Жұма, 6 Қараша 2026
Әдебиет 164 0 пікір 6 Қараша, 2026 сағат 14:59

Ұлттық әдебиеттен нәр алған поэзия өміршең!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

 – Сламхат аға, биыл жетпістің бел ортасына келіпсіз, мерей жасыңыз құтты болсын!

 – Рақмет інім! Өзің айтқандай, жетпіс бестің жалына қолымыз тиіп тұр ғой. Жетпіс бес деген аз ғұмыр емес. Денсаулық болса үлкен де жас емес екен ғой, шіркінің.

 – Сіз қазақ әдебиетінің қоржынына біраз олжа салған ақынсыз. Оқырманға түсінікті болу үшін сонау туған жеріңізден бастап әңгіменің тиегін ағытыңыз?

– Артыма қарасам мен де біраз дәуірлерді бастан өткеріп қойыппын. Көп кешірмелер болды басымызда. Ата-бабамыз 1930 жылдары Шығыс Қазақстанның Марқакөл деген жерінен арғы бетке ауып барған екен. Менің аталарыма біраз мал біткен ғой, байларды кәмпескелеген кезде жан сауғалап қашқанда шекарада біразы оққа ұшады. Сонда әкемнің әжесі «бір ұрпағым болса да аман қалсын деп» әкемнің қолынан жетектеп ары өткен екен. Сонымен сол жерде өсіп-өндік.

– Сол жер дегеніңіз, нақтылы қай жер?

– Алғашында өр Алтайдың Көктоғай алтын кенінде бір мезгіл аялдап, кейін еңістеп Қаба ауданының Алқабек деген жеріне табан тірейді. Мен осы Алқабек ауылында туылып, сонда оқыдым, сонда өстім.

Екі-үш жылдың алдында Шығыс Қазақстан облысының архивінен сол кезде шекарада оққа ұшқан, ұсталып қалып кейін атылған аталарымызға «Саяси қуғын-сүргіннің ұрпағы» деп ақтаған құжат алдым.

 – Қанша жасыңыздан бастап өлең жаза бастадыңыз?

– Мен мектеп табалдырығын аттап қара танығаннан бастап өлең жаза бастадым. «Отан» деген өлеңім ақын ұстаздарымның қолдауымен 1963 жылы Құлжада шығатын «Іле өрендері» газетінде жарияланды.

 – Сол ұстаздарыңыздың аты-жөні қазір есіңізде бар ма?

– Әрине, есімде бар. Олар – Сейтқан Қалиұлы, Көкенбай Нұрғалиұлы, Шәмен Исаұлы. Бұлардың бәрі арғы беттегі үлкен ақындар. Менің өлең жазуыма осы ақындардың ықпалы болды. Әсіресе, маған ақын Сейтқан Қалиұлының ықпалы зор болды. Бұл туралы кейінгі жазған бір өлеңімде:

Менде ел махаббаты ерте оянған,
Он бір жаста «Отан» деп өлең жазғам.
Отаншылдық қастерлі ұлы сезім,
Басталады алдымен өз қораңнан, – дегенім бар еді.

Кейін Алтай орта мектебіне барғанда көп нәрселер үйрендік. Ол кезде Алтай қаласында кітапханалар болды, олардың ішінде орта мектептің кітапханасы едәуір үлкен еді. Осы кітапханалардан Қазақстаннан келген әдеби кітаптарды көп оқыдық. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұханов, Ғ.Мұстафин секілді классиктердің шығармаларымен сол кезде таныстық. Арасында Сәбден Елубай, Жәрдем Тілеков деген секілді жазушылардың кітабын және Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романын оқыдық.

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Зият Шәкерімұлы 1931 жылдары Алтайға ауып барған екен. Жастайынан зерек, өте білімді жігіт болыпты Алтай аймағының Оқу-ағарту мекемесінде қызмет істеген, «Алтай» гезетін шығаруға мұрындық болған адам. Кейін Үрімжі қаласындағы Қазақ-қырғыз ұйымында ойын-сауық меңгерушісі болып жұмыс істеген және «Шыңжаң газетінде» жауапты қызмет атқарған. Осы тұлғаның еңбектерінен біз Алаш арыстарымен танысу мүмкіндігін алдық қой. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген секілді өлеңдерін және қазақ халқының ХІХ ғасырдағы ең көрнекті ақындары Махамбет Өтемісұлы мен Абай Құнанбаұлының өлеңдерін оқып, көбін жатқа алдық.

Осы кезден бастап бізде Алаш идеясы оянды, ұлттық тәуелсіздіктің не екендігін білдік. Қоғамдағы кейбір ұлттық теңсіздіктерді көріп, бұл неге осылай, «неге, неге?» деген секілді сұрақтар қоя бастадық. Кейін оның жауабын да таба бастадық. Сөйтсек, оның бәрі саясатқа байланысты екен ғой. Онымен күресу үшін, оны жеңу үшін халық сауатты, білімді болу керек екенін кейін білдік. Содан соң өз әлімізше оқыдық, құлшындық, тырыстық. Осы үшін күрескен қаншалаған қазақтың боздақтары тұтқындалып түрмеге қамалды, алды атылып кеті, соның бәрін өз көзімізбен көрдік қой. Бұл біздің жүрегімізде кек болып қалды, көп нәрсені түйіп кетті.

– Мектеп  оқулықтары Шынжаңға 1950 жылдары Қазақстаннан барып тұрған екен ғой.

– Алғаш оқулықтар Қазақстаннан барғаны рас, кейін екі ел арасы салқындағаннан кейін, Үрімжіде Тілеужан Сақалов жетекшілік еткен зиялы қауым өкілдері өздері оқулықтар құрастырды.

 – Ұлтшылдарға қарысы күрестің дауылы «Мәденит төңкерісінің» қарлы боранына әкеліп соққан жоқ па?

– Иә, дұрыс айтасың, бұл күрес 1966 жылы мамырда басталып, бүкіл Қытайды шарпыған «Мәдениет зор төңкерісіне» әкеліп соғып, миша былықтырды. Біз осы төңкерістің бел ортасында болып, бәрін көрдік.

 – Осы айғай қай жылға дейін жалғасты?

– Бұл айғай 1976 жылға дейін жалғасты ғой. Бұл он жылда Қытай мектептерінде сабақ болған жоқ, бірақ біз сонда жүрдік. Мектепте қоғамдық қимылдар, күрестер болды, осының өзі бізге көп нәрсені үйретіп кетті.

 – Ол кезде шығармашылықпен айналысу деген болды ма?

– Болды, біз жазып жүрдік.

– Көсемді, партияны жырлаған өлеңдер жазған шығарсыздар?

– Мен өмірімде бірде-бір мақтау өлең жазбаппын. Оның себебі, біздің әулеттің 1930 жылдары Қазақстаннан қашып барып, онда көп азап көргенінен болса керек. Мен бүгінге дейін 5-6 кітап шығардым, солардың ішінде көсемді мақтаған, партияны мен үш қызылтуды жырлаған бір өлең жоқ.

 – Сіз Қытайда саясат оңалғаннан кейін Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институтына барып біліміңізді толтырыпсыз, солай ма?

– 1973 жылдан кейін саясат кішкене оңалып, мектептер оқу бастағанда мектепке мұғалім керек болды. Сонда бізді аудандық Оқу-ағарту мекемесі Алтай қаласындағы педагогикалық техникумға оқуға (тоғыз айлық қысқа мерзімді курсқа) жіберді. Осы тоғыз айлық курсты оқып бітіргеннен кейін ауыл орталығы Сарыбұлақққа келіп мұғалім болдым.

