Сенбі, 23 Қараша 2024
Интернет конференция 4378 2 пікір 11 Қаңтар, 2021 сағат 13:56

«Жер дауының нүктесі қойылмай ма деп қорқамын»

2021 жылдың соңында Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Мемлекет басшысы бірнеше мәрте жер сатылмайтынын айтқанымен, бұл мәселе әлі толық күн тәртібінен түскен жоқ. Өйткені, мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін жер мәселесі қалай шешілетіні әлі белгісіз. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халық талабы ешқашан өзгермек емес. 

Сол үшін сайтымыз тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференцияның 2021 жылдағы алғашқы тақырыбын осы жер мәселесіне арнадық. Конференция қонағы – 2016 жылғы Жер комиссиясының мүшесі саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.

Өткен бір аптада сайт оқырмандары саясаткерге сауалдарын жолдады. Төменде спикердің жауабын жариялап отырмыз.


Ауыт Мұқибек:

- Құрметті Дос аға, Әлемнің елуге жақын елінде қазақ бар. Мен «Жер кодексінің» 46-бабындағы «Оралмандарға» деген сөзден кейін «ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ БОЛЫП ТАБЫЛМАЙТЫН ҰЛТЫ ҚАЗАҚ АДАМДАРҒА;» деген сөйлемді қосып, шеттегі этникалық қазақтарға жердің пайдалану құқығын беруді, сол арқылы шетел инвестициясын шеттегі қандастарымыздың қолымен тартуды ұсынып келем. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз?

- Құрметті Ауыт бауырым, Менің ұстанымым бойынша, жер – мемлекеттікі емес, қазақ халқынікі. Олар осы жерді иемденді, қорғап қалды, осы жерге мемлекетін орнатты. Өкінішке орай, мемлекет – қазақтікі болмай тұр... Өз басым, басқа елдің азаматы болып жүрген қазақтарға Қазақ елінің жерін пайдалану құқығын беру мәселесін көтеру әлі ерте деп білемін. Ал ұлты қазақ инвесторларға ерекше жағдай жасау, оларға белгілі бір жеңілдіктер беру – көптеген елде бар, кейде заңды жолмен, ал кейде үнсіз, «ішің білсінмен» жасалатын қадамдар.

Нұртай:

- «Шығыс Қазақстан облысында кейбір жерлер Қытайға сатылып кеткен» деген қауесет рас па? Түркістан обл-дағы арабтарға сатылған жерлер қайтарыла ма?

- Мендегі ақпарат бойынша, ресми түрде сатылған ауылшаруашылық жерлері жоқ. Бірақ біздің заңымыз бойынша өндіріс орындарына (шетелдік инвесторларға) әлі де жер беріледі. Мараторий тек қана ауылшаруашылық жерлеріне қатысты. Қазақстанда Ресей, Корея, т.б. елдердің көптеген өндіріс орындары жұмыс істеп жатыр. Тағы бір мәселе: 2016 жылға дейін Қазақстанның біршама жері бұрынғы заң бойынша арендаға беріліп кеткенін де есімізден шығармалық. Бес жылдық мараторий ол келісімдерді бұза алмайды...Оңтүстік өңірде арабтардың саясатшылығына арналған, дуадақ өсіретін жерлер бар деген де мәлімет бар. Олардың қайтарылғаны туралы хабар естіген жоқпын.

Жанашыр:

- Қазақтар өмірінде «жер дауы мен жесір дауы» деген тіркес орта ғасырда қалып тасқан болар. ХХІ ғасырда гендерлік саясат жесір дауының нүктесін қойды. Сұрақ жер дауының нүктесі қашан қойлады?

-  Жер дауының нүктесі қойылмай ма деп қорқамын. Мүмкін, империялардың барлығы ыдырып біткенде ғана қойылатын болар. Екіншіден, басқа елдерден күшті, ешбір елге бағынбайтындай қарулы күші бар, немесе жағаласып өлетін қайсар мінезі бар елдер үшін жер дауы болмайтын шығар.

Әділ:

- «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халық талабы ескеріле ме? Халық талабы ескерілді ме? Шетелдіктерге сатылған немесе жалға берілген жерлер бар ма? Құпия болмаса сол сатылған немесе жалға берілген жерлердің қандай елдің азаматтары, жер көлемі және жалдау мерзімімері және шұғылданған (алған жерде) іс тірліктері, өнімдері туралы облыс облыс бойынша тізімі жарияланса. Алған жылы, сатқан, жалға берген лауазымдылар жарияланса. Заңдылығын тиісті органдар тексерсе.

