Жұма, 22 Қараша 2024
Абай мұрасы 4230 6 пікір 27 Қаңтар, 2021 сағат 14:16

Абай – мәңгілік тәлімгер

Жалғасы...

Абай өлеңдерін қай жасымнан бастап оқығаным есімде жоқ, ал ақын жайында ерте естідім. Үлкен әкем Смайыл оның шығармаларын жатқа айтып, ғибрат етіп отыратын, әсіресе Алла, имандылық хақындағы щумақтарын.

Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол
Тә уилінә жетерлік ғылымның шақ, – деп алып, тамсанып, таңданушы еді.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, – деп және жалғайтын, біз жаттап алғанша қайталаумен болатын.

Халықтың жүрегіне баяғыда ұялаған осы данышпан туралы Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мақала жазғаннан бері Абай мұрасына қайырылғандар көбейді. Интернет, теле-радио, газет-журнал гу-гу. Ақын өлеңдерін бірінен бірі іліп алып оқи жөнелгендер эфирлерді көріктей қыздырып жатыр. Араларында бірең-саран шенділер, министрлер бар.

Дұрыс қой, Абайға жақындасаң, ұлтыңа жақындайсың, түсініп, байыбына барсаң, әрине.

Асылында Абай даналығы ұлттық идеяға айналуға лайық қой. Халыққа керегі де осы.

х х х

Тарихқа көз салсақ, кемеңгерлерінің ғибратын мемлекеттің ұстанымы еткен елдер баршылық, солардың бірі және бірегейі – Қытай.

Өзін бағзыдан «Аспан асты елі» деп асқақтатқан осы ел бүгінде әлемдегі аса қуатты державаға айналып отырса, бұл, ең алдымен, аталған философтың ғибратын ұлттық идеяға айналдыра білгендігінің нәтижесі.

Қытай билеушілері, Мао Цзедуннан басқасы, Конфуцийдің мына талаптарын әлімсақтан орындаумен келеді. Ғұлама «Парасатты тұлға» деп атаған император төмендегідей бес қасиетке ие болуға тиіс:

1. Адамды сүюге, оның қандай да бір әрекетіне төзімділікпен қарауға, кешіре білуге;

2. Мемлекет пен халық алдындағы парызын жауапкершілікпен орындауға:

3. Білімді болуға, Қытай ғұламаларының уақыт сынынан өткен тағылымды шығармаларын оқып, шежірені жетік білуге;

4. Адал болуға, ала жіпті аттамауға;

5. Ата-анаға, қарияларға құрметпен қарауға;

Сырт қарағанда қарапайым қағидалар секілді, ал тереңірек үңілсең, мемлекет басындағы тұлға осы бес қасиеттің біреуінен айырылса, толық мәніндегі парасатты тұлға бола алмайтынына көз жеткізесің.

Адамды сүймей, ол бір бөлшегі болып табылатын ұлтты қалай сүйесің!

Ұлтты сүймесең, оған қалай адал қызмет етесің?

Адал болмасаң, арамдыққа барғандарды қалай тиясың?

Ала жіптен аттасаң, Абай айтқандай: «Алса қоймас, араны тағы тоймасқа айналсаң» халықтың алдында қадір-қасеиттен айырылғаның емес пе, елден басы бүтін бөлінгенің емес пе?

Ал білімсіздік саяздандырады, саяздық надандық пен тұрпайылыққа ұрындырады, мұның ақыры менмендік пен көрсоқырлық.

х х х

Конфуций жіктеп, жіліктеп айтқан бұл ғибратты талаптар хақында Абай да сөз қозғаған.

Ұлы ақын: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» – деді.

Мұнымен де шектелген жоқ.

Махаббатпен жаратқан адамзатты.
Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп.
Және сол хақ жолы деп әділетті, – деді.

«Қиянатшыл болмақты естен кеткіз», – деді. «Қанағат, рақым ойлап қой» – деді.

Осылай жалғаса береді, таратыла береді.

Асылында ақын ұсынып отырған бұл қасиеттердің қайсысын алсаңыз да тұтас әлеуметтік-философиялық категория болуға лайық.

Солардың ішінде «Адамды сүю» ғибратына аз-кем тоқталайық. Оны қалай түсінеміз? Пендені аяу, қол ұшын беруге даяр тұру, жатсынбау ма?

Бұлар да ізгі қасиеттер әрине. Әлеуметті ұйымдастыратын, өзара сыйластыққа бастайтын құндылықтар. Қоғам мен ұлттың әр мүшесі ұстанса дегізетін имандылық негіздері.

Қаралып отырған ғибратқа мемлекеттік тұрғыда келіп, парасатты тұлғаға, яғни ел тізгінін ұстаған тұлғаға байланыста қарасақ, аясы кеңи түседі. Ол, мәртебелі тұлға, адамды сүю арқылы ұлтты тұтас сүюге тиіс. Ұлтты сүю дегеніміз оны бәрінен жоғары қою деген сөз. Халыққа жайлы өмір сыйлай алған тұлға ғана ұлтты қылаусыз сүйген тұлға.

х х х

Тегінде Конфуцийдің «Парасатты тұлғасы» мен Абайдың «Толық адамы» егіз ұғым.

Ал осы толық адам қандай адам?

Бұл сауалдың жауабын ақынның өзінен табамыз.

Ол «Алашқа іші жау боп сырты күлмеген, жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмеген», «Күш сынасқан күндестік шырқын бұзбаған», «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсе қызар жалмауызданбаған», «Бойда қайрат, ойда көзі бар», «Екі сөзді Тәңір атпаған», «Іші залым, сырты абыз емес», «Қысқа күнде қырық жерге қойма қоймаған, қу тілмен қулық саумаған», «Ант ішіп күнде жан бермеген», «Арамдықты еп көрмеген»... адам.

Абай шығармаларынан толық адам туралы осылай толассыз сауап ала бересің. Ал әзірге:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды
Жол да жоқ жарыместі «жақсы демек» – деген шумағымен аялдай тұрайық та «Он бесінші» сөзіне зер салайық.

«Егер де, – дейді қазақ ойшылы, – есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір өзіңнен есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білгенге, ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің? Жоқ, болмаса, не қалып өткізгеніңді өзің де білмей қалыпсың?».

Осылай жасап жүрміз бе? Қазіргі естілер, ат үстіндегілер өзіне сын көзімен қарай ма? Немесе халықтың сынына құлақ түре ме?

Талайлармен араласамыз, түрлі қызметтегілермен де, қалталы, беделділермен де. «Қателескен, жаңылып сүрінген кездер болды ғой» дегенді көрмеппін. Қайсыбірінің ел алдындағы кінәсін білемін, оған куә да болғам, күндердің күнінде соны мойындар деп те ойлайсың, алайда олардың «ұяты» оянған сәті болған емес. Керісінше, мінін айтқандарға кектенген, өшіккендер бар.

Бүгінде әкімдер жылына бір рет елге есеп береді. Ол күнге мұқият дайындық жасалады. Қойылатын сауалдарға дейін әзірленеді.

Қарап тұрсақ, театрдағы спектакль, сценарийі жазылған, рольдерді ойнаушылары мен режиссері бар, соңында бұқаралық ақпарат құралдарында бұл есеп қалай көрсетіліп, қандай баға берілетіні де ойластырылған.

Ақын сөзімен айтқанда:

Өңкей жалған мақтанмен,
Шынның бетін бояйды.

Қайырып айтсақ, Абай жылында ақын ғибраттарына жүгінген, өзіне өзі есеп беріп, қателіктерінен көптің алдында арылған адамды көрмеппін де, естімеппін де. Тегінде дейсің, қазіргі қазақ қоғамында керағарлықтар бар болса, «игі жақсылардың» осылай жасай алмайтындықтарының салдары шығар.