1976 жылы 9-қыркүйекте төраға Мау Зыдың қайтыс болып, араға екі жыл салып билікке Дың Шаупың келгеннен кейін, елде жылымық орнап, саясат оңалып, оқу-ағартуға рефорама жүргізіліп, жүйелі білім беру қолға алынды ғой. Осыдан бастап мектеп бітірген оқушылардан мемлекет бойынша біртұтас емтихан алып, жоғары мектептерге оқушы қабылдау түзімі орнады. Мен мұғалімдер арасында алынатын емтиханға қатысып, одан өтіп Іле педагогикалық институтының қазақ тіл-әдебиет факультетіне оқуға қабылданып, екі жыл білімімді толықтырып шықтым.

 – Сіз қазақтың қандай танымал оқытушыларынан білім алдыңыз?

– Бізге жоғары ғылыми атағы бар, әдебиеттанушы, ғалымдар, ақын-жаушылар сабақ берді. Мәселен, Жүнісқан Бақай, Жанетқан Тұтқабекұлы, Жәкен Отар, Дутан Сәкеев, Фарида Сахарин, Тәлет Әмірелі, Жақып Жүнісұлы және басқа Шыңжаңға белгілі әдебиетшілер, ғалымдар сабақ берді. Барлығы танымал ақын, жазушы, тарихшы, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы оқытушылар болатын. Осылардың бәрі «Мәдениет төңкерісі» кезінде қуғындалып, төменге (ауыл-қыстаққа) түсіп кеткен екен. Саясат оңалғанда қайтадан қызметтері қалпына келтіріліп, институтқа мұмалім болып жұмыс істеп жүрген кезі екен. Өте жақсы лекциялар тыңдадық, жақсы білімдер алдық. «Мәдениет төңкерісі» кезінде дұрыс ала алмаған білімді, осы жоғары оқу орнынан алып, олқылығымызды толықтырдық. Институттың кітапханасында кезінде өте көп кітаптар сақталып қалған екен. Сол кітаптарды алып оқуға мүмкіндік болды. Одан сырт Қазақстанда шығатын танымал газет-журналдар Бейжің арқылы келіп тұрады екен, бұл газет-журлалдармен сол кеде таныстық, оқыдық.

 – Оқу бітіргенен кейін ауылыңыз Қабаға қайттыңыз ба?

– Оқу бітіргенен кейін Іле облыстық Оқу-ағарту мекемесіне (Білім басқармасы) жұмысқа шақырды. Сонда барып Кеңсе меңгерушісі, одан кейін Саяси кадрлар басқармасы деген басқарма құрылып, соның басшысы болып істедім. Сөйтіп жүргенде 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік жариялады, барлығымыз елге қайтқымыз келді. Кетудің жолын қарастырдық, алғашқы жылдардан бастап осында келдік қой. Құдайға шүкір, келгенімізге отыз жылдан асты. Бұл жерге келгеннен кейін Абай атындағы ҚазҰПУ-нің аспирантурасына оқуға түсіп, онда екі жыл оқыдым. Сөйтіп жүріп отбасымызды көшіріп келдік. Бала-шағамыз тәуелсіз елдің құшағында оқыды, білім алды, өсіп-өнді.

 – Құлжада Саяси басқарманы басқарып жүргенде шығармашылықпен айналыстыңыз ба?

– Айналысып жүрдім, өлеңдерім мерзімді баспасөзде жарияланып тұрды. Мәселен, «Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Шұғыла», «Іле айдыны», «Алтай аясы» секілді газет-журналдарында жарияланып жүрді.

 – Қытайда жеке авторлық кітабыңыз шықты ма?

– Жеке авторлық кітабым шыққан жоқ. Ол жақта кітап шығару өте қиын ғой, бірақ ұжымдық жинақтарда өлеңдерім басылды. Алматыға келгеннен кейін «Ақжайқын» деген көлемді өлеңдер жинағым шықты.

 – Одан бері де біраз кітап шығарған шығарсыз?

– Иә, одан бері 4-5 кітап шығардым. Мәселен, «Ақ найза», «Ақ бүрлен», «Ақтүбек айырықтары», «Намыс толғауы» деген біраз жинақтарым жарық көрді. Одан кейін, менің ол жақтағы ұстаздарым болған, жақсы араласқан, тәлімін алған, сарқытын ішкен, бұл жақта өлеңдері жарияланбаған, ерте қайтыс болып кеткен он алты ақынның өлеңін топтастырып «Топ қарағай» деген атпен баспадан шығардым. Мұны мен мойнымдағы қарызым, азаматтық парызым деп білемін.

