Елімізде суицид жағдайы ушығып тұр...
Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан суицид жасаушылар саны жағынан әлемде алғашқы бестікке кіретіні туралы ақпарат жарияланды. Оны жариялаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Ал 2019 жылы еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасында суицидтан бірінші орында тұр деген дерек шықты. Сарапшылар: «Суицидтің деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда азайып келе жатыр», - дегенімен, Қазақстан суицид жасаушылар саны жағынан әлемдік тізімнің алдыңғы қатарынан түскен жоқ. Өткен жылы елімізде суицидтың 3,5 мыңнан аса фактісі тіркелген екен. Ал суицид жасауға талпыну фактісі 5 мыңға жуықтаған. Бүгін осы мәлесені Мәжілісте бір топ депутат көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдапты. Дабыл қағыпты. Міне, қараңыз:
Депутаттық сауал
Біздің депутаттық сауал
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
Асқар Маминге жолданады!
Қазақстан Республикасының басты құндылығы адам және адамның өмірі.
Осы тұрғыда, «Nur-Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі», деп айқындалған.
Өкінішке орай, Қазақстан төрткүл дүниеде суицидтен алдыңғы қатарлардың бірінде!
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 3526 суицид жағдайлары тіркелген, оның ішінде 144-і жасөспірімдер. Сонымен қатар, осы бір жылда, 4855 өз-өзіне қол жұмсауға талпыну жағдайлары тіркелген.
Бұл мәселенің ушығып кетуінің себебі, еліміздіңд жанұя институты сырттан қиямет-қайым қысымға ұшырауда!
Аталған проблема Қазақстанның ең басты гуманитарлық мәселесі деңгейіне көтерілуде.
Үкіметтегі министрліктер, атап айтқанда ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі ведомствоаралық өзара үйлестіруді күшейту және жауапкершілікті арттыру арқылы аталған сұрақтың оңтайлы шешіміне қол жеткізу тиіс деп есептейміз.
Бүгінде, жаһандану процестерінен туындаған ақпараттар легінің еселеп өсуіне байланысты, халқымыздың рухани кодын сақтау, бала тәрбиелеудің ұлттық форматы деформацияға ұшырап барады.
Адамды, дәстүрлі жанұя институтын қорғайтын уақыт жетті. Бұл кезек күттірмейтін маңызды мәселе!
Сондықтан, Үкімет «Nur-Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Бақытты отбасы» пунктін іс-жүзіне асырған кезде мына мәселеге терең назар аударуы қажет!
1. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын-алу және болдырмаудың кешенді жүйесін қалыптастыру өте маңызды!
2. Азаматтарға кешенді психологиялық көмек көрсету тетігін жақсарту, сонымен бірге, ата-аналарға құқықтық, рухани, әдістемелік қолдау көрсететін «Жанұяны қолдау орталықтары» институтын құра отырып, ата-ананы қолдау тетіктерін қарастыру өте өзекті!
Бұл ретте балаларды қазіргі уақыттың талабына сай технологиялық бағытқа ерекше ден қоя отырып, ұлттық дәстүрлі құндылықтар аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдік келбетін қалыптастыра отырып тәрбиелеу, балалар мен ата-аналарға қиын жолдан бірлесіп шығуға жол көрсету мәселесі алдыңғы қатарда болуы қажет.
3. Азаматтардың өзінің ата-аналық миссиясын толыққанды орындауына жағдай жасау мақсатында Еңбек кодексінің баптары нақты орындалуы басты міндет!
Мемлекеттік қызметтегі, ірі кәсіпорындарда еңбек ететін ата-аналар кешкі 18:00-де жұмыста қалмауы қажет!
Ата-аналардың бала тәрбиелеуге уақыты, жауапкершілігі және қауқары болуы тиіс!
4. Педагогтардың және ата-ананың балабақша, мектеп жасындағы балаларды ұлттық құндылық аясында тәрбиелеу функциясын кеңейткен абзал. Осы орайда, балаларды тәрбиелеудегі мектеп пен ата-аналардың бірлескен жауапкершілігін арттыратын жаңа форматқа көшу өте маңызды.
5. Психология саласында мектепке дейінгі, мектеп кезеңіндегі әдістемелік құралдар мен оқулықтарға адамның өмір сүру философиясы, гуманистік құндылықтардың маңызы туралы ақпарат енгізу, ата-аналардың бала тағдырындағы аса маңызды рөлін арттыру өзекті. Психологтардың кәсіби дайындығының білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру қажет.
6. ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың дұрыс және тұрақты психоэмоционалдық жан-жақты дамуының мазмұнды бірыңғай бағдарламаларын әзірлеуін қолға алғаны абзал.
7. Жұмыс істеп тұрған Кешенді психологиялық қызметтердің тиімділігін арттырып, олардың жұмысына қоғамдық мониторинг жасай отырып, бағыт-бағдарын кең ауқымды қоғам бақылауында ұстаған жөн.
8. Мектептерде ата-аналар, мұғалімдермен бірлесе отырып, «зорлық-зомбылыққа төзімсіздік» этикасын енгізу, балабақшада, кіші сыныптарда буллингпен күресу бағдарламасын енгізу кезек күттірмейтін мәселе! Білім беру саласында психологтардың штатын көбейтуді ұсынамыз!
9. Әлеуметтік желіде жасөспірімдерді суицидке итермелейтін ақпаратты тежеудің ұтымды тетігін қалыптастыру, тәуекелі жоғары балаларға алдын-алу іс-шараларын жасаудың практикасын енгізу тетігін қарастыру өзекті!
Біздің адамдардың өмірі, балаларымыздың жарқын болашағы ең басты аспект, мемлекет адамның өмірін сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы қажет!
Осы мәселелерді қарап, нақты шешімдер қабылдап, қарау нәтижесін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауыңызды сұраймыз.
Құрметпен, Мәжіліс депутаттары,
«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері:
Ерлан Саиров,
Жұлдыз Сүлейменова,
Елнұр Бейсенбаев.
Abai.kz