Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3765 0 пікір 6 Наурыз, 2012 сағат 07:41

Сәбит Байдалы. «Алаш» рухы және мемлекеттік тіл

Ұлттың ұлт екенін анықтайтын, осы категорияны негіздейтін 3 өлшем бар. Соның ең біріншісі - тіл. Екіншісі - діл, яғни ұлттық салт-сана, таным-түсінік. Үшіншісі - аумақтық тұтастық. Тіліміз ата-бабадан қалған асыл мұрамыз. «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ». Тіл - біздің барлық рухани құндылықтарымыздың тұғыры. Тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған ана тілімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білу - баршамыздың қасиетті парызымыз.

Үкіметтегі үш қазақтың түбіне жендеттер жетіп тынды

Ұлттың ұлт екенін анықтайтын, осы категорияны негіздейтін 3 өлшем бар. Соның ең біріншісі - тіл. Екіншісі - діл, яғни ұлттық салт-сана, таным-түсінік. Үшіншісі - аумақтық тұтастық. Тіліміз ата-бабадан қалған асыл мұрамыз. «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ». Тіл - біздің барлық рухани құндылықтарымыздың тұғыры. Тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған ана тілімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білу - баршамыздың қасиетті парызымыз.

Үкіметтегі үш қазақтың түбіне жендеттер жетіп тынды

Осы қасиетті парызымызға жүрдім-бардым қарайтындарға, мемлекеттік тілдің мән-маңызын түсінбейтіндерге Алаш арыстарының тіл мәселесіндегі қимыл-қарекеттерін үлгі етіп ұсынуға әбден болады. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деп жар салғанын жұрттың бәрі біледі. Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел - ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт - жойылған жұрт»- депті. 1905 жылы Әлихан Бөкейхановтың Мәскеуде земство және қала қайраткерлері съезінде сөз сөйлеп, сол кездегі 5 миллион қазақ халқының тең құқығын үзілді-кесілді талап еткенін ұмытсақ, оны мүлде кешіруге болмас еді. Кейінгі қалдыруға болмайтын әлеуметтік мәселелермен қатар ол өз сөзінде тіл, сайлау еркіндігі проблемасын да көтерді: «...қазақтардың жуық арадағы мұқтажы, әсіресе алдағы сайлау үгітіне байланысты қажет болатын ана тілін қолданудағы еркіндік болып табылады және мен съезде жергілікті тілдер құқықтарына орай барлық шектеулерді дереу жоюды жақтап пікір айтылуын өтінген жолдастардың ұсыныстарына қосыламын».

Алаштың саяси көсемінің осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын патшалы Ресейдің дәуірінде айтқан «қазақтардың жуық арадағы мұқтажына» - ана тілінің еркіндігіне әлі қол жеткізе алмай отырмыз. Сәкен Сейфуллин Қазақ үкіметін басқарған тұста қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңнің өзінде басыма қатер төнеді-ау демей «қырғыз» атауын қазақ деп түзеп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазған. Партияның қарсылығына қарамай, төтенше сессия шақырып, Декрет қабылдауға ұйытқы болған. Сонда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс қағаз қазақ тілінде жүргізілсін, ол қазақ аудандары мен болыстарында 1924 жылдың 1-інші қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1-інші шілдеден әрі қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс қағазы қазақ тілінде жүргізілсін» деп жазылған. Бұл сол кезеңнің тұрғысынан алғанда көзсіз ерлік, тәуелсіздік жоқ, күнің біреуге қарап тұрған заманда басты оққа байлау. Осыны айтқан Сәкенді де қызылдардың жыршысы деп кергігендердің болғаны жасырын емес.

Тағы бір Алаштың ұлына жүгінейік. Сәкен Сейфуллиннің орнына келген Нығмет Нұрмақов әділет комиссариатының алқа мәжілісіне қатысып, «аралас аймақтағы сот қазылары мен тергеушілері орысша да сауатты болсын. Мұндай аймақтардағы қазақ тілін білмейтін, қызметке жарамсыз барлық іс жүргізушілер жұмыстан босатылып, қазақша жетік білетіндермен алмастырылсын», - деп талап қойған. Сол кездегі үкімет құрамында үш-ақ қазақ болыпты. Ақыры кеңестік империяның жендеттері олардың түбіне жетіп тынды. Енді осы Алаш арыстары қазіргі тұста ұлттың рухына айналуы тиіс емес пе?

