Сәрсенбі, 20 Қаңтар 2021
Ауыс-түйіс 5746 10 пікір 14 Қаңтар, 2021 сағат 16:08

Жаңа Үкімет «жаңалардан» жасақтала ма, әлде...

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылған ҚР Парламентінің бірінші сессиясын жинау туралы Қаулыға қол қойды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 2-тармағына сәйкес,

1. Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы 2021 жылғы 15 қаңтарда сағат 10:00-де Нұр-Сұлтан қаласында шақырылсын.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі»,-   делінген хабарламада.

Яғни, ертең президент Тоқаев Мәжілістің жаңа депутаттарының жұмысын бастап, Үндеу жасайды. Ол осыған дейін Үкімет доғарысқа кетуі керек деп мәлімдеген еді. Демек, ертең сол айтқан ауыс-түйіс те боп қалуы мүмкін.

Қазірдің өзінде ел арасында Үкіметтің жаңа құрамы туралы әртүрлі болжамдар жасалып жатыр. Мәселен, әлеуметтік желіде мынадай коллаж таралған.

Онда, Сенатты Ахметжан Есімов басқаратыны, ал Мәжіліс спикері болып Дариға Нұрсұлтанқызы таңдалғаны жазылыпты.

Сондай-ақ, Үкіметтің тізгінін Бауыржан Байбек алады деген де болжам бар. Ал, экс-министр Тамара Дүйсенова Байбектің орынбасары болуы мүмкін екен. Қазіргі сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сынды шенділер Премьер министрдің орынбасары деп көрсетілген.

Одан бөлек, бірқатар жаңа министрлер пайда болады-мыс. Мәселен, Ауыл шаруашылық министрлігіне 2019 жылы Президенттікке үміткер болған Төлеутай Рахымбеков, Мәдениет және спорт министрлігіне «Нұр Отан» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, Қорғаныс министрлігіне Әсет Исекешов барады деген болжам бар. Олармен бірге, Марат Қожаев (ІІМ), Ерлан Аукеновтердің де (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі) есімдері аталады.

Ел ішінде таралған тағы бір болжам мынандай:

Бұған сенсек, Үкіметті Нұрлан Нығматулин басқарады. Ал, оның орынбасары болып Бауыржан Байбек, Роман Скляр және қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тағайындалатын көрінеді.

Бұл жолы Мәдениет пен спортты Серік Сапиев, Білім және ғылым министрлігін ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін Нұргүл Мауберлинова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін қайтадан Тамара Дүйсенова қолына алады-мыс.

Бұл нақты ақпарат емес! Ел аузындағы болжам ғана. Ал, ертеңгі кадрлік ауыс-түйістер туралы сіз не ойлайсыз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

10 пікір