 – Ол он алты ақын кімдер?

– Сейтқан Қалиұлы, Сәден Әнуәрұлы, Шәмен Исаұлы, Мұратқан Жапабаев, Тілеухан Затбай, Задақан Мыңбай, Ғарыпқан Сейфулин, Қабыл Ыбырай, Ақытқан Сейтқамза және басқа танымал ақындар...

Одан кейін Әзімхан Тышан дейтін үлкен әдебиеттанушы ғалым, ғажап аудармашы адам болды. Ол кісінің ұзақ жылы түрмеде өткен, 1978 жылдан кейін ақталған. Үрімжіде шығатын «Көкжиек» деген (шетел классиктердің шығармаларын аударып басатын) журналдың бас редакторы болған, қытайдың ерте заман классик ақындарының өлеңін қазақша сөйлеткен аудармашы. Осы ағамның «Әдебиет сыр шертеді» деген кітабын құрастырып шығардым.

Құдай қаласа, енді «Топ қарағай 2» деген жинақ шығырайын деп отырмын. Мұны негізінен Іленің ақындарына арнаймын.

 –  Сізге бұл идея қайдан келді?

– Бұл бұрыннан бар ой болатын, сол ойымды енді жүзеге асырып, иғымнан жүк түскендей болып, қуанып отырмын. Олардың алды «ұлтшыл», «оңшыл» болып сотталып, кейбіреуі «Тарым» деген еңбекпен өзгерту алаңында болған, көбі «Мәдениет төңкерісі» кезінде төменге айдалып, ұрылған-соғылған танымал тұлғалар ғой.

 – Осы кітаптарыңыздың арасында мемлекет қаржысымен шыққан кітаптар да бар шығар?

– Мемлекет қаржысымен шыққан кітабым жоқ, бәрін өз қаржыммен шығардым. Кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігі шығарады деген кітаптың тізімінің арасына менің «Ақжайқын» деген кітабым бар болатын шықпай қалды ғой.

 – Сіз қазір Қазақстан Жазушылар одағының мүшесісіз, Қазақстанның «Құрметті жазушысы», «Алаш» сыйлығының иегерісіз. Қазіргі қазақ поэзиясының аяқ алысы қалай, қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Мен бұл жаққа келгеннен кейін, шығармашылықпен айналысқаныма 3-4 жыл ғана болды ғой. Бұдан бұрын отбасын асырау, бала-шағаны оқыту, оларды құтты орнына қондыру деген секілді тұрмыс тауқыметімен жүрдік қой. Ең бастысы Тәуелсіз отанымыз бар, осы отанымыз үшін келдік. Біз елге қызмет істесек, Тәуелсіз елімізге бір кісілік есемізді қоссақ деп келдік қой.

Қазіргі қазақ әдебиеті жаман емес, нәтиже бар. Бірақ оншалықты екпінді дей алмаймын. Бізде ең бастысы сын дамымай жатыр, өзімшілдік көп... Әр автор таныс, білістерін оқиды, соны жоғары бағалайды, қалғандарын оқымайды.

Қазақ әдебиетінің тарихына «Бодан әдебиет» пен «Тәуелсіз әдебиеттің» ара-жігін ажыратып жазатын кез жетті. Бұрынғыны «Бодан әдебиет» деп мойындауымыз керек, мойындамасымызға да болмайды. Оған авторлар кінәлі емес, бірақ «Бодан әдебиеттің» болғаны рас. Бодан әдебиеттің аяғы не болды, бірін-бірі ұстап беруге, бірін-бірі құртуға алып келді, сонымен әдебиеттің тамырына балта шабылды. Сол кездегі әдебиет керемет болды, қазір де керемет десек қалай болады?!

