Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6201 0 пікір 1 Наурыз, 2012 сағат 09:04

Бейбіт Қойшыбаев: Т.Рысқұлов хаттарын жариялаудағы мақсат – ешбір тарихи тұлғаны қаралау емес

«Рысқұловтың хаттарына» орай қазірге дейін пікір білдіргендердің саны 180-нен асыпты. Іс жүзінде негізінен анонимдер форумы болып отырған пікір алмасулардан менің көзімнің анық жеткені мынау. Неғұрлым белсенді топ (ішінде екі мәрте «аса ақылды» ойлар жазған орыс тілді «пачкотня» иесі де бар) жарияланымның мақсатын, мән-маңызын бұрмалап, жұртшылыққа өз көкейіндегісін тықпалауда.

Рысқұлов хаттары неліктен жарияланған еді?

«Рысқұловтың хаттарына» орай қазірге дейін пікір білдіргендердің саны 180-нен асыпты. Іс жүзінде негізінен анонимдер форумы болып отырған пікір алмасулардан менің көзімнің анық жеткені мынау. Неғұрлым белсенді топ (ішінде екі мәрте «аса ақылды» ойлар жазған орыс тілді «пачкотня» иесі де бар) жарияланымның мақсатын, мән-маңызын бұрмалап, жұртшылыққа өз көкейіндегісін тықпалауда.

Рысқұлов хаттары неліктен жарияланған еді?

Ол мақаланың бас жағында атап айтылған: «Біз қилы ақпарат өтінде - ашықтық пен жариялылық желі еркін есіп, бұрын жабық мұрағаттар есігін ашып жатқан, кім-кімге де құпия қоймалардағы жықпылдарды қалтарыс қалдырмай аралауға мүмкіндік берген заманда өмір сүріп отырмыз. Біздің елемегенімізді, немесе әлдеқандай бір себептермен өзімізден өзіміз жасырғымыз келгенді бәрібір басқалар көреді. Демек, бұрын жекелеген мамандарға ғана мәлім боп, белгісіздік тұңғиығынан енді ғана әлдеқалай жарыққа шыққан да, ұзынқұлақ түрінде көпшілікке таралған әр жаңалықты, құбылысты бірінші кезекте өзіміз біліп, талдап,  түсінуге тырысу ләзім. Бізге тарихи тұлғалардың шуақты істерімен қатар, көлеңкелі тірліктерін де ашып қараған пайдалы. Олардың себеп-салдарларын айық пайымға салған жөн. Бұндай әрекет оларды тарих қойған тұғырынан тайдырмайды, бейнелерін еш кішірейтпейді. Есесіне, олардың кескін-келбетіндегі барша көмескілікті жойып, толық адам ретінде тануға мүмкіндік береді. Бізге шын тарихтан толымды да жан-жақты сабақ алуға жәрдемдеседі».

Алайда бұл сөздерді (жалпы, жарияланымдағы басқа да қысқаша анықтамаларды) форумға қатысушылардың ішіндегі әсіре белсенділер елей қоймады. Содан, Тұрардың бұдан 88 жылдай бұрын жазылған хаттарының жарық көруін өз беттерінше - құдды Рысқұловқа кір жағып, Қожановты көтермелеп тұрғандай ұққан және солай жарнамалаған сонау әсіре белсенді блогшылар едәуір даурықты, бәлкім ондай қылықтарын әлі де жалғастыра берер. Осыдан мынандай сұрақ туады: «...хаттар» кейбір «қонақтың» (орыс тілді блогердің) «провоцируете общество» деп айтқанындай қоғамды ала тайдай бүлдіруге тырысушылықтан, басыбұзықтықтан туды ма? Әрине, жоқ. Бұл жала.

