Сейсенбі, 20 Сәуір 2021
Әдебиет 6843 4 пікір 26 Ақпан, 2021 сағат 12:22

Көк бөрі мен ор теке

(элегия)

Шаңқай түс, тас төбеге көтерілген шілденің күні жер апшысын қуырып тұр. Ыстық буған дала тылсым тыныштық құшағында. Алакөлдің киіктің жатағы аталатын қыраң бетінде ошақ орнындай ғып қызып алған жерге бауырын төсеп, марғау қалғыған киік үйірінен көз сүрінеді. Құдды бір туырылып жатқан нән асқабақ сияқты, көкпекті қырдың үсті сап-сары. Олар қазір орнынан оқыс атып тұрса, тура самалеттен бомба тастағандай әр жерде шаң бұрқ-бұрқ етіп осы маң ақ тозаңға айналады. Әйткенмен, қазір киік табыны тыныш, қаннен-қаперсіз күннің ыстығына елтіп, ұйықтап жатыр.

Осы жерді бетке алып батыс жақтан жылқының қураған бас сүйегін тістеген көкжал бөрі төрт тағандап жылжыса, шығыс жақтан таяудағы жекпе-жекте жеңіліс тауып екі қабырғасын сындырған кәрі ақсақ теке сылтып басып сүметіліп келеді. Киік секем алатындай емес, екі жақтың да әлі арасы алшақ. Сонда да әрдайым сақтығынан таймайтын көк бөрі аса еппен қозғалады. Ал, кәрі текеде ақыл-ес жоқ, біржола өлімге мойынұсынғандай, әйтеуір есте қалған ескі сезім жетегімен киік жатағына қарай жылжуда. 

Ол мұның алдында да үйірін сақтап қалу үшін жас текемен жекпе-жекке шыққан. Сол жолы алдыңғы аяғының буынынан тиген қатты соққы сүйегін жарып жібер еді. Соған сарысу ұялап, он шақты күннің ішінде дізесі күп болып ісіп кетті. Сонда да есек дәмемен күйі келген шыбыштардың соңынан жүрген. Шыбыштар сүйкене өтіп, кейде еркелеп асылып, шағылысқысы келгенімен ауру әрі кәрі текенің көңіл хошы жоғын байқап, үйірді сырттай бақылап жүрген жас текеге көз сала бастаған. Осыны сезген, әрі кәрі мүсікіннің мынау бос әурешілігіне ыза болған жас теке оны ақтық айқасқа шақырып, үйірден бір жола қуып шығуға бекінді. Ақыры қуып шықты да, кәрі теке жас шыбыштардың көз алдында масқара болып жеңілді...

Міне, енді сырқаты бойына әбден сіңіп, жазылмастай болып жабысқан сорлы теке ақырғы күшін жиып, киік үйірі жататын үйреншікті жатаққа жетіп қалуға тырысуда. Нұры сөніп, жанары жасаураған оның көзінің айналасы толған қара маса. Оны қағып түсіруге текенің шама-шарқы жетер емес. Соны білгендей құжынаған маса бір ұшып, бір қонып, реті келсе нәжісімен ластап, білгенін істеп бағуда. 

Бастан бағы тайған кәрі текенің мынау рахымсыз тағдырдан көріп келе жатқан қоқайы жалғыз бұл емес. Қас қылғандай үмесі ісіп, кешеден бері кіші дәреті де зорға жүретін жағдайға тап болған. Қалта қабы қабынып, бұтына сыймай талтаңдап келеді. Бәлен күннен бері су ішіп, шөп жемеген ол аштықтан бұратылып, арса-арса болған қабырғалары жүрген сайын ыржың-ыржың етеді. Буындарында әл жоқ, жас кезінде бір секіргенде бірнеше метр жерге тап ете қалатын жеп-жеңіл денесі, зіл батпандай.

Теке бірауық тоқтап, тыныстағысы келді. Межелі жер енді онша алыс емес сияқты. Жас кезінен өзіне таныс көкпекті қырлар сағым буып, бейнебір шалқыған телегей теңіз су сияқты әсер береді. Ия, ол алдамшы әсер ғана. Әйтпесе бұл өңірде су ішіп шөл қондырар жер берісі Көкалат көлі әрісі Жыланшық пен Қабырға өзені екенін бұл жақсы біледі. Оған жету қайда?! Мынау тұрған киіктің жатағына жетсе де тәуба дер. 

Кәрі теке құмдақтау жерге тізерлеп жата кетті де көзін жұмып қилы-қилы ойға берілді. Шыбын жанын қинап өзін-өзі алға сүйрегенмен жүрісі өнер емес. Тағдырдың басқа салғанын осы жерде-ақ күтіп алуға бекінді. Дүние жалған деген осы шығар, ғұмыр шіркін қас-қағымда өте шығыпты. Күні кеше осы жерде дүние есігін ашып, тіршілік шапағатынан ләззат алып еді. Ендігі жатысы мынау, өмірғайып, ұзамай жарық дүниемен қоштасары ақиқат болып тұр. Өлетініне өкінбейді тек қана тұқымдастарының соңғы уақытта түрлі-түрлі ауруға ұшырап, жүздеп-мыңдап қырылып қалатынына алаңдайды. Оларға не болды?  Жүздеген жылдар бойы бұлар емін-еркін өмір сүріп келген мынау далаға қандай нәубет тиді? Темір-терсектің қалдығы аспаннан қалай түсіп жатыр?! Адамдарға не болған, бұлардың мінез-құлқы неге өзгерді? Қатыгез, қанпезер, ақша табу үшін бүкіл киікті қырып тастауға әзір сияқты. Өз қандастарының да ниеті бұзылған. Жас кезінде бұл да кәрі текені үйірден айдап шығып еді. Бырақ тап мынадай қанпезерлікке бармаған. Мынау бір сұмпайы, сұмырай екен. Қоймай-қоймай қуып жүріп мүйізін қадады бұған. Соққысы да зілдей, ішкі сарайын қапсырып тастады. Бауыры мен өкпеде не қалды дейсің, көкірегі сыр-сыр етеді. Уақыт өткен сайын тыныс алуы ауырлап, киік жатағына әудем жер қалғанда кәрі теке жаратқан Әміршіге жанын табыстауға дайындалды. 

Киік жатағына бұдан гөрі жақындау қалған көк бөрі енді жер бауырлап жылжуға кіріскен еді. Әйтеуір киіктер иісін сезіп қалмаса болды. Көпті көрген көкжал бөрі ұрымтал жағдайға келсе болды айласын асырары анық. 

Тылсым тіршілік құпиясын кім түсініп болған, осы сәт кәдімгі дала құйыны киік жатағының үстіне тік көтеріліп сойқанды салмасын ба? Баяғыда ауылдың тулақ-табағын шыркөбелек айналдырып, киіз үйін жығып кететін жай құйынға қарағанда мынау бір ерекше құтырған құйын болып шықты. Көкпекті төбенің құйқасын сыпырып, аспанға найзадай шаншылған құйын жер-дүниені шыркөбелек айналдырып, заматта төбе басын көз көрмейтін тозаңға айналдырып жіберді. Оған есі кеткен киік тобының бей-берекет жүгірісі қосылып, дала азан-қазан болды. Көк бөріге керегі де осы еді. Манадан бері тістеп келген бас сүйегін тастай салып, киіктерге арыстандай атылды. Әне-міне дегенше бір теке мен семіз ешкіні шаптан жарып үлгірді. Олар арқан бойындай жерге жете бере топалаң асып, жайрады да қалды. 

Есін әзер жиған киік табыны шаңы аспанға көтерілген көкпекті қырдан заматта жұлдыздай ағып, ұзай берді. Аяқ астынан олжаға белшеден батқан көк бөрі күннің ыстығына қарамай етті тойғанша жеді. Сонан соң анадай жердегі шоқ тобылғының көлеңкесіне жатып, көз шырымын алды. Қатты ұйықтап кеткен екен, күн екіндіден ауғанда әзер оянды. Жемтік басы толған қарға мен қара құс. Бұлар солай ет иісін қиядан сезеді. Қарқылдасып, қаупылдасып тегін тамаққа қарық болып жатыр. Қасқыр арс етіп, оларға тап беріп еді. Бәрібір дүз тағылары қорқып жарымады. Андай жерге ұшып барып, заматта қайтадан қойқаңдап басып жас етке жақындай түсті. Алғашқыдай емес көк бөрі етті жарытып жей алмады. Текенің төс майын шеңгелдей бір асады да тұрып қалды. Шөл қысып, әкетіп барады. Жемтікті амал жоқ қалдыруға тура келді. Қара адырдағы киіктің жатағын көлбей өтіп Көкалаттың көліне тура тартты. Өзінің үш аяқтағандай ақсап жүгіретіні белгілі шоқырақ шабысымен бір сүт пісірім мезгілде өзенге де жетті. Ыстық буып, майлы ет жүрегін күпті етіп мазасы қашқаны соншама, келе салып өзенге гүмп берді. Судан тұмсығын ғана шығарып, армансыз жүзді, қарпып-қарпып мөлдір судан шөлі қанғанша ішті. Сөйткенше қараңғылық та қоюланып, жер іргесінен көтеріле берген ай сәулесі су бетіне ақ жолақ із қалдырып, жарқ етіп шыға келді. Көк бөрі оған таңырқай қарап тұрды да, қауіптенетіндей ештеңе жоғын байқаған соң тағы да суда бір бие сауымдай жүзіп барып әзер шықты. Манағы жеген етін су сарып, тұла бойы құр аттай жеңілдеп қалыпты. Ендігі мақсат жемтігінің маңайына барып, қалың ұйқыға кету. 

Көк бөрі киіктің жатағына жақындаған сайын мұрнына бір тосын сасық иіс келіп, өз-өзінен секем ала бастады. Сөйтіп келе жатып тура текенің жатқан жеріне кезікті. Арыстай болып ор теке сұлап жатыр, жаны шығып кеткен. Қасқыр өзіне тән аса сақтықпен оны жағалай айналып шықты. Оның жіті көзі сынған мүйізді, аққан қанды бірден көрді. Бұл жай ит өлім емес, намыс майданы, артына ұрпақ қалдыру жолындағы күрес майданы үстіндегі ерлік өлім екенін ұқты. 

Неге екені белгісіз көк бөрі ор текенің жел жағына келіп шоқйып отырды. Сонан соң аспандағы айға қарап, даланы басына көтеріп қоймай-қоймай ұлыды дейсің. Бейнебір ор текенің жаназасын шығарып, жоқтап жатқан сияқты. Түн шымылдығын жамылып, тып-тыныш жатқан Торғай даласы оны қағып алып, құныға жұтып, алыс-алысқа естіртіп жатты...

Серік Шайман

Abai.kz

4 пікір