 – «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой, сол сынды біздің қазақ дұрыс қабылдай бермейді ғой. Содан болар шынайы сынның жазылмай жатқаны.

– Бұл дерттен айығуымыз керек, сынды арнайы қолдап, оны жетілдіруіміз керек. Жазушылар одағында «Сын бөлімі» деген бар, қаншалықты жұмыс істеп жататқанын білмеймін. Бұрын сын мықты болған екен, соның жалғасын үзіп алды. Сын деп жүргеннің көбі мақтау, мадақтау. Ал, шынайы жанашырлықпен сын жазса оған қарсы өре түрегеледі. Сол себепті сынды ешкімнің де жазғысы келмейді. Егер сынды бағаласа, баулыса, өсірсе, сыншылар да қарап жатпас еді, сыбанып кірісер еді. Бізде сын болмағандықтан тілдің өзі шұбарланып, қарабайырланып, аударма тілге айналып барады. Мемлекеттік тілдің дамымай, тұғырына қона алмай жатуының себебін біз өзімізден көруіміз керек. Бәріміз «тілді дамытумыз керек» деп ақыл айтқанша, тілді өзіңнен, отбасыңнан бастап дамытып, биік өреге көтермесек, біреу сенің тіліңді дамытып бермейді ғой.  Мәселен, бізде ақынмын деп жүрген жас қыз-жігіттеріміздің көбі тілден жұтап жүр. Сөзді дұрыс қолданбайды, ой қайталаулары бар, логикалық қайшылықтары көп...

 – Қазақ поэзиясында «қара өлең» деген бар, енді «ақ өлең» деген шығыпты. Бұған сіздің көзқарасңыз?

– Ел «ақ өлең» деп айтып жүр, анда-санда оқып қалам. Бірақ мен осы «ақ өлең» дегенгді мүлде түсінбеймін. Әр нәрсе сол халықтың ұлттық дәстүріне, болымысына, ерекшелігіне сай келуі керек қой. Қазақтың ұлттық мәдениетінде, ұлттық әдебиетінде ежелден қалыптасқан нәрсе ол ұйқаспен келетін өлеңдер. Ұлы Абай: «Өлең – сөздің патышасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деп бекер айтқан жоқ қой. Шақпақ қант сияқты жұп-жұмыр, ұнасымды, сиымды, тәп-тәтті болу керек қой. Ал енді ақ өлең деп жүргені ұйқасы жоқ қара сөз ғой. Оның әдебиет теориясына қаншалық ғылыми негізі барын білмеймін. Алайда, қазақ әдебиетін зерттеп жүрген теоретиктер, әдебиеттанушылар қалай сіңіріп, қалай бағалады екен? Тіпті осы ақ өлеңді жазып жүргендердің өзі қалай сіңіріп жүр екен, оған күмәнім бар... Әрине, біреуге сен өлеңді былай жаз, олай жаз, неге былай жазасын деп айтуға біздің қақымыз жоқ. Деседе, осындай түрлі ағымдарға кету, оны жаңа ағым деп қабылдау, қиыннан қашқалақтаудан басқа түк те емес.

Бізде ең алдымен ұлттық әдебиет болу керек, ұлттық әдебиет дегеніміз – қазақ. Сонда мұны алдымен қазақ мойыдауы керек. Қазақ мойындамаған, бірнеше адам осылай жазып алып, біздің өреміз жоғары, шоқтығымыз биік, бізді ел түсінбейді, біз әлемнің көкжиегіне көтеріліп кеткен ақындармыз деп айтқанмен не өзгереді, бұл тек адамның күлкісін кетіретін бос сөз болып қала береді.