Аталмыш жарияланымнан екі жылдан астам ілгеріде, 2009 жылы, менің «Ұлттық ымыра» деген мақалам мерзімді баспасөзде шыққан. Онда мен содан бірнеше жыл бұрын рухани салада жұртшылықты елең еткізген бірер оқиға болғанын: «бес кітапқа жинақталып, алаш қозғалысына қатысты құжаттар жинағы жарық көрді. Мұнда жалпыұлттық және таптық көзқарастар ыңғайымен жіктелген қайраткерлердің кейбір күтпеген қадамдарын көрсететін деректер жария етілді. Баспасөз беттерінде 20-30-жылдарғы ұлттық элита жайында қорғалған ғылыми еңбекке байланысты біріне бірі кереғар пікірлер білдірген мақалалар басылды. Күні кеше тұсауы кесілген Алаш-Орда тарихына арналған фильмде де тосын пікір естілмей қалған жоқ. Мәселе халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловтың Бас хатшы Сталинге 1924 жылы Түркістан өлкесіндегі ұлт қайраткерлерін таптық тұрғыдан сынап жазған хаттарының көпшілікке белгілі бола бастағанында болатын», - деп атап көрсеткенмін.  Сол «...хаттарға» байланысты  Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында өткен пікір алысулар жөніндегі ой-пікірлерімнің 2010 жылдан бері «Абай.кз» сайтында тұрғанын блогшылардың сұрауына орай айтқанмын.

«Әділет» қоғамы өзі құрылған 1989 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін шындықтарын ашу арқылы азаматтарды тарихпен тәрбиелеуге, демократиялық құндылықтардың өмірімізде бекем орнығуына  атсалысып келеді.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін науқандары салған жара зардабы айтып-жеткісіз ауыр еді. Жан-дүниемізді үрей шеңгелдеген, әділеттілік өлшемі өзгерген. Ондай ахуалдан оңалудың, тұманданған сананы тазартудың оңай болмағаны белгілі. Қанды құпиялардың бүркеуі  50-ші жылдары аздап қана көтеріліп, ащы шындықты жартылай ғана ашқан. Соның өзі біздің қоғамдық тыныс-тіршілігімізге жылы леп, жарқын бет боп еніп, жаңа ұрпақты тәрбиелеу факторына айналды. Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жаңа тарихи сана қалыптаса бастады. Бірақ, билеуші партия шындықты іріктеп қана ашқандықтан, жаңа тарихи сана да біржақты қалыптасты. Саяси қуғын-сүргінге көбірек көңіл бөлу құпталмады. Яғни режим қылмысы ауызға алынбады. 1957-1958 жылдары «нағыз лениншілдермен» қатар алаш қайраткерлері мен «ұлтшыл-коммунистер» де ақталған. Алайда олар хақында тоталитаризм деп аталған неосталинизм тұсында әлдеқандай оң пікірлі ой айту мүмкін емес-тін.

Оларды тек қайта құру саясаты өрістеген шақта ғана  - 80-ші жылдардың соңына қарай ғана батыл еске ала бастадық.

Кейінгі кездері саяси қуғын-сүргіннің себептерін, оның барша шындығын анықтауға деген ұмтылыс артып келеді. Ұзақ жылдарғы құпиялықтан соң мұрағаттан жаңа деректер (Рысқұловтың хаттары) шықты. Баспасөзде тосын жаңалықтар жария болды. Бұл жәйт  мәселені кең көлемде қарауға, идеологиялық күрес шындықтарын терең тануға ұмтылтты.

«Ұлттық ымырада» атап айттым:  мен 20-жылдарғы кезеңнен екі тамаша ұлт қайраткерін өз кезеңдеріндегі жалпыұлттық мүддені көздеген аса ірі істері үшін ерекше құрметтеймін де,  отаншылдықтың, елін, жұртын сүюдің озық үлгісі ретінде оларды бүгінгі ірілі-уақты қайраткерлерге, барша азаматқа, жастарға әрдайым өнеге етіп тарта беруден айнымаймын.

Оның бірі - Тұрар Рысқұлов пен оның серіктерінің 1920 жылы Түркістан өлкесінде Түркі Республикасы мен Түркі халықтарының коммунистік партиясын құру жайындағы жобалары. Екіншісі - Сұлтанбек Қожанов пен оның серіктерінің 1924 жылғы Орта Азияны ұлттық-аумақтық тұрғыда межелеп-жіктеу науқаны кезінде аралас-құралас, қоян-қолтық өмір сүріп жатқан халықтардың бір-бірінен мүлдем ірге бөлісуіне қарсы тұру, Ортаазиялық Федерация құру, сол арқылы Кеңестер Одағы құрамына кіру, жаңа ұлттық республикаларды Қазақстанмен бірге ортақ экономикалық қауымдастыққа ұйыстыру, Ташкентті Қазақ Республикасының астанасы ету үшін күресудегі ұстанымдары. Олар орталық өкіметтің мақсатына сай келмегендіктен де жүзеге аспай қалған. (Байқап отырсыздар, мен жоғарыдағы орыс тілді және онымен пікірлес өзге де оқымыстылардың Қожановтың «түкке алғысыздығын дәлелдеген» ашулы да орынсыз сөздеріне мән беріп отырған жоқпын. Олардың қолдап бұрмалап, советтік тарихнама үлгісінде келтіріп отырған мысалдары Рысқұловтың хаттарындағы Қожановты ұлтшылдықпен, антипартиялықпен айыптаулардың қасында жіп есе алмайды, сондықтан да - жоғарыда айтылғандардың қасында ұсақ-түйек жәйттер).  Осы аса ірі қос коммунист-қайраткердің мен атаған мәселелердегі сенімді көзқарастары мен батыл қадамдары  ешқашан ұмытылмауға тиіс.

Солай бола тұрғанмен, Рысқұловтың аталмыш хаттары тарихи әділеттілік талабы тұрғысынан талқыға алынуға әбден лайық.  Бұл Тұрарға немесе ол саяси тұрғыда сынаған қайраткерлерге деген көзқарасымызды өзгерту үшін емес, олардың күресінен тәлім ала білу үшін, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену үшін, өзіміздің бүгінгі күнімізді, болашағымызды айқын түсінуіміз үшін қажет. Тарихтан сабақ ала білу үшін керек. Атап айтатыным, блогшылардың біразының мәдени пікірталас шегінен шығып бейпіл сөздерді жөнсіз бұрқыратқаны бұл үдерісті тоқтата алмайды.

Сонымен, Тұрар мен ұлт зиялыларының 20-30 жылдарғы пікір қайшылығы неде? Оның және ол хаттарында партияның басты жауы ретінде суреттеген қайраткердің есіміне байланысты Түркістан Республикасы тарихында «рысқұловшылдық» және «қожановшылдық» деген жіктер болғаны, олардың  топшылдық ретінде бағаланғаны  Тұрар хаттары белгілі болғаннан бұрын да айтылатын. Олар  неліктен және қалай туып, қайтіп өрістеді?

2009 жылы «Әділет» қоғамында пікір алысқандар осы төңіректе ой толғады. Өздеріне мәлім жәйттерді ортаға сала келе, көпшілік баршасы келісетін ортақ ой қорытқандай болды. Жеке тұлғалардың идеялық тартысының арты мансап тартысына, топ құруға апарғанын, бірін бірі сүріндіру мақсатымен өзді-өзіне саяси айып тағып, оларының анық-қанығына, дұрыс-бұрыстығына өзара пікірлесу нәтижесінде көз жеткізуге тырыспастан, әрдайым төрешілік сөзін айтуды  орталықтан тосқанын, ал оның арты жалпыұлттық мүддеге кереғар шешімдер жасалуына ұласып жатқанын  мойындады.

Шынында,  патшалық кезінен қалыптасып, кеңестік дәуірде нығая түскен құлдық сана-сезім - жөн сөзге тоқтау, әділет алдында бас ию іспетті дәстүрлі қасиеттердің байырғы тұғырынан тайып, жаңа сапаға ауысқанын көрсетті. Ұлт қайраткерлерінің бірін бірі мойындамауы, араларында бедел тұтатын тұлға болмауы, дұрысында, араларындағы бедел тұтуға тұратын тұлғаны көпе-көрнеу көрмеуі, мойындамауы, шындап келгенде, шынымен сондай қадір-қасиетке ие жанның жоқтығынан емес, жаңа империялық орталыққа көзсіз емінушіліктен туған еді. Сөйтіп, жаңа сипатқа ие болған құлдық психологияның жетегімен, «жаңаша құл иеленушінің» ілтипатына ілігуге тырысушылық, сол жолда бәрін тәрк етуге әзірлік оларға туған халқына риясыз қызмет ету сынды биік тұғырдан дербес ой толғауға мүмкіндік бермеді.

