Үндеу: Уақыт пен кеңістікті ата дәстүрмен өлшейік
Ұлт тәуелсіздігінің шыңы - оның Кеңістігі мен Уақытының шекарасында. Кеңістік мемлекеттік шекарамен, мемлекеттік тілдегі ақпарат аясымен, рухани еркіндікпен, экономикалық тетіктермен айқындалса, ал, ұлттық Уақыт оның тарихымен, рухани құндылығымен анықталса, Уақыт межесі болып табылатын Жыл басымен өлшенеді. Қазақтың Жыл басы - Наурыз. Алайда, Наурыз мейрамы Тоқты шоқжұлдызының темірқазығы саналатын Амал жұлдызына Күннің беттеуімен басталатынын ескермей келеміз. Бұл - әлемдік ғылыми мойындалған дерек. 14 наурызда қазақша Жаңа жылдың алғашқы күні таңын атырып, сол күннен бастап Көктемнің басы тоңды жібітетінін жайына қалдырдық.
Ұлт тәуелсіздігінің шыңы - оның Кеңістігі мен Уақытының шекарасында. Кеңістік мемлекеттік шекарамен, мемлекеттік тілдегі ақпарат аясымен, рухани еркіндікпен, экономикалық тетіктермен айқындалса, ал, ұлттық Уақыт оның тарихымен, рухани құндылығымен анықталса, Уақыт межесі болып табылатын Жыл басымен өлшенеді. Қазақтың Жыл басы - Наурыз. Алайда, Наурыз мейрамы Тоқты шоқжұлдызының темірқазығы саналатын Амал жұлдызына Күннің беттеуімен басталатынын ескермей келеміз. Бұл - әлемдік ғылыми мойындалған дерек. 14 наурызда қазақша Жаңа жылдың алғашқы күні таңын атырып, сол күннен бастап Көктемнің басы тоңды жібітетінін жайына қалдырдық.
Әрине, «Амал» аталып жүрген «Көрісу» дәстүрі бұрынырақта Қазақстанның батыс өңіріне қоса оңтүстік тұрғындары ғана емес, Сыр өңірінің барлығы, Қостанай, Торғай аймағына қоса, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самар, Орынбор облыстарының қазақтары да атап өтетін. «Амал» мерекесі кейбір журналистердің сауатсыздығымен «Адай мерекесі» аталатындай, ешқашан рулық ауқыммен шектелген емес. Ұлттың рухани тінін берік ұстауда маңғыстаулық, атыраулық, ақтөбелік, оралдық ағайындардың тарихи мерекеге барынша адалдық танытуы құрметпен қарауға лайық болғанмен, аталмыш мереке - Алаш рухын алалауға ешбір негіз емес! Екі мерекенің бірігуінен Жыл мерекесінің бұл аумағы бүгінде барынша тарылды, сонымен бірге рухани кеңістігімізде біршама шатысу көрініс беріп отыр.
Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз кәзіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін мейрамдаған. Алайда, «Амал» дәстүрі мен Наурыз мейрамының тұтасуы қос мерекені біріктіргенімен қоймай, мазмұнын да тарылтып отыр. Адамзат дүниесіне Өмір нұрын таратушы Күнді кие тұтқан түркі-маңғолдар парсылар секілді көктемгі Күн-Түн теңесімімен шектелмеген, күзгі «теңесім» қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш) мен Ақ айды (маңғол, қалмақ) мерекелесе, оған қоса қысқы және жазғы Күн-Түн арбасуын да Нартуған (башқұрт, татар, шұбаш), Корачун («Түнек құрысын» мағынасында - мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері), сондай-ақ Ысыах (саха) мерекелерімен Ұлы мейрам деңгейінде әлі де атап өтеді. Қысқы Күн тоқырауына қатысты алғанда, қазақтың тұрмыстық Соғым ғұрпының мифтік мағынасы ұмытылғанмен, оған қатысты «Жіліктеме» ғұрпы ежелгі қысқы Күн тоқырауы қарсаңындағы онекімүшелдік уақытқа құрбандық жоралғысын жасыра алмай тұр. Қорыта келгенде, Наурыз бен Амал мерекелері түркілердің Кеңіс пен Уақытты мөлшерлеу мен бағдарлау дәстүрінің ғажап туындысы. Наурызды 1 наурыздан бастап 8 күн бойы мерекелеу дәстүрінің барын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да жазып қалдырған.
Демек, 21-22-сіндегі Наурыз мейрамымен бірге, 14 наурыздағы «Амал» жоралғысын қоса қазақы Жаңажылдық мазмұнды атап өтуді қарастыру қажет. Ол үшін 23 наурыздағы орынсыз (қоғамдық пікірде 2 қаңтар күнімен екеуі «бас жазатын күн» аталады) тағайындалған демалыс күнді 14 наурызға ауыстырып, ұлттың рухани салтанатын тұтастыруды шешкен абзал.
Шындығында, 13 наурызбен 90 күндік ескі жылдың қысқы маусымы бітетінін ескеріп, Күннің Амал жұлдызына жуықтауы Жыл басымен сәйкесуін «табиғи Жыл межесі» аталатын мерекемен жаңғыртқан жөн. Сонда халқымыз 14-22 аралығында Наурыз мейрамын толық мазмұнда бөлінбей-жарылмай мерекелеуге мүмкіндік алады.
Наурыз мейрамын Ұлттың Уақыт пен Кеңісті тану мен қадыр тұту қабылеті ретінде әлемге қысылмай таратуға да болады.Оның үстіне оны ЮНЕСКО да мойындап, жаһандық мереке ретінде насихаттауға шешім қабылдады. Бұған қоса, Григориан күнтізбесі қабылданғанға дейін Жыл басы Рим империясынан бастап Ресей патшалығына дейінгі аумақта ескіше 1 наурызда болғанын ескерейік.
Бұл идеяны тарату арқылы тек қана ұлттың бірлігі мен рухани тұтастығын көздеген адал ниетімізді зияткер қауым да, мемлекеттік құзырлы тұлғалар да ескерер деген тілекті ғана мұрат тұттық.
«Наурыз-альянс» клубы
«Абай-ақпарат»