Қазақта еркін өлең деген бұрыннан бар нәрсе. Еркін ұйқас, еркін өлең бірнеше жол аттап барып қосылатын, ұйқасатын жерлері бар. Ал осы ақ өлеңді әнге, музыкаға қалай сидырасың. Күшеп, зорлап келтіргенге келмейді ғой. Бұл «ақ өлең» ұлттық әдебиетімізге сіңген жоқ, біздің болымысымызда жоқ болғандықтан ешкім дұрыс қабылдап жатқан жоқ. Ал әлемдік әдебиет, әлемдік деңгей дегенге мен басқаша қараймын. Әлемдік әдебиеттің деңгейі деген не? Ол әр ұлттың озық әдебиетінің жоғары деңгейі. Басқа бір елдің, басқа халықтың әдебиетіне бағынып «әлемдік деңгей» деген осы екен дегенге келмейді. Әр ұлттың әдебиетінің өз деңгейі бар, заңғары бар. Бұл өзіңнің туған жерің, өз елің секілді, өзіміздің биік таулар секілді, өзіміздің көркем табиғатымыз секілді. «Нобель сыйлығы» деп жатады, соған ілінбедік деп, соған ілінгенді «әлемдік деңгей» деп қарасақ ол дұрыс болмайды. Мүмкін оған біздің әдебиеттің аудармасы жетпей жатқан шығар. Олар осындай сыйлық беретін орын жасап алды, ал бізде Орта Азиядағы түркі тілдес мемлекеттер осынған ұқсас үлкен сыйлықты құрып алып, әдебиетімізді бағалап сыйлық беріп отырсақ, оған басқалар да қызыға қарауы мүмкін.

 – Қазір қаламгерлер топ-топқа, жік-жікке бөлініп алған сияқты ма, қалай?..

– Сондай нәрсе бар секілді. Одақтың пәленбай жылдан бері мүшесімін, бәрінің бір жерде бас қосып, бір керемет нәрсені талқылап отырғанын көрмедім. Әйтеуір Одақта болған жиындарға барады, оған да көбі бармайды. Оны айтасың, қазір қаламгерлер жаппай рулық әдебиетке кетті ғой. Әр ру шын болсын, өтірік болсын өз руынан өтірік қаһарман, жалған батыр жасап алады да елінен жылу жинап, оған ескеркіш белгі тұрғызып, оған ас беріп, той жасайды, ат шаптырады. Ешкім білмейтін адамды танымал жасайды, батыр емес адамды батыр жасайды. Әрбір кіші руларға дейін сондай үлкен батырлар болса неге біз күні бүгінге дейін сорлап жүрміз. Күні бүгінге дейін еліміздің есесі кетіп отыр ғой. Тілді де жолға қоя алмай отыруымыз, осының бәрі халықтың сапасыздығынан болып отырған жоқ па?! Біздің халқымыз сапалы, мықты халық болатын болса, барлығын біліп тұрған білімді халық болатын болса, ана Балтық теңізі бойындағы елдер құсаған біз әлде қашан басқаша ел болған болар едік. Қазір Кеңес үкіметінің қайта оралуын аңсайтындар, тілейтін үлкен кісілер көп, олармен әңгімелескенде естіп жатамыз. «Қазақстан орысқа қосылмай дамымайды» дегенді екінің бірінің аузынан естисің.

 – Рулық әдебиет өркен жайып, тамырын терең тартып бара жатыр дейсіз ғой. Мұның басты себебі не деп ойлайсыз?

– Мұның басты себебі, ұлттық сана-сезімнің жетілмегенді, әлі ұлттық деңгейге көтеріле алмауынынан деп ойлаймын. Егер ұлттық деңгейге көтерілсек ондай болмас еді. Қазір осыған үкімет тиіттей мүмкіндік берсе, ру-руға бөлініп алып, өз руының биі болғысы келетіндер бар. Мәселен, бұрын мемлекеттік қызметте істеп жүрсе, бір жоғары оқу орнында декан, прафессор, ғалым болса елдің, ұлттың сөзін сөйлеген болады, былай кеткеннен кейін немесе демалысқа шыққаннан кейін руының адамы болып кетеді ғой. Осы нәрсе біздің санамызға барынша сіңіп кеткен. Сондықтан біз осы дерттен айығып, ұлттық идея, тек ұлттық қаһарман ғана жасауымыз керек. Ұлттық идеолоия дегеніміз осы. Ұлт бір идеяға бірікпей біз ешқашан мандыған ел бола алмаймыз. Сондықтан біз ұлттық идеяны көбірек дәріптеуіміз керек, ұлттық қаһарман жасау керек. Мәселен, өскен, өркениетті халықтарды айтайық, шетел әдебиетін оқып жүрміз, біз ағылшындар, ағылшындардың пәлен батыры деп бір ауыз сөз айтпайды ғой. Ал біз қытай әдебиетін оқыдық, қытайдың өзі басқалардың езуін тілейік, олар ханзуларды өлтірген, қырған деп бір ауыз сөз айтпайды ғой. Ал орыс әдебиетінің классиктерінде осындай эмоссияға толы бір ауыз сөз жоқ. Өскен халық деген өскен халық қой. Біз де тырысып соған жетуіміз керек, жетпей болмайды.

 – Бұл қазақтың ұлттық рухының жаншылып, құлдық сананың асқынып кетуінен болса керек. Қазақтң ұлттық рухын қалай көтеруге болады?

– Ұлттың рухын көтеру үшін оқу керек, білім алу керек. Мемлекетте ұлттық бағдарламалар болу керек. Қазір аузына келгенін айтатын, Абайға да тіл тигізетіндер пайда болды. Өткен жылы «Абай деген адам өмірде болмаған адам» деп бір шетелде жүрген әйел жазды ғой. Ол да мына Абай атындағы ҚазҰПУ оқыған екен. Шетелге барып алып қай-қайдағыны айтады. «Бізді Америка құтқарады» дейді, ешкім де құтқармайды, қазақ өзін-өзі құтқарады. Сондықтан біз өзіміздің оқу-ағартуымызды жақсы жолға қойып, ғылымды дамытуымыз керек. Шетелге барып оқып келу деген жақсы шарт-жағдай, бірақ ағылшынша, французша, итальянша, қытайша оқып келіп қазақ идеясын дамытам деген бос әңгіме.

 – Ұлттық рухты көтеруге ақын-жазушылардың атқаратын рөлі күшті ғой. Біздің ақын-жазушылар осыған келгенде салғырттық көрсетіп жүрген жоқ па?

– Әрине, ақын-жазушылардың рухы жоғары. Ол үшін ақын-жазшыларға қамқорлық жасау керек, шығармаларын бағалағанда соларды жақсы білетін дұрыс адамдарды отырғызу керек. Өкінішке орай бәрі керісінше болады.

 – Жаңа Махамбеттің, С.Торайғыровтың рухты өлеңдерін бала кезіңізде оқығаныңызды айттыңыз. Олар өз заманында халықтың рухын көтеру үшін осылай жазды ғой. Қазіргі халықтың рухының әлсіз болуы ақын-жазушыларға байланысты емес пе?

– Әрине, байланысы бар, оның себебін жан-жақтылы қарастыруға болады. Арғысын айтпағанда, Кеңес Одағының қазақ даласына орнауы қазақ халқына көп қасірет алып келді. Ақ сүйектерін құртып жіберді, одан кейін қолдан жасалған ашаршылықтан бір қырды, ол аз болғандай, сорпа бетіне шықққан зиялыларын, ақын- жазушыларын халық жауы жасап бір қырды. 1916 жылғы Нарынқолдағы Албан көтерілінде қаншалаған арыстарды қырып салды. Ал тірі қалған біразы қытай асып жан сауғалады. Мұнда қалғандардың түбіне жетті. Коммунистік партия тәрбилеп, мәпелеген ұрпақтар билікке келді. Қазірге дейін сол дәстүр жалғасып келе жатыр. Ол өзгермей, ештеңе де болмайды. Оны өзгерту үшін білімге реформа керек, ген деген тазалығы керек, ген деген маңызды нәрсе. Тектілік осы геннен келеді. Басқасын өзгертсең де генді өзгерте алмайсың, сабағын үзе алмайсың. Арыстаннан арыстан туады, тышқаннан тышқан туады. Тышқанды қаншалық көтерсең де, баптасаң да ол арыстан болмайды, тышқан болып қала береді.