Рысқұловтың Бас хатшыға, Орталық Бақылау комиссиясы мен ГПУ-ге берген 1924 жылғы сәуірдегі хаттары Орта Азиядағы республикаларды  ұлттық тұрғыда қайтадан межелеп бөлу науқаны өрістеген тұсқа дөп келді. Хаттардың мазмұнына қарағанда, өкініштісі, ол осынау аса маңызды, тағдырлы науқан жайына да жеңіл әрі біржақты (өзіне қарсылас деп білетін қайраткерді айыптау мақсатында) қараған. Ал Мәскеуден Ташкентке 1924 жылғы мамырда жазған хатында ол сол қарсыласын қайткенде құлату үшін не істеу керек екенін өзінің пікірлесіне тәтпіштеп жазып бағдарламалық тапсырма берген.  Тапсырмаларының ішінде қарсыластары жайындағы мағлұматтарды жоғарғы партия, партиялық бақылау және құпия полицияға - ГПУ-ге хабарлап отыру қажеттігін шегелеп айтқан. Өзінің оның алдында Сталинге берген баян-хаттарында да қарсыластарының - бұрынғы алашордашылардың пәтерлеріне ГПУ органдары шұғыл тексеру жүргізгені мақұл екенін ескертіп отырады. «Ұлтшылдық әрекеттер» жасап жүрген басшы-коммунист қызметкер жайындағы «Негізгі баяндамаға» жақтастарының қолдарын қоймай, жасырын қалуын, сондықтан дайындалған мәтінді айтылған тараптарға өзінің жолдауының себебін аналардың жазаланудан қорыққандықтарынан болды деп түсіндіреді.

Хаттар өте құпия және партия мен кеңес өкіметі мүддесі тұрғысынан жазылғандықтан, сол шақта хат иесіне ешқандай залалы тиюі мүмкін емес еді. Солай болды да. Ол өте ірі қызметтер істеп, халық үшін көп жұмыс істеді. Бірақ, ол аталмыш  хаттарында 1924 жылы әшкерелеген өзге кадрлардың көпшілігі - ал олардың есімдері  іс жүзінде бүгін түгелдей репрессия зынданынан шығарылып, ардақталған - сол кезден бері түрлі қыспаққа ұшырады, 1928 жылдан бастап алаштық азаматтарға жасалған жазалау шараларының екі толқынында да  нысанаға алынды.

«Әділет» қоғамында 2009 жылы пікір алысқандар мәселе тек Рысқұловтың хаттарында емес десті, олар 20-30-жылдарғы ұлт қайраткерлерінің бірінің үстінен бірі жазған шағымдардың өте көп болғанына назар аударды.  Себептері де тілге тиек етілді. Ондай арыз-шағым, айыптау сарынды жазбалардың көптеп тууына таптық күрес желеу болды десті. Тапшылдар ұлт мүддесін тапқа бөлмей қорғау жағындағы алашордашылармен де, таптық күресте ұлттық мақсатқа мол мән беруші, яғни алашордалық делінетін ұлт зиялыларына бүйрегі бұрып тұратын оңшыл-ауытқушылармен де  күресті. Бірақ бұдан тапшылдар ұлт мүддесін мүлдем ескермеді деуге болмайды, олар да өздерінше қазақтың болашағын ойлайтын да - саясаттың мазмұны пролетарлық, түрі ұлттық сипатын қолдайтын. Түптің түбінде жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары бұл екі қанаттағылар да ұлтшылдар ретінде жазаланды. Және бір ескеретіні, десті пікірлесушілер, мұндай саяси айыптасу әрекеттері қазақ кадрлері арасында ғана емес, кеңес одағының шартарапында да орын алды. Демек, біз олардың дау-дамайларын емес, халыққа сіңірген еңбектерін бағалауға тиіспіз...

