Жұма, 23 Сәуір 2021
46 - сөз 3545 7 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 17:28

Мемлекеттік қауіпсіздік философиясы

Әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің мемлекеттік қауіпсіздігін қорғайды. Бұл - тәуелсіздік кепілі.

Мұндай қауіпсіздікті екі салаға бөліп қарастырамыз:

1. Жер тұтастығы

2. Ел тұтастығы

ЖЕР ТҰТАСТЫҒЫ ең алдымен, іргелі экономикалық және заңнамалық қатынастардан түзеледі. Олар:

-Заңнамалық негіздер,

-Өндірістік-қаржылық қауіпсіздік,

-Азық түлік қауіпсіздігі,

-Экологиялық қауіпсіздік,

-Энергетикалық қауіпсіздік.

ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫ күрделі қоғамдық қатынастар жүйесін құрайды. Олар:

-Мәдени және тілдік біртектілік,

-Адам капиталының дамуы,

-Тарихи тұтастықтың мойындалуы,

-Дінаралық толеранттылықтың орнығуы,

-Демографиялық тұрақтылық,

-Миграциялық тұрақтылық,

-Білім, ғылым, адам құқы, еркіндік және т.б. адами құндылықтар.

Қазақстан президенті Қ.К.Тоқаев «Қазақстан жері шет елге сатылмайды, шет елдіктерге жалға берілмейді. Тиісті заңнамалық негізді тез дайындауға тапсырма берілді» деп жариялады.

Бұл өз тарихында жер тұтастығы жолында қан төккен қазақ халқы үшін орасан зор маңызы бар мәлімдеме болды.

Қазақ халқы алғаш рет Жер тұтастығын Мемлекеттік және Халықаралық Заңнамалық тұғырға қондыру мүмкіндігіне ие болып, тәуелсіздігіне сенімі артты. Дәл осы шешім арқылы Халық та, оның мемлекетінің Билігі де тәуелсіздіктің отыз жылында алғаш рет Жерді коньюктуралық және одан өзге қылмыстық (шет елге жер сату) мақсат мүддеден бөлек қарастыру керек екендігін анық ұқты.

Ендігі кезекте, бастапқы болып Асанқайғының Жерұйық идеясы орнайтын, яғни, «Жерді бақытты өмір сүру ортасына» (Әл Фараби) айналдырудың нақты тетіктері іске қосылатын мүмкіндіктерге Заңмен түйінделген жол ашылатын болады.

Ол үшін бізге ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫН өмірлік мақсаты санайтын ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒАЛАРДЫ өмірге әкелу қажет - мемлекеттік биліктен бастап, әрбір ауылдық деңгейге дейін!

Бірақ бұл өте ауыр жол!

Біздегі қазіргі қалыптасқан «билікке бару жолы» бұған қарама қарсы жұмыс істеуде. Қазір «билікке бару» және «адами тұлғалық болмыс» арасында зор қайшылық орын алды. Себебі, бұл жағдайдағы МАҚСАТ «мемлекетшілдікпен» ұштаспаған - жеке бастың мүддесі төңірегінде ғана айналшықтап жүр... Сол себепті, мемлекеттік мүдде де «тауар айналымы» сияқты айналымға еніп кеткен!

Сондықтан, біздің алдымызда Ұлттық тәрбиенің бар асыл жауһарын жинақтаған ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒАЛЫҚ АКАДЕМИЯ жасақтау міндеті тұр.

Ескерту: Мақала шағын форматта жазылғандықтан, көптеген көкейкесті сұрақтар назардан тыс қалып қойды. Ол туралы көлемді мақаланы, осы ойдың толық нұсқасын болашақта баспасөздерден оқитын боласыздар деп ойлаймын.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

7 пікір