Ардабек СОЛДАТБАЙ. Бір қазақ
Өткір оралман емес, қазақ болғысы келеді
Ол біздің ауылда тұратын. Алматының іргесі, ауыл деген аты, әйтпесе болашақта қаланың орталығы болатын жер. Байбесіктегі жұрт бірін бірі жақсы біледі. Біз де ауылдас болған соң таныстық. Ауылдағы жалғыз көшенің бойында отырмыз. Әңгімеден әңгіме шығып ұлттардың ерекшелігін сөз еттік. «Өзбектерді аса ұнатпаймын, жылпос халық қой» деп бір қойдым. «Нон, нон деп нан сұрағаннан басқаны білмейді» деп жалдамалы құрылысшыларды меңзеп тағы үстемеледім. «Бауырым, мен де өзбекпін ғой». «Қой, сен қазақ емессің бе, атың Өткір емес пе, қазақшаға да судайсың?» деймін таңырқап. «Жоқ, өзбекпін. Нүкісте қазақша оқыдым, көрші-қолаң қазақ. Алматыда жүргеніме де 8 жылдай болды. Бұрын маусымдық жұмыс іздеп келіп-кетіп жүрсем, қазір отбасымды әкелдім, қыздарым осында мектепте оқиды, әйелім қазақ, бірақ азаматтық ала алмай жүрмін. Маған өзбек болғандықтан оралман статусын бермейді» деді.
Өткір оралман емес, қазақ болғысы келеді
Ол біздің ауылда тұратын. Алматының іргесі, ауыл деген аты, әйтпесе болашақта қаланың орталығы болатын жер. Байбесіктегі жұрт бірін бірі жақсы біледі. Біз де ауылдас болған соң таныстық. Ауылдағы жалғыз көшенің бойында отырмыз. Әңгімеден әңгіме шығып ұлттардың ерекшелігін сөз еттік. «Өзбектерді аса ұнатпаймын, жылпос халық қой» деп бір қойдым. «Нон, нон деп нан сұрағаннан басқаны білмейді» деп жалдамалы құрылысшыларды меңзеп тағы үстемеледім. «Бауырым, мен де өзбекпін ғой». «Қой, сен қазақ емессің бе, атың Өткір емес пе, қазақшаға да судайсың?» деймін таңырқап. «Жоқ, өзбекпін. Нүкісте қазақша оқыдым, көрші-қолаң қазақ. Алматыда жүргеніме де 8 жылдай болды. Бұрын маусымдық жұмыс іздеп келіп-кетіп жүрсем, қазір отбасымды әкелдім, қыздарым осында мектепте оқиды, әйелім қазақ, бірақ азаматтық ала алмай жүрмін. Маған өзбек болғандықтан оралман статусын бермейді» деді.
Кейін қаланың басқа шағын ауданына көшіп кетті, бірақ хабарласып тұрамыз. Соңғы кездескенімізде «Нүкіске барып қайтайын деп жүрмін. Сенімен ұлт жайында әңгімелескен сайын қатты ойланамын. Әкеміз Кеңес үкіметіне берілген адам болды. Қызметіне адал. Басқада шаруасы жоқ. Әкем бізге ештеме айтқан емес, бірақ әкемнен кейін 4 айдан соң дүние салған інісі қайтыс боларының алдында балаларына «біздің арғы жағымыз қазақ, кезінде өзбек болып мәжбүрлі түрде жазып жіберген. Тектеріңді ұмытпаңдар» депті. Өзінің біраз нәрсе жиып-тергені, жазып жүргендері бар екенін айтыпты. Әулетімізде оқып-тоқыған зиялыларымыз аз, ол кісінің айтқанын әлі ескермеппіз. Оқымағаныма өкінемін. Тексіз деген жаман сөз екен ғой. Тегімді тапқым келеді. Негізі Әлім руынан секілдіміз менің ойымша. Ағамның жазып қалдырғандары жоғалып кетпеген болса осында алып келіп Алматыдағы көп білетін шежіреші үлкендерге, ғалымдарға көрсетіп тегімді тапсам деген арманым бар» деді.
Жоғалған тек. Қаншама қазақ. Тегін іздемей жүргені қаншама. Өйткені оларды біз іздемейміз. Біз дегенім - қазақ. Ол да - қазақ... Бірақ бұлар да бір күні тегін табар. Анықтар. Қазақпын дер, сонда кеудесінен кері итерер ме екенбіз! Өзіміз онсыз да азбыз. Бірақ бәрібір итереміз-ау... Анау бір кездері Дүниежүзі қазақтар қауымтастығы төрағасының (төраға - Нұрсұлтан Назарбаев) бірінші орынбасары Талғат Мамашев деген «Оралмандарды ұрғаным бар» деп бүкіл елді басынып, жұртты дүрліктіріп еді. Шынын айтсам, төлқұжат алып, Қазақия азаматы атанған менің де «оралман» деген терминге түкіргенім бар. Бірақ оралман атана алмай жүргендерді ойласам...
Ал содан бері Талғаттың да үні шықпайтын болыпты. Көп көрінбейді. «Аңдамай сөйлеген - ауырмай өледі» деген ғой. Сол сөз үшін жұрттан қаншама лағынет естіді ол.
Қайыршының қойын бағу
«Е, олар қайыршылар ғой». Ешбіреуі ешкімнен қайыр-садақа сұрамаса да өресіз біреулер оларды солай атайтын. Сұрана береді дейтін. Сұрап жүргені тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында кетіп жүрген квота ғой. Жиырма жылдан бері жыр болып келе жатқан, өзі де жемқорлыққа белшеден батқан қоғамда біреулердің «қалта қампайтарына» айналған квота. Ол жайлы талай айтылды. Біздің тақырыбымыз емес. Қазіргі кейіпкеріміз - Қытайдан көшіп келген қандасымызға қатысы болған соң айтып жатырмыз.
