Сенбі, 23 Қаңтар 2021
1044 0 пікір 11 Қаңтар, 2021 сағат 09:24

Оқушылар үшінші тоқсанда қалай оқиды?

Үшінші тоқсан барлық сыныптар үшін бекітілген кестеге сәйкес 11 қаңтарда басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді.

Министрлік ақпаратынша, сайлау кезеңінде республикадағы 7 мыңнан астам мектептің 5 522 мектебі сайлау учаскесі болған. Мектепке дейінгі 6 651 ұйымның 143-і,  644 орта білім беру ұйымының 215-і, 125 жоғары оқу орнының 53-і және 22 мектеп-интернаты мен спорт мектептері, 114 жоғары оқу орнының жатақханалары, сонымен қатар өзге білім беру ұйымдарында орналасқан 12 үйірме нысандары (мектеп оқушыларына арналған сарай, шығармашылық үйі, музыкалық мектептер) сайлауға пайдаланылған.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №69 «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын ұйымдастыруда және өткізуде COVID-19-дың таралуының алдын алу шаралары туралы» қаулысына сәйкес, сайлау учаскесі ретінде пайдаланылған білім беру мекемелерінде сайлау аяқталғаннан кейін залалсыздандыру шаралары ұйымдастырылады.

«Дезинфекциялық іс-шаралар аяқталған соң мектеп қабырғасында кезекші сыныптар мен 9,11 сыныптар үшін дәстүрлі форматтағы оқу процесі әр түрлі уақытта (бірінші немесе екінші ауысымда) басталады.

Дауыс беру процесін ұйымдастыруда пайдаланылмаған және дезинфекцияны аяқтаған ұйымдарда оқыту 2021 жылғы 11 қаңтарда мектеп қабырғасында (бірінші немесе екінші ауысымда) басталады.

Дезинфекциялық іс-шаралар аяқталмаған білім беру ұйымдарының оқушылары 11 қаңтарда онлайн форматта, яғни қашықтан оқитын болады»,- деді БжҒМ.

Осылайша, еліміздің барлық мектептерінде үшінші тоқсан бекітілген кестеге сәйкес 11 қаңтарда қашықтан немесе дәстүрлі форматта басталады.

Abai.kz

0 пікір