Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 15753 21 пікір 26 Ақпан, 2021 сағат 14:03

Алты ғасыр бұрын хатқа түскен ғылыми еңбек

Еліміздегі маңызды бастамалардың бірі – отандық өнімді тұтыну. Отандық өнімді тұтыну – Отанға деген құрметтілік ғана емес, оның үлкен ғылыми мәні бар. Адамзат баласы азық-түліксіз өмір сүре алмайды. Азық-түлік туралы айтсақ, медицина ғалымдарының анықтауынша, адамның ағзасына ең пайдалысы – өзі туып өскен жерден шыққан өнім екен.

Бұл туралы осыдан 550 жыл бұрын қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» кітабында, мекендік (өңірлік) азық-түлікті тұтынудың ерекшелігіне айырықша тоқталған. «Шипагерлік баянда» автор ұрпақ денсаулығын сақтау үшін алдымен баланың туылардан бұрынғы (ана құрсағындағы) кезеңдеріне көңіл бөлу туралы айтады. Сонымен бірге автор адамзаттың топырақтан жаралғанын тілге тиек етіп, «бала дүниеге келе салып сол жердің, яғни кіндік қаны тамған өңірдің ауасымен тыныс алады, анасының сүтін емеді. Баланың дене құрамы сол жердің топырақ құрандысымен тең болуы шарт, баланы мекендік топыраққа үйлестіру керек», – дейді. 

Өтейбойдақтың айтып отырғаны, жүктілік кезеңіндегі аналар азықтанғанда және босанған соң нәрестені азықтандырғанда жерлік топырақтан өніп шыққан азықтықпен азықтандыру тиіс, анасы да жерлік азықтықпен азықтануы керек екенін дәріптейді. Ары қарай «Шипагерлік баянда» ғалым былай дейді: «Баланың дене құрандысы туған жерінің топырақ құрандысымен ұқсас болуы керек. Егер, денесінде бірер зат кем болса, оның емі өзі туып-өскен жердің топырақ құрандысынан табылады дей келіп, «сол арада, сол пендемен бірге өскен заттан шипа емі болады» – дейді. Сонымен қатар, «адамның дене құрандысы мен топырақтың құрандысы ұқсас» – деген қорытындыға тоқтайды. Ғалымның бұл тұжырымдамасын қазіргі медицина ғылымы былай дәлелдейді: Топырақта 92 элемент (кей деректерде 110 элемент делінеді) бар болып, оның 81-і адам денесінен кезігеді екен. Мысалы, бүйректе – сынап, молибден, кадмий,  қарын асты безінде – мырыш, қан плазымасында – кобальт, титан, тіс кіреукесінде – фтор, қанның пішіндес элементтерінде – марганец, мыс, мырыш, кадмий, қанда – темір, қалқанша безде – йод, өкпеде – литий, мишықта – мырыш, ми сұйықтығы мен сопақша мида – мыс, мидың үлкен жарты шарында – кобальт, ішек ұлпаларында – қалайы, көздің пигментті қабатында – барий, қуық безі мен сүйек ұлпаларында – стронций, шашта – алюминий, мышьяк, ванадий бар екен. Ағзада микроэлементтер өте көп болып, олардың басымы сүйек және бұлшық ет ұлпаларында, бауырда болады. Калий мен магний жасуша ішіндегі сұйықтықтарда, натрий мен хлор жасуша аралықта кезігеді екен. Тіпті, сынап, уран, торий, разий, алтын т.б. ультрамикроэлементтер де ағзадан кезігеді. Бірер элемент жетіспесе, немесе артық болса, адам денесінде ауру пайда болады. Мысалы, денеде темір жетіспесе, анемия немесе қан аздық ауруы пайда болады. Ағзада мыс жетіспесе, бауырдың қызметі нашарлайды, шаш тез ағарады. Анығында мыс қанға оттектің өтуін қамтамасыз етеді. Демек, адам денесі ет пен сүйектен ғана жасақталмайды. Тұла бойымызда тұнып тұрған элементтер бар. Қазақ «ауру астан» деп бекер айтпаса керек. Осы элементтердің барлығы адам денесіне топырақта өнген азықтық арқылы келеді. 

Қазір біздің тұтынып отырған азық–түліктеріміздің арасында Латын Америкасы, Африка, Еуропа, Оңтүстік Азия, Араб елдері, Қытай т.б. алыс-жақын шетелдерден келетіндері өте көп. Зерделей қарасақ, аталған елдермен біздің елдің климаттық ерекшелігі мүлде ұқсамайды. Топырақ құрандыларымыз тіптен басқаша. Олардың топырағындағы кейбір бар элемент еліміздің топырағында жоқ, еліміздің топырағында бар кейбір элемент олардың топырағында жоқ. Бұл туралы «Шипагерлік баянда» былай деп жазылған: «Әрқандай өңірдің топырақ құрандысы, топырағының түсі ұқсас болмайды, топырақ құрандысы бұзылған жер адамдарға жан шошырлық түршікпелі ауру ала келеді», – дейді. Шыныменде топырағы зақымдалған өңірдің тұтас экологиясы бұзылып, тіршіліктің тепе-теңдігі сақталмайды. Қазақстандағы Семей полигоны мен Арал экологиялық аймағы сөзіміздің дәлелі бола алады. Әсіресе Семей полигоны аймағының топырақ құрандысы радиоактивті ластануға ұшыраған. Ол өңірде  микроэлементтер көп сақталған. Ең қорқыныштысы иондалатын радиациялар гендік кодты өзгеріске түсіретіндігі болып отыр. Полигон аймағында болған жер асты, жер үсті ядролық сынақтар нәтижесінде атмосфераға, гидросфераға, литосфераға көп мөлшерде радиоактивті материялдар шығарылған. Ол заттар тұтас экологияны ластап, ауаны, су көздерін бүлдіріп, ол жерге шыққан егіс өнімдері, өсімдік, жеміс-жидектеріне және жан-жануарлар мен адамдардың денесіне кемістік әкелетін жағдайлар туылуда. Егер топырақтағы элементтер азайса, онда тіршілікке айтарлықтай әсерін тигізеді. Мысалы: топырақтың 1 кг құрғақ затында мыс 1 мг аз болса, соның өзі тіршілік иесінің өсуін баяулатып, дене пішінін өзгертеді екен. 

Адам денесінің топырақпен тығыз байланысты екенін қарапайым түрде айтсақ, біздің ішпек-жемек, азық-түліктеріміздің барлығы топырақ өсірген өнімдер. Топырақсыз ештеңе өспейді. 

Соңғы жылдары шетелден келген концерогендік химиялық қоспалары көп тағамдар адам ағзасын бүлдіруде. Өйткені, ол тамақтарға аспартам, маргарин көп қосылады екен. Бұл түрдегі тамақтар қан және қан тамыр ауруын тудырады. Елімізде қан және қан тамыры ауырулары ең көп кезігеді екен. Адамның өмірі тікелей қанмен байланысты. Денедегі қан мен қан тамыр таза болып, қан іркіліксіз ағып тұрса, онда деннің саулығы болмақ. Ауырып, шекара асып, шетелдерден ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Ол үшін өз ағзамызға үйлесетін отандық табиғи таза өнімді көп тұтынайық!

Ертай Жомарт

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036