Жұма, 22 Қараша 2024
Әлеумет 6158 1 пікір 18 Ақпан, 2021 сағат 14:19

Қазақ мектебiн қалай аштық?

Күнделікті өмірде байқап жүргеніміздей, еліміздің аумағында аралас мектептер өте көп. Сол секiлдi, бiздiң Шығыс Қазақстанда да аралас мектептер аз емес, тіпті көп деуге болады. Негiзiнен орыс сыныптарында оқитындары қазақ балалары.

Мiне, осы аралас мектептердi қалай ұлттық мектептерге айналдыру керек, мәселе осыда. Былтырғы оқу бiтiрген орыс сыныптарының оқушылары 90 балмен жоғарғы оқу орындарына оқуға түсiп кеттi. Ал 96 балмен қазақ сыныптарын бiтiрген жасөспiрiмдердiң бiразы оқуға түсе алмай қалды. Неліктен? Осы жөнiнде қазiр көпшiлiк ата-ана абыржу үстiнде. Кейбiрi орыс сыныптарына балаларын қайтадан берiп жатыр. Бұны ойлайтын кiм бар?

Бiрақ, бiзге қалай да аралас мектептердi азайту немесе мүлде алып тастау керек. Сонда ғана қазақ сыныптарын бiтiрген оқушылардың өрiстерi кеңейiп, жолдары ашылады. Менің, кезiнде Ақмола облысының Есiл ауданының әкiмшiлiгiнде iстеп жүрген кезiмде ұйымдастырған әрi iске асырған еңбегiмдi,  бiлiм беру департаментiнде отырғандарға, әрбiр аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшылары мен мектеп мүдiрлерiне үлгi болсын деп жазып отырмын.

Есiл қаласының іргесіндегі Игiлiк ауылы негiзiнен қазақ әулеттерiнен тұрады деуге болады. Көшелерi түзу, үйлерi сәндi-ақ. Тұрғындарға қызмет көрсету орындарының заманға сай салынған биiк те әдемi ғимараттары ауылға жарасым берiп, алыстан көз тартады. Ел тұрмысы да, сондай-ақ, ауыл экономикасы да жаман емес. Тек, жетiспей тұрғаны бiр қазақ мектебi болатын. Әрине, үлкендердiң айтуы бойынша, ертерек кезде қазiргi орыс мектебiнiң орнында қазақ мектебi болған. Тек, сол уақыттағы солақай саясаттың салдарынан жабылып, орыс мектебi болып қайта құрылған екен.

Содан, кейінгі жылдары ғана алғашқы қазақ сыныптары ашылып, бiраз қара домалақ балдырған өз ана тiлiнде оқи бастаған едi. Осы ауылға анда-санда жұмыс барысымен келiп-кетiп жүрiп, ойыма жақсы бiр iстiң жүйесi келгенi. Ауылдағы орыс мектебi деген атты өзгертiп, қазақ мектебi деген мәртебе беру керек. Өйткенi мұндағы ауыл тұрғындарының басымы қазақтар. Мектепте де көпшілігі солардың балалары. Бірақ, солар негізінен орыс тiлiнде оқиды. Қазақ мектебi деген мәртебе берсек, кейінгі жылы ашылған қазақ сыныптарына жол ашылмай ма? Және жылда бiр сынып ашып отырғаннан мынау әлде қайда тиiмдi емес пе? Бұлар еш кедергiсiз жылдан-жылға жоғарылап кете бередi ғой. Ал орыс сыныптары болса, осы жаңадан ашылған қазақ мектебiнiң құрамындағы орыс сыныптары болып қала бередi.

Осы үшiн арнайы барып, мектеп директоры Мұхаметқали Жақыповпен кеңесiп, ойластық. Ол кiсi де бұл iске қарсы емес екенiн бiлдiрдi. Тек, мұғалiмдер ұжымымен келiсiп, жиналыс өткiзу және осылай болсын деген бiрлескен құжат дайындау керек. Ал Игiлiк мектебiнде ол кезде жетi жүздей (700) оқушы бар болатын. Содан мектеп директорымен бiрге ауыл әкiмiне барып, ол кiсiмен де кеңестiк. Ол ағамыз да бұл iске көндi. Әрине, мектеп ашу үшiн бұрынғыдай жоғары жаққа хат жолдау қажет емес, жергiлiктi жердегi ұйымдардың өздерi шешу керек. Сөйтiп, мұғалiмдер ұжымының жиналысы болып, бәрi бiр ауыздан қолдаған соң, сол арада құжат толтырылып, орыс тiлiндегi Игiлiк орта мектебi қазақ орта мектебi деп өзгертiлдi. Ал орыс сыныптары қазақ мектебiнiң құрамында қала бередi.

Бiрнеше жылдан соң орыс сыныптарына қазақ балалары баруды қойды. Сөйтiп кезiндегi орыс мектебi, артынан аралас мектеп болған бiлiм ұясы таза қазақ мектебi болып шыға келдi. Әрине, бұған сол кездегі оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi Владимир Карлович Финк те қарсы болған жоқ. Сонымен Есiл ауданында тұңғыш қазақ мектебi осылай ашылған болатын. Менiң бұны айтып отырғаным, еліміз көлемiндегi бiлiм басшыларына нақты сабақ  болсын деген ой ғой. Міне, бiз сонда ғана Қазақстанды нағыз қазақ елiне айналдыра аламыз.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1448
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3208
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5209