Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3593 0 пікір 9 Наурыз, 2012 сағат 06:59

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс. Адаланған албастылар (жалғасы)

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР

І

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! «Мұсылмандар бас көтерді, пайғамбардың ақ туын көтеріп, Ма Сылиң дейтін батыр келіпті, Шәуешекке» деген сөз - жел соқтырды, бізге алдымен Ергейті хұйзуларынан естілді де, бүкіл ел аузымен құйындатып ала жөнелді. «Хұңқузыларды қырады екен, Қытай үкіметін құлатып, дүнген патшалығы орнайды екен.»

- Онда мына Смазы қырады деші бізді! - деп әкем шешеме өз қаупін айта бастады.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР

І

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! «Мұсылмандар бас көтерді, пайғамбардың ақ туын көтеріп, Ма Сылиң дейтін батыр келіпті, Шәуешекке» деген сөз - жел соқтырды, бізге алдымен Ергейті хұйзуларынан естілді де, бүкіл ел аузымен құйындатып ала жөнелді. «Хұңқузыларды қырады екен, Қытай үкіметін құлатып, дүнген патшалығы орнайды екен.»

- Онда мына Смазы қырады деші бізді! - деп әкем шешеме өз қаупін айта бастады.

Батыс жағымыздағы бір жер үйде Әлімжан атты қожа тұратын. Әкем бұл қоржада тамыр ұстап, ауру көре бастағалы, Әлімжан қожа біздің үйге ат ізін салмайтын да, сәлемдеспейтін болған. Өйткені, бұл қоржаның бұрынғы «дәрігері» сол екен. Бұрын ауруларға ол қойған диагноздарды әкем жоққа шығарып тастапты. Бірнеше сырқатқа оның берген ішірткісі ішілмей, дұғалық тұмары тағылмай қалыпты. Әркім шақырып дұға оқытып, дем салдыратын абыройы сөйтіп арзандап кетіпті. Оның «зиярат басып кетіпсің», «перінің шалық желі тиіпті», «түнде алдыңнан қара мысық өтіпті» деген «болжаулары» күлкіге айналыпты. Бұрын келген әрі бұл маңайда сүйеніш, туыстары бар іргелі қожа әкемді күндеп қырына алмақшы болғанда, Смайыл мен Смазының әйелі араға түскендігінен тоқтап қалған екен. Сөйтсе де, келісе алмайтын дүрдараздығы бар еді. Тосыннан сол қожа келіп кірді біздің үйге, сүйінші сұрай келді.

- «Лаилахи илолла» деп алтындап жазылған ақ тулар Шәуешекті қоршап алыпты, Жәке! - деді ол. Қуқыл сіріңке қара жүзіне иман үйірілгендей жылтырап, өңейіп алыпты. Ойнақтап тұратын кішкене көздерімен сөйлегенде шошаңдап кететін, көп «дәрет» пен бұйраланған шоқша сақалы бұрынғыдан да тез ойнақтап, шошаңдай жөнелді. - Ислам ахАлласы көз ашатын болды. Алла рақым айлап Ма Сылиңды жіберді. Бүкіл мұсылман мұһмен бір туысқан ғой, бізге де Алла таупиық берсін енді! Бір-бірімізді құрметтеп, енді тату-тәтті тұрайық, Жәке! Не көрсек те бірге көрейік! Ислам ұқматына қолымыздан не келсе сонымызбен жардамдасайық! Молданың аузында Алланың сөзі бар, оған кір келтірген күнәға кіріптар болады. Байлардың қолында Алланың мал-қазынасы бар, оған қайыр болмаған несібеден тақаззаға ұшырайды. «Бәрімізді осы исләм ләшкеріне бағышылайық!» деп жатыр жұрт. Берерің болмаса да берекеде бірге бол!..

- Ей, қожа,  - деді әкем,  - бұл шариғатыңды білемін. Мен де Алланың құлы, Мұхаммедтің үммәтімін, мен сенің молдалығыңды тартып алайын деп немесе Алла сөзіне кір келтірейін деп жүргенім жоқ. Имандай шынымды айтайын: басқа молда - қожа емес, тек сенің бейшара ауруларды «жын соқты» деп шошытуыңа ғана қарсымын. Осы маңайдағы сырқаттанған адамның бірін де жын соққан емес, соқса, өзің мен бала-шағаңды құдайға қарсы сол жын-шайтандар аяп жүр деймісің. Басқа берекеңді бұзғаным жоқ, елмен біргемін! Қастық ойлаған қастан шықпасын!

Әлімжан мырс-мырс күлді де, татуласқан болып шықты. Басталған бұл апалаң-төпелеңде өзінің қастық ойлаған біреуінен қастық көріп қалмай «ислам лашкеріне деген атпен бірдеме жиып алуды көздеп жүрген көрінеді. Әкемнің райын байқап, онысын айтпай шықты.

Шәуешектен атылып жатқан зеңбірек үні жерді сілкіндіріп, елді тітірете бастады. Пісіп тұрған егінді жиып алу қамы жайына қалды да, хұйзу қожайындар жақсы киімдерін киіп алып, қала жақа шапқылаумен болды. Ешкім зорламай-ақ қазаққа айналып кеткен біздің хұйзулар ешкім зорламай-ақ хұйзу қалпына түсе қалды. Смайыл жаңа жырық қалпағы мен су жаңа қара көк пальтосын киіп, бейуаз ғана күдірейген мырза хұйзу болып атанса, Смазының ұзын мойны одан әрі ұзарып едірейген жауынгер хұйзу болып аттанып жүрді. Ол қоржадағы еш қазаққа үн қатпайды, тіпті, қазақша тіл білмейтін сияқты, жүзі өте сұрланып, қанын ішіне тартып алыпты. Сонысынан шошынған әкем Бигелді мен Биғазыны егін жақтан күндіз келтірмей, өзі де сол жаққа иендеп шығып ала жүрді.

- Біздің қайда кеткенімізді ешкімге айтпаңдар, - деп тапсырды бізге, - өздерің осы жер үйден ешқайды шықпаңдар, дүнген қоржасы болғандықтан бұл жаққа зеңбірек атар, бірақ, жер үйден шықпасаңдар зақым келтірмейді! Ал Смазы сендерге тиіспейді!

Біз сол нұсқау бойынша үйден шықпай, көк бормиымызды кеміріп отыра бердік. Сол отырыстың екінші күні, біз көрмеген бір жастау әйел Биғаділ екеуміздей екі кішкене баласын ертіп, «көшіп келді» де, шешеммен жылап көрісті. Бізге туыстық жағынан жақын Жолдыбай дейтін марқұмның жесір-жетімі екен. Жаугершілік уақытта біздің қасымызда болуды көксеп келіпті. Ергейтінің батыс жағындағы Сақабай дейтін зорекерге баласымен малай болып, қорлық-зорлықта жүреді екен. Алай-дүлей заман бола қалса баламнан айырылып қалмайын деген оймен түнделетіп қашып әрең құтылыпты.

Біздің үйдің алдында төбесі тесіліп, құлап тұрған бір жер үй бар еді, шешем соны жөндесіп беруге шықты. Ұлының үлкені Жебесін мен құралыптас болса да, менен зорырақ әдемі бала екен. Жастай жетім қалғандығынан болса керек, жұмыс жөнінен бізден әлдеқайда мықты. «Тесік өкпе» көрінді. Шешесі біздің үйден шыққанша інісі Жебежанды ерте жүріп мияны үйіп қойыпты.

Біз де шықтық. Бұлыңғыр күннің қабағы қатулы, демі салқын еді. Анда-санда зеңбірек үнімен қатты күрсініп қояды, екі шеше жер үйдің тесігін бітеп, ішіне мия төсеп жатқандарында жуан күрең ат мінген семіз сары қазақ шауып келді. Сары мұрты тікірейіп, шегір көзі тұздай болып шатынап кетіпті. Жебесін «Сақабайдың інісі» деп бізге ұқтырғанша болған жоқ, қамшының басына шарт ете түскенін бір-ақ білді, жығылып түсті. Биғаділ екеуміз екі жаққа қаштық. Сары қазақ атынан қарғып түсті де, жыртық-жыртық көйлекшең ғана жалаң аяқ, жалаң бас Жебесінді дырау қамшымен шықпыртып ала жөнелді. Екі үйдегі ыңғай әлсіз бала-шаға түгел шулап кеттік. Екі шешемізді екі жаққа итеріп құлатты ол.

- Әкеңнің... Қаңғыған қаракерей!.. Сиыр қайда?! - деп тұрып шықпыртады. - Сиыр қайда, тап!.. Сиырды тап!

Алғашында шырылдап кеткен Жебесіннен үн шықпай қалды. Бүкіл қоржа болып жиналса да, әлуетті жігіттерден ешқайсысы қалмапты. Ешкім ара түсе алмады. Биғаділ, Жебежан үшеуміз шырқыраған бойы қайта келіп, әркімнің етегіне бір жабыстық.

- Ағатай!.. Апатай!.. Өлтірді ғой. Айырып алсаңдаршы!.. Айырып алшы, ағатай!..

Шешелерімізбен төрт-бес кемпір топтаса келіп, ысқырған қамшысына миземей, сары қазақтың алдына тоса қалды да, бір кемпір Жебесінді ала жөнелді.

- Айтшы өзің, қайдағы сиыр, - деп тосты кемпірлер.

- Анау ұры әкеткен сиыр, - деп кішкентай Жебесінге тағы ұмтылды сары қазақ. Бар қазақтың қатын-баласы шу ете түсті.

- Сиыр әкелген жоқ!.. Әкелген жоқ! Құдай біледі, бұлар сиырың тұрмақ, лағыңды әкеле алмайды! Андай-мұндайларын бір қаппен ғана шешесі көтеріп әкелді ғой.

- Өзін көтере алмай жүрген кішкене бала сиыр ұрлай ма?

- Менің бар сиырымды айдап иіріп жүрген бұл қарақшы бір сиыр ұрлай алмай ма!.. Ұрламаса түнде неге қашады?!

- Күндіз жібермесең, түнде қашпай қайтпекпіз! - деп Жебесіннің шешесі зарлай жөнелді. - Екеуміз бірдей жалшы болып тамаққа жарымасақ! Киіміміздің түрі міне!.. Сиырыңды ұрлағын болсақ құдай бар ғой! Көктетпесін бізді!..

Сары қазақпен бар қазақ салғыласып тұрғанда, біздің екі көзіміз тұра алмай жатқан Жебесінде болды. Қамшы тиген жерлері қып-қызыл қанмен білеу-білеу болып шыға келді. Жаңа ғана жайнап тұрған қап-қара көзі жұмылып күп болып ісіп кетіпті. Сол томпақтың үстінде ұп-ұзын қалың қара қасы ғана тұр. Қара-торы әдемі жүзі көк-қызыл жасыл реңмен адам ашынарлықтай быт-шыт болып кетіпті. Жаңа ғана тұп-тұтас болып, өңкейіп тұрған кең маңдайы орқаш-орқаш. Адам баласына сирек бітетін осындай сүйсінерлік келбетті осы жауыз сарының қамшысы әп-сәтте бұзып болыпты!

Біз үңіле қарап жылап тұр едік, «су» дегендей болды Жебесін. Биғаділ екеуміз бірдей жүгіріп ағаш шөмішпен су әкеліп бердік. Шөмішіміздің қалың ернеуіне оның көнектей болып ісіп кеткен ерні әреңге жетті.

- Менің ұрымды сендер ақтай алмайсыңдар! - деді сары қазақ. - Өз жандарыңды бағыңдар, ұқтыңдар ма!.. Бұл ұры қашан менің сиырымды тауып бергенше, иә, төлеп бергенше менің қолымда болады!.. Тараңдар, бүлік шығарғалы тұрсыңдар ма, бүлік көргелі тұрсыңдар ма!..

Жиылған әлсіз көпшілік күрсіне-күрсіне тарасты. Сарының «атақты зорекер», «қида кездік неме» екенін, «құдайдың өзі қана жазасын беремесе, бұған дауа жоқ» екендігін, «сиырының жоғалғаны қып-қызыл жала» екенін, «асқан жауыздығынан» ешкім жалға да тұрмай, «қоңсы болып та қонбай қойғандықтан, мына жесір қатын - жетім баланы қанды шеңгелінен шығармау үшін жауып тұрған жаласы» екенін бір-біріне күбірлеп айтыса тарады көпшілік. Жауынгер бес кмпірмен уақиғаны жаңа естіп келген Балбике ғана қалды.

- Ей, тұр! - деп сары Жебесінге қамшысын төндіре жетіп келді. Жебесін орнынан әрең тұрды.

- Мен сиыр ұрламадым, ағатай! - дегенге ауыз икемі әрең келіп, жылай тұрды.

- Еқ.. Ұрламадың! Әкеңнің... сен тауып бергенше бақтырамын қалған сиырды!

Сары қазақ шылбырмен Жебесіннің қолынан байлай бастады.

-  Ей, апарсаң байламай апар! - деді Балбике. - Қаршадай баланы өлімші етіп тілгілеп, енді қорыққандай байлап айдаудан ұялмаймысың!

- Мен ұрымды қалай әкетсем, өзім білемін, сенің нең бар!