... Өз елінде азшылықтың тіліне айналу қауіпі бар

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын да тарих қойнауына қалдырдық. Сол тәуелсіздігіміздің ең мықты тұғырларының бірі де бірегейі болуы тиіс мемлекеттің тілді нығайту бағытында аңысын аңдиық, аптықпайықпен 20 жылымызды өткіздік. Республика азаматтарының мемлекеттік тілді игеру қарқыны біздің күткенімізден әлдеқайда төмен. Сондықтан «Алаш» арыстарының рухын көтеру жолын ұстанған «Ақ жол» партиясы қоғам мемлекеттік тілдің шынайы, нақты мәртебесін тиісті тұғырына қондыру жөнінде жаңа міндеттер қоюға толық құқылы деп санайды. Бұл уақыт ішінде біздің тәуелсіз мемлекетімізде тұтас бір ұрпақ туып, өсіп жетілді. Егер осы бағытта шын мәніндегі алға жылжу болмаса, мемлекеттік тіл өз елінде азаматтардың азшылығының тілі болып, ғылыми-техникалық прогрестің сыртында қалып қою қаупі бар. Мемлекеттік тілге байланысты Конституцияның, «Қазақстанның тілдер туралы» Заңының талаптары орындалмай отыр. Тілдерді қолдану мен дамытудың талай бағдарламалары жасалды. Бірақ соны жүзеге асыру үшін жасалған іс-шаралардың орындалуына шынайы ниет танытпайтын, тіпті елемейтін ахуалға жеттік. 20 жыл бойы мемлекеттік тіліміздің өзінің заңды тұғырына қонбауы - Конституцияны құрметтемеуден, заңдарымызды сыйламаудан, заңды орындамаудан шығады. Сондықтан ендігі жерде тілге қатысты заң талаптарының орындалмағаны үшін жауапкершілікті күшейтетін кез келді.

Тіл саясатындағы принципті мәселелерде солқылдақтықтар көрсетуге болмайды, ол тіпті түптің-түбінде орға жығуы мүмкін. Елде дүрлігу туғызған былтырғы жылғы зиялы қауымның Үндеуінің шығуына себеп болған Мәдениет министрлігінің шынайы емес, жоба деңгейіндегі құжатының таралып кетуіне кінәліні іздемей-ақ қояйық. Ал, осы министрліктің жауапты хатшысының ұстанымын сәл ғана уақыттан кейін министрдің орынбасарының өзгертіп түсіндіріп жатуын қалай ұғынуға болады? Министрлік өзінің бұрынғы позициясынан неге кері қайтты, неге шегініс жасап ақталды? Жалпы, ішінде мемлекеттік сыйлықтың бірнеше лауреаттары бар елге белгілі азаматтардың көзқарасына байланысты неге Үкімет өз ұстанымын білдірмеді? Жақында Латвияда өткен референдумда осы елдің Премьер-министрі орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде қосарлау елдің тұрақтылығын бұзатын ең бірінші фактор деп ашықтан-ашық мәлімдеді. Бізде орыс тілі мемлекеттік тіл емес қой деп бұл салыстыруды өрескел көретіндер табылар. Бірақ біздегі жағдай одан да жаман. Біздің елде орыс тілі мемлекеттік тіл болмаса да ресми тіл ретінде мемлекеттік тілді тұтастай айырбастап, жолын кесіп отыр. Жалпы, біздің Үкімет мүшелері қоғамда, ел ішінде өткір мәселелер туындағанда жұрт алдына неге шықпайды, неге жауапкершіліктен қашады? Күн өткен сайын мемлекеттік ұлттық саясат мәселелеріне бей-жай қарай алмайтындар қоғамда барған сайын көбейіп келе жатқанын билік сезінуі тиіс.

Қазақтар орыстардан құрмет күтуге адамгершілік тұрғысынан да қақылы

Адамзаттың қазіргі даму деңгейінде ұлттық нышансыз, ұлттық мәдени ерекшеліксіз дербес мемлекет болып қалыптасу мүмкін емес. Ал оның ең басты көрсеткіші - тағы да тіл. Тіпті бәріміз білгішсініп айта беретін жаhандану үрдісіне төтеп беруіміз үшін де тілімізді сақтауымыз керек. Жаhандану кезіндегі түп қазығымыз  - ана тіліміз бен мәдениетіміз. Ендеше ана тіліміздің болашағын ойлау - мемлекетіміздің басты міндеті. Қазақстаннан басқа бірде-бір мемлекет үшін қазақ тілі қажет емес. Қазақ тілі сол Ресей үшін мүлдем қажетсіз тіл. Ал бізде орыс тілін қажетсіз, мүлдем керегі жоқ деп отырған ешкім жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ешқандай тілдің дамуы басқа тілдің есебінен жүзеге аспайды. Мұны білеміз. Бірақ біздің елде мемлекеттік тілдің мәртебесін бекіту үшін жасаған әрекеттердің бәрін құмға сіңген судай жоқ етіп отырған фактор - осы ресми тіл болып тұр. Әділдігіне келер болсақ, мемлекеттік тілді біліп тұрған қазақтарды басқа тілдерді білуді күштеп таңуға ешкімнің қақысы жоқ, басқа тілдерді үйрену әркімнің жеке шаруасы. Біздің елде мемлекеттік тілді білмегеннен өмір сүру қиындығы туындап отырған жоқ, керісінше орыс тілін білмесең қиындықтарға тап боласың. Сол себепті де қазақ тілін игеруге қажеттілік туындап отырған жоқ. Қажеттілік болмаса, мың жерден қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктерді үйіп тастасаңда тіл үйренбейсің. Ана тіліңде еркін сөйлейтіндердің ана тілінде сөйлей алмайтындардың кесірінен өмір сүрудің қиындығын сезінуінен артық қорлық бар ма? Тәуелсіздіктің 15 жылдығында аюдың да мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік болғанын Мемлекет басшысының өзі де айтып қалғаны есте. Әрине, мұны ол күйінгеннен айтты. Содан бес жылдан кейін де алға қатты жылжып кеткеніміз шамалы. Өзге елдердің ешбірінде мұндай сорақылық жоқ. Халқына, ұлтына шын жан ашитын мемлекеттер оншақты жылдың көлемінде өз республикасында тұратын орыстілділерді мемлекеттік тілді үйренуге көндірді. Тіпті славян тектес украин халқының өзі басқыншы тілі, шет тілі санап, орыс тілінің қолданыс аясын тарылтып, Мәскеудің ысқырғанына пысқырмай мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеріп алды.

Біз қазақтар өзіміздің ана тілімізден басқа тағы бір шет тілін - орыс тілін еркін меңгергенбіз деп айтуымызға әбден болады. Бұл біздің ешкім тартып алмайтын игілігіміз. Қазақтар осындай құрметті басқа ұлттардың өкілдерінен, әсіресе орыстардан күтуге адамгершілік тұрғысынан да, заңдық тұрғыдан да қақылы. Бірақ тіл саясаты туралы қоғамда талқылау жүріп жатқан кезде, «босағадан сығалап тұрған тілімізді төрге шығарыңызшы» деген жалынудан артылмай жүрген «ұлтшылдығымыздың» өзіне орыс «достарымыз» қатты шамданды. Ұйымшылдықпен қарсылық көрсетті. Олардың біразы нағыз шовинист екендігін ашықтан-ашық танытты. Пікірсайысты мемлекеттік тілге өшпенділік білдіруге пайдаланды. Олар ана тіліне уызында жарымаған қазақтарды ертіп алып, тасадан тас атқызды. Ал біз болсақ, өзімізді ұлтшыл деп айтпасын деп өне бойы бүгежектеп, күмілжіктеп жүреміз. «Ақ жол» партиясы өзінің мәлімдемесінде мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы пікір-таласты шыдамсыздықпен бір-біріне тіл тигізуге, қорлауға айналдырып жіберуге тырысқандарды айыптады. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігін және мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтын құрметтемеу көрсеткіші деп атап айтты.

