Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 11188 6 пікір 25 Қаңтар, 2021 сағат 13:24

Соболев Жамбылды қалай мойындады?

Жамбыл Жабаевтың туғанына -  175  жыл!

ЖАМБЫЛ
Роман-этюд. (Үзінділер)

Жалғасы:

Леонид Сергеевич Соболев – орыстың іргелі ақындарының бірі. Ол қазақ ақындарымен, ғалымдарымен дос көңіл болатын. Мәскеуде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын тәржімалатып көп еңбек істеген адам. 

...1939 жыл. Алматы. Алатау асқақ, самал жел соғып, арықтарда бұлақ сулары сылдырай ағып жатқан масаты жаз айы. Осы кезде Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының екінші съезі өткен. Бүкіл Кеңестер Одағынан ағылып, аттары жер жарған ақын-жазушылар жиналған.

Кеңестер одағы Жазушылар одағынан Л.С. Соболев келген-ді. Ол қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетінің өзара байланысы туралы ұзақ толғаған. Солардың ішінде Жамбылдың ақындық жолы, поэтикасы туралы тебірене айтты.

«Жамбыл поэзиясы көркем сөздің шырқау шыңына айналды», – деді ол. 

...Сол съездің құрметті төрінде Жамбыл ақын да отырды. Л.С.Соболевтің сөзін Әбділдә Тәжібаев Жәкеңнің құлағына сыбырлап аударып отырды. Сөзін бітіріп, қасына келіп отырғанда Жамбыл орнынан тұрып, Леонид Соболевті қапсыра құшақтап, маңдайынан иіскеді, қолын қысты. Халық орнынан көтеріліп кетті. Зал іші шапалаққа ұласты. «...Бір ғажабы біздің ұлан-байтақ елімізде Жамбылға еліктеуші ақындар қисапсыз көбейді... Байыптап қарасаңыз, мұның өзі ақынның ұлылығын мойындатқызып, бас игізген заңды жәйт. Өлеңдердің бірде-біреуі Жамбыл өлеңдерінің дәрежесіне жетпегені былай тұрсын, солардың көлеңкесі болуға да арзымайды. Неге десеңіз, ұлылық егіз тумайды, ұлы құбылыс қайталанбайды». 

Л.Соболев Жамбылдың қолын жоғары көтерді. Халыққа басын иді. Бұл Жамбылды да мойындау еді...

ЛЕНИНГРАДТЫҚ ӨРЕНІМ

1942 жылдың қысы қатты суық болды. Жол жүру де оңай емес. Бірақ Жамбылға сәлем бергісі келетін адамдар суыққа да, аязға да қарамайды. Соғыс өрті өршіп тұрса да ақын бабаға сәлем беріп, батасын алушылар легі азайған емес. Сондай күндердің бірінде ақын Марк Тарловскийдің өтінішімен Тайыр Жароков оны Жамбыл ауылына алып келді. Олар түс ауа шығып, Жәкеңе қас қарая жетті. Қараңғылық ерте түседі. Бірақ Жамбыл баба үйінің шамы жарық. Ақын ерте жататын. Бірақ бүгін әлденеге елегізігендей ұйықтамай радиодан майдан хабарларына құлақ түріп отырған. Әрі Сталинград түбіндегі шайқаста жүрген Алғадайдан көптен хабар келмей құлазып жүрген шағы еді. 

Тайырды көрген соң:

– Мынау шикіл сарың кім? – деп сұрады.

– Жәке, бұл кісі Тарловский деген ақын. Бұйымтайы бар екен.

– Бұйымтайы болса түнде айтпас. Тамақтанып, шай ішіп алыңдар. Мына соғысың оңай соқпай тұр ғой. Радио солай деп жатыр.

Шай үстінде әңгіме тағы да соғыс тақырыбына ауысты. Тарловский әңгімелеп отыр. Тайыр аударып отыр. Әсіресе Ленинград қоршауда қалғанын естігенде Жамбылдың өңі өзгеріп кетті. Лениннің қаласы құласа не болмақ? Жаман ырым. Осылай әңгіме ауырлау бітіп, бәрі ұйқыға жатты.