Қарап отырсаңыз, оның орынына кемшіліксіз, кіршіксіздер көбейіп бара жатқандай. Бұл күнде қазақта не көп, қайраткерлер мен жалына қол тигізбейтіндер көп.

Қайтесің енді Абай өнегесі, ақын мәрттігі өңдері түгілі түстеріне кірмесе.

Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан кем емес.
Жүрегімді байқасам
Инедейін таза емес, – деген жоқ па?!

Мұнымен де тоқтамай:

Қайтып қызық көремін,
Әуре-сарсаң күнімнен.
Қайырылып қарап байқасам
Ат шаба алмас мінімнен, – деп және қосады.

Абайды қынжылдырған мін не? Ақынды қажытқан мін жеке басының кемшіліктері емес, елді түзей алмай, қазақты қатарға қоса алмай қойғаны, соған шамасы келмегені.

Менсінбеуші ем наданды,
Ақымақ деп қор тұтып.
Түзетпек ем заманды
Өзімді сонша зор тұтып, – деген ақын: «Тентекті жиып тия алмай, әлі отырмыз ұялмай» деп қайысады.

Бүгінде елге еңбегі сіңбегеніне, жарлыны жарылта, қазақты кедейліктен арылта алмағанына өкінген кім бар?

Абай жылында ақын жайлы төрдегілердің талайы жазды. Соларды оқып жүріп, қазақ кемеңгерінің биліктегілер мен қомағай қорқаулар туралы айтқандарын талдап, қазіргі қоғаммен байланыстырғанын таба алмадым. Бәрі дерлік айналып өткен. Сірә, Абай сипаттағандай: «Партия жиып пара алған, бейлі кедей бай болғандықтан» шығар. Абай сыны кем-кетіктерін жамыратып шыға келетіндіктен болар...

Осы тәуірлердің, әкім-қаралар мен министрлердің біразы Абай өлеңдерін жатқа айтып эфирге де шықты. Солардың бәрі ақынның мына шумақтарына жолаған жоқ.

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, адамдықты кім теңгермек.
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ
Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек.

х х х

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.
Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен
Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп.

х х х

Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын.

х х х

Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып
Шала ұғамын қырындап.

х х х

Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек
Замана оны илемек.

Заманға да, заманды билеп тұрмын дегендерге де жағалай күйлегендер ақынның бұл ащы айтылған ақиқатынан айнала қашады әрине.

х х х

Абайды осы жылы әркімнің әрқилы пайдаланғысы келгенін де байқадық. Халықтан бөлініп қалғандар ақын арқылы елге жақындамақ болды. Кемеңгерді түсінгенсіп, қадірлеп, қастерлегенсіп, орайы келген жердің бәрінде ас та төк сөйледі, мақтады, мадақтады.

Асылында Абайға мақтаудың қажеті жоқ-ты. Ол бүкіл философиялық байлам-пайымдарымен ұлттық идеяға айналуға тиіс еді.

«Осылай жасайық» – деген төрелерді және көрмедік.

Шындығын айтыңызшы, біздің «тәуірлердің» талайы «жарылқаушысын» дәріптеп жанын, «асыраушысын» мадақтап тәнін асырап жүргендер емес дей аласыз ба?

Олар неге Абайдың «тәнін асырағандар» туралы ойын тасада қалдырды?

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат көрсеқызар,
Ар мен ұят ойламай тәнін асырап,
Ертеңі жоқ бүгінге болған құмар, – дейді ақын.

Бүгінгі күнді төңіректеп, тән қамымен жүрген бұлар кімдер?

Ар-ұятты лақтырып тастап, халықтың қазынасын қылқ-қылқ жұтып жатқандар. Ел қиналса – бүлк етпейтін, қоғам қажыса – селк етпейтін, қарақан басының қамын ойлаған немқұрайды жүрексіздер. «Өзінде бармен көзге ұрып», асаған-ұрттағанға есірген санасыздар.

Өкінішке қарай ХХІ ғасырдағы қазақ елінен осылардың бәрі табылады. Бұлардың бәрі залалды, әсіресе қомағай жегіштері.

Қазіргі кезеңде жемқорлар әлеуметтік кеселден саяси дертке айналған. Олар бүгінде күш алып қуаттанған жеке категория, ұйымдасқан қылмыскерлер категориясы. Ал елде осындай әлді топтың қалыптасып өршуі үшін мемлекетте оның тез тамыр жаюына қолайлы саяси-экономикалық ахуал болуы қажет.

Бізде осылай емес деп кім айта алмақ?!

Бүгінде жұрт солармен күресу тапсырылғандарға секеммен қарайтын халде.

х х х

Абай шығармаларынан ақынның заманын емес, өз ғасырыңды ізде. Тапқаныңды өзің мен елдің қажетіне жарат.

Ақын сынаған, көңілі қалған қазақтан бүгінгі жұрттың қандай айырмасы бар? Жоқтың қасы. Сол бейғамдық, сол жалқаулық, сол шашпалық пен астамшылдық, ойланбай сөйлеу, үйіліп-төгілген уәделер, кісімсу, көлгірсу...

Конфуций де, Абай да ақылы жетпеген ой-байламдардан былайғы елдің де, ат үстіндегілердің де аулақ болуы керектігін қадап айтқан. Қытай ғұламасы бұдан әсіресе, «парасатты тұлға», яғни император аулақ болуы керек дейді.

Себебі негізсіз шешім жүзеге аспайды. Жүзеге аспаған соң нәтиже бермейді. Мұндай жағдайда ел өзін қалай ұстауды білмей дағдарады.

Абай ақыл сенбеген нәрсеге сенбе дейді.

Есті адам:

Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін.

Ел басқарғандардың сөзі де, ісі де анық, нақты болуы керек. Бұлыңғыр идеяның түбі құрдым. Бірі көмескіленбей жатып, екіншісін, одан үшіншісін қоздатсаң, күмән туғызады. Сенімсіздік толқытады, қоғам жүрісінен жаңылады.

Кешегі ХХ ғасырда осылай болды, ел коммунизм идеясының қалың тұманында жетпіс жыл адасты.

Бүгінгі саяси-рухани кеңістікте не көп, идея көп. «Қазақ елі», «Мәңгілік ел», «Прогрессивті идеялар қоғамы», «Рухани жаңғыру» болып жалғаса береді.

Олар жайлы қазір сол идеялардың авторлары да, ел де жарытып айта алмайды.

Асылында халық – практик. Оған көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәтижелер керек. «Сананы тұрмыс билейді». Қажеті – қуатты экономикасы бар демократиялық жүйе.

Елдің керегін тауып берсең, сенен басқаны сұрамайды. Көптің сенімі мен құрметі керек пе, көңілінен шық.

Конфуций мен Абайдың айтары осы. Бос мақтан, тәңірсу мен асқақтау «парасатты тұлғаның» өзіне де қайғы, халыққа да қайғы.

Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып
Майданға түспей бәйге алма, – дейді Абай мына біздерге, бүгінгі самғап, шарықтап кеткендерге.

Сөздің реті келіп қалғанда, тілге тиек етейік, Мұса Пайғамбар Алладан сұрайды:

– Пенделердің ең әділі кім?

– Адамдарға өзіне үкім қылғандай төрелік айтатыны.

– Пенделердің ең қадірлісі кім?

– Қадірленсе кешірім сұрайтыны.

– Пенделердің ең дәулеттісі кім?

– Өзіне берілгенге қанағат қылатыны.

– Пенделердің ең жарлысы кім?

– Өзіне берілгенді аз санайтыны.

Осылай болғанын кім көрген? Қадір-құрметке тойғанды кім көрген? Ішкен-сіңіргенге тоқтағанды кім көрген?

х х х

Дамыған, озған елдердің өсу-өркендеу жолына үңілсеңіз, тарихи тұлғалары мен ғұламаларының даналығын саяси тұрғыда да, рухани тұрғыда да негізге алу арқылы жетілгенін көреміз. Аристотель, Платон, Сократ, Гегель, Кант... олардан Еуропа керегін осы күнге дейін алып жатыр, әр кезеңге лайықтап жүзеге асырап жатыр. Осы даналардың философиялық түйіндері «Батыс пен Америка Құрама Штаттары бастаған жарты әлемнің саяси ұстанымына айналған. Либеральдық демократия миллиардтардың бағын жандыруда.

Ал біз ше? Өзіміз ғана емес, жаһан таныған Әль-Фарабиден не алдық? Ой тұмарымызға айналған Абайдан не алдық?

Ештеңе!

Шекаралас Қытайға келсек, ежелгі жалпыұлттық құндылықтарға деген адалдық пен құрметтің арқасында үздіксіз өркендеп келеді. Билікте ғұламалар идеяларының сабақтастығы сақталған.

Бұл дәстүрді бертіндегі Сунь Ятсен де қадірледі. Ол жаңа мемлекет ұлттық сезімді күшейту арқылы нығаяды деп есептеді. Былай деп жар салды: «Бүгіннен бастап Ханьдықтардың ұлылығы мен даңқын арттыра түсу керек. Мемлекетті бізбен бірге құрып жатқан ұлттар бір пеште балқып, Хань жұртына сіңсін, Азияның шығысында біртұтас Қытай ұлтының мемлекеті асқақтап, оның құдіреті бүкіл әлемді қалтыратсын!» (В.Варонцов «Судьба Китайского Бонопарта» Москва, 1989 г).

Ал осындай алпауыт мемлекеттің саяси-рухани идеологиясы қандай болуы керек?

Сунь Ятсен Қытай династиялары қолданған 1670 жылғы «Үш ілімнің» негізінде жасалған «Он алты парызға» сүйенеді.

Оны өз кезеңі мен мақсатына бейімдей отырып «Халықтың үш принципі» доктринасын әзірледі және іс жүзінде қолданды.

Сол кезде 700 миллион халқы бар, ұлан елдің тағдырын қолында ұстаған коммунист көсемдер, Мао Цзедуннан өзгесі, дәуірлер даналығын осылай құрметтегенде, ежелгі ғұламалардың бір ғибратын ескерген жоқ, ол көссіз көсемдік, яғни асқынған культ Құдайды да ұмыттыратыны туралы шындық еді. Ағылшын тарихшысы лорд Джон Актонның сөзімен айтсақ: «Власть портит людей, а абсолютная власть – абсолютна» деген ащы ақиқат ұмытылды.

Қытайды жеке дара билеген Мао Конфуцийге қарсы шабуылды бастады. Осы диктатордың ғұмырбаянын зерттеген публицист Ф.Бурлацкий: «Даңққұмар Мао Цзедунды Конфуцийдің ақыл-өсиеттері шамдандырды» дейді. («Мао Цзедун» Международные отношения. Москва, 1976 ж.).

Конфуцийдің «Лунь Ю» деген еңбегінен Мао мынандай жолдарды оқып еді:

– Адам құрметтелмейтін қоғам құрып, өзіңді данышпан деп қалай айтасың?!

– Парасатты басшы – парызды, парасатсыз басшы – пайданы ойлайды.

– Халықтың тізесін бүктірерсің, бірақ күмәндану мен ойдан айыра алмайсың.

– Елдің сеніміне ие болмаған мемлекет күйрейді.

– Өзі жетілмеген мемлекетті қалай жетілдіреді?

Мао тасталқан қаһарланды, Конфуцийді үлгі еткендердің бәрін ренегат, арандатушы деп айыптады.

Ғұламаның еңбектері кітапханалардан сыпырылып алынды. Храмдары тоналып талқандалды.

Осыншама өшігудің тағы бір себебі – ұлттық, мемлекеттік ауқымдағы атақ, мәртебенің бәрі Конфуцийге тиесілі еді. Данышпанына дән риза халық пен императорлар оны әулиеге теңеді. Соңынан тәңірге айналдырды. Мин династиясы «Ұлттың ұлы ұстазы» деп ардақтады. Конфуцийдің Цюйфу қалашығындағы үйінің орынына «Дачанунянь» аталатын ғажайып ғимарат тұрғызылды. Ол император сарайының үлгісінде салынды.

Халық осылай көкке көтерген данышпанның атақ-даңқы аспандап тұрғанда өзінің заңғарлана алмайтынын білген сайын Мао оған қарсы идеологиялық шабуылды күшейтті. Конфуций жайында тірі пенде ауыз ашпайтын болды. Ғұлама халық жауы да жарияланды.

Осыдан соң Мао Цзедунға «Адамзаттың ұстазы» деген атақ берілді.

Ал бұған не дейсің? Конфуций айтқан ғой: «Ақылдың тоқтайтын жері бар, ақымақтықта шек жоқ».

Осындай даңғаза даңққұмарлықтың кеселі жайлы Абай да талай ой қозғаған. Отыз сегізінші сөзінде: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды, һәм көркі болады. Егер адам өзі оларға табынып, өзі іздеп тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады».

Мұны көріп те жүрміз, сезіп те жүрміз, Ақын тағылымын тұлғасымақтар ескерсе кәне деп жүрміз.

х х х

Конфуцийді Қытай елі қалай қадірлегенін әлгінде айттық. Қазақ халқы да Абайды ардақтаумен келеді. Егер Алты Алаш данышпан деп түгел таныған екі тұлға болса, бірі Абай, жалғыз болса, ол да Абай.

Кемеңгер деп құлай сүю – ең мәртебелі баға. Неге десеңіз, адам баласының бәрінен үстем қасиеті – даналық. Конфуцийді «Ұлттың ұлы ұстазы» атандырған осы кемеңгерлік.

Біз данышпан Абайға бұл атақты тели аламыз ба?

Бұл сауалға жауап бермес бұрын ұлт жайлы толғанып алған дұрыс.

Ұлт, менің ұғымымда, бүгін өмір сүріп жатқан ел емес, жарық дүниеге толқын-толқын келген-кеткен, ғасырларды ғасырларға жалғаған сансыз буын, дәуірлердің қаны мен жаны сіңген, сыры тұнған қария тарих...

Ұлт дегенде осылардың бәрін тұтас сезінеміз.

Ал енді осындай жойқынға кім ұстаз болмақ? Кім одан жоғары тұрмақ?

Асылында, даналық – ғибрат, тәлім. Тәлімгерлікке данышпандық жарасады, кемеңгерлік кемелдендіреді.

Абайға осылай қайырылсақ, ол ғибратты тұлға, тарих таныған тәлімгер. Ұлттың бүгінгі, ертеңгі, жалған дүние кезек-кезек келетін сансыз буынының ақылгөйі, мәңгілік тәлімгері.

Әр заманның қиын түйіндерін шешіп беретін сарқылмайтын рухани қуат – халық даналығы десек. Абай кемеңгерлігі сол даналыққа өз ғибратымен ұласқан.

Біздің парыз – осынау даналыққа адалдық, оны ұлттың қуат-күшіне айналдыру.

Данышпандар өнегесіне қанып өскен Дэн Сяопин жоқтан бар жасады. Ол құрған Қытай социализмін, Еуропа саясаткерлері бірде «Конфуций социализмі» енді бірде «Конфуций капитализмі» деп атайды.

Мао Цзедунның тұсында үзіліп қалған Қытай даналығы осылай қайта сабақтасты.

Біз қазақ кемеңгерлерінің ғибраты үйлесім тапқан қоғам құра алдық па?

Осы сауалға жауап іздегендер: – Ғұламалар тәліміне суарылған ұлттық идея керек! – дейді.


Соңы.

Басы: Ашаршылық – геноцидтік қатыгездіктің салдары

Жалғасы: Ашаршылық қазақ жерінде қалай басталды?


Алдан Смайыл,

жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлық лауреаты

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279