- Кешегі Қ.Тоқаевтың сөзіне сенсек – ескерілуі керек. Әрине, жерге қатысты толық мониторинг жүргізілсе, жақсы болар еді. Бірақ билік оған бармайды деп ойлаймын. Жер комиссиясы кезінде «Жер алпауыттарының қайсысында қанша жер бар?» деген сұрағымызға да жауап ала алмадық. Мемлекет бізге жер иемденіп отырған ТОО-лардың тізімін берді, бірақ сол ТОО-лардың қожайындары кімдер деген сұрағымыз жауапсыз қалды.

Қайран:

- РФ депутапттары қазақ жеріне, территориясына дауласып жатыр ғой. Ал біз сол орыстармен ЕАЭО-тамыз. Осы одақ қазаққа қаншалықты керек?

- Путин Кеңес одағының ыдырауын «ХХ ғасырдың басты апаты» деп жыласа, біздер «Еліміз тәуелсіздік алды» деп қуанамыз. Сізді қолдаймын. Бұрынғы метрополия мен оның отары болып, ұлттық құндылықтарын жоғалтуға шақ қалған елдің одақтасуы – миға кірмейтін мәселе. Бірақ, менің ойымша, бұл Одаққа қазақ кірген жоқ, кезінде Мәскеуге қызмет еткен басшыларымыз кіргізді.

Ореке:

- Токаев кешегі макаласында АШ жерлерді экономикаға айналдыру керек деді. Бұл деген сол жерлерге шетелден инвестиция тарту деген сөз. Айналып келгенде бәрібір шетелдіктер келеді. Ендеше Жер сатылмайды, жалға берілмейді деген бекершілік емес пе?

- Келісемін. Бұл сөзді Тоқаев мырза бұрын да Жолдауында айтып өткен. Оның астарында не бар деп, бәріміз ойланып қалғанымыз да өтірік емес. Меніңше, билік жерді тауарға айналдыру ойынан бас тартқан жоқ сияқты. Қысқасы, екі жақ болып аңдысып отырған жайымыз бар. Әрине, Тоқаевтың бұл сөзі қоғамда алаңдаушылық, сезік, күмән тудырды. Бірақ, менің білуімше, жерді сатпай-ақ, көп жылға жалға бермей-ақ инвестиция тартуға болады. Мүмкін, Президент осы жолдар туралы айтқысы келген болар.

Тайжан:

- «Жер кодексінің» 46-бабындағы «Оралмандарға» деген сөзден кейін «ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ БОЛЫП ТАБЫЛМАЙТЫН ҰЛТЫ ҚАЗАҚ АДАМДАРҒА;» деген сөйлемді қосып, шеттегі этникалық қазақтарға жердің пайдалану құқығын беруді, сол арқылы шетел инвестициясын шеттегі қандастарымыздың қолымен тартуды ұсынып келем» - бұл қазақ жерін қытайға жалға берудің амалы емес пе? Сонда айналып келгенде бұл арамза Ауыт та қазақ жеріне қытайлардың жаппай келіп қоныстануына қарсы емес деген сөз ғой. Сонда бұл опасыздар арам пайда үшін Қазақстанның болашағына түкіргені барын көрсетіп отыр.

- Тайжан бауырым, саяси-қоғамдық өмірдегі ең басты ұстаным – мәдениеттілік. Егер әр адамның пікіріне «арамза», «опасыз», «сатқын» деген теңеулермен баға беретін болсақ, алысқа бармаймыз. Бұл – дәлелі жоқ адамдардың тәсілі. («Юпитер, сен ашулана бастадың, демек сенікі дұрыс емес» деген афоризмді білесің ғой). Ауыт бұл сұрақты қандай мақсатпен қойып отыр, астарында не бар екенін өзі ғана біледі. Мүмкін, осындай ойда жүргендерге менің тарапымнан жауап берілуін күтетін шығар. Мен оған «иттің баласы, ойың арам» деген жоқпын, «бұл мәселені көтеру ерте» дедім де қойдым. Бір бірімізді «батыр» дегіміз келмесе, ең болмаса, «қатын» демелік

Сұрақ:

- Дос аға, Президент Тоқаев жуырда Егеменде жариялаған мақаласында Тәуелсіздіктің 30 жылын үш он жылдық белеске бөліп, жетістіктерін тізіп шықты. Ал, Сіз, осы үш он жылдықта қандай кемшіліктер жібердік деп есептейсіз?

- Басты кемшілігіміз - осы үш онжылдықтағы Кемшіліктерімізді бөліп алып, тізіп  беруді үйренбегеніміз дер едім.

-Сонымен қатар, Президент мемлекеттік тіл туралы өте әдемі сөздер айтты. Бірақ, қазақ қоғамы үнемі талап етіп келе жатқан 7 бап өзгермейінше, Тоқаевтікін жай популизм деп қабылдауға бола ма?

- Әліптің артын бағайық. Егер осы жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбаса, әрине, популизм деп қабылдауға тура келеді.

- 2016 жылғы халықтық толқудан кейін арнайы комиссия құрылды. Ол комиссияға жұрт көңілі толмағаны байқалды. Оның құрамында өзіңіз де болдыңыз. Сіз сол комиссияның жұмысын қалай бағалайсыз?

- Қоғамдық комиссияның жұмысын – қоғам бағалайды. Әрине, менің де көңілім толмады. Бірақ қолымыздан келгенін жасауға тырыстық. Алғашқыда, 75 комиссия мүшесінің 60-тан астамы биліктің бағытын қолдады, ал соңғы отырыстарда солардың тең жартысы біздің бағытымызға бұрылды. Бұл көпшіліктің көзіне түспейтін, аса күрделі жұмыс болды. Әр отырысты ұйымдастыру, оларға адамдар шақыру да оңайшылықпен өткен жоқ – облыстардағы бізді қолдайтын жұртшылықты ұйымдастыруға, отырысқа алып келу, кіргізу, жергілікті биліктің жинаған адамдарынан кем болмайтындай күш көрсету де нақты ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесі болды. Оған «Ұлт тағдырының» азаматтары және басқа да ұлтшыл жандар атсалысты. Оларға үлкен рахмет айтамын. Бұл – жеңіс емес, итжығыс болар...

-Биыл мараторий аяқталады. Тоқаев тағы да Жер комиссиясын құру керек деді. Ол комиссияға кімдер мүше болуы керек? Және комиссия нақты қай бағытта жұмыс істеуі тиіс?

- Меніңше, тағы да комиссия құрудың ешқандай қажеті жоқ. Не Парламент осы екі мәселенің нақты шешімі көрсетілген заң баптарын қабылдауы қажет, не болмаса «қазақпен қарсыласатын жеріңді айт!» деген мәселе ғана қалады. Әрине, Мәжілістің жұмысшы тобына Мұхтар Тайжан сияқты азаматтар енуі керек.

- Егер Үкімет Жер Заңын ретке келтірмесе, халықтың талабы ескерілмесе, 2016 жылғы митингілер қайталануы мүмкін бе?

- Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескерсек, ол митингілер баланың ойыны болып қалады ма деп ойлаймын.

- Ресей депутаттарының қазақ жеріне қатысты даулы мәлімдемесін қалай қабылдадыңыз? Біз бұдан қандай қорытынды жасауымыз керек?

- Ресей елшілігіне табалдырықты көрсетіп, Еуразиялық одақтан шығуымыз керек!

-Тоқаев Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алуы керек деді. Алайда, бұл тақырып біздің қоғам үшін әлі де жұмбақ секілді. Дегенмен, 86 жылғы жастардың ерлігі бағалануы үшін нақты қандай қадамдар жасалуы керек?

- Қоғамға жұмбақ емес деп ойлаймын. Қоғам, оның ішінде, қазақ қоғамы бұл көтеріліске өзінің бағасын беріп қойды. Өкінішке орай, мемлекет бұл мәселені жарыққа шығарғысы келмей отыр. Ол да түсінікті. Менің «90-жылдардың қара сөздері» деген кітабымда Желтоқсанға байланысты мақалалар бөлімінің мынадай эпиграфы бар: «Осы сұмдықты істеген адамдар билікте отырғанда – шындық ешқашан ашылмайды». Қандай нақты қадамдар жасалуы керек дейсіз бе? Бірінші – арылудан басталуы керек. Осы мәселеге қатысы бар жандар ұлттың алдында, ең бастысы, өздерінің алдарында ақталуы шарт. Екінші – сол көтеріліс кезінде сотталған, жарақат алған, жұмыстан, оқудан щшығарылған, т.т азаматтарға мемлекет тарапынан заң жүзінде материалдық   жағдайлар, жеңілдіктер жасалуы шарт. Үшінші – әрбір ауылда, елді мекендерде Алаштың, Азаттықтардың, Желтоқсандықтардың  ескеркіштері, белгілері орнауы шарт (Қазір біздің азаматтар Тәуелсіздік күні жиналатынын жерді де таба алмай отыр).

- Қазақстанда саяси көзқарасы үшін түрмеде отырған тұтқындар аз емес. Еститін мемлекет тұжырымдамасын жасаған билік неге өз пікірін ашық айтатын азаматтардан қорқады? Ал, Қазақстандағы адам құқығы мен сөз бостандығы 30 жылда алға басты ма, әлде кері кетті ме?

- Өз басым, «саяси көзқарасы үшін отырғандардың» барлығын, шын мәніндегі саяси тұтқындар деп есептемеймін. Мысалы, олардың ішінде Риддер қаласындағы тұрғындардың арасында Ресейге қосылу туралы референдум өткізбекші болған «батырлар» да бар... Ал Қазақстандағы адам құқығы мен еркіндігі мәселесі 1997 жылдардан бастап жоғала бастады деп ойлаймын.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406