Францияның экс-президенті 3 жылға сотталды
Францияның бұрынғы президенті жемқорлық және ықпалын саудалау айыбымен үш жылға сотталды. Оның кемі бір жылын саясаткер түрмеде өткізеді. Оған қоса екі жыл шартты жазаға кесілді.
Сот Сарказиді кассациялық сот қызметкерін парамен сатып алу айыбы бойынша кінәлі деп тапты. Президент сот қызметкерінен өзіне қатысты тергеу бойынша ақпарат алуға тырысты деп айыпталды. Тергеу Саркозидің президенттік науқанына заңсыз қаржы тарту ісі бойынша қозғалған.
Істе Саркозиден бөлек екі айыпталушы бар. Олар – экс-президенттің досы әрі адвокаты Тьерри Эрцог пен кассациялық соттың бұрынғы прокуроры Жильбер Азибер. Үшеуіне де айып 2014 жылы тағылған. Сот процесі былтыр қарашада басталған.
Францияның заманауи тарихында алғаш рет бұрынғы президент сотқа тартылып, айыпты танылып отыр.
Саркозиге қарсы тағы бір қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұрынғы президенттен Ливияның бұрынғы президенті Муаммар Каддафиден заңсыз ақша алды деп күдіктеніп отыр.
Сонымен қатар Францияның қаржы жөніндегі ұлттық прокуратурасы ресейлік сақтандыру компаниясымен жасасқан келісім жөнінде Саркозиге қатысты алдын ала тергеу жүргізіп отыр. 3 миллион долларлық келісім "Ресо-Гарантия" сақтандыру компаниясымен Саркози президенттігі кезінде жасалған. Іс "ықпалды саудалау" және қаржы ізін жасыру күдігі бойынша тергеліп отыр.
Саркозидің Франция мен Қазақстан арасындағы "тікұшақ қазақгейті" дейтін дауға да қатысы бар саналады.
Николя Саркози 66 жаста. Ол Франция президенті қызметін 2007-2012 жылдары атқарған.
Abai.kz