 – Жақында Президентіміз кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұл қалыптастыру туралы атты ғой.

– Кітап оқу деген дұрыс қой, ол науқан күйінде болып қалмаса болғаны. Бізде көп нәрсе науқан күйінде қалып жатады. Оны біреу іліп алып, соны іске асырған адам болып көрінгісі, Президенттің көзіне түскісі келеді. Жанында жүрген соң, кіріп-шығып жүріп өздерінің айтқан сөзін жеткізеді. Енді соның бәрін Президент өзі түгел бақылап отырса, төмендегі бақылаушы адамдары қала, облыс, аудан, ауылға дейін жетсе, оның жөні бөлек. Тек әкімдердің айтқандарымен жүретін болса, түк те болмайды.

 – Қандастар мәселесі шешім табудың орнына жыл сайын қиындап барады. Мұның себебі не деп ойлайсыз?

– Шетелден келген қандастардан қазақ тілінен емтихан алу деген  мүлде дұрыс емес нәрсе. Шетелдегі қазақтар бір ауыз орысша білмейді. Оларды оқуға қабылдап немесе мемлекеттік қызметке тартып жатқан жоқ қой, олардан қазақ тілінен емтихан алудың не керегі бар?! Олар онсыз да қазақ тілін біліп тұр. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақтың бір шаңыраққа жиналуына, көк тудың астында бас қосуына кедері жасайтын бір күш бар секілді. Солардың жасап отырған пәлесі ме деп ойлаймын.

Бір отбасы көшіп келсе, әке-шешесі, ата-әжесі, бала-шағасы келеді. Әжесі 80 жаста, атасы 85 жаста болуы мүмкін, осылардан қазақ тілінінен емтихан алу қаншалық заңды?!. Министрлер қазақ тілін білмей-ақ министр болып отыр ғой. Ал шетелден келген қандастар қазақша сөйлеп тұрып емтиханнан өте алмайды, қандас мәртебесін ала алмайды. Осындай теңсіздік пен әділетсіздіктер көп. Сондықтан ұлттық идея мықты болмаса, ұлттық діңгек мықты болмаса ештеңені өзгерте алмайды.

Ұлтты көркейтемін десе қазақтың тілін дамыту керек. Тіл дамымай ештеңе де өзгермейді, дамымайды. Тілден айырылған соң бәрінен айырылып қалады. Мәселен, баспасөз арқылы да тіл даму керек еді, оның өзі шұбарланып кеткен. Қытайды «Аспан асты елі» дейді, сонда басқа ел аспанның үстінде жасап жатыр ма, Жапонияны «Күн шығыс елі» дейді, мына тұрған Алатау сағасын «Алашьанкоу» (ханзу тілінде Алатаудың аузы деген сөз) дейді. Алатау сағасын біздің журналистер ата-енесінің атын тергегендей айтқысы келмейді.

 – Өзіңізбен замандас, әріптес қаламгерлерге не айтар едіңіз?

– Біз соңғы бекетке таяп қалдық, жетпіс бес деген оңай жас емес, артыңа қарасаң жатыр ғой көз жетпейтін сары жазық. Барлығымыз қазақ әдебиетінің пұшпағын илеп жүргеннен кейін, біз шынайы ұлт әдебиетін жаратуға күш салуымыз керек. Бодан әдебиеттен құтылған бақытты ұрпақтарға дұрыс жол сілтейтін, рухани тәрбие беретін жаңаша әдебиет қалыптастырып, сол бағыттағы кітаптарды мемлекеттің қолдауымен басып шығару керек. «Мынаны жазсам біреу қолдайды, біреу қолдамайды-ау» деп екіленбеу керек, әр ақын-жазушы өзінің жазатынын жазып кету керек. Оны түбі керек қылып, іздеп жүріп оқитын оқырман, ұрпақ табылады.

Сұхбаттасқан Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір