деп баяндайды.
Бұдан ары қарай, 16.07.2019 жылы адвокаты қалалық сотқа аппеляциялық шағым жазады. 15.01.2020 жылы қалалық сот отырысы өтіп, 31.03.2020 жылы ҚР ҚК-нің 419 бабы 2 бөлімі көзделген қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтап, 176 бабы 4 бөлімі «б» тармағынан ҚР ҚК-нің 254- бабымен қайта сараланып, осы баппен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Сөйтіп, 10.04.2020 жылы ҚР ҚК-нің 71-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сай соттың айыптау үкімінің ескеру мерзімінің өтуіне байланысты жаза өтеуден босатылады.
Жәбірленуші К.Салтанат: «алайда, мен қалалық соттың бұл шешіміне келіспеймін. Мен ешқандай қылмыс жасамадым жəне өз міндетімді де жауапкершілікпен атқардым. Ұрлық орын алғаннан бері өткен 6 жылда ұрланған ақшаны таппаған полиция қызметкерлері мен əр сот отырыстарында көпе-көрінеу заң бұзушылықтар жасап отырған құқық қорғау органдары өз міндеттерін дұрыс атқармады десем қателеспеймін» деп тұжырымдайды.
Осыдан кейін, Кусманкызы Салтанат 10.12.2020 жылы ҚР Жоғарғы Сотынан 2021 жылдың 5 қаңтарында өзіне қатысты сот ашылуы туралы хат тапсырып алады. Хатпен бірге ҚР Бас Прокуроры Ғ. Нұрдəулетовтың жазған кассациялық тəртіптегі наразылығы келеді. Ғ.Нұрдəулетов өз наразылығында қалалық соттың 31.03.2020 жылғы оған қатысты шығарған қаулысы мен ақтау үкімінің күшін жойып, Бостандық аудандық сотының 12.07.2019 жылғы үкімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сөйтіп, жәбірленуші Салтанат ҚР Бас Прокуроры Ғ. Нұрдəулетовтың наразылығы негізінде, өзінің қайтадан жазаға тартылуға ұсынылып отырғанын жеткізеді. Атап айтқанда, «Ғ.Нұрдəулетов өз наразылығында қалалық соттың 31.03.2020 жылғы оған қатысты шығарған қаулысы мен ақтау үкімінің күшін жойып, Бостандық аудандық сотының 12.07.2019 жылғы үкімін күшінде қалдыруды сұраған» екен.
Кусманқызының арызына қарағанда ҚР Бас Прокуроры Ғ. Нұрдəулетов оны жазаға тартуға асығып отырған сыңайлы.
Алты жыл бойы көз жасын көл қылған қазақ қызының жазалануына мүдделі болып отырған адамдардың көздегені не деген күдік туады. Әсіресе, бұл сауал ҚР Бас Прокуроры Ғ. Нұрдəулетов пен Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановқа сын болып отыр.
«Мен сіздерден аталған іс бойынша әділдік тұрғысынан қайта қарауды, маған тағылған барлық айыптауларды алып тастауды, менің жазған фактілерімнің растығын анықтап, кінəлі адамдардың жауапкершікке тартуларыңызды өтінемін!» деп жылайды қорғансыз қыз.
Өз басым қазақ қаламгері ретінде, ҚР Бас Прокуроры Ғ. Нұрдəулетов пен Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтың бұл істі әділдікпен шешуін сұраймын!
Жәди Шәкенұлы,
Қазақстан Жазушылар Одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі
Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.
Abai.kz