Бірнеше жыл бұрын көшіп келген оны да «қайыршы» десті әуелде Ақсуат жақтағы кейбір ағайын. Мардымсыз квота басына тартса аяғына жетпеген соң малдыларға жалданып жайлауға барды. Малдың бабын, жайылымның жөнін біледі. Іске мығым, бірақ оны бәрі кем көреді. Қайыршы санайды. Өйткені, ол малшылардан майын ағызып алған көк сүтті сұрайды. Бұрын итке құятын. Енді көк сүтке көзін сатқан «байқұсқа» береді. Бала-шағама айран-құрт болсын дейді екен. «Өй, итке бермеңдер, әлгі кім сұрап жүр еді ғой, соған беріңдер» десетін болды малшылар. Анау көк сүтін беріп тұрған өзіндей қойшының өзін кем санайтынын біледі. Ештеме демейді. Әйелі ит басына төгілген көк сүтті ашытып, іркіт қылып, қайнатып құрт қылып, тұздап, бармақтай қылып домалақтап кептіріп жүрді. Күзде ел жайлаудан түсерде анау кептіріп қапқа салып қойған бір миллион дана құртты көлік жалдап Семейге апарып әрбіреуін 3 теңгеден көтерме бағамен өткізіп келді. Сөйтіп ауадан ақша жасап алды. Келер жылы да жайлауға шықты. Енді өзінің де алдында азын-аулақ мал бітті. Малшылар бұрынғыдай кем санамаса да көк сүтін береді. Олар сүтті ақшаға айналдыруды білсе де мойындары жар бермейді. «Осы-ақ байысыншы» дейді. Ал үшінші жылы ол малшы жалдады. Әлгі көк сүтін беретін қойшылар қазір соның қойын бағып жүр. Басқалардай емес малдың жайын білетін, малшылардың мұңын түсінетін жақсы қожайын. Бірақ бәрібір оны «қайыршы» дейді. Өткен шақпен айтады. «Өй, оны қойшы, күні кеше «қайыршы» болатын, құтырып алды ғой» деседі. Ал өзі «қайыршының» қойын бағып кетіп барады...
Малдың жайы демекші, жақында біреумен сапарлас болдым. Кәсіпкер екен. «Ісім жүріп тұр. Мейрамханаларға қойды тұтастай үйтіп беремін. Тойшыл халықпыз ғой, тапсырыс көп түседі. Біз үшін қойдың неғұрлым үлкен болғаны жақсы. Құн сүйеді. Талдықорған жаққа айына бір барып таңдап жүріп ірі дегендерінен 12 қой алып қайтамын. Машинам сонша ғана көтереді. Соңғы екі рет барғанымда 12 емес, 7 қойдан әкелдім. Сол ғана сыйды. Талдықорған жақта Қытайдан көшіп келген ағайындар малды көп ұстайды. Солардан алып жүрмін. Малдың жайын бір білсе солар біледі екен. Қойлары тайыншадай. «Ойбай-ау, мынаны қалай өсіргенсіңдер?» десем, күледі. Малмен бірге өріп, малмен бірге жусаған адам ғана оны түсінеді дейді. Орыстың шошқа баққанынадай қылып қойды қораға қамап қойып қанша жемдесең де еркін жайылып жүрген қойға еш жеткізе алмасың анық. Іскерліктеріне, еңбекқорлықтарына тәнтімін» деді.
Тек Алматының «Барахолкасы» мен «Алтын ордасын» ғана емес, бүкіл елдегі базарлар мен жиһаз дүкендерін арзан және сапалы жиһазбен қамтамасыз етіп отырған тағы да сол оралман деп ат қойған ағайындарыңыз екенін білетін бе едіңіз? Бұрын орыстар бәлсініп бәлен күн жасайтын тапсырысыңызды бұлар қазір бір-ақ күнде бітіріп беретінін білесіз бе? Білмесеңіз, жасаған бұйымын аспандағы бағаға сататын Алматыдағы жиһаз фабрикаларының олармен бәсекелесе алмай жабылып қалғанынан да хабарсыз болғаныңыз. Ал, ағайындар Үкіметтен бір тиын сұрамастан шағын және орта кәсіпкерлікті, бәсекелестікті дамытып жатыр.
«Өз еліне өзі қонақ болғысы келетін оралмандардың ойлағаны не?» деп мақала жазып жүрген баш газет «Егемен Қазақстандағы» орынбасар Сейфолла Шайынғазы сол еңбекшіл жандарды білмейді ғой. Жоқ, біледі, білмеген болады... «егеменнің замы» ет жемейді, үйінде жиһазы жоқ деп ойламаймын.
Бөліп билеу
Дүниедегі ұлтын түгендеп, ағайынның басын қосып жатқан үш жұрттың біріміз деп билігіміздің буы бұрқырайды. Сол жақсылықты біліңдер, айтқанымызға көніңдер, демократпыз деп даурықпаңдар, елің қалай болса бөркің солай болсын, біздің орысымызбен сен де бауыр бол, біздің орыс тілімізде сен де сөйле дейді. Елге елді қосып жатырмыз дейді де бір қазақты «жергілікті» және «оралман» деп екшеп қояды. Оралман... Тіфә-тіфә! Тілім тасқа, қазақтың бай тілін ойына келгенінше «ойната беретін» данышпан терминшілеріміз аман болса, «оралман», «қылтима» (балкон) секілді талай сөзді туар күшеніп. Тарихын бізден гөрі тереңнен тарқататын еврейлер мен тілі халықаралық деңгейге көтерілген немістер әлгі билік айтқан үш жұрттың екеуі. Бірақ олар басын қосып жатқан ағайындарына «оралман» деп ат қойып, айдар тақпайды екен. Терминшілер оларда да бар. Бірақ олар ат қойып, айдар тағу бөлінудің басы екенін біледі. Сондықтан жалпыға ортақ, халықаралық термин - репатриант деген сөзді қолданады. Азаматтық алған соң ол термин көшіп келген ағайынға әрі қарай таңылмайды. Елдің толыққанды азаматы болған соң өзгеден ерекшеленіп, белгілі бір атаумен күн кешуді шеттен келген қандастар да жөн көрмейді. Ешбір мұқтаждық жоқ. Бір - еврей. Бір - неміс. Бірақ, бір қазақ емес. Қазақстандағы халықтың оннан біріне «оралман» деген атау берілген.
Біреумен танысасың, туған жеріңді сұрайды, айтасың, «е, оралман екенсің ғой» дейді. Ол тауықбасқа оралман емес екеніңді, бәлен жылдан бері осы елдің азаматы екеніңді, кәдімгі қазақ екеніңді, оралман деген уақытша статус екенін дәлелдеп көр. Көшіп келдің бе, келдің. Болды, оралмансың дейді.
Тәуелсіз 20 жылда елге ағылған қазақтың саны әлдеқашан 1 миллионнан асып кетті. Мәселен, 1992 жылы елге қоныс аударғанда біздің отбасымызда 5 жан болса, қазір Аллаға шүкір, әкеміздің үрім-бұтағы өсіп, әулетімізде 15 адам болдық.
