Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3029 0 пікір 26 Наурыз, 2012 сағат 10:21

Мұхтар ШАХАНОВ: «ТОЙБАСЫ БОЛЫП, ТҰЛПАР МІНІП ШЫҚҚАНЫМ РАС ЕДІ»

 

- Аға, Кеңес Үкіметінің тұсында Наурызды тойлау туралы бастама көтеріп, Наурызды «тірілткен» адамсыз ғой. Соңғы кезде бұл бастаманы көтеріп, ұсыныс айтқандардың бірі едім дейтіндердің қатары көбейді. Сонау 1988 жылға оралып көрейікші. Ең алғаш Наурыз мейрамы қалай тойланып еді?

 

- Аға, Кеңес Үкіметінің тұсында Наурызды тойлау туралы бастама көтеріп, Наурызды «тірілткен» адамсыз ғой. Соңғы кезде бұл бастаманы көтеріп, ұсыныс айтқандардың бірі едім дейтіндердің қатары көбейді. Сонау 1988 жылға оралып көрейікші. Ең алғаш Наурыз мейрамы қалай тойланып еді?

- Кеңес үкіметінің кезінде 1926 жылы  наурыз мейрамын ислам діні тудырған "кертартпа рәсімдерге" жатқызып, тойлауға тиым салынды. Ел санасына әбден сіңіп қалған мейрам ауылдарда, дәстүр-салтқа ден қойған отбасыларда ғана атап өтіліп келді. 1988 жылы  Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге Наурызды  тойлау жөнінде мәселе көтеріп, хат жаздым. Қабылдауында болдым.  «Сіздің ұсынысыңызды бюро мүшелерінен екі-ақ адам қолдады.  Бірі - Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Басқа мүшелері қарсы дауыс білдірді. Сондықтан ұсынысыңызды қабылдай алмаймыз», - деді Колбин.  Колбинді көндіру де оңайға түспеді. Наурыздың идеясын, оны басқа халықтардың да тойлайтынын біраз түсіндіруге тура келді. Бәрін түсіндіріп, әңгіме Наурызды өткізу мерзіміне келіп тірелгенде, Колбин тағы өзгерді. - Биыл тым кешіктік. 22 наурызға бас-аяғы он-ақ күн қалды. Және оған арнайы қаржы бөлінуі керек» - деп тағы кері тартты. «Биыл Наурыз тойын үш жерде Алматыда, Алматы облысының Жамбыл ауданында және өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Еңбекшіқазақ ауданында өткізелік. Келесі жылы басқа өңірлерде жалғасар», - деп мен де қоймаймын. Не керек, Колбинді көндірдік.   - Жарайды, болсын! - деді. Өзбекәлі Жәнібековке қоңырау шалып: «Шахановпен Наурыз мерекесін биылдан бастап өткізуді жан-жақты талқыладық. Бұл маңызды шараны өткізуді тікелей өз қолыңызға алыңыз»,-деп тапсырма берді. Колбиннен шығып, Өзбекәлі Жәнібековтің кабинетіне барсам ол кісі: «Сенің су іздеген жеріңнен құдық қазбай қоймайтын қайсарлығыңның да бір  пайдасын көрдік», - деді жымиып. Сөйтіп ол кісі Алматы облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Зәуре Қадырованы, Наурыз мерекесін өткізуден хабары бар әр саланың білгір адамдарын, Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов сынды ғалым ағаларымызды жиып ақылдасып, ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеттік. Наурызды көне салт-дәстүр арнасына бұруда Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханованың еңбегі ерекше.

- Сонша жылдан кейін халықты ұлттық мерекеге ұйыстыру да оңай болмаған шығар?

- Керісінше, жиналған халықта есеп болмады. Максим Горький атындағы демалыс паркі халыққа лықа толды. Ал қайта тірілген Наурыз мейрамына бірде-бір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, басшылар қатысқан жоқ.

Біреулер ел арасында Колбиннің жүргенін айтты.  «Қой, мүмкін емес, олар бүгін Бюроның жиынын өткіземіз, өздерің өткізе беріңіздер», - деп еді ғой десем, айтқаны расқа шықты. «Қалай болады екен деген қауіппен келіп едім, дұрыс екен жалғастыра беріңдер», - деп кетіп қалды. Тойбасы ретінде ақ боз атқа мініп, қазақы киіммен Алматының көшелерін аралап шықтым. Ұлттық киімімізді, ұмытыла бастаған  салт-дәстүрлерімізді барынша көрсетуге тырыстық. Халықтың Наурызды тойлауға деген ықыласында шек болмады.   Менің Колбинді көндіру үшін айтқан: "Биыл Наурызды Қазақстанның үш-ақ жерінде өткізелік", - деген ұсынысым далада қалды. Сол жылы-ақ Наурыз мейрамы республикамыздың бірнеше облыстарында, аудандарында, ауылдарында, жоғарғы оқу орындары мен мектептерінде атап өтілді.

- Аға, сол сіздер бастаған Наурыз мейрамы мен қазіргі кездегі Наурызды тойлауда айырмашылық бар ма, сіздіңше? Бұлай сауал қойып отырғаным, қала халқы үшін  Наурыз - орталық алаңға барып, концерт тамашалап, киіз үй мен алтыбақанды қызықтап қайту сияқты болып қалды. Салт-дәстүрімізді көрсетіп, жалпыхалықтық мереке деп ұлықтаймыз дегенімізбен, көбіне этнографиялық еске алу күніне айналдырып жібереміз.

- Оның рас. Қазір Наурызды жүрдім-бардым өткізе салатын болды. Жаңа жылға 1 желтоқсаннан бастап дайындаламыз. Қаланы жылтыратып безендіреміз. Ал өзіміздің төл жаңа жылымызға келгенде енжарлық танытамыз. Үлкен қалалардың санаулы жерінде болмаса, Наурызға байланысты түк жоқ.  Наурыз да қатардағы «бөстекі» мейрамға айналып бара жатыр. Сондықтан халық болып, ардақты мерекенің қадірін кетірген бейбастақтықтан, қара басқан қарабайырлықтан құтқаратын уақыт келді! Наурыз - елдік, ұлттық мүддемізді көрсететін, адамдарды бір-бірімен татуластыратын мейрам ретінде тойлануы керек.

Әңгімелескен - Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Халық сөзі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339