Жәкең дөңбекшіп көпке дейін ұйықтай алмады. Тайырдың да мазасыз түні өтті. Бірақ Жамбыл ақын ерте тұратын. Жылы киініп сықырлаған сары аязға қарамастан үй маңын бір шолып шығатын.

Тайыр да ерте тұрды. Далаға шығып еді арайланып атып келе жатқан күнге қолын көлегейлеп ұстап қарап тұрған ақын бабаны көрді.

– Ассалауамағалейкум...

– Ана шикіл сарың сөйтіп теңкейіп жата бере ме?

– Бұлтақтатпай турасын айт. Бұйымтайы не?

Тайыр қоршауда қалып, жейтін бір түйір нанға зәру болып, ағаштың тінін кемірген адамдар туралы айтты. Көмусіз, аш-жалаңаш қалған адамдарды өйтіп-бүйтіп, шанамен, сал жасап Неваға апарып лақтырып жатқанын, оның ішінде жас балалар да көп екенін айтты.

Жамбыл ақынды бұл қатты түршіктірді.

– Неміс фашистеріне лағнет, – деді Жамбыл ақын. – Сталинградта да жойқын соғыс жүріп жатыр. Менің құлағым радио ғой. Содан естіп жатырмын. Алғадайым аман болса екен...

– Ленинградтағы балалар да Сіздің Алғадай секілді балаларыңыз. Жаңа заманның зеңбірегін атқан, «Аврора» кемесі де сонда тұр. Сол қоршауда қалған ұл-қыздарыңызға демеу керек, сүйеніш керек. Біздің жазғандарымыз жүрекке жетпей тұр...

Бұл кезде Марк Тарловский де сыртқы шығып, сәлем берді. Суық қарып, дене мұздады. Жамбыл ақын көрпеге оранды да ұйықтап кетті.

Бір сағаттың шамасында Жамбыл орнынан тұрып дастархан басына келді. Шай ішілді. Тайыр домбырасын алып тыңқылдатып Ленинград, Нева, Ленин, қырылып жатқан халық, жас өскіндер туралы толғанды. 

– Әй, Тайыр, – деді Жамбыл кенет. – Әлгі Павел Кузнецов қайда? Ол қайда жүр? Берші домбырамды...

Жәкең домбырасын, Тайыр торкөз дәптері мен қарындашын алды.

Абыз ақын біраз жөткірінді. Сосын түйдек-түйдек сөз ағытты. Олар сәскеде бастап кешке дейін жұмыс істеді. Он рет оқытып, он рет қайта жырлады.

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің...

Қайта-қайта әрленіп, өңделіп өлең қалыпқа түсті. 

Жәкең де, Тайыр да шаршады. Бірақ екеуі де өлеңнің сәтті шыққанына риза еді. Түнімен Тарловский оны орысша аударып шықты. Олар да олжалы, Жәкең де олжалы көңілмен қош айтысты. Ертесіне «Ленинградтық өренім» Москваға жөнелтілді. Плакат болып жауынгерлерге таратылды. Бұл сағы сына бастаған қоршаудағы Ленинград халқына күш-қуат берді. Жамбыл өлеңі неміс фашистеріне снарядтай тиді. 

...Жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде Егемен елдің Жамбыл ақыны Петербург төрінде тұр. Жетісудың жеті өзеніндей су ағып жатыр. Ал оған «Ленинградцы дети мои, Ленинградцы гордость моя» деп басталатын өлең жолдары мыстан құйылып жазылған.

Жамбыл баба атындағы көшемен ары-бері өткен жас пен кәрі ғасыр Гомері атанған Жамбыл бабаға тағзым етеді. Нағыз ақын мәңгі жасайды! Жамбыл – нағыз ақын!

...ӨЗІМНІҢ СОҢҒЫ ЖЫРЫМДЫ АЙТЫП ҮЛГЕРМЕЙ КЕТЕМІН БЕ ДЕП ҚОРҚАМЫН...

Жамбылға адамдар легі толассыз келіп жататын. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен Алматыға Жазушылар күн құрғатпайды десе де болғандай. Қиыр Шығыста, Халхин-Голде соғыс қимылдары жүріп жатқан кез. Соларға арнап Жамбыл жыры қажет болды. 

Тайыр Жароков, Қалмақан Әбдіқадыров пен Дмитрий Снегин үшеуі Ұзынағашқа тартты. Әдетте, Павел Николаевич Кузнецов осы топтан қалмайтын. Ол Жамбыл жырларын тездетіп орысшаға аударатын. 

Бұлар Жәкеңе келгенде ақын алты қанат ақ үйдің ішінде отыр екен. Дөңгелек үстел тағамға толы, сары самаурын екі иінінен демалып, бұрқылдап қайнап тұр. Жәкең қалың құрақ көрпенің үстінде үлкен жастықты шынтақтай жатып, шай ішіп отыр. Кешкі ас.

Жәкең әлденеге мазасызданғандай көрінді. Бірақ ол Павелді іздеп отыр екен. 

– Мынау кім? – деді Тайырға бойы екі метр Дмитрий Снегинді көрсетіп.

– Бұл орыс ақыны, жазушысы Дмитрий Снегин, – деп сөзге араласты Қалмақан Әбдіқадыров.

Жамбыл жастықтан шынтағын алып, үстелге жақындап отырды. 

– Әй, ұзын бала, шанышқы жоқ, қолыңмен же, руками кушай, – деп орысшалап та қойды. – Вкусно будет.

Жәкеңнің бұл сөзінен кейін үстелдің де, киіз үйдің де ішіне өң кіргендей болды. 

Бәрі үлкен табаққа қолдарын салды. 

Электр жарығы Жамбылға ұнап отырған жоқ. Көзін тітіркендіріп отырғандай. Лампочканы қызыл орамалмен байлаған соң қоңырқай тыныштық арнады.

Тамақ ішіліп, қол жуылып, шай да сорапталып тыныштық орнады. Жамбыл қолына домбырасын алды. Бірақ, «әу» деп ештеңе бастамай үнсіз отыр.

– Жәке! – деді сілтідей тыныштықты Тайыр Жароков бұзып. – Дәл қазір не ойлап отырсыз? Білуге бола ма? 

– Сенің жасыңда... Саған мұны түсіну қиын... – деді Жамбыл.

– Түсінбесем, түсіндіріңіз Жамбыл тәте.

– Түйсігің бар, өзің де түсінерсің...

– Өткен күзден бері әлдебір белгісіз нәрседен көңіліме күдік кіріп, мазам кетіп жүр...

– Жәке, қайдағы бір күдік-сезікті айтып, зәремізді алмаңызшы, – деді Қалмақан сөзге араласып.

– Мен өзімнің соңғы жырымды айтып үлгермей кетемін бе деп қорқамын.

– Оны ешкім де білмейді, – деді Қалмақан даусы дірілдеп.

– Мен білемін, ешкім білмесе...Мен бұл дүниеден қашан өтерімді білмеймін, бірақ ең соңғы жырымды айтып үлгермейтінімді анық білемін...

Бәрі аңтарылып қалды. Үнсіздікті Жамбыл ақынның өзі бұзды.

– Иә, айта отырыңдар, не шаруамен келдіңдер.

– Халкин Голде қырғын соғыс жүріп жатыр. Моңғолдық жауынгерлерге, достарға Жамбыл ақын жыры демеу болар деп келдік, – деді Тайыр Жароков.

– Естіп жатырмын ана шойын құлақ радиодан, – деді Жамбыл. Жапон сұмырайларына қарсы күрескен ерлер өмірі қасіретке толы. Жүрегіме жыр кептеліп тұр. Айтамын, жазып алыңдар...

Жамбыл өлеңді 4-5 қайтара оқытып, оны түзетіп отырды. Жеңіс жыры осылай туып еді.

...Қанды ауызды қасқырдай,

Қаны тасып асқындай.

Қисық тісті, қысық көз

Сұмырай жапон болып кез,

Өткен жылы құтырып

Шапқан Хасан көліне;

Шекараға оқ атқан,

Көлді оқпен оятқан,

От шашып қызыл еріме...