«Жаңаөзендегі оқиғаға оралмандар кінәлі» деген еді Тимур Құлыбеав. Бас прокуратураның тергеу-тексеру жұмыстарының нәтижелері де белгілі болып жатыр. Ешқандай оралманның, яғни шеттен келген қазақтың бұған қатысы болмай шықты. Ал бірақ Тимур Құлыбаев қаралаған қандастарынан кешірім сұрауға асығар емес.
Жалпы қазақты бөлу кімге керек? Билікке. Бөлінгенді бөрі жейтінін бізден гөрі солар жақсы біледі. Өйткені, өзі қандыауыз. Кешегі Кеңес атты коммунистің жемтіктесі. Киелі көкбөрінің жұрнағы да жоқ бойында. Сондықтан жұртын бөрілі байрақтың астына біріктірудің орнына, бөліп алып иттей талайды. Рушылдық дертін асқындыра түседі. «Беу, адай деген мықты халық. Рухы биік, ешкімге бас имейтін асау, өрмінезді жұрт. Анау-мынауға көне бермейді». Адайды өстіп алалап қойдық. Ақыры Жаңаөзенде жарға жықтық. Қан төгілді. Адайды басу үшін арғын мен албанның жігіттерін апарды-мыс. Жұрт солай гулеп жүр. Өйткені олар «елден ерекше өрмінезді» адайларды ұнатпайды. Ал шынтуайтында, адайдың басқа қазақтан еш айырмасы жоқ. Қаны бір, жаны бір қазақ. Оларды бас имес бүлікші қылып бөліп көрсету билікке, билікке таласып жүрген өзге де күштерге керек. Шаптан түртіп, араға от тастап отыру үшін қажет.
Ұлттың иммунитеті
Ауызыңыз ұшынған шығар. Ас ішіп отырып ауызы-басын шала сүртіп асығыс-үсігіс далаға шыққан адам ұшынып жатады. Әсіресе, балаларда жиі болады. Елеусіз ұшық кейде қотырға айналып, адамның сүйкімін кетіріп тұрады. Тіпті ұшынып өлгендер де аз емес. Ал ұшыққа қарсы антивирусты адам ағзасы өзі бөліп шығаратынын көбіміз біле бермейміз. Мысалы, қанша таза жүрсеңіз де құлағыңызға құлық жиналады. Ол құлық деген құлақтың ішіне сырттан енген түрлі микробқа қарсы ағзадан бөлініп шыққан антимикробтар. Ұшына қалған сәтте құлақтан құлығыңызды алып жаға қойсаңыз бірден жазылады. Ұшық ол да микроб. Ауыздың айналасында қалған тамақ қалдықтарына қонып, едел-жедел ағзаға сіңе қоятын өсімтал микробтар.
Ұлт та тұтас бір ағза секілді. Ал осы алып ағзаның тұтастығына, яғни ұлттың бірлігіне - тілі, діні, ділі, салт-дәстүріне кесірі тиетін нәрсенің бәрі зиянды микроб, вирус. Мәселен, орыстар мол шоғырланған солтүстікте қазақ тілінің халі мүшкіл еді. Ұлттардың ара салмағы мемлекет тұтастығына кері әсер ететіндей ұшынып тұрған. Дәл осы өңірлерге келіп қоныстаған Моңғолия қазақтары антивирус секілді болды. Орысша білмейтін оралман балалар үшін мектептерде қазақ сыныптары ашылды, кейін қазақ мектептеріне айналды. Қазақ тіліне сұраныс артты, көшеде, дүкенде, өлім-тойда жұрт қазақша сөйлей бастады. Газет-журналдар, оқу орындары мен ауруханалар, қызмет көрсету орындарына жұмысқа тұрған көшіп келген ағайын қазақ тілін де дамытуға зор үлес қосты. Өз тілін өз елінде өгейсітпеуге тырысты. Ұлттың иммунитетіне айналды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қайбір күні «Оралмандар елге ешқандай еңбек сіңірген жоқ» деп кесіп айтып еді. Елі сенген Елбасы бірдемені біліп айтатын шығар деп өзімізді ыңғайсыз сезіндік. 20 жылда мен не істедім? Қазақ қоғамының дамуына қандай үлес қостым деп ойландым. Еңбекке араласқалы халықтың көзі һәм құлағына айналған ақпарат құралында істеп келемін. Орысы басым болып, қазақ тілі қалтарыста қалып жүрген өңірде ұлттың рухани жоғын түгендеу үшін қолымнан келгенше, өрем жеткенше еңбектеніппін. Ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген сала болғандықтан журналистикада қызмет ететін замандастарымды жақсы білемін. Ойша санап едім жаңылыса бердім. Сосын тізімін жасадым. Бұлар төртінші билік атанған республикалық, облыстық, аудандық ақпарат құралдарында істеп жүрген Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден, Түркиядан оралған ағайындар. Күнделікті теле-радио эфирін, сайт, газет беттерін ақпараттармен толтырып, мехнатты шаруаны арқалап жүрген азаматтар. Ұлтқа қарсы кез келген нәрсемен ымырасыз күресіп, қазақ тілі үшін шыр-пыр болатын да осылар. Ел бірлігін, ұлт тұтастығын, дін қарындастың амандығын айтатын азаматтар. Біз тізімге күнделікті мақала жазып, ақпарат құралдарында істеп жүргендерді және өзіміз біле алғандарды ғана енгіздік. Шын мәнінде бұлар екі-үш есе көп екені даусыз. Ал егер өзге салада өнімді еңбек етіп жүрген оралған ағайынның тізімін жасар болсақ Қазақстан халқының жұмысқа жарамды азаматтарының онннан бірін тізіп шыққан болар едік. Ал, Елбасы олар еңбек сіңріген жоқ дейді. Қалай сенесің енді билікке.
Міне, ақпарат құралында істеп жүрген тарихи отанына оралған азаматтардың тізімі. Басым бөлігі оқуды осында бітірген жастар.