Баршамыз осыған келістік. Жаны бар ой дедік. Әйтсе де, қит етсе орталыққа жүгінуге әуестіктің салдары жақсы болмағанына өкініш білдірдік. Қит  етсе орталыққа жүгінуден әлдебір шешуі қиын күрделі мәселеге орай жәй ғана төрелік сұрау емес, бірін бірі көре алмауға, біріне бірі билік тұтқасын қимауға, бірін бірі мейлінше қаралай отырып, тұқыртуға, тіпті құртуға тырысушылық аңғарылады. Мұндай әрекеттер  өз араларынан ел басқаратын азамат шығармауға апарды. Сөйтіп, түптің түбінде ел басқаруға көлденең көк атты жіберіліп, халқымызды алапат ашаршылық әкелген ұлттық апатқа ұрындырған жаңаша құлдық ахуал тудырды. Осы қасіретті ойласақ, онда мұны жылы жауып қоя салуға да болмайды. Жылы жауып қоя бермей, айқара ашу керек. Бұл біздің азаматтығымызға сын. Қайраткерлеріміздің елге сіңірген еңбектерін мансұқтау үшін емес, керісінше, олардың одан да артық сіңіруі ықтимал, тек атқара алмаған істерін айқындап бағамдау үшін, ұтылған тұстарымыздың тамырларын айыра білу үшін солай ету ләзім. Бастан кешкен кемшілік себептері мен олардың қайғылы салдарларын болашақ үшін зерттеп білу абзал.

Бізге қайраткерлердің ел игілігіне сіңірген елеулі еңбегін тиісінше бағалай отырып, бойымыздан олардың сол заманғы саяси ұстанымдарын әділ талдай білетін күш табу ләзім. Кек қайтаруға тырыспауға, төзімсіздік танытпауға, түсінуге, талдауға, келешекке қажет тәлім ала білуге тиіспіз.  Өштесу жарқын болашаққа қызмет етпейді.

Осындай ұйғарымға келгенбіз. Сондай көзқарас арнайы талқыланған Рысқұлов хаттарына байланысты да айтылды. Оларды жасыруға болмайды, біздің демократиялық қоғамда жабық тақырып болмауға тиіс,  қайта, бәрін ғылыми айналымға түсіріп, зерттеп, талдау жөн.  Міндетті түрде есте ұстауға тиіс жәйт сол, мұндай шаруа ұлттық мақтаныштарымызды тұғырдан тайдыру үшін жасалмауға керек, мұндай шаруа олардың күллі пенделіктерінің себеп-салдарларын ашып, бүгінгі күннің пайдасына, яғни жан-жақты да адал азаматтарды тәрбиелеу ісіне жұмсау үшін атқарылуға тиіс.

Таптық көзқарас халықты екі жарғаны ешкімге құпия емес, демек, бұл мәселені қарастырғанда, сол таптық негізде - бірі тек кедей-кепшік, екіншісі бай-кедейі айырылмаған жалпы ұлт мүддесін көздеп екі жарылған халқымыздың бірлігі қымбаттығын ойда ұстау керек.  Яғни бізге ұлттық ымыра қажет. Оны жәй ұранмен, яки әлдебір тыйым салумен орнатам деу қате, оған тек қана ашық талқылау, мәселені айқын түсіну, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену арқылы қол жеткізуге болады.

Қазақ елінде жүз пәленше мыңдай жан жазықсыздан жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, лагерьлерге айдалды, жиырма бес мыңдай боздақ атылып кетті. Большевизм жауынгерлері себеп боп 1917-1933 жылдары үш дүркін соққан ұлттық апаттан тікелей төрт миллионнан астам (ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда он миллионнан астам) көшпенді жұрт  қырылды. Осынау қасіреттер жайында ұстамды талдау мен қорытынды жасау үшін де ұлы төзім, ұлттық ымыра қажет. Ол заманғы сұмдықтардың таптық жікке бой алдырып, ұлттық тұтастықты сақтай алмау, ұлттық тәуелділікке мойынсұну салдарынан орын алғанын жан-жақты парықтасақ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадірін терең түйсініп, жіті ұға түсеміз, өткенгі қателіктерге жол бермеу жолдарын айқын ажырата білеміз. Сондықтан да «Әділет» күллі мүдделі топтарды тарихи таным жолында ымыраласып жұмыс атқаруға, қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуына көп болып әділ үлес қосуға шақырды. Бұл мақсатқа жету үшін аталмыш хаттарды жұртшылыққа таныстыру жөн деп тапты. Ақыры, «Абай.кз» сайты осы мақсатты жүзеге асыруға дәнекер болды. Хаттар көпшілік назарына тартылды.

Тұрар Рысқұловтың жоғары билік пен жазалаушы органдарға берген белгілі де белгісіз хаттары сол кезгі ахуалды түсінуге жәрдем беретін құжаттар екені анық. Мен өз басым олар тек тарихи қайраткерлердің еңбектерін қайта бағалау сынды әлдебір шетін мәселелер көтеруге сылтау болмауға тиіс деп санаймын. Бұл орайда 2009 жылы «Ұлттық ымыра» деген мақаламда  тұжырымдалған көзқараста қалуды жөн санайтынымды «Рысқұловтың хаттары» жарияланымының соңында атап көрсеткенмін.

Алайда, осы уақытқа дейін құпия сақталып келген Рысқұлов хаттарының біршама толық түрде жарыққа шығуын белгілі топ «Рысқұловты жамандау, Қожановты дәріптеу» деп ұқты. Сөйтіп,  Қожановтың «түкке алғысыздығын», қоғам өміріне Рысқұловтан кейін отыз жылдай кешіктіріліп қайтарылған Қожанов туралы кітап жазған осы жолдар авторының «содан бір кем еместігін» дәлелдеумен талайдың құлағын шулатты. Форум барысында маған да бірнеше мәрте (пт, 02/10/2012 - 15:02; сб, 02/18/2012 - 02:37; вс, 02/19/2012 - 22:42; пт, 02/24/2012 - 22:01) пікір білдіруге тура келді. Алайда, аңғарылғаны, оларды түсіністікпен оқығандардың пікірлерінен гөрі орынсыз пәле теріп байбаламдағандардың айқайы мол әрі басым екен.

Менің түйгендерім:

1.Пәлеқорлар «Рысқұловтың хаттарын» түсініп оқымаған! Үстірт қана шолған. Егер дұрыс оқыған болса, онда Қожановты жамандап әуреге түспес еді. Маған «Қожановты мақтадың, Рысқұловты жамандадың» деген ерсі айып тақпас еді. Өйткені мен жарияланымда атап көрсеткенмін: мақсат - тек қана (Сталинге, ЦКК-ге, ГПУ-ге және Сарымолаевқа 1924 жылғы сәуір мен мамырда жазылған) хаттарды жұртшылыққа жеткізу (оларды талдау емес!). Егер жарияланыммен түйсініп  танысқан болса, онда олар - а) Тұрардың өзінің лауазымына 1924 жылғы қаңтарда қайта сайланбай, тағайындалмай қалуын мәскеуліктерден көретінін ұғар еді; б) Түркістан Кеңестерінің съезінде өзін Түркатком мүшелігіне сайламау, тиісінше, халкомкеңес төрағасы лауазымынан айыру арқылы мәскеуліктер «партияға жат ұлтшыл элементтердің Қожановтың басшылығымен басқару буындарында болуына жол бергенін» қалай әшкерелегенін көрер еді; в) бүгінгі орынсыз пәле іздегіш необольшевиктердің (соның ішінде орыс тілді «оқымыстының») мұрағаттардан алдық деп Қожановтың қандай «дұшпан және түкке алғысыз» екенін дәлелдеу үшін 2012 жылы келтірген жекелеген құжаттардан көшірмелері большевик Тұрардың 1924 жылғы хаттарында айтылған «дәйектер мен деректер» қасында жолда қаларын ұғар еді; г) демек, байбаламшыл блогшылардың необольшевиктік әсіре белсенділігін тек  Рысқұловтың хаттарының жария болу факті ғана қоздырып жіберді. Олар бұл хаттарды түсініп оқыған да жоқ. Олардың ойынша, бұлар құпия күйі мұрағат түкпірінде жата беруге тиіс еді. Олар өздерінің большевизм рухымен қалыптасқан  көзқарастары тұрғысынан тарихи әділеттілік дегенді кеңестік дәуірдегі біржақтылығымен ғана мойындайтынын көрсетіп отыр.

2. Оқырман жарияланымнан байқағандай, Тұрардың қатысуымен жасалған «Негізгі баяндама» өте ықшам түрде мазмұндалып қана берілді. Оның ішінде «Қожанов пен ол қолдайтын партия дұшпандарының («алашордашы», «бірлік-туылық», т.т.)» «қылмыстарын» ашатын сөздер шаш-етектен. Мұны пәле іздегіш әм былапыт сөзге құмар блогшылар мүлдем білгісі келмейді. Олар Қожановтың Рысқұлов әлдеқашан ашып тастаған «қылмысын» құдды өздері ашып жатқандай көсемсиді. Сондықтан, тілге тиек болған хаттардың фрагменттерін (Сталиннің айыптауларға назар аударуын сұраған жазба мен «Негізгі баяндамадағы» айыптауларды) түпнұсқадан жаңғырталық:

3.Әділеттілік, адалдық деген қасиеттерді қадірлей қоймайтын әлгі необольшевик блогшылар түпкі ниеттерін менің жеке басымды кемсіту, түрлі әдіске салып тұқырту арқылы орындағысы келеді. Бірақ тарихи әділеттілікті тап қазіргі демократиялық дәуірде мұндай күйкі тірліктің құрбаны етуге болмайтыны анық.   Хаттармен мұқият танысқан адам мойындауға тиіс, ондағы тізім мен айыптаулар (1924 жылы жазалау органдарын «бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан алашордашылардың астыртын ұйымы» хақында құлақтандырған және оған қатысушылардың аты-жөндерін тиісті сипаттамасымен ұсынған хаттар) елімізде орын алған қасіретті кезеңде жазалаушыларға ұлттық қызметкерлердің өз ішінен  «сыр ашып» бағыт сілтеген маңызды құжаттар рөлін атқарды (Мұны вс, 02/19/2012 жауабымда айтқанмын).

Әрине, зерттеушілер Мәскеудің қол жете бермейтін мұрағаттарын, әсіресе Сталиннің жеке қорларындағы жазбаларды егжей-тегжейлі қарастырсе құба құп.  Солай етсе, межелеу науқаны аяқталмай жатып, Ташкенттің Саяси Бюро шешімімен өзбектерге берілуінің, Сталиннің «буржуазиялық ұлтшылдардың межелеу кезінде қайткенде көбірек жер қарпып қалып, өз ұлтына жақсы көрінгісі келетіні» жайындағы тұжырымының, «Ақ жол» жөніндегі әйгілі сталиндік хаттың тууының, т.б. маңызды мәселелердің  тарихы тереңірек ашылып қалуы ғажап емес.  Әрі, «Әділет» қоғамы көптен көтеріп келе жатқан мәселе - ҰҚК мұрағаты зерттеушілерге есігін кеңінен ашуы ләзім (тіпті сондағы тарихи қылмыстық істер материалдарын ведомстволық мұрағаттан Орталық мемлекеттік мұрағатқа өткізіп берген дұрыс). Тәуелсіздіктің басында 30-шы жылдардағы қылмыстық істерді қарауға шек қойылған, репрессияланғандарды тергеу үдерісімен толық танысуға тыйым салынған - сол заң өзгертілуге тиіс. Сондай жағдайда қасіретті кезеңдер картинасы мейлінше толық айқындалар еді.

Тақырыпқа қатысы жоқ болғандықтан әлдебір анонимнің «Қаратаевтың Алашорда жайындағы жазғандарын менің қашан жариялайтынымды» және «қазақты сатқанын мойындаған Әділовті неге мақтап кітап жазғанымды» қайта-қайта, шұқшия сұрағанын жауапсыз қалдыруым керек еді, бірақ, сол қайта-қайта сұрау салуларының бірінде таза адамшылық ниет білдіргенін көргендіктен, мынаны айтпақпын:

1) Қаратаевтың аталмыш мұрасын жариялауды менен күтуіңіздің еш реті жоқ, өйткені ол менің не меншігім емес, не құзырымдағы шаруа емес. Танысқыңыз келіп тұрса, кітапханадан табасыз: оны осыдан пәлен жыл бұрын тиісті мұрағат мекемесі жеке кітап етіп бастырған. Дегенмен, форумда әлденеше қайталаған сұрағыңыздың астарын - көкейіңізді не тесіп тұрғанын шамалаймын. Шамалаймын да,  сіздің әсіре белсенділігіңізді қоздыра түсуі немесе түсіністік көрсетіп бас июіңізге апаруы ықтимал тұжырымдамамды бар дауыспен жария етем: иә, мен Қаратаев жайында арнайы кітап жаздым, ол одан басқа тағы бірер туындымның бас кейіпкері! Себебі, қазақ мүддесін қорғауда (жер-су мәселесін парламенттік жолмен және империялық үкіметтің алдына қою арқылы) Қаратаев ерен еңбек сіңірді. Ол парламентарий ретінде, қазақ қоғам  қайраткері ретінде - өзіне дейін де, өзінен кейін де бір де бір қазақ азаматы істей алмаған шаруаны жүзеге асырған адам, сонысымен де ұмытылмауға тиіс әрі ұрпақ құрметіне лайық!

2) Әділов жайында мен жеріне жеткізіп жаза алған жоқпын. Оның «қазақты сатқанын мойындады» дегеніңіз артық айтушылық.  Әділовтің қиын тағдыры кез келген қаламгерді қызықтырар еді, өйткені оның өмір белестерінің «тұңғыш» деген анықтамамен бедерленетін тұстары көп: 1) жеткіншек шағында Дулатовтың, «Қазақ» газетінің қамқорлығын көріп, Омбыда оқыды, қоғамдық-саяси жұмыстарға тартылды; 2) 1917 жылғы революцияшыл жастардың белсенділерінің бірі болды, қазан айында Әлихан Бөкейхановтың қатысуымен сайланған Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетіне мүше болып сайланды; 3) 1918 жылдың көктемінде қызыл гвардия құрамына еніп, Қиыр Шығыста ақтармен ашық шайқасты; 4) Сол жылғы қыста Омбыда Колчак диктатурасына қарсы ұйымдастырылған көтеріліске қатысып, астыртын жағдайға көшуге мәжбүр болды;  4) 1919 жылы күзге қарай Ташкентте Киринпроста сабақ берді; 5) 1920 жылы көктемде Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болды, күзде Семей губкомы қазақ бөлімінде істеді; 6) 1920 жылғы қазанда өткен Қазақстан Кеңестерінің алғашқы ұйысу құрылтайында Қазатком мүшесі болып сайланды. Ішкі істер халкоматының алқа мүшесі, комиссардың орынбасары, комиссардың міндетін атқарушы болып істеді; 7) 1921 жылы Ташкентте Шығыс кештерін ұйымдастырушы (режиссер) болды; 8) 1921 жылы Бұхарада астыртын жағдайда Зәки Валидовпен   қызметтес болды; 9) 1922-1923 жылдың қысында Сырдария облаткомының тапсырмасымен Шу бойындағы ауылдастары арасында әкімшілік бағыныс жайында жиналыстар өткізіп, шешім-қаулыларды жиып жүргенінде,  кейін ел арасына аңыз болып кеткен «Қараноғай-Шала» оқиғасына қатысты, соған байланысты Рысқұлов пен Қожановтан қолдау тапты; 10) 1923-1924 жылдары Ташкентте Киринпроста  істеді, сабақ берді, директор болды; 11) 1925-1926 жылдары Қазақ ағарту халкоматында істеді, Ұлт театрын (қазіргі Әуезов театрын) ұйымдастырып, алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Оның трагедиясы жайында бұрынғы жауабымда (вс, 02/19/2012 - 22:42) айтқанмын. Ол туралы кітап жазғаным - (оны блогердің жақтырмай «мақтадың» дегені жәй ғана өз биігінен қарағандағы байламы), алғашқы мемлекет және мәдениет қайраткерлерінің бірінің бастан кешкен қайғылы  тағдырын ашуға тырысқаным екенін түсіну жөн.

Ақыр сөз еткеннен кейін, тағы бір аноним блогшының Абылай мен Әбілқайыр хандарға байланысты  қитұрқы сұрағына орай еске сала кетейін. Сауалын түсініп-түсінбей қойғанын өзі-ақ бағамдауы үшін - осы сайттағы «Ескі дерт көріністері» деген мақаламды және, әрине, талайдың қанын қыздырып тұрған «Рысқұловтың хаттарын» оның мұқият оқығаны жөн.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5265