Сейсенбі, 20 Сәуір 2021
46 - сөз 5008 18 пікір 24 Ақпан, 2021 сағат 12:11

Қазақты қырған «Қызыл армия» күні

Кеңес әскерінде болғандар 23 ақпанды өздерінше Қызыл армиясының құрылған күні ретінде тойлап жатады. Қызыл Армия 1918-1922 жылдарда қазақ жеріндегі толқуларды, 1928-1932 жылдардағы көтерілістерді қарумен аяусыз қырып-жойғаны, жаншығаны рас. Сонда тәуелсіз қазақ елінің азаматтары үшін 23 ақпанды атап өту қаншалықты қажет?

Иә, кеңестік кезеңде өмір сүрген буынға, әсіресе, кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтегендерге 23 ақпан өзінше ыстық болып көрінер. Алайда сол СССР-дің өзі жоқ қой бүгінде. Қазір бұл датаны Ресей армиясы «Отан қорғаушылар күні» ретінде атап өтеді. Ал қазақстандық Отан қорғаушылар күні 7 мамырға белгіленілген. Сонда қазақтар 100 грамм құлқын үшін 23 ақпанды атап өте ме? Құлдық психология деген тап осы!

Шынтуайтында тарихты бұрмалау сол кезден-ақ басталған. «1918 жылы 23 ақпанда Қызыл Армияның бөлімшелері Псков пен Нарва түбінде неміс әскерлерін талқандапты-мыс» деген дақпырт ойдан шығарылған нәрсе болып шықты. Іс жүзінде бұл күні матрос Павел Дыбенко бастаған қызылгвардияшылар Псков пен Нарва түбінде жеңбек түгілі неміс әскерінен тырқырай қашқан. Осыған байланысты 25 ақпанда «Правда» газетінде В.Ленин қызыл армияның қашуын «масқара» оқиға деп атаған.

В.И.Ленин Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясын құру туралы Декретке 1918 жылы 15 қаңтарда қол қойған. Шын мәнінде мерекеленетін күн осы еді. Бірақ қызық болғанда бұл датаға ақ гвардияшылар түзету енгізіп жіберді. 1918 жылғы тура сол 23 ақпанда генерал Корнилов бастаған еріктілер (ақтар) армиясының әйгілі «мұзды жорығы» басталған. Әлгі датаны ақгвардияшыл генералдар мен офицерлер шетелдерде екі-үш жыл кәдімгідей атап өтіп жүрген. Бұл іс жүзінде Ақтар армиясының құрылған күні! Осы масқараны ел жадынан өшіру үшін 1922 жылы 23 ақпанды Қызыләскер күні ретінде мерекелеу тәртіпке енгізілген.

Қызыл армияны Қызыл Армия қылған революция көсемдерінің бірі – Лев Давидович Троцкий. Армия құрылысы сияқты күрделі салаға оқыстан келген мүлде тосын шешімдер жасады. Әскер ісіне патша армиясының білікті генералдары мен офицерлерін тартты. Осыларымен ұтты. Патша армиясында 270 мың офицер болған екен. Соның 70 мыңы большевиктер жағында, 90 мыңы ақгвардияшылар жағында, қалғандары екі ортада сандалып қалып, бірқатары шетел асқан. Троцкий өзінің поезымен түрлі әскери бөлімшелерге күтпеген жерден жетіп келіп қатал мінезімен қатаң тәртіп орнатып жүрді. Әскерден қашқандарға арнап концлагерьлер ашты. Советтік концлагерлердің бастауы да сол.

Троцкий қызыл әскерлердің формасына бесжұлдыз қадап жаңа әскери символ туғызды. Осы кезеңде Қызыл армияға бұрын ешбір елде болмаған әскери комиссар институты енгізілді. Совет өкіметі толықтай орнаған соң дүниежүзілік коммунистік революция жасау идеясымен Қызыл Армия іс жүзінде басқыншылық доктринаға көшті. Кеңестік тарихта Қызыл Армияның бес жыл қатарынан бейбітшілікте, тыныштықта болған кезі жоқ.

Қызыл Армия елдегі көтерілістерді, оның ішінде Қазақстандағы 1918-1922 жылдардағы толқуларды, 1928-1932 жылдардағы наразылықтарды қарумен жаншыды. 1929 жылы қытаймен қақтығысты. 1936 жылы испан соғысына қатысты. 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны, Балтық жағалауы елдерін басып алды. Финляндияға шабуыл жасап жеңілді. 1939 жылы гитлершіл Германиямен (1 қыркүйекте) бірге Польшаға шабуыл жасап (17 қыркүйекте) Екінші жаһан соғысын бастады. Ұлы Отан соғысы өз алдына бөлек тақырып.

Совет армиясы бұдан соң Қытай, Корея, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Сомали, Венгрия, Чехословакия, Ауғанстан, Мозамбик, Сирия, Йемен, Лаос, Камбоджа, Бангадеш, Пәкістан-Үнді, Чад-Либия, Югославия елдеріндегі соғыс қимылдарына килікті. Совет әскері 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін де аяусыз басып жаншыды. Кеңес әскерінің мұрагері – Ресей армиясы қазір Сирияда соғыс жүргізіп жатыр.

Осындай басқыншы кеңес армиясының, қазір бізге бөтен Ресей қарулы күштерінің мерекесін тойлау бізге соншалықты керек пе? Құлдық психологиядан құтылайық та?!!

Марат Бәйділдаұлы Тоқашбаев

Abai.kz

18 пікір