Рушылдық жойылмайтын секілді...
Сайтымызда ғасырымыздың заңғар тұлғаларының бірі Серікбол Қондыбайдың осыдан 10 жыл бұрын «Шежіре дегеніміз – далбаса» атты мақаласы жарық көрген болатын.
Сондағы абыз жанның қаламынан шыққан мына жолдар ойлантбай қоймайды: «Рушылдыққа тек ауыл қазағы ғана емес, әбден орыстанып кетті деген қазақтың өзі бейім тұрады. Оның қолына билік тізгіні тисе болды, ол лезде рушыл болып шыға келеді. Осы орайда студенттік кездегі өзім куә болған бір жәйтті айтқым келеді. Біздің факультетте гидрология деген пәннен сабақ берген бір оқытушы бар еді. Фамилиясы қазақ болғанымен аты-жөні қазақтікіне келіңкіремейтін. Бес жыл ішінде бірде-бір рет қазақша сөйлегенін көрмеген осы мұғаліміміз аты-жөнін «Мингаш Харисович» дейтін болғандықтан не татар, не шатыс нәсілді біреу шығар деп ойлайтынбыз. 1990-1991 жылдардың бірінде осы кісі факультеттің деканы болып тағайындалды. Бір күні кешке жатақханада тұрып жатқан аспиранттың үлкен ватман бір кісінің ата-тегінің шежіресін жазып жатқанын көріп, «мынау кімнің шежіресі?» деп сұрағанымызда, «декандікі» деп жауап берді. Қолына шағындау болса да мансап жүгені тигені сол екен, әлгі қазақша білмейтін қазақ зиялымыз үшін ру мәселесі актуалды шаруаға айналды. Ал, осындай метаморфозалар қазақ тарихында аз болған деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ», дегені.
Осы факторды орыс тілді БАҚ үнемі назарда ұстайды. Оған мысал Мерей Сүгірбаевтың exclusive.kz сайтында шыққан «Трайбализм - мощнейший фактор объединения казахов» деген мақаласы. Осы трайбализмнің дәл қос айыр тілге бөлінгендігі қазақ тілді ортада үнемі назардан тыс қалады. Кейде «табу» салынған тақырып па деп те ойлап қаласың.
Біздің айтпағымыз қазіргі орыс тілді қандастарымыздың орыс тілді қазақ трайбализмін өмірге әкелгендігі. Бұл процестің 1980-ші жылдардан бастау алғандығын ешкім ескерген емес. Аталған құбылысты орыс тілді академик Булат Кумеков: «Родоплеменной принцип, присутствующий в подсознании любого казаха, должен только укреплять нашу самобытность, а не разделять и ослаблять нас», - деп ақтайды.
Енді біз неге осы рушылдықты бірінші сөз етіп, мақаланың басты тұздығын кейінгі қалдырып отырған себебімізді түсіндіруге көшейік. Бар бәле Нұртай Мұстафаев сынды орыс тілді зиялы қауым өкілдерінің «Қазақ тілі жойылса да, рушылдық жойылмайды» деген қауіпті идеялық концепцияларынан туындап отыр.
Қордай оқиғасының бір жылдығына қатысты орыс тілді БАҚ-та көптеген сараптамалық материалдар шықты. Соның ішінде qmonitor.kz сайтында «Әйтеуір бір болатын трагедия. ҚР ұлт саясатты неге күйреді//Ожидаемая трагедия. Почему национальная политика в РК потерпела крах?» және «Қордай топалаңы: бізді сабақ алуға үйретпеген трагедия//Кордайское побоище: трагедия, которая ничему нас не научила» атты қос бірдей мақала жарияланды.
Бізді алаң еткені де осы соңғы мақала болды. Онда журналист Сәуле Исабаеваға этносаясатшы, тарихшы Нуртай Мустафаевтың «Кордайское побоище: трагедия, которая ничему нас не научила» атты сұхбатындағы оның өмірлік ту етіп ұстанған жікшілдік идеялары болды. Оған дейін аталған ғалым қазақты «асфальттық» және «ауылдық» деп екіге бөліп зерттеу кітаптарын жазған болатын.