1. Абай Мауқараұлы, тәуелсіз журналист
2. Айбек Қобдабай, «Қазақстан» арнасы
3. Айбек Құрмет, «Ислам мәдениетін мен білімін қолдау қорының» студиясында жетекші
4. Айдос Жұқанұлы, тәуелсіз журналист
5. Айжан Қуаш, «Астана» телеарнасының Қарағандыдағы тілшісі
6. Айнұр Қуатқызы, «Бәйтерек» баспасөз орталығы
7. Айнұр Тоқтархан, «Арта-Екібастұз» арнасы
8. Ақеділ Тойшан, «Дала мен қала» газеті
9. Ақсұңқар Ақынбаба, тәуелсіз журналист
10. Алтай Сұлтан, тәуелсіз журналист
11. Алтынтоғыс Қайсарұлы, тәуелсіз журналист
12. Аманбек Заңдыбай, тәуелсіз журналист
13. Амангелді Құрмет, «Қазақ» радиосы Ақпарат-бағдарламалар бөлімінің жетекшісі
14. Амантай Тойшыбай, «Намыс.кз» сайты
15. Аннас Бағдат, Өнер академиясының оқытушысы, тәуелсіз журналист
16. Аргентина Жәнібек, «Хабар» арнасы
17. Ардабек Солдатбай, «Маса.кз» сайтының редакторы
18. Ардақ Зұлхажап, Қарағанды облыстық телеарнасы
19. Ардақ Нұрғазы, «Алматы ақшамы» газеті
20. Арман Бұғыбай, тәуелсіз журналист
21. Армангүл Тоқтамұрат, «Астана» телеарнасы
22. Армиябек Сағындық, тәуелсіз журналист
23. Аршын Нұрбақыт, тәуелсіз журналист
24. Ауыт Мұқибекұлы, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ
25. Ахат Әшуұлы, тәуелсіз журналист
26. Әбу-Асқар Мекешұлы, тәуелсіз журналист
27. Әділ Құмарбек, Қарағанды телеарнасы
28. Әлия Жәмитова, «Қазақстан-Атырау» облыстық телеарнасының жаңалықтар бөлімінің тілшісі
29. Әлімжан Әшімұлы, тәуелсіз журналист
30. Әсемгүл Мұхит, Павлодар облыстық телеарнасы
31. Бақытбек Бәміш, тәуелсіз журналист, Алматы
32. Бақытбек Хамит, «Аймақ айнасы» Ақпарат агенттігінің бас редакторы, Павлодар
33. Бақытгүл Абай, «Сарбаз» газеті
34. Бақытжол Кәкеш, «Қазақпарат» агенттігі
35. Бауыржан Бабажан, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы
36. Бауыржан Қарағызұлы, «Кітап патшалығы» журналы
37. Бейбіт Тоқтарбай, «Халық сөзі» газеті, жауапты хатшы
38. Бейбітгүл Каметия, Хромтау аудандық газетінің тілшісі, Ақтөбе облысы
39. Бейсен Сұлтан, тәуелсіз журналист
40. Бекболат Сауырбай, Павлодар облыстық радиосы
41. Бекен Қайрат, «Намыс» журналының редакторы
42. Бектұрған Лақадил, тәуелсіз журналист
43. Бердібек Хабайұлы, ПМО-ның журналы
44. Болат Жанайхан, тәуелсіз журналист
45. Болатбек Баянханулы, «Қазақстан» арнасы
46. Бұлбұл Адай, тәуелсіз журналист
47. Бүркіт Нұрасыл, «Халық сөзі» газеті, Саясат бөлімінің редакторы
48. Біләл Қуаныш, «Ана тілі" газеті
49. Гүлжайна Түгелбай, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті
50. Гүлжанар Амантайқызы, «Ұлт болмысы» журналының редакторы
51. Гүлмира Есжанова, Атырау облыстық радиосының журналисі
52. Гүлшекер Қуанбайқызы, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ ("Болашақ") баспасөз жетекшісі, Асыл Арна телеарнасы - журналист, "Айналайын" бағдарламасының редакторы
53. Ғабит Бөкенбай, «Астана» арнасының Павлодардағы тілшісі
54. Ғалым Қалибек, тәуелсіз журналист
55. Дағжан Бедеубайұлы, тәуелсіз журналист, Алматы
56. Дәлелхан Әбдіхалықұлы, тәуелсіз журналист, Ақсу қаласы, Павлодар облысы
57. Дәулетбек Байтұрсын, «Да! Қазақстан» журналының бас редакторы
58. Динара Сүгірбаева, «На страже» газеті
59. Досан Баймолда, тәуелсіз журналист
60. Думан Қазез, Батыс Қазақстан облысы, Тасқала аудандық газетінің бас редакторы
61. Ербақыт Амантай, тәуелсіз журналист, Петропавл
62. Ерболат Баятұлы, тәуелсіз журналист, Көкшетау
63. Ерғазы Айтмұхаметұлы, «Қазақстан-Заман» газеті
64. Ерғали Бақаш, «Өзін өзі тану» журналы
65. Еренғайып Қуатайұлы, тәуелсіз журналист, Алматы
66. Ержан Жаубай, тәуелсіз журналист
67. Ержан Қалымбай, «Хабар» арнасында істеген, Түркияда оқуда
68. Ержанар Әшейхан, «Қазақстан» арнасы
69. Еркежан Күнтуғанқызы, «Оқушылар сарайының» баспасөз хатшысы
70. Еркін Қуатайұлы, «Түркістан» газетінің фототілшісі
71. Ерқанат Көпжасар, «Қазақстан» арнасы, «Кеш жарық» бағдарламасының жүргізушісі
72. Ертай Өсерхан, «На страже» газеті
73. Есенбек Санатұлы, тәуелсіз журналист, Павлодар
74. Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер.кз» сайтының редакторы
75. Жанатбек Төлеубек, СТВ-ның тілшісі
76. Жанболат Санияз, Көкшетау ІІД баспасөз қызметі
77. Жанболат Серікбай, «Астана» телеарнасы
78. Жандос Бәдел, «Казбин» ақпарат агенттігі жетекшісі
79. Жандос Жүкелұлы, «Вечерний Талдыкорган» газеті
80. Жандос Мақшынай, «Іскерлер радиосы», Астана
81. Жарас Кемелжан, «Дат» газеті
82. Жарқын Жұпарханұлы, Петропавл-Қазақстан телеарнасы
83. Жарқын Сәленұлы, «Жас Қазақ» газеті
84. Жарқынбек Амантай, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті
85. Жәди Шәкен, «Жас қазақ үні» газеті
86. Жәнібек Амангелді, Бас Прокуратура журналының редакторы
87. Жұқамыр Шөке, «Тасжарған» газеті
88. Жұмамұрат Шәмші, тәуелсіз журналист
89. Жүкел Қамайұлы, «Білім шапағаты» журналы
90. Заңғар Санай, «Астана» телеарнасының Қостанайдағы тілшісі
91. Кәусар Ілескенқызы, «Қазақстан» телеарнасы
92. Керім Елемес, «Балдырған» журналы
93. Көлтай Кәлелханұлы, тәуелсіз журналист, Павлодар
94. Күнсұлтан Отарбай, «Спорт» газеті
95. Қалбай Әділ, «Заң» газеті редакторының орынбасары
96. Қанағат Құрметұлы, «Арқа ажары» газеті, Көкшетау
97. Қарлығаш Хашым, ПМУ-дің «Білік» газетінің редакторы
98. Қойшыбек Мүбарак, тәуелсіз журналист
99. Қуандық Шамахайұлы, тәуелсіз һәм халықаралық журналист
100. Құралай Пионер, «КТК» арнасы
101. Құтмағамбет Қонысбай, «Айқын» газеті
102. Қыдырбек Қиысханұлы, «Қазақстан-Заман» газетінің тілшісі, Қостанай
103. Қызырхан Шәкірт, Павлодар облыстық радиосы
104. Қымбат Тоқтамұрат, «Астана ақшамы» газеті
105. Қымбат Шұғайып, «Қостанай-тв» арнасы
106. Лиза Шекен, ҚТЖ Ғылыми-техникалық ақпарат орталығы баспа бөлімінің жетекшісі, тәуелсіз журналист
107. Майгүл Сұлтан, тәуелсіз журналист
108. Мара Келес, «Қазақстан әйелдері» журналы
109. Марат Уатханұлы, тәуелсіз журналист, Алматы
110. Махаббат Кәмесхан, Павлодар облыстық радиосының бас редакторы
111. Мейрамбек Қызыр, Павлодар облысы, Май ауданы «Шамшырақ» газеті
112. Мейіржан Әуелхан, тәуелсіз журналист
113. Мұқаш Қожахмет, «Қазақ радиосы»
114. Мұрат Алмасбекұлы, тәуелсіз журналист
115. Мұрат Жетекбай, «Мұнайлы» газетінің бас редакторы
116. Мұрат Шаймаран, ҚазҰУ журфактың оқытушысы, тәуелсіз журналист
117. Мұртаза Бұлұтай, тәуелсіз журналист
118. Мұса Мұхамет, Павлодар облысы, Железинка ауданы «Туған өлке» газетінің редакторы
119. Мұхтар Холдарбек "Қазақпарат" агенттігі, фототілші
120. Нағыз Қапшықбай, «Қазақстан» арнасы
121. Нұрбек Түсіпхан, "Алматы" арнасы
122. Нұрбек Халым, «Заң» газеті
123. Нұрғайым Саяхат, тәуелсіз журналист, Павлодар
124. Нұржайна Шодыр, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті
125. Нұржанат Қабдолұлы, Ақтөбе қалалық «Рика» телеарнасының бағдарлама жүргізушісі
126. Нұрлан Геройхан, тәуелсіз журналист
127. Нұрлан Қабдай, «Хабар» арнасы
128. Нұрлан Оқаұлы, «Хабар» арнасы
129. Нұртай Лахан, «Азаттық» радиосы
130. Олжас Керей, «Қазақстан» арнасының ШҚО-дағы тілшісі
131. Оңалтай Қуандық, «1 арна Еуразия» арнасы
132. Оралбай Каметия, тәуелсіз журналист, Ақтөбе
133. Өміржан Әбдіхалық, «Абай.кз» сайтының редакторы
134. Рая Мінәп, Кәрім Мәсімовтың ресми сайты
135. Ризабек Нүсіпбек, «Қазақпарат» агенттігі
136. Ринат Сүлейменов, спорт журналисі, Павлодар
137. Сағындық Рзахметов, Маңғыстау
138. Саягүл Жарылқасын, «Қазақпарат» агенттігі
139. Сейіл Құмар, тәуелсіз журналист
140. Сержан Зәкерұлы, «Хабар» арнасы
141. Серік Боқан, тәуелсіз журналист
142. Серік Жолдасбеков, «На страже» газеті, фототілші
143. Серік Нұғыман, «Балдырған» журналы
144. Серікгүл Сұлтанқажы, "Астана ақшамы" газеті
145. Тастанбек Жұмаханұлы, " Қазтудей" агенттігі
146. Тоқтарәлі Таңжарықұлы, «Дала мен қала» газеті
147. Төлемырза Балтабаев, Шымкентте шығатын «Төртінші билік» газетінің құрылтайшысы
148. Тілекгүл Есдәулет, "Ел" газеті, редактордың орынбасары
149. Тілеуберді Сахаба, Екібастұз қалалық телеарна тілшісі
150. Ұларбек Дәлейұлы, «Төртінші билік» газеті
151. Ұларбек Нұрғалымұлы, «Намыс» журналы
152. Ұшқын Сейідрахман, ЕҰУ-нің оқытушысы, тәуелсіз журналист
153. Ықылас Ожай, ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінде оқытушы, тәуелсіз журналист
154. Ырысбек Дабей, «Қазақ әдебиеті» газеті
Кешірім сұрайтындар көп
Әлгі ел газеті дейтін «Егемен Қазақстанда» көшіп келген ағайынды қаралайтын мақаладағы көп жайтқа жауап берген секілдіміз. Ол кісі «оарлмандар оңтүстікке құмар, солтүстіктегі орыстанған өңірлерге бармайды, қиындықтан қашады» деген болатын. Ол сөзі шылғи өтірік екенін мына тізімге-ақ қарап біле алдыңыздар. Тоқсан пайыздан астамы солтүстіктегі тіл майданынның өтінде жүрген азаматтар. Шынын айтқанда, тәуелсіздік алған соң басталған бейбіт Көштің басында болған Моңғолия қазақтары оңтүстік өңірлерге сүйресең де бармайтын еді. Біріншіден шалғай жер, екіншіден өзгеше менталитет, ал Сарыарқа мен Алтайдың арасы жақын, ауа райы да ұқсас. Сондықтан алғашқы көшіп келген ағайындар тұтастай солтүстікке қоныстанды. Оны С.Шайынғазы да біледі. Біле тұра арандату үшін білмегенсіді. Орынбасардың ойына келгенін баса беретін аға газеттегі әлгі мақалада айтылатын оңтүстіктегі 4 облысқа шоғырланып жатқан қазақтарды солтүстікке айдап апара алмайсың. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысы олардың ата мекені. Бір кезде сол атажұрттан айрылып, шекара сызығының ар жағында қалып қойған жандар олар. Соны да білмейтіндей Сейфолла ағамыз сауатсыз емес шығар. Дегенмен, бір қызық жайт бар: автор көбінесе оңтүстік өңір мен Маңғыстау жұртына оралған ағайынға өкпе арта сөйлейді. Ал оған қарсы өре түрегеліп, қоғамдық пікірдің көрігін қыздырған солтүстік-шығысты қоныстанған Моңғолия мен Қытайдан келген ағайындар болды. Бұл да көп жайттан хабар берсе керек. Солардың бірі Ауыт ағам назаланып өлең жазып, оны оқыған Сауыт ағасы інісінен кешірім сұрады. Сөйтіп «Егеменнің» редакторы дау осымен бітті дегендей емеуірін білдірді. Олай кешірім сұрай салуды қабыл-хош көрмейді қазақ. Елді қаралаған етектей мақалаға орын табылғанда, кішірейіп кешірім сұрауға орын табылмады газеттен. Бірақ, қазақтан тізерлеп тұрып кешірім сұрайтындар аз емес. Ол күнге де жетерміз. Кешірерміз... кеңпейіл халықпыз ғой...
Оралман сөзі кемсіту үшін де керек
Жалпы, әуелден айтқанымыздай, «оралман» термині біріншіден қазақты бөлу үшін керек болса, келесі маңызды міндеті көшіп келген қазақты кемсіту құралы болуы еді. Оны да қарапайым логикамен түсіндіріп беруге болады. Алғашқы лекте көбінесе Моңғолия қазақтары көшіп келе бастағанын айттық. Жергілікті халық, әсіресе орыстар қымс етсе «монгол» дейтін. Олардың бәрін малшы, қойшы санайтын. Түсініктері солай болатын. Шетелден келген қазақтарды тек жұмыс күші деп бағалау алпысыншы жылдары Қытайдан көшіп келген ағайындарға қатысты қалыптасқан түсінік болса керек.
Рас, ол кезде Қытайдан көшіп келген ағайындар шынымен де қарыздың орнына келген жұмыс күші болатын. Екеуін де қылышынан қан тамған коммунистер басқарып тұрған бір елден екіншісіне үдере көшкенімен жағдайлары нешік болатынын ағайындар білетін. Бірақ Хрущев келген соң салқындап кеткен екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас соңы қарызымды қайтар деген жаналқымға жетті. Қытай коммунистері Кеңес одағының алдында белшеден қарыз еді. Беретін ақша жоқ. Халық аш, кедей. Бірақ саны көп. Жұмыс күшін ал деді. Ал одақты етпен қамтамасыз етіп тұрған Қазақстанда мал жайын білетін адам аз қалып еді. Аштықтан, қуғын-сүргіннен, атың өшкір соғыстан аман қалған аз қазақ жалмауыздай жалмаңдаған айдаһардың көмейін етпен бітеп үлгермей жатыр еді. Хрущев та қарсы болмады. Біраз дайындық жұмыстарынан соң екі-үш күн шекара ашылып, қолдарына «Совет гражданы» деген төлқұжат берілген бір қауым ел бергі бетке өте шықты. Келді де алдында көшуге үгіт жүргізілген кезде айтылғандай «бір кранды бұрасаң сүт ағатын, екіншісін бұрасаң май ағатын» жұмаққа емес, иен қыстау, ен жайлауда малдың соңына түсті. Араларында оқып-тоқыған, түрлі мамандық иелері болса да мал бағуға мәжбүр болды. Тырп ете алмады.
Тәуелсіздікпен бірге басталған көшпен келген қазақтарды да үкімет солай пайдаланбақшы болды. Өйткені, басқа тәжірибелері жоқ еді. Аңырап жеткен ағайынды түгелдей мал соңына салды. Менің ағам Мұхит Жақсылықұлы көшіп келерге дейін Моңғолияда бір министрдің орынбасары болса, көшіп келген соң Баянауылда бірер жыл қой бақты. Бұл бір ғана мысал. Мұндайлар мыңдап саналады. Алайда, бұл қазақтар қайда келгенін білетін. Тәуелсіз елге келген. Оларды отар-отарымен екі аяқты қасқырлардың көмейіне кетіп жатқан кеңестік будан - итқұйрық ақ қойдың жайы емес, өздерінен басқа ешкімге керексіз болып қалған қазақ тілінің тағдыры көбірек ойландыратын. Оның үстіне ауылда жұмыс күшін пайдаланатындай ештеме қалмай талан-таражға түсіп кеткен. Енді көшіп келген ағайындар қызметтерге тұра бастады. Қабілет-қарымдары, білім-дарындары жеткендер беделге ие бола бастады. Бірақ оларды «монгол» деп кемсітетін. Соны айтып тұрған мәңгүрт ерекше ләззат алатын. Сол сөз үшін талай шеке жарылып, талай тұмсық бұзылды. Ол кезде «оралман» деген термин әлі жоқ болатын. Біртін-біртін елімізге дүниенің бар түкпірінен ағайындар ағыла бастады. Енді оларды жекелеп «қытай», «моңғол», «ауған», «қалпақ», «өзбек», «түрік» деп кемсіту қиынға айналды. Төлқұжатын көрмей айыра алмайсың. Бәрі де орысша білмейді. Ортақ белгілері сол. Енді оларға ортақ атау керек еді. Ол атау көшіп келген ағайындарға заңдық тұрғыда көмек көрсету үшін де керек еді. Бірақ велосипед ойлап табудың да қажеті шамалы болатын. Репатриант деген термин, сөздік норма бар. Жоқ, қазақты кемсітуге ол сөз жарамайды. Жаңа сөз керек. Табылды. Жұмбақ сөз. Оралман. Оралмандар. Әлде, Оралмаңдар! «Ң»-ға тілі келмейтін биліктегі орыстілді қазақтар мүмкін келмеңдер, оралмаңдар деген шығар. Әйтеуір жұмбақ. Неге оралман, неге оралған, оралушы емес?!
Болды, дау осымен тоқтауы тиіс. Оралман деген сөз не қолданыстан мүлдем алынып тасталуы керек немесе «оралман» деген статус көшіп келіп Үкіметтен квота алуға және азаматтыққа өтініш тапсырған адамға ғана қарата айтылуы шарт. Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматы атанған күннен бастап ол адам «оралман» статусын әрі қарай жеке басының мүддесіне пайдаланатын болса, заңға тартылуы керек. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматы атанған адамға қарата «оралман» деп сөйлеу де заң бұзу, жеке адамды кемсіту деп саналсын. Міне, осы мәселені қоғам болып көтеріп, заңды тұрғыда бекітіп алмай қазақтың бірлігіне сызат түсе бермек. Қазақ өзін өзі ешқашан кемсітпесін!
Маскамызды шешейікші...
Осы мақаланы дайындау барысында кейбір әріптестеріме хабарласып, жоғарыда тізімге енгізген азаматтар туралы мәліметтер жыйдым. - «Оны жариялап не қыласың» - деді біреуі, - «Жастарға зияның тиеді, бәрі де нан жеп отырған орыннан айырылуды қаламайды ғой». - «Ойбай-ау, қалай зияным тиеді? Мен не, халық жауларының тізімін жасап жатыр ма екенмін. Бәрі де ұлтым деп жүрген азаматтар ғой. Қызметке алған кезде жұмыс беруші оның өмірбаянына қарамады дейсің бе? Сен екеуімізсіз-ақ мұндай тізімнің талайы жасалып тиісті орындарда тұр емес пе. Көлеңкеңнен қорыққаның не соншама?! Әлде сен қайдан келгеніңді айтсам қадірсіз боламын дейсің бе? Туған жеріңді айтуға ұялсаң кім болғаның!» деп ашуландым.
Иә, міне, биліктің бөлу саясатының жемісі. Кейбір ағайындар қайдан келгенін, кім екенін қызметтестерінен, әріптестерінен,жалпы көпшіліктен жасырғысы келеді. Сөйтеді де, өзіне жараспайтын, ұлттық болмысты бұзып тұратын маска киіп алады. Тілін бұрап орысша шүлдірлейтіндер де, тегіне орыстың «ов»-«ев» пен «ова»-«евасын» қосып алған санасыздар да аз емес. Көзімізбен көріп жүрміз. Үйлену мәселесінде де шыққан өлкесіне қарап шешетіндер көп. Бірін бірі сүйсе де «жағрафиялары сәйкеспей» қосыла алмағандарды да білеміз. Бәрінің бетінде маска...
Тағы бір әріптес досыма, ол енді Арқаның тумасы, не жазып жатқанымды бастап айтып едім әуелде жақтырмай қалды. - «Осы оралман деген әңгімені өз басым ұнатпаймын. Олай бөлінудің не керегі бар? Келдің бе, қазақ бол. Оралман болма. Оралманмын деп бөлінбе. Мұндағы жұртқа міндетсіме. Бұлар да өзіңдей қазақ. Бөле-жарма. Не көрсе де бірге көр» деді. Иә, бұл енді жөн сөз. Толық қосыламын. Оның бұл сөзді неге ұнатпайтынын да жақсы түсінемін. Оралман деген терминді жеке бас мүддесіне пайдаланып қоғамға міндетсудің, заңсыз пайда табудың, мемлекеттен материалдық көмек өндіріп алудың, құзырлы мекеме қызметкерлерімен сыбайласа отырып қаржы қарпып қалудың құралына айналдырған қулар аз емес. Жалпы көпшіліктің ісін бір өзіне теліп «мен оралманмын, мен болмасам үйтер едің, бүйтер едің» деп кеудемсоқтық танытып, көрінген жерге тұмсығын тығып жүретін сұмдар да жетеді.
Осылайша «оралман» деген сөз бір қазақты әртүрлі қылып көрсететін маскаға айналды. Масқаралық маскасын шешейікші, ағайын!
Үш әріп және үшінші күш
«Шеттегі қазақтар демократтар ғой» - деп бастады Ерекең. - Баяғыда Түркияға бардым. Қандастарымыз құшақ жая қарсы алды. Гу-гу әңгіме. Енді елгі қайтпайсыңдар ма, Отандарыңда да сендер істейтін іс көп деймін». «Дұрыс қой, бірақ сіздердің басшыларыңыз демократ па, сол жайлы мәжіліс құрайықшы» дейді. Үндей алмай қалдым. «Иә, елге бардық, барып та жатырмыз. Бірақ бізді бастаған оғланымыз Мұстафаны өлтірдіңдер емес пе!» дейді. «Мұстафаны ауызға алдыңыздар, ұялып отырмын, маған соншама құрмет көрсетіп жатырсыздар. Мен оған лайық емес секілдімін» деймін қырымнан қысылып. Әңгіме ауанын байқап отырмын, кезінде қызылдардан қашып үдере көшкен қазақтар жақсы, патриот та, қалып қойған ағайын - сатқын. Дастарханның асабасы маған бір тілек айтуды ұсынды. «Рас, сіздер көп қиындық көрдіңіздер. Арып-ашып Түркияға дейін жеттіңіздер. Елден ауа қашқан сіздің аталарыңызбен бірге менің де атам қашыпты. Бірақ шекарада оққа ұшқан. Арысының сүйегін құшақтап қалған әжеміз бала-шағасымен қашқан жұрттан қол үзіп қалып қойыпты. Әйтпесе, мен де сіздердің араларыңызда отырар ма едім, кім білсін. Бірақ ол мен отаншыл, ұлтшыл, патриот емес деген сөз емес қой. Мен де тура сіздер секілді қазақты жан-тәніммен сүйемін» - дедім сөз кезегі келгенде».
Ауа көшіп шет жайлаған ағайынның әлі де тарихи отанындағы қандастарына сенімсіздікпен қарайтынын жасырудың қажеті жоқ. Оған «үш әріп» кінәлі. Иә, иә КГБ. «Үш әріптің» шырмауына түскен қазақтар бірін бірі аямады. Нәубат еді ғой «үш әріп». Ешбір ұлт пен ұлыстың мүддесін ескермейтін, тек қана құдайсыз мемлекетін ғана қорғайтын «үш әріптің» қанды шеңгелінен ешкім құтылған емес. Шетел қазағын қойып осындағы ағайынның өзі әлі күнге дейін біреуді сыртынан «өй, оған сенім жоқ, «үш әріптің» адамы ғой» деп отырады. Бүгінгі «үш әріп» бұрынғы «үш әріп» емес екенін ескермейді. Бүгінгі «үш әріп» аты айтып тұрғандай алдымен ұлттың қауіпсіздігін ойлайды. Олар кешегі жендеттер емес. Тәуелсіз елдің негізін қалаушы ұлттың қауіпсіздігін қорғайды. Демек, шеттегі қандастардың да қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Істеліп жатқан жұмыс бар да шығар, оны біле бермейміз. Алайда бір білеріміз, ҰҚК-не қазір негізінен қазақ жастары, және өмірлік көзқарастары тәуелсіздік тұрғысында қалыптасқан, егемен елдің ұландары барып жатыр. Араларында ұлтын шексіз сүйетіндері де аз емес. Үміт бар. Ендеше, бұл органнан бүгінгі қазақ қорықпауы керек, керісше ұлттың қауіпсіздігін қорғауға әр қазақ ат салыссын. Әр қазақ тәуелсіздікті қорғау үшін ҰҚК-нің агенті болсын.
Иә, рас. Ерекең айтпақшы, шетттегі қазақтың бәрі демократ. Олар биліктің көп ісімен келісе бермеуі де мүмкін. Ал қазіргі үш әріп ұлттан гөрі биліктің қамын көбірек күйттеп тұр. Осы тұрғыда қайшылықтар туындап қалады. Алайда, мәңгі билік жоқ, халық мәңгі. Тек тілін, дінін, салтын сақтай алса. Оны сақтау үшін ұлтшылдар күштік құрылымдармен күш біріктіруі тиіс.
ҰҚК де шеттен келген өз қазақтан қорықпауы керек. Олар елге құт болайық деп келді. Елді алатайдай бүлдіріп төңкеріс жасап жұт болайық деп келмеді. Иә, рас. Шетелден келген қандастарымыз үлкен күшке айналып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Ол күшті билік те, оппозиция да тиімді пайдалана алмады. Сондықтан олар елдегі ұлтшылдармен тізе қосып жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттық-демократиялық бағыттағы үшінші күштің қуатын арттыруда. Әзірге бұл күш билікке ұмтылмайды. Орыс тілді оппозицияға да ілеспейді. Алайда, таяу болашақта Үшінші күштің ықпалы артып, билікке сөзін тыңдататын болады. Оған заманның өзі әкеле жатыр.
Қараңыз, орыстың әсіре ұлтшылдығын ушықтырып жүрген Путин тағы алты жылға билікке келді. Демек, енді бізде ұлттық мәселені көтеру тіпті қиынға айнала бастайды. Солтүстіктегі көршінің ықпалы күшті екенін Елбасының ымынан түсіндік емес пе. Биылғы халыққа жолдауында «ұлттық мәселені көтермеңдер, тіл деп қақсай бермеңдер» деуінің астарын ұқтық. Бірақ қазақ қазақша ойламай, қазақша сөйлемей, қазақтың мұңын айтпай тұра алмайды ғой. Енді тіпті күшейе түсетін орыс шовинизміне, батыстың жалған құндылықтарын желеу еткен демократиясына, қытайдың экспанциясына қарсы қазақтың ұлттық күштері бұрынғыдан да жіті қимылдауы керек. Бірлік керек. Бірігеміз де. Өйткені, алдымызда бар болу не жоқ болу деген екі-ақ таңдау бар. Сондықтан шеттегі қазақ биліктің «оралмаңдар» дегеніне қарамастан көшті тоқтатпауы тиіс. Жер бетіндегі тамұқтың талайын көрген көшпелі қазақты тағы да көш сақтап қалады. Көш, қазақ, отаныңа орал!
Шеттен келген қазақтардың оппозицияны қолдамайтын өзіндік себептері бар. Ең бастысы - оппозицияның орыс тілділігі. Оппозиция көсемдерінің өз қазағына өзге тілде сөйлеуі жылқыға қарап сиырды шақырғандай «әукім-әукім» дегенмен бірдей. Жылқыны құраулап шақыру керек. Алайда билікқұмар оппозиция жылқымінезді қазақтың тілін білмейді. Тілегін түсінбейді. Екінші бір себеп оппозиция жетекшілерінің басым бөлігінің өзге ұлт өкілдерінен болуы. Қазақ өз қоғамын өзге біреулердің өзгертіп бергенін қаламайды. Керек емес. Өз қотырымызды өзіміз қаси аламыз. Мәселен, оппозцияның бет-бейнесіне айналып, заңсыз істері үшін қамауға алынып, «бүкіл демократиялық қоғам» бостандыққа шығарылуын талап етіп жатқан В.Козлов, И.Винявский дегендер кім соншама? Бірі әрі кетсе қазақтан қатын алған шығар. Екіншісі қазақты адам деп те санамайды. Оған өзім куәмін.
Екімыңыншы жылы Павлодар қаласындағы «Ирбис» телеарнасына тілші болғанымда осы Игорь Винявский бас продюссер еді. Қазақша бағдарлама ашу дегенді айтсаң есің дұрыс па деп бетіңе бажырайып қарайтын. Рекдакциядағы айналдырған екі-үш қазақ тілді журналис ешқашан түсірілімге бармайтын. Оператор бермейтін. Отырып алып орыстардың сюжеттерін аударатынбыз. Қорланатынбыз. Қорлайтын Игорь Винявский. Бізге тіпті қол беріп амандасуға жиренетін. Басқасын айтпағанда қазаққа күйеубала болған Козлов пен қазақтың қамын жегіш Винявский бір ауыз қазақша білмейді. Ендеше, қазақ қоғамының мәселесіне араласуға оларға кім құқық беріпті. Дұрыс, отырсын қамақта. Табалап тұрған жоқпын, тәубасына түссін деймін. Өзі жиі қорлап жүрген қазақтар оны торға қамап қойғаны айып па екен. Ендеше, оларды соншама қорғап, жақтап, бостандыққа шығуларын сұрап шулап жатқанымыз қай сасқанымыз!
Оралман емес, қазақ
Әрине, қазақтың бірлігін, тәуелсіздігін сақтау мәселесі бір мақала аясына сыймасы анық. Шағын сараптамамызды «Егемен Қазақстандағы» шыққан мақаладан кейін сайтымызда жүргізілген саулнаманың қортындысымен аяқтағымыз келеді. Оқырманға «Оралман деген кім?» деп сұрақ қойған едік. Есеп - 375:51. Нәтиже - оралман деген қазақ!
146 (34.27%) Өзім
35 (8.22%) Жақын туысым
2 (0.47%) Сыйлас құдам
7 (1.64%) Құдайы көршім
19 (4.46%) Пікірлес әріптесім
10 (2.35%) Ұлағатты ұстазым
2 (0.47%) Аяулы шәкіртім
148 (34.74%) Ұлтжанды азаматтар
51
(11.97%) Олар оңбағандар
"Маса-ақпарат"