ЖАМБЫЛДЫ ҚЫЗЫЛ ЖОЛБАРЫС ТАСТАҒАН КҮН...

... Жамбылдың құл сүлдері қалған. Жаны жылайды. Алғадай өлгелі ұзақ жылайтын болды. Қолорамалы көл болды. Жанары от сол сөнді. Белі шегесінен ажырағандай ажал лебі жақындап келеді. Сонда да ақын жүрегі жырлап жатыр. 

Сөндің бе, жарқыраған шам-шырағым,

Қалдың ба тас бекітіліп, қос құлағым.

Жатсам да төсек тартып дәрменім жоқ,

Сеп болып сөйлесетін жалғыз жағым.

Қалыппын ие болмай өзіме-өзім,

Әлім жоқ, күш-қайратты өтті кезім.

Балалар, өлгенімше болысыңдар,

Сендерге, сол-ақ айтар соңғы сөзім!

Кекесін, өзін-өзі қайрайды. 

1944 жылдың август айының 12-сі. Сапарғали Бегалин, Үмбетәлі Кәрібаев бастаған бір топ азамат Жәкеңнің шаңырағына келіп тоқтады. Олар ел аралап ұлы ақынның өлең мұраларын жинастырып жүрген-ді.

Жамбыл қалжырап отырса да, кәрі досы өлең түртіп, әп-сәтте жинақыланып алды да, сол құлағын тосты.

- Мен Үмбетәлімін ғой, Жәке, − деп еді, ақын оны таяғымен түртіп қалды.

- Үмбетәлі екеніңді білемін. Домбыраның үні неге естілмейді, неге өлең айтпай отырсың? – деп Жамбыл жастықтан басын көтерді. Қасиетті қара домбырасына қолын созды. Қолына тиісімен, сиқырлы әлем қайта есігін айқара ашты. 

Құлақ керең, көз соқыр, көкірек ашық,

Бойдан қайрат, ойдан сөз отыр қашып.

Дүрілдетіп өлеңді айтсаңшы, Үмбет,

Қадамыңды арыстан ұзақ басып.

Жүйрікте де жүйрік бар сүрінбеген,

Ақын үні жиында дүрілдеген.

Қан майданда белдесіп талай ерлер,

Балуанда да балуан бар бүгілмеген, – деп бір қойды.

Бұрын болмаған әдет. Өлім туралы әңгіме айтты. Өлім болғанда да Сүйінбай, Сүйекеңнің дүниеден өтер сәтін әңгімеледі. 

Қисыбай мен Тәйтелі Сүйекең дүниеден көшерден бір күн бұрын барып, кешу алысыпты. Атаға тартып ұл тумайды. Қисыбай ақын да, болыс та болып көрді. Бірақ әкесі Сарыбайға тарта алмады. Тәйтелі де атқамінерлерден аспады. Ауылдың күйкі көлеңкесінде қалып қалды. Сүйекең Сарыбай мен қоса Қисыбайды да сын тезіне алған ғой. Өзі де өлең арнаған. Онда тым жас еді. Бұрымды алып қашқандағы мұңы тағы бар.

... Қайсысын маған соның еп көресіз?

Әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз.

Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,

«Өлең болсын серігің» деп берерсіз! – деп арнау айтып еді. Ал Сүйекең тіпті қатты кетіп еді.

Апыр-ау, мына жатқан Сарыбай ма?

Жолдасы Сүйінбайды танымай ма?

Қырғызды қазақпенен айдап жеген,

Басыңда шуылдаған малың қайда? – деп бейіт басына келіп амандасқан. Ал өзі ше? Өзі Қисыбайға:

Үш тоқал болыс болды атпай-шаппай,

Қисыбай, не істедің ебін таппай?

Күртібай Үштоқалға еріп кетті,

Адасқан ай жарықта ақбоз аттай, − деген. Беу дүние!

... Қисыбай ана бір жылы болыстыққа таласты. Верныйдағы ояздармен жақсы қарым-қатынас орнатты, тете құрдастығы тағы бар.

Қарақыстақта үлкен бір жиын болып, соның тамашасына көнелеу киімді Жамбыл келген. Ал Қисыбайдың үстінде жаңа бешпент шапан, қарақұрым етік. Ол: 

- Жамбыл ақын, құтты болсын, айтсаңшы, мына киімдерім жараса ма? – деп еді ол.

Сонда не деп еді? Иә, жаңа киімді маған да алып бересің, не басқалардың сөзін сөйлеп кетермін дегем-ді:

Бұл Жамбыл бір сөйлесе қызып кетер,

Пәтуа – бірлігіңді бұзып кетер.

Ебін тауып ұстамай өшіктірсең,

Байлап-матап қойсаң да үзіп кетер, − деп базына айтқан.

Обалы не? Сөзден қорықты ма, ағайындық өкпеден сескенді ме, Қисыбай етік тіктіріп берген.

Үмбетәлі мен Сапарғали қарап отырып, өткен күнді еске түсірді. Сол Қисыбай Үмбетәлі мен Сапарғали құсап көңілін сұрап, кешу алысуға барған. Соны есіне түсірді. 

– Әй, Үмбет, – деді Жамбыл:

Өлеңді бай жасап отырып,

Екі көзді ашып отырып,

Екі аяқты басып отырып,

Айтпаса өлең қалғып кетеді.

Баяғыда Сүйекең нашарлап жатқанда көңіл сұрай Қисыбай мен Тәйтелі келіп еді. Соларды көргенде Сүйекең неге екенін қайдам, тастүйін болып, басын көтереді.

- Кеше Алла бетімді ноқталап, жағымды қарыстырып, тілімді күрмеп еді. Бүгін қайта босатты, сендермен қоштассын дегені шығар, − деп екеуімен кешу алысты. Ертесіне дүниеден өтті. Ақырет суын өзім құйдым...

- Жәке, нені айтып кеттіңіз? – деді Сапарғали. − Фашисті жеңдік. Жеңісті тойлап жатырмыз. Жүзіңізді Кеңес одағы болып тойлайды әлі...

- Фашисті жеңетінімізді өзім де білгем, ал мына ажалды жеңе алмаспыз... Өлсем де өлеңімді айтып кетейін. Енді арманым жоқ, − деді.

... Жамбыл түс көрді. Түсінде ақ боз ат мініп алысқа көз салып тұр. Мұнартаудың ішінде Бұрым ба, Айкүміс пе бұраңдайды. Қызыл жолбарыс үзеңгісіне тақауласып бірге жүгіріп келеді.

Қайт қызыл қасиетім – жолбарысым,

Алатаудан ақырған,

Жауын жеңіп жапырған,

Қарасайдай ұл туар!

Сен соған ілес!

Енді бір қараса жолбарысы жоқ екен...

Шөже-Кемпірбайдың көңілін сұрай барғанда «көкала үйрек қош деп ұшты» деп өлеңімен қоштасқан. Мен қызыл жолбарысыммен қоштастым білем.

Сапарғали Бегалин тіксініп қалды.

Жамбыл Жабаев 1945 жылдың 15 июні күні Үкімет ауруханасына түсті. Бірақ сөзінен жаңылған жоқ. Әңгіме айтты...

- Менің пірім Сүйінбай, қасиетті еді ғой жарықтық. Андас Ақымбек баласы дүние салған. Оны өздерің білесіңдер, өзі датқа, өзі ақын әрі Саурық батырдың інісі болатын. Сол дүние салғанда Сүйекең жарықтық айтқан екен:

Алпыстың алтауында Андас өлді,

Сарыбайды екей шулап жерге көмді.

Өзімнің тұстасымның бәрі кетті,

Байқасам, енді Нәубет маған келді.

Енді дайындала беріңдер. 

1945 жылдың 22 июнь күні ұлы жүрек соғуын тоқтатты. Сол күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті қазанама жариялады.

«Совет халық поэзиясының алыбы, қазақ халқы ғасырлық даналығының қазынасы, совет заманының жыршысы, ХХ ғасырдың Гомері – Жамбыл Жабаев қайтыс болды».

Ұлы ақынның мәңгілік өмірі басталды.  

Соңы. 

Уәлихан Қалижанов,

филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333