- Менің нем жоқ екенін әлі көресің, бұл менің бауырым!...

- Сен мұны өлтірсең де іздеусіз-сұраусыз кетеді деп ойлама! Осы сиырыңның жоғалуы туралы сұрастыра жатармыз, құдай мен халықтың қаһарына ұшырай берме деймін мен саған, қате ме?!

Бар кемпір шулап жүріп шылбырды әрең шешті. «Мал бағуда қол-аяқ пен сау дене керек екенін, енді ұрмауды айтып тұрған «ақымақ қатындардың» сөзін тыңдағысы келмеген сары, атына міне салып, Жебесінге қамшысын үйірді.

- Жүр, түс алдыға!.. Қашпақшы болсаң өлесің!.. - Неше жүз ит талағандай борша-борша болған Жебесін алдыға үнсіз ақсаңдай түсіп жүре берді. Қамшының қаһарына «сүйенбесе» жүре алатын дәрмені жоқ көрінеді, әрең кетіп барады. Жыртылып түсіп кеткен жеңі мен ауына дейін жыртылған балағы жалп-жұлп етіп, бар күшін жүруге ғана салғанын білдіріп барады. Жуан ат мінген, жуан сарынаң алдында арықтаған ақсақ қозыдай, сырт жағынан әрең көрініп бара жатқанымен, әдемі жүзінің әлгі ойрандалған суреті менің көзіме ап-айқын көрінгендей. Оның шешесі менің шешеммен  алғашқы көріскендегісінен қаттырақ үн салып, қайта көрісті. Жауынгер кемпірлердің енді жылауы басылды. Біз оларша мұңлы-зарлы сөз айта алмағанымызбен «қарнымызға» толып алған мұң мен дәрменсіз ыза үнсіз-ақ өзі айтылып тұрғандай, олардан қалыспай жылап тұрдық. Жебесіннің шешесі көтеріп келген қабын қайта көтерді де, кішкене Жебежанын жетектеп, Жебесіннің артынан кетті. Қозысын сүйрей жөнелген қорқау сары енесінің маңырай еретінін біліп бара жатқан тәрізді, артына қарап-қарап қояды...

Біздің оларға қарап тұруымыз ұзаққа созылмады, ши арасына кіріп ғайып болды. Үлкен жолдың шаңын аспанға көтеріп, әрлі-берлі шауып жүрген салт аттылар, бізді елеңдете түсіп еді.

- Дәкіл қара, Дәкілдет! - деген бір зор үнге жалт бұрылдық. Қала  жақтан құйындатып келе жатқан қара жорғалы, қара сақалды жуан біреу бізге қарай бұрылды. Дәркенбек дейтін атамыз екен, ол арғы беттен кемпірі мен жалғыз ұлын осы қара жорғамен әкелгенін, үйі қазір Еміл жақта екенін айтып, біздің үйге амандаса келіп айтқан болатын. Өзінің жалғыз ұлынан кем көрмейтін осы атын мінгенде оған бақылдап дем бере жүретін әдеті бар еді.  Дәкіл қараның үстіне қара Дәкең оқтан да қорықпайды, - дейтін ол, - оғыңның аузын ұрып өте шығады!

Дәу қара тоқал теке сияқты, бадырайған үлкен томпақ көзді,  дөңкиген жуан имек мұрын, ұзын қара сақалды кісі еді. Сөзді де текеше бақылдап сөйлейтін. Сол «Дәкіл қарасымен» қалаға қорықпай кіріп қайтыпты. Әкемнің қайда екенін сұрады да, аттан түспей, қалада болып жатқан жайды шешеме қысқаша баяндады. Сақ тұруды, балалардың қия басып сыртқа шықпауын қатты тапсырды.

- Дәкілдет! - деді сонан соң «Дәкіл қарасына», лезде ғайып болды.

Жаңа ғана жылап тұрған шешем қайын ағасының артынан жымия күліп қалды.

- Төлеңдісін қамауға асығып барады енді? - деді.

Ол жалғыз ұлын тып-тыныш күндерде қамауға бұйырып жүретін: «Ой, бәйбіше, ыстық жел ысқырып тұр, жалғызыңды қағып әкетеді, шығарма үйден!» деп бақылдайтын. Осы жолы қалаға кіргенде де сол Төленді үшін қатер бар-жоғын білуге ғана барғанын түсіндік. Қытай әскері жамбылға қашып кіріп бекініп алыпты да, дүнген ләшкері сол жамбылмен қосып бір-ақ қоршап алыпты!.. «Құңқузылар жамбылының құлақтарын далдалап, мылтықпен атқылап жатыр екен. Дүнгендер онысын елең де қылмай, саты қойып және екі пышақпен өрлеп жамбылдың үстіне шығуға тырмысып жатыр». «Бастарына қазан киіп алыпты. Екі пышақпен биік жамбылдың қабырғасына өрлегенде мысықтан да епті екен! Нешеуі менің көз алдымда солай өрлеп шығып, оқ тиіп өліп түсті». «Дүнгендер өлгеніне қарамайды екен, біреу жамбылға өрлей алмай, түсіп кетіп еді, бастығы келіп қылышпен бір-ақ шапты». «Менің байқауымша жамбылға сол шойын басты дүнгендердің жүз шақтысы кірді ме, құңқузыны қызыл көтен етіп, қырып салатын көрінеді». «Жеңбей қоятын емес, құдай сақтасын өте дүлей халық екен». Байқап тұрған біреудің айтуынша, хұңқузы мылтықты қаймана ата береді екен, қызықты оғы таусылғанда көресің, дүнгендер кіріп жәркемдей салады дейді. «Ал, келін, Жаппар келгенде айтып қой, мұсылман деп бұл дүнгендердің тілеуін тілемей-ақ қоялық, Шәуешекке жақындап келе бере бір ауыл қазықты бір-ақ қырып салыпты! Мылтығы мен қылышын сөйтіп қазақпен қандап кіріпті! Олардан не рақым, не мұсылмандық сұрайсың», «Дүнгеннен басқаны адамға санайтын халық емес көрінеді. Мен бір дуалды баспалап қарап тұр едім. Арт жағымдағы дуал ішінен бір сарт айқай салды: мына дүнгендердің өзі-ақ қайырыла қалып, тарс қояды. Бірнеше мұсылманды осылар атып тастады. Көрмей тұрғандарында кетіп қал!» деді. Мен қайсысы жеңерін анықтап біліп алып кетейін деп едім, осыны естіген соң Дәкіл қараға қамшы баса жөнелдім. Әйтеуір қайсысы жеңсе де бізге жақсы емес екен: құңқузылар жеңсе бізді «мұсылман» деп қырады да, дүнгендер жеңсе «дүнген» емес деп қырады. Мен соны ғана білдім. Тығыла тұрмасақ біз сорлыға ещқайсысынан күн жоқ!»

Үздіксіз бақылдап келіп бір-ақ тоқтаған Дәкеннің сөзінен менің ұққаным осы болды.

Жұрт тынышсыздана бастады. Әрқайсысы өз қамымен болып, өздерінің алып жүре алмайтын нәрселерін тыққыштап, өз үйлерінен шықпай жүрді. Ал біздің жасыратын нәрселеріміз болмаса, өзімізді жасырар жер таба алмай жүрдік. «Анау атысып жатқан жамбылынан қашып шыққандары да, қуып шыққандары да қырады». Зеңбірек гүрс етіп түскенде, бір жерімізге келіп дүрс ете түскендей болды. Қоржа хуйзулары ат үстінде қоқиып, күндіз қала жаққа кетеді де, қай уақытта қайтып келгенін білмейсің. Таңертең аттарына қайта мініп жатады.

Төмен Еміл жақтан көрініп тұратын көп қоржаның иесі Машың Шаңияның Мұсасы дейтін бір дәу хұйзу бар еді. Ол әр күні үлкен жолмен тор жағасын тайпалтып, салтанатпен өтіп тұратын. Бір күні сол қала жақтан құйындатып келеді екен. Қарсы жолығып, «не болып жатыр» деп сұраған біреуге: «не болғай, не болғай» деп ессіз гүрілдеп өте шықты. Осыдан біздің қоржа да тіксіне түсті. Үдірейісіп топ-тобымен сөйлесіп жатыр.

Смайыл қақпасының алдындағы топқа шешем барғанын аңдып шығып, біз де бардық. Көріп келгендер хұйзу «лашкерінің батырлығын» айтты. Олардың сөзі Дәркенбектің айтқанымен ұп-ұқсас еді. Біз барысымызбен мінген атынша ентіге жеткен біреу, істі жеделдетіп жібереді.

- Құңқузыдан оқ таусылып, сирек атылатын болып қалыпты. Дүнгендер қабындап, бір жағынан қақпаны  бұза бастапты да, екінші бір жағынан көп саты қойып, жапа-тармағай басып кірудің бұйрығын күтіп тұр екен. Сол мезетте Хилауский бастаған екі жүз шамалы ақ орыс оқ жаудырып, дүнгендердің бір қанатын тосыннан күйретіп жіберіпті. Қазір дүнгендер жамбылды тастай салып, Хилаускиймен соғысып кетті. Әй, бірақ ана көк көздердің аз болғанымен қиын көрінеді, ықсыратып барады! - деді ол.

- Енді құңқузылар шыға келіп, оларға қосылып жайғады деші!

- Жоқ, ондай жүрек қалмапты құңқузыларда, жамбылдарынан сығалап қарар әуселесі де жоқ сияқты. Ұйықтап қалғандай тым-тырыс! Өздері қаланың бар қытайын енгізіп апты ғой жамбылдарына! Қалада бір қытай көрінбейді. Олар жамбылға кірісімен сауда дүкендерін бұзып, халық талап әкетіпті.

- Қаһар соққар Хилауский дейтін пәлең қайдан шығып еді! - деп тыжырынды Әлімжан қожа.

- Хилауский Бәкішпен бірге коммунистерден қашып өткен ақ орыстың бір бастығы екен Шәуешекте тұратын.

Ол Үрімжідегі Жин Шурын өкіметіне барыпты да, дүнгендерді жеңіп беремін деп құрал әкеліпті. Екі жүз орысын өзі құрастырып алыпты. Сол келіп қалмаса, Ма Сылиң құңқузыны бүгін-ақ қырып болатын еді!

- Пәле енді болды! - деді бір шал, - құңқузылар өздеріне жәрдем келгенін білісімен жамбылдан қаптап шыға келеді де, ой-қырды шауып мұсылмандарды қырады!

- Енді қаладан мойны алысырақ жерге барып паналай тұруымыз керек!

- Емілге, Емілге! - деді Әлімжан қожа. Күн батты. Түн ішінде қайта кететінін білмей тұрған көпшілікке қаладан шауып келген Смайыл басу айтты:

- Бүгін, ертең күтейік, - деді ол. - Ма Сылиң «орысты да» жоямыз депті. Өзі бір топ ләшкерімен орыстың сырт жағынан шыға келген екен, орыстар пулеметті солай қарай жаудырып кеп жіберді. Лашкерлер жалт беріп бір жағына зыта жөнелгенде, жарға қамалып қалды. Сонда Ма Сылиңнің өзі атын жатқыза салды да, соған далдалап  отыра қалып пулеметті қарсы жаудырды. Басқа шыққан сол бір топ әскері қырылып кеткенде өзіне оқ дарыған жоқ. Атына қайта қарғып мініп, жардың аласалау жерінен ырғытып өте шықты. Орыстарға қылышын жарқ еткізіп білеп кете барды. Қазір осы екінтіде ғана қалың әскеріне бұйрық түсіріп, әр тұсты көрсетіп жатқан. Қытайларды бір пулемет қана камап отыр!

- Алла тағаланың өзі белгіліп жіберген қаһарманына оқ дари ма! - деді Әлімжан қожа, - оның тәнінде Алла дұғасы жазылмаған жер бар деймісің, оқ дарыса да өтпейді оған. Дін мұсылманды кәпір зұлматынан құтқарсын деп жіберген Алланың шері-арсыланы Хазірет Әлі Шахимарданның рухы ғой ол, жалғыз қалса да жеңеді, әмин...

Әлімжан қожа енді «Хазират Әлі Шахимарданның»  бір шаһарға өз талабымен құл болып, сатылып барып, қалай ойрандап, қала халқын дінге кіргізгені туралы ертекке көшкенде, топ бет-бетімен тарап жүре берісті. Тегі «Ма Сылиң Шахимарданның» өзі жеңе қалған күнде де мүкімен уа мұсылмандық тамұққа қамайтын, ауылын қырған қырысын біліп тарасқан болса керек.

Әкем екі баласын ертіп түнде келді. Масақ теріп жинаған бидайын көрсетіп күлдіре келді.

- Бір жаққа тағы дүркіріп боса жөнелсек, көк борбиді көтеріп жүруге болмайды, бәйбіше! - деді сайқыға айналдырған шешеме, - ел не десе о десін, қайсысы жеңсе сонысы жеңсін, бізге осы бидайдан басқа ешқандай санаты керек емес!

Егіндікте тығылып жүрегенімен хабарды ести жүріпті. Осы қазір ғана қаладан келе жатқан біреуден естігенін айтты:

-  Қас қарайып ымырт жабыла бастаған кезде Шәуешекке сәбеттен бір топ атты әскер келіп кіріпті. Тек алдыңғы бір тобы ғана болу керек. Шәуешектің шетіне Қарадөң жақтан ілінісімен ең алдында келе жатқан бастығы қазаға ұшырапты.

-  Неғып? - деп шешем үдірейе қалды.

- Мына дүнгендерің асқан қансұйық көрінеді ғой, дәл телеграмма ағашы сияқты қылаң   киінген біреу телеграмма ағашына жабысып тұр екен. Атты әскерлер жақындап келгенде ыршып шығып бастықты қанжарымен жарып салыпты. Бастық аттан құлап түскенде бір-ақ білген артындағы солдат қарақшыны атып тастапты. Қараса, ішкеріден келген осы дүнген ләшкерінің біреуі екен.

- Ойпырмай, не деген жанынан кешкен неме бұл.... Оны кім көріпті?

- Сол дүнген тасалап тұрған телеграмманың қарсысындағы қақпа алдында бір қазақ тұрған екен, сол көріпті.

- Солдаттар оны неге атпай отыр?

- Оны шақырып алып тексерген екен, қазақ болған соң қоя беріпті. Қызыл әскер өзінің қарсы адамы  болмаса құңқузы мен дүнгенше адамды бет алды қыра бермейді. Солардың келгені жақсы болды. Енді тәртіп орнайды, оншалық қорқыныш жоқ, ұйықтай беріңдер!

Біз бір-бір керіліп алып құрғақ мия мен жұмсақ сабан үстінде тыныштық ұйқыға кеттік. Таңертең тұрып қарасақ, үлкен жол сеңдей соғылысқан қара нөпір шұбырындыға айналып кетіпті.

- «Бас Ергейтінің дүнген қазақтары, үркіп, төмен Емілге тартып барады екен!»

- «Түнде Совет армиясы кірісімен-ақ дүнгендер қашып жоғалыпты да, құңқузылар жамбылдан шыға сала «қасапқа» кірісіпті, мұсылманды қырады дейді!»

- «Совет әскерінің көбі Ма Сылиңді қуып кетіпті. Шәуешектің тыныштығын қорғауға олардан аз адам ғана қалған екен. Құңқузылар халықты оған бағынбай қырып жүр екен!»

- Хилаускийді кеше Совет әскері кірудің алдына дүнген атып өлтіріпті... Ол бір топ атты орысын ертіп, қаладағы жай хылықты ылаңдап жүрген дүнген ләшкерін іздеп шыққан екен. Бір иен қораға алдымен кіре бергенде жалаңбас Хилаускийді жалтыраған маңдайынан таныған көрінеді, терезеден дәлдеп отырып, дәл маңдайынан атыпты! Жалғыз дүнген екен, артқы есіктен қашып құтылып кетіпті!

- «Дүнген ләшкері телім-телім болып бытырап қашқан екен. Соларды маңайдағы қоржалардан іздей шыққан құңқузылар жай халықты қырып жүр дейді, қашпасақ қырыламыз!»

- «Тығылған дүнгендеріңді тауып бер» деп шаңқылдайды екен. Тез кетпесек қырыламыз!

- «Құңқузылар құтырды, жауды өздері жеңгендей-ақ шақшиып, көздері қанталап кетіпті. Қашпасақ қырыламыз!» Біздің қоржа осылай дүрлікті. Құйзуларымыз мойындарын іштеріне тығып, арбаларына керек-жарақтарын басып жатты.

- Дүнгендер дүнген болғандығы үшін қашсын, - деді әкем дүрлігіп жүргендердің біріне, - ал біз не күнәмызға бола қашамыз?! Орыстар құңқузылардына бірдеңе дер, артын күте тұралық! Егер болмай бара жатса, Емілге шұбамай-ақ мына төтемен өз жерімізге өте салмаймыз ба!

- Ой, Жәке, күте тұруыңызға құңқузылар қарайтын емес, атқа мінген түгел қоқшиып алыпты! Жалаңаш қылыштарын жарқылдатып кіріп келгенін қала жанындағы кей қоржалар білмей де қалыпты. Сытылып кетуге үлгере алмапты.

- «Жамбыл ішінде неше күн жатып, ұйқысын қандырып алған құңқузы халықты қырып болғанша дем алар емес, ал кеттік!»

Сеңдей соғылысқан жұрт толқыны әкемді де іле жөнелгендей болып еді, Смайылдың жүгін арбаға тиеп болған Бигелді жетіп келді. Шешемізді «жеңеше» деп атайтын:

- Жеңеше, Шәуешектен Әспет апам мен Молтай да қашып келген екен, - деді ол, - солармен бірге Емілге кете тұрыңдар! Әкел, ана нәрселеріңді арбаға басайық!

Бигелді буыншағымызды көтере жөнелді де, біз оның артынан шұбай шығып, жаяу ілестік. Бигелді бірнеше жігітпен бірге қоржа мен егін күзетінде қалатын болыпты.

- Құңқузы қайсы арықты тінтіп арылтар дейсің, - деді ойлана қараған әкеме, - күндіз бүтіндей егін арасында, арық ішінде жатамыз! - Әкем күте тұру ойына қайта беки қалды енді:

- Бигелдіні жалғыз тастап кетем бе? Олай болса мен де қала тұрамын! Аңысын аңдып, болмай бара жатса екеуміз арттарыңнан жетіп аламыз! Ал, Балбике, Молтайжан, балаларды сендерге тапсырдық. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетер заман болса, Бигелді екеуміз қуып жете аламыз. Ең арғы көмбеміз Үржар маңайы болсын!

Төрт-бес өгіз арбаның соңынан бұзауша ілесе бердік біз. Биғазы мен Биғаділ үшеуміз ғана емес, қоржадан шыққан біздей кішкене қашқын көп еді. Оның ішінден біздей бұзау, тайынша қашқындар да, құнан қашқын да, дөнен қашқын да, тіпті, тісі мен буынан мүлде айырылған лақса кәрі қашқын да көп еді. Қалайда туа пісіп көз аша жетілген қашқын емеспіз бе, мұндай босқын тізбегінде ілесе алатындаймыз. Ергейтіннің  төменгі қоржасынан өте бергенімізде түн болып кетті. Арыдым деуге мұндай үркіншілікте арба тоқтай ма, сықырлай берді, шиқылдай берді, жолсызбен ши түбірге соғылып шойқаңдай тартты. Арбада кішкене Биғайшадан басқа ешкім қалмады. Жетектеп алған шешеміз түн түйілген сайын Биғаділ екеуміздің қолымыздан қыса түседі. «Ұйықтап жығылып түспе!» деп сілке жетектейді. Біз де өзімізді сілікігендей, басымызды шайқап-шайқап қойып дедектейміз. «Соғыстың ең үлкен қылмыстысы Ма Сылиң да мұндай қиналмаған болар!» дегендей шайқау еді бұл. Буыннан айырылып мүлде қалжырадық. Ояу екенімізді де, ұйқылы екенімізді де, жүріп келе жатқанымызды да, ұшып келе жатқанымызды да білмедік. Кейбір шайпау қамыс маңдайға соғып қалғанда ғана ес жиып, бір жерге келдік те құлай кеттік.

Түсімізде өзіміздің мия мен сабан төселген «алтын сарайымызда» рақаттанып ұйықтап жатқан сияқты едік. Көзімізді ашып алсақ шошқа өте алмайтын қалың қамыстың арасында сызда жатырмыз. Ойда жоқта күннің өзі де қаңғырып қамыстың арасында шығып тұрған сияқты. Сол қалың қамыстың қай тұсы болса да салдыр-сұлдыр, сыбыр-күбір «әлди-әлди», «іңгә-іңгә». Тіпті, әкіреңдескен егестер де көп. Қалың қамыстың сілкінбей, сыбырламай тұрған біреуі жоқтай екен. «Жау біліп қояды, от жақпаңдар!» «Айқайламаңдар!» деген айқайлар үздіксіз, бар тұстан естіліп тұр. «Айқайламаңдар!» деп бәрі айқайласа ол айқай есептелмейтін тәрізді.

Сөйтіп «шексіз-шетсіз» қамыстың ішің қашқынға толып алыпты. Кеше таңертеңнен бері сеңдей соғылысып тасыған босқынның барлығы осында құйылып, лықсыған шексіз қашқын теңізіне айналыпты.

«Тергеушім», қылмыссыз адам қаша ма?.. Қылмысы болмаса неден қорқады! Демек, бұлардың бәрі қылмысты, өздерінің сыйынған пірі «Хазірет Ма Сылиң Шахимардан» құдіретті жамбылдан жеңіліп қашқанда, бұлар - кірерге жердің тесігін таба алмай босқан қылмыстылар. Мен де сол қанды қол армияның бір мүшесі болғанмын.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339