Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 3648 4 пікір 8 Қаңтар, 2021 сағат 11:29

Саяжайды жайлаған халықтың күні қандай?

Жер комиссиясының назарына тағы бір мәселе!

Адамдар тұратын жерді санаттарға бөлмей, адамдарды алаламай, бір ғана «Адамдар тұратын жер» деп дәреже беру керек.

Саяжайға көкөніс егуге болады, ал оны жасайтын адамға өмір сүруге болмайды. Шаруа қожалығына мал өсіруге болады, ал оны өсіретін адамға жағдай қажет емес деген қағида - миға сыймайды ақ. 

Ешкімге жасырын емес, елімізде баспана жетіспеушілігі - шешуін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Ауылдағы ағайынды айтпағанның өзінде, айшықты қалалардың іргесінде жер табылса, тырбанып баспана соғып алып, тұрып жатқан халық жеткілікті. 

Ал енді біздің елімізде адамдар тұратын жердің өзін бірнеше санаттарға бөліп тастаған. «Бағбандық», «Шаруа қожалығы» және «Тұрғын үй салуға арналған» деп бөлінеді. Осы үш санатқа бөлінген деген аты болмаса, затында айырмашылығы жоқ. Адамдар барлық жерге үй салып, тіршілік кешуде. Бірақ Үкімет бұларды бірінен бірін алалап қарайды. Бабандық жерге тек көкөніс егу керек, шаруа қожалығына тек мал ұстап, шаруа жүргізу керек, ал тұрғын үй салуға арналған жерде жануарлар ұстауға тыйым салады. Әйтпесе айыппұл арқалатып жіберуге қақылары бар. 

Дұрыс бағытта дамып келе жатқан елдерде жер санаты «Адамдар тұруға арналған» деп жалпылама белгіленеді. Өндірістік жерлер мен ауыл шаруашылық жерлері бұл санаттың маңына жоламайды. 

Енді еліміздегі адамдар тұратын жерлерді 3 түрлі санатқа бөліп тастағанда не пайда дейміз ғой. Пайдасы жоқ. Зиянын шегіп отырған қарапайым халық. Жіпке тізгендей ғып айтып берейін. Құрметті халық қалаулылары, мұқият оқысаңыздар және халыққа тиімді жағдайды жасасаңыздар екен деймін.

Бағбандық және шаруа қожалығы деген санаттағы жерлерге инфрақұрылымдар жүргізілмейді. Яғни, газ құбыры, жол, су, жарық беру сияқты дүниелер жетуі қиын. Сонда да халық үйсіз-күйсіз қалғысы келмейді, осы жерлерге өздері үй салып, от жағып, күл шығарып, сым тартып, жарық әкеліп, тіршілігін жасап жатыр. Нұрсұлтан қаласының іргесінде қаншама саяжайлар бар екенін көріп те, біліп те жүрсіздер. Онда инфрақұрылымның жоқтығынан қаншама халық зардап шегіп отырғаны шындық. Ал енді «шолақ белсенділер» заңды алға тартып, осында тіршілік жасап жатқандарын заңсыз көріп, айыппұлдар салады. Ол аз дегендей «үйіңізді сүріп тастаймыз» деп қорқытады. Саяжай тұрғындарынан өз үйлеріне тіркеуге тұруға да тыйым салынған. Жасыратыны жоқ, жемқорлық жайлаған мемлекетімізде саяжай тұрғындары ХҚКО қызметкерлеріне пара беріп, басқа үйлерге тіркеуге тұруға мәжбір. Әйтпесе қайта-қайта айыппұл арқалау қаупі бар.  

Мұндай қолдан жасалған қиянаттан шығудың жолы өте қарапайым: 

Адамдар тұратын жерді санаттарға бөлмей, адамдарды алаламай, бір ғана «Адамдар тұратын жер» деп дәреже беру керек.

Саяжай тұрғындарына инфрақұрылым жүргізуге мүмкіндік беру керек. Алты ай қақаған қыста жаурамай, күйеге көмілмей, газ жағып отыруға, көктем шыға балшыққа батпай, жолға асфальт төсеуіне, суды шақырымдап шелекпен тасымай, үйді үйіне құбырмен жеткізуге, сасытып септик қазбай, орталықтан кәріз жолдарын жүргізуге мүмкіндік беру керек. Сүруге кеткен жағдайда толыққанды шаршы метріне шағып, баспана беруге тиіспіз. 

Әйтпесе, бізде мүлде керсінше, саяжайға көкөніс егуге болады, ал оны өсіретін адамға өмір сүруге болмайды. Шаруа қожалығына мал бағуға болады, ал оны бағушы адамға жағдай қажет емес деген қағида - миға сыймайды ақ. 

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340