Бекшиннің сөзінше, індеттің екінші толқыны басталған былтырғы қазан айынан бері қалада коронавирус жұқтырғандар саны 14 есе өскен.
– Қыркүйкте инфекция жұққан 165 науқас анықталды, қазанда – 360, қарашада – 1399, желтоқсанда 2256 адамға жетті. Қаңтардың алғашқы жеті күні 700-ден аса адам тіркелді. Қаңтарға жасалған болжам бойынша, [айдың соңына дейін] 4500-ге жуықтайды, – деді Бекшин.
Оның сөзінше, кейінгі екі аптада вирус жұқтырғаны анықталғандардың 35 пайызы – 20-39 жас, тағы 33 пайызы – 40 пен 59 жас аралығындағы азаматтар. Алматы қаласы коронавирус инфекциясы қаупі бойынша "сары аймақта" екенін ескерткен бас дәрігер түрлі сауық кештері мен сауда орталықтарына көп адамның ортасына барып, шектеу шарасын бұзу – індеттің тарауына себеп болып отырғанын айтты.
Бекшин қазір қаладағы барлық емханада инфекцияға қарсы вакцина егуге дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
"Ең бірінші инфекцияға қарсы күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлер, педагогтар, полиция қызметкерлеріне вакцина егеміз. Денсаулық жағдайына байланысты кейбіреулерге, мысалы, аяғы ауыр адамдарға вакцина егуге болмайды" деді Бекшин.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2020 жылғы 13 наурыздан бері Covid инфекциясы зерттеу қорытындысы бойынша дәлелденген 159 819 кісі тіркелген, осы аурудың салдарынан 2349 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгілері коронавирус инфекциясына ұқсайтын, бірақ лаборатория әдісімен тексергенде ағзасынан Covid табылмаған науқастар статистикасын былтырғы тамыздан бері бөлек жүргізіп келеді. Содан бері осындай пневмониямен 46114 адам ауырған, 519 науқас қайтыс болған.
Abai.kz