Әлімханұлы Алматыда кіммен жұдырықтасады?
MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясы Алматы қаласында бокс кешін өткізеді.
Вoxrec.com порталының ақпаратынша, аталған бокс кеші 27 ақпанда көрерменсіз өтеді.
Бокс кешінде Абай Төлеш, Талғат Шайкен, Әли Балоев, Нұрдос Төлебай, Нұртас Әжбенов, MTK Global Kazakhstan Golden Contraсt ауқымды жобасының жеңімпаздары Торғынбек Әміров пен Нұрбол Сұлтанбай қатарлы былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді.
Жанкүйерлер үшін бұл кештің ең басты сый - Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО). WBO Global және WBC Continental Americas белбеулерінің иегері Жәнібек 3 жылдан кейін алғаш рет туған жерінде жекпе-жек өткізгелі отыр.
Атақты Top Rank промоутерлік компаниясымен жұмыс істеп, кейінгі жекпе-жектерін тек АҚШ-та өткізіп жүрген Әлімханұлының Алматыға оралуы біраз таңқалыс тудырғаны рас. Себебі, ең алдымен Top Rank секілді компанияның Қазақстанда бокс кешін өткізе қоюы екіталай. Осыған қарап, кей жанкүйер Жәнібек Top Rank-тен кетіп қалды ма деп алаңдаған. Екіншіден, Қазақстанға танымал боксшылар келе қоймайды. Біздің елге шетелдік боксшылар шаршы алаң иелерінен «таяқ жеп», гонорарын алып қайтуға ғана келуі мүмкін.
Ал Жәнібектің мақсаты мүлде бөлек. «Қақпышықтармен» төбелесіп, уақыт өткізу ойында жоқ. 2021 жылы мықты жекпе-жектер өткізіп, чемпиондық белбеуге ұмтылатынын бірнеше мәрте мәлімдеген. Тіпті Сауль Альварес сынды атақты чемпиондарға жиі үндеу жасап, жекпе-жекке шақырып жүреді.
Алдына осындай үлкен мақсат қоятын жерлесіміз күтпеген жерден Алматыда жекпе-жек өткізгелі отыр. Осыған байланысты, жанкүйерлердің көңіліндегі күдікті сейілту үшін Әлімханұлының командасы түсініктеме жасады:
- Жанкүйерлер! Америкада шоулар өте аз өткізіліп жатыр. Оны білесіздер. Ковид өршіп тұр мұнда. Соған байланысты бізді жекпе-жексіз қалмасын деп Топ ренк Алматыда жұдырықтасуды ұсынды.
Қазір Топ ренктен сол жекпе-жекке үшін ресми келісімшартты күтудеміз. Айтпақшы ешқандай басқа компаниямен келісімшарт жасасқан жоқпыз. Команда сол баяғы. Сол баяғы Топ ренк. Біздің командадан ресми жаңалық күтіңіздер, - делінген мәлімдемеде.
Демек, жанкүйерлерге алаңдайтын ештеңе жоқ. Әлімханұлы Top Rank-тен кетпеген, тек компанияның келісімімен Алматыда шаршы алаңға шыққалы отыр. Ал қарсылас жөнінде әлі ақпарат жоқ. Баста айтқанымыздай, Алматыға атақты боксшылардың келмейтіні анық. Бірақ жұдырық көтере алмайтын жеңіл-желпі біреу келмейді деп үміттенеміз. Тым құрығанда әлемдік рейтингте ТОП-30 қатарына кіретін боксшы келсе де жаман болмас...
Айта кетейік, Жәнібек 2020 жылы жалғыз жекпе-жек өткізді. 9 қазанда Лас-Вегаста өткен бокс кешінде ол аргентиналық Гонсало Кориеяны (16-4, 6 КО) екінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Бұдан бөлек, аталған кеш аясында әуесқой бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы - ұлыбританиялық Стивен Уорд (13-1, 4 КО). Вoxrec.com порталы бұл жекпе-жекті екі жұлдызды деп бағалап отыр. Демек, бұл кездесу Қоңқабаевтың кәсіпқой мансабындағы алғашқы екі жекпе-жегіне қарағанда ауыр болады деген сөз.
Қамшыбектің әуесқой бокста жеткен жеткен жетістігі аз емес. +91 келіде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында екі мәрте күміс медаль алған. Бірақ ескі қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалоловқа есесі кетіп жүр. Өзбек боксшысы кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қамшыбек кәсіпқой бокста шыңдалған осы қарсыласына қарсы дайындалу үшін де осы қадамға (кәсіпқойға) барған болуы мүмкін.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz