Жексенбі, 31 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 10858. Жазылғандар — 5220. Қайтыс болғандар — 38
Жаңалықтар 1605 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 19:41

Министр мырза не дейсіз? Дәрігерлер салғырттығынан жантүршігерлік оқиға өріс алды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Рамазан Сарпеков Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке Қостанай облысы, Арқалық қаласының тұрғыны Мирамова Жанар Тоқтарбайқызының ауыр тағдыры туралы сауал жолдады. Дәрігерлердің салғырттығынан орын алған жантүршігерлік жағдай кімді де болса бей-жай қалдырмас деген оймен депутат сауалының толық нұсқасын жариялауды жөн көрдік.
«Мирамова 20 маусым күні Арқалық қаласының перзентханасында салмақтары 2 килограмнан егіз ұлды дүниеге әкеледі. Ананың да, дүниеге келген нәрестелердің де денсаулығына байланысты деп, екі нәрестені арнайы камерада ұстайды. Алайда, 21 маусым күні баланың біреуі қайтыс болды. Дәрігерлердің айтуынша өкпесі жетілмеген көрінеді. Тікелей Сіздің араласуыңызбен сол күні анасымен екінші баланы Қостанайға алып барған.Кеше, яғни 23 маусым күні сағат 16.00 кезінде екінші бала да дүниеден өтті.
Бұл жолы да дәрігерлердің айтуынша, баланың басына қан құйылған,өкпесі жетілмеген және анасының да денсаулығы әсер еткен көрінеді.
Құрметті Жақсылық Ақмырзаұлы, мені және жас ананың туыстарын мына сұрақтар мазалап отыр.
1.Толғағы келіп, ауруханаға өзі барғанға дейін, бірде бір денсаулық саласының қызметкері келіп,екі бірдей балаға жүкті болып жүрген анаға қамқорлық жасамаған.

Өте қауіпті топқа жататын адамды арнайы есепке алып, жиі-жиі тексеріп, ананың да, нәрестелердің денсаулығын бақылап отыруы дәрігерлердің тікелей міндеті емес пе? Бұл жұмыс неге жүргізілмеген?
2.Егер шын мәнінде балалардың да, анасының денсаулығы нашар, жетілу қабілеті төмен болса, неге дәрігерлер дер кезінде емдеп, егер қолдарынан келмесе облыс орталығы Қостанайға немесе Астанаға қаралуға жібермеген?
3. Бірінші бала қайтыс болып, екіншісін аман алып қалу үшін Сіз өзіңіз араласқаннан соң Арқалыққа Астанадан және Қостанайдан телефон салушылар көбейген. Осыған реніш білдірген перзентхана дәрігерлері онсыз да қиналып, ес-түссіз жатқан жас анаға тиісіп, «Сен неге балаң өлген соң Астанаға хабарлап жатырсың, мықты болсаң Астанаға барып тумадың ба?»- деген сөздерге дейін айтқан.
Бұл не деген сұмдық! Жасы таяуда ғана жиырмадан асқан анаға басу айтып, көңілін жұбатудың орнына, адамдық қасиетке сыймайтын өрескел мінез көрсеткен.
Ана мен баланы Қостанайға алып кететін уақытта бас дәрігер өздерінің қамын ойлап, «Бізде қажетті құрал жоқ екен деп айтарсың»,- деп безек болған.
Не бар, не жоқ екені ауру адамға қажеті қанша? Қолдарынан келмесе неге операция жасаған?
Бәрімізде ауылда туып, ауылда өстік. Мен Торғай өңірін бір адамдай жақсы білемін.Ертеректе әрбір совхоз орталығында училище әрі кетсе техникум бітірген бір ғана фельдшер жұмыс істеп,сол елдің хирургы да, терапевті, көз дәрігері, акушер-гинекологі де болып, сол ауылдың балаларының бәрін аман-сау туғызып, өсіріп шықты.
Қазір не болды? Денсаулық саласына арнайы заңды да қабылдап,ақшаны да миллиардтап бөліп жатырмыз. Алайда, денсаулық саласында халыққа қызмет көрсету сапасы өте төмен болып барады. Дәрігерлер аурулармен,ел-жұртпен өте өрескел,немқұрайды сөйлесетін фактілері көбейіп кетті.
4. Ең өрескелі, кеше, яғни 23 маусым күні сағат 16-да қайтыс болған нәресте жайында,күні бүгінге дейін не анасына, не аурухананың манында күтіп жүрген туыстарына хабарламаған.
Бұны қалай түсінуге болады?
5. Қостанайға апарған соң нәрестені басқа ауруханаға ,анасын басқа ауруханаға жатқызған.Дәрігер емес, қарапайым адам да біледі, жас сәбимен анасының арасында тыныс арқылы, көзге көрінбейтін ерекше мейірімді,сезіммен ғана берілетін қарым-қатынастар болады. Сондықтан неге оларды бір жерге жатқызбаған?
«Дүниеге келген екі сәбимнің жүзінде де көре алмадым» деп етегі жасқа, кеудесі аналық сүтке иіп отырған қайғылы жас анаға бұл жайды не деп түсіндіреміз? Бұдан кейін дәрігерге деген қандай сенім болады? Осындай жауапкерсіздіктен кейін тағы да осыған ұқсас қайғылы жағдайдың болмауына кім кепілдік береді?
Құрметті Жақсылық Ақмырзаұлы, мен Сізді үлкен жүректі азамат, білгір маман,қолы шипалы дәрігер деп санаймын.
Әрине, Сіз тексеру ұйымдастырарсыз, бірақ шетінеп кеткен балалардың сан-түрлі ауруы бар деген қағаздары толтырылып қойылғанына менің күмәнім жоқ.
Менің мақсатым, Қазақстанның қай елді мекенінде болмасын осындай ауыр қайғы алдағы уақытта орын алмасын, дәрігерлер адам жанының арашасы екенін сезінсін деген ниетпен Сіздің назарыңызға осы депутаттық сауалды жолдап отырмын».

«Ел» ұлттық қоғамдық-саяси, экономикалық апталығы 30 маусым 2009 жыл

0 пікір