Шынында да мұндай көзқарас еліміздің тарихи дамуының және бізге дейінгі көптеген буындар күресінің, соның ішінде біздің партия жолын жалғастырып отырған «Алаш» қайраткерлерінің күресінің заңды нәтижесінде келген Тәуелсіздіктің маңызын бағаламау болып табылады. Қалай болғанда да қазақтың намысты ұл-қыздарының өздерінің «ұлтшылдығынан» қымсынбай, қайта «Мен - Қазақпын!»  деп мақтанышпен айтатын кезі келеді. Олар ерте ме, кеш пе, «біздің елде шовинизмге орын жоқ» деп бар дауыспен айтатын болады. Өйткені біз «еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқая алған» бабалардың ұрпағымыз.

Бүгінгі көтеріліп отырған  мәселе - бір адамның, тіпті бір ғана Парламенттің мәселесі емес, бұл бүкіл ұлттың абыройы, мәртебесі. Ұлт, Мемлекет және ұлттың күретамыры - Тіл ұғымдары: біртұтас ұғымдар. Бұл егемендігін алған қай елдің болмасын саяси-философиялық  іргетасы. Ендеше, мемлекеттік тілді игеру және дамыту, оған өзінің тиісті мәртебесін беру мәселесі өне бойы «кейінге қалдырылатын», «екінші дәрежелі» міндет деп емес, мемлекеттік құрылыстың ең басым мақсаттарының бірі деп қарастырылуы тиіс. Партия лидері Азат Перуашев мемлекеттік тіл туралы осындай  ұстанымдарын бірталай басылымдарда білдірді. Мәселен, былтырғы жылы "Айтпарк" қоғамдық-саяси интеллектуалдық клубына кезектi қонақ ретiнде келген кезде"Ақ жол" партиясының төрағасы мынадай ойларымен бөлісті. «Интернет ресурстарындағы тiл туралы пiкiрлерге қарасам, орыстiлдi оқырмандардың пiкiрлерi өрескел екен. Олар "Бiзге қазақ тiлiнiң керегi жоқ. Тәуелсiздiк бiзге аспаннан тегiн келген" деп жазыпты. Бұл - мүлдем қате нәрсе. Мен бұған түбегейлi қарсымын. Бүгiнгi таңда қазақ тiлi - тәуелсiздiктiң элементi ретiнде көрiнiп жүр ме? Мен орыстiлдi қазақпын. Орыс мектебiн тәмамдадым. Бұл менiң байлығым десем де болады. Бiрақ та менiң елiмде менiң мемлекеттiк тiлiм тәуелсiздiктiң негiзгi белгiлерi - туы, елтаңбасы, әнұраны сияқты бағалануы керек. Сондықтан да басқа тiлдердiң беделiн арттырып немесе азайтуды айтпағанның өзiнде, мемлекеттiк тiлдiң шынайы қолдану аясын кеңейтудi қолға алу керек. Барлық мәселе - мемлекеттiк тiлдiң беделiн көтеруде жатыр. Менiңше, елiмiзде орыс тiлi онсыз да лайықты деңгейде. Ал қазiргi кезде осы деңгейге өзiмiздiң ана тiлiмiз жетпей отырғаны қынжылтады» («Түркiстан» газеті, № 38 (896), 22.09.2011)

«Ақ жол» ажыратушы емес, біріктіруші мақсатқа қызмет етеді

«Ақ жол» партиясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракциясы Мемлекеттік тіл туралы заңның әзірленіп, қабылдануына, Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіттіруге күш салады. Партия мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді басым бағыттарының бірі санайды. Мәселен, партия Қазақстанның барлық облыстарында ересектерге мемлекеттік тілді оқытып-үйрететін жексенбілік мектептер желісін ашуды жоспарлап отыр. Тілді оқыту үш деңгей бойынша жүргізіледі: жаңадан үйренушілер үшін, жалғастырушылар үшін және тереңдетіп оқыту бойынша. Ұйымдастыру жұмыстарына, әдістемелік құралдарға, жарияланған әдістемелік байқау өткізуге, оқытушылардың жалақысына жұмсалатын қаржыны «Ақ жол» партиясы өз мойнына алады. Біз қазіргі таңда мемлекеттік тіл болып отырған қазақ тілінің күнделікті өмір пен отандастарымыздың өзара қарым-қатынасында кеңінен қолданылуы Алаш арыстарының да аңсаған арманы болғанын ешуақытта естен шығармаймыз.

Қазақ тілі мен руханиятын дамытудың жауапкершілігін «Ақ жол» өз мойнына алуға дайын екендіктерін білдіріп келеді. «Ақ жол» партиясы ҚР-ның 2010-2020 жылдарға арналған жаңа Ұлттық саясатының Тұжырымдамасын жасады. Осы тұжырымдаманың көптеген қағидаттары «Ақ жол» партиясының сайлауалды тұғырнамасына енген. Ал бұл Тұғырнама сайлауалды құжат ғана емес, сайлаудан кейінгі істеріміздің де бағдарламасы. Партия жасаған бұл құжаттарда мемлекеттік тілге қатысты ұстанымдары айқын көрсетіліп, онда келесі басымдықтар белгіленген:

- қазақ тілі мен мәдениетінің ел ішінде және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттігін күшейту мақсатында қазақ тілді журналистер мен мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қорғау және БАҚ пен қазақ мәдениетін қаржылық жағынан қолдауға басымдық беру;

- басқа мемлекеттер тәжірибесіне сүйеніп, заң негізінде ұлттық мәдениетті қорғау, БАҚ, кинопрокат, театрлар мен концерттер репертуарларының ұлттық мөлшерінің шетелдікке қарағанда басымдығын қадағалау;

- аймақтардың ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік тілдің барлық салада халыққа қызмет етуінің нақты мерзімдерін анықтау;

- ақпараттық кеңістік даму ерекшеліктерін және ақпарат инфрақұрылымның, интернеттің ұлттық бәсекелестікке қабылеттік деңгейін анықтаудағы үздіксіз артып келе жатқан маңызын ескере отырып, жаңа талаптарға сай қазақ алфавитін қабылдау..;

Осы секілді практикалық мәселелерді іскерлікпен шешуді сөзбұйдалыққа салу - Конституцияда мемлекеттік мәртебе берілген ана тіліміздің өз жерінде өгейдің кебін кигізіп отырған кім екенін әшкерелеп отыр. Ол біздің орыс тілді, яғни шет тілді үкімет. Біз Үкіметтен, Парламенттен мемлекеттік тілді республика аумағына толық енгізу ісін мықтап қолға алуын талап етуіміз керек. Ол үшін: осы аса маңызды мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруды Үкімет пен Парламент Қазақ елінің заңдарын дайындап, ұсыну, талқылау, қабылдау тетіктерінің бәрін мемлекеттік тілге көшіруден бастау қажет. Парламент пен Үкімет барлық мәжілістерін, онда қабылданатын құжаттардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізуі тиіс. Орыс тілінен аударып, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп жатырмыз деген кешегі «жетістігіміз», бүгінгі біздің басты кедергіміз. Ендеше өзімізді-өзіміз алдауды доғарайық. Көзбояушылыққа бармайық. Арымыздың алдында адал болайық. Осы талапты Үкімет барлық министрлер мен облыстардың әкімдеріне қойып, барлық салалық министрліктерде және республиканың барлық облыстарында іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізілуін жуыр маңда қамтамасыз етулерін міндеттеулері керек. Сонымен қатар Үкімет және жергілікті билік органдары диаспора өкілдерінің шоғырланып тұрған аймақтары мен елді мекендерін нақты анықтап, соларда қажеттілігіне орай орыс тілі және басқа тілдерді қолданудың жағдайларын жасауды тиянақтап қойғандары жөн.       

Осы және тағы басқа нақты шараларды жүзеге асыруды шұғыл бастау арқылы Үкімет және Парламент мемлекеттік тілдің мәртебесін өзінің заңды деңгейіне жеткізу мәселесін шешуге мүдделі екенін көрсетіп, қазақ халқының сеніміне енуі тиіс. Мемлекеттік тіл мәселесінің биліктегілердің пенделік, өткінші мүдделерінің тасасында қалып қоймауын азаматтық қоғам қадағалауын тоқтатпауы керек. Конституцияның, Заңдардың талаптарын орындау салтанат құратын елде өмір сүруге барлығымыз мүдделі болуға тиіспіз. «Ақ жол» мемлекеттік тілдің толыққанды дамуы және оны еліміздің барлық азаматтарының меңгеруі әрбір қазақстандық үшін елді ажыратушы емес, біріктіруші мақсат болуы керек деп санайды және осыған қызмет етеді.

«Абай-ақпарат»

Сәбит Байдалы,

«Ақ жол» партиясы

Орталық аппараты

идеология бөлімінің директоры.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019