Бізді ұлтшыл ретінде шошытқаны «Қазақстан қоғамы бұдан қандай сабақ алды?», деп қойылған Сәуленің сауалына Нұртай:
«Біздің қоғам біртекті болмағандықтан олар Қордай оқиғасын әр түрлі қабылдады. Көптеген азаматтар үшін бұл денесіне тура біреу ине сұғып алғандай болды. Бірақ біздің арамызда ақылыңды адастыратын көптеген этноұлтшылдықтың жақтастары бар, олар өз кезегінде орын алған оқиға үшін дұңғандарды, барша қазақ еместерді кінәлауды жалғастырып келеді. Тап осындай комменттік түсіндірулер інтернет-басылымдар мен әлеуметтік желілерде жетіп артылады…
Мен этноұлтшылдардың барша қауіптенуіне қасқая қарсы тұрып, полиэтникалық бұл – қауіп емес, Қазақстанның асыл қазынасы байлығы дегенді қайталаудан жалыққан емеспін. Мысалға, Швейцарияда – төрт, Бельгия мен Үндістанда – басқа этникалық топтар өзара ұғысатын екі мемлекеттік тіл бар. Әлем жұртшылығы тіл жойылса да, этникалық бірегейліктің еш жойылмайтынын дегенді баяғыдан-ақ түсінді». Бұндағы «Әлем жұртшылығы» деген аяр түсініктің ар жағында «испан», «қытай», «англо-сакс», «лингва франка» және «орыс» мәдени әлемі бұғып жатыр. Сонда басқа ұлттар осы бесеуіне жұтылып қарап отыруы керек пе!?
Сондағы, Нұртай мыразаның айтпағы қазақ тілді қазақ үшін – қазақ тілі, өзге этникалық топтар үшін – орыс тілі мемлекеттік тіл болып саналады екен. Ал, орыс тілді қазақтар тілін жоғалтса да, ұлттық (рулық) бірегейлігін жоғалтпаған қазақ қоғамындағы ерекше этникалық топ деп танылуға тиіс.
Одан ары Нұртай қасқаң: «Яғни, тіл этникалық бірегейліктің міндетті көрсеткіші болып саналмайды. Мысалы, көпшілік жағдайда өзара жауласатын сербтер мен хорваттар – екі түрлі этнос әрі екі түрлі ұлт болса да, тілдері бір, ол – серб-хорват тілі. Ирландықтарға қараңдаршы (Солтүстік Ирландия, Ирландия Республикасы, АҚШ), бәрі де тек ағылшын тілінде сөйлейді, тек соңғы кезде тілдерін тірілтуді қолға ала бастады. Оларға көз салсаң, айқын танылатын этникалық бірегейлікті аңғарасың ба, аңғармайсың ба? Еске алатын болсақ, шығу тегі ирландтық Джонатан Свифт, Оскар Уайльд, Бернард Шоу, Этель Лилиан Войнич, Джеймс Джойс, Артур Конан Дойл, О` Генри, Маргарет Митчелл және тағы басқа ондаған қаламгерлер ағылшын және АҚШ әдебиетінің асыл келбетіне айналды емес пе!? Немесе арғы тегі ирландық Пол Маккартниді Елизавет II патшайым «әлемге ағылшын тілін таратқаны үшін» әскери сері атағымен марапаттады емес пе», деп көсіледі.
Сонда қазақ пен орыс ұзақ уақыт жауласып, түр мен шығу тегі әр түрлі болса да оларды бір тіл – орыс тілі біріктіреді деген идеяны орыс тілді қазақтың жады мен санасына сіңіру науқаны баяғыдан басталып кетті. Енді осы идея жолында жанын қиятын қандастарымыз шыға бастады. Оларға қазақ тілді қазақтан ғөрі, тілі бір орыс туыс. Бұл қауіпті үрдіске тоқтау қойыла ма жоқ па деген сауал туындап отыр.
Осындай ұлтын сатқандарға «Орталық Азияға орыс тілін таратқаны үшін» Путиндік «орыс әлемінің» кремльдік идеологтары қандай марапа беріп жатыр деген ойға да қаламыз.
Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz