Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7647 0 пікір 30 Наурыз, 2012 сағат 08:21

Нұрлан Сәдір. Ел болам десең, беліңді түзе

 

 

«Ел болам десең бесігіңді түзе»-дейді атам қазақ. Бесікті бөпе үшін жасайтыны белгілі, ал бөпе жасау үшін бел керек. Өздеріңіз байқап отырғандай, «Ұлы сөзде ұяттық жоқ», тақырыбымыздың аясы - белден төмен, тізеден жоғары: латыншасы потенция, қазақшасы бел. Жалпы «бел-бел» деп бетіміз бәрібір ашылатын болғасын әңгіме барысында белден көп әрі емес дүниелерді де түгендей кетерміз. Кешегі Кеңестің пуритандық саясатының (жалпы бұл жаман саясат емес) салдары ма, әлде біз сондай ұялшақ халықпыз ба, әйтеуір бұл қазақы БАҚ-та бағы ашылмаған, бір шыр бітпеген тақырып. Мүмкін, тіпті, шынында да бұл туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ шығар -қазекем кезінде «бүлкүл» жайлы күңкілсіз де біраз шаруаны тындырып тастаған жоқ па? - деген ой да келеді. Алайда біз (өкінішке орай?) айдалада отырған жоқпыз, жаһанданудың жағалауында жүріп-ақ Батыстың жыныстық тәрбие-саясатының соққысы астында қалып жатырмыз. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, күні ертең ДСҰ-ға кіргенде бүкіл жүріс-тұрысымыз ғана емес, жатысымыз да батыси болып шыға келуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл шіркінді жұқалап болса да жағалау, оның қазақи әдебін қалыптастыру қажет шығар,- деп ойлаймын. Ең болмаса баламыздың «мен қайдан шықтым?» - деген қашып құтыла алмайтын сұрағына ұялып-қызармай, қақалып-шашалмай жауап бере алатын шамамыз болуы қажет. Көккөз көршілерімізге рахат - бәрін жаба салатын капуста, тырналары бар. Біз де құр алақан емеспіз, әрине: «аһ» дегенде арыстай ұл шығатын ауыз», «бала тауып бере беретін дала мен шана» бар. Бірақ бізге, сірә, бұдан басқа нанымдырақ батырларды ойлап табу қажет-ау. Әдетте шоматайдың ата-анасына «әшу» беріп қуантудан басқа да миссиясы барын бала үй-ішінен емес, өзінен бір-екі ползонкиді бұрынырақ тоздырған жора-жолдастарынан біліп жатады. Бірақ «ұстазы» ұғындырғаны бір пәлеге ұрындырмасына кім кепіл ? Олай дейтінім, арнайы медициналық басылымдарда болмаса, көп тілге тиек болмай жүрген «онанизмді» балалар бір-бірінен үйренеді, ғалымдардың көпшілігі бұны алып бара жатқан зияны жоқ, керісінше тіпті пайдасы бар (бойдағы артық қуат-кернеуден босатады-мыс) жыныстық қалыптасу кезеңінің өткінші бір көрінісі санаса, кейбір ғалымдар онанизмді зиянды әдетке (жыныс мүшелеріне инфекция түсіру қаупі, ер жетіп-бой жеткенде жұбайлық өмірді қалыптастыруға кедергі: кейбір адамдар онанизмге бой үйретіп алып, табиғи қатынастан әсер ала алмай қалады, табиғи һәм таза жанұялық қатынаспен өтелетін жыныстық құштарлықты онанизммен ауыстырып алу үйлену/күйеуге шығуды кешеуілдетеді -мыс, т.б) жатқызады.

Бірден айта кетелік, Кеңес Одағы кезінде екінші топтың пікірі үстем болды, ал отандық ғалымдардың бұл туралы, оның алдын алу жолдары жөнінде ой-пікірін өкінішке орай көпшілік қазақ баспасөз бетінен көп кездестірмейді. Жалпы, зиянды әдеттердің көбі рухани тәрбиенің кемдігінен, баланың дер кезінде шаруаға араластырылып жұмсалмауынан, бос уақытының көптігінен болады. «Еріккен адам ен...ін уқалайды» деген мақал шығарғанына қарағанда қазекемнің бұдан хабары болған және алдын алу жолдарын білген: таза ауада асыр салып ойнаған, қолдан келетін жұмыстарға араласқан, шоколад-кола сынды қоздырғыш һәм артық қуат бергіш нәрселерден ада бала әдетте аталған бәледен аулақ. Онымен айналысуға мүмкіндігі де, ықыласы да жоқ болады. Көптеген ата-ананың жыныстық тәрбиеден хабары аздығын мына мысалдан көруге болады: барлық дерлік той-думанда үлкенді-кішілі қыз балалар белін жалаңаштап, кіндігін ашып, бөксесін аударып-төңкеріп өздері «Шығыс биі» деп атайтын бірдеңені көрсетеді. Шындығында бұл ешқандай да шығыс биі емес, қоздыру биі, тіпті қылмыс биі. Бұндай биді кезінде байлық, билігі жетерлік, алайда «қойнында қалашы қалмаған» патша-сұлтандардың бойынан құмарлықтың қалдығын ояту үшін гаремдегілер, кәнизәктәр билеген. Енді келіп осындай бағы ашылмағандардың бұралаң-ирелең қағуын қыз-қарындастарымызға жасатып, оған қол соғып қолпаштағанымызға жол болсын?! Шала мас қозықарындардың жас қыздың жалаңаш етіне көз сүзіп, қазақы стриптиз үшін кір-кір 200-500-дікті маңғаздана ұсынуы - жиіркенішті көрініс. Бұл «би-сымақты» садақа жинаудың мәденилендірілген түрі деу арқылы біраз қандасымның шамына тисем, онда бұл мақаланы босқа жазбағаным.

Жалпы, кейбір зерттеушілердің пікіріне сүйенсек - би табиғатта екі роль атқарады екен: болашақ жемтігінің сақтығын кеміту үшін (мысалы, түлкі ірі құстарды аулау барысында олардың алдында аударылып-төңкеріліп билеп жүріп шап беріп ұстап алады) не ұрғашы аң еркегін (немесе керісінше) өзіне назарын аударуға, құмарлығын оятуға қолданылады (біз мұндай көріністі хайуанаттар туралы хабарлардан фламинго сияқты құстардың биінен көріп жүрміз). Яғни, менің бір танысымның айтуы бойынша билеу мен күйлеудің ауылы алыс емес. Жоғарыда мен жыныстық тәрбие бағытында жазатын қазақ баспасөзі жоқ деп едім, басын аша кетейін шындығында ондай БАҚ жоқ емес, бар, бірақ оларды жыныстық тәрбие бағытындағы дегеннен көрі жыныстық жүгенсіздікті жарнамалайтын газет деген жарасатын сияқты: мақалаларының аты да оңып тұрған жоқ (әдетте ол газеттердегі жазбалардың аты «Жезөкше қыздың хикаясы», «Көңілшек келіншек жайлы көркем сөз», «Атасымен ашына келін», «Жүргіш жігіттің жазбалары», «Ит-мадамның досы», «Көгілдірдің» көз жасы», шамасында болып келеді), заты да солай - жыныс әлемінің қоғамда орын алған неше түрлі жыни-шайтани жақтары авторлардың өз қиялындағы одан өткен сорақы фантазияларымен байытылып оқырмандарына ұсынылады. Аталған туындыларды тұрақты түрде оқығандардың оңбағандық, зина, азғындықтың сан-алуан тәсілдерін меңгеріп шығуға мол мүмкіндіктері бар, жеңіл жүрістің оқулықтары іспетті орысша айтқанда бульварно-вульгарный бұл газетсымақтардың бір нөмірін жібермей оқитын оқырмандары жеткілікті. Бір таң қаларлығы бұндай былғаныш газеттерде аталған тақырыптағы мақалалармен Құран, хадис, діни әңгімелер қатар жүреді. Газет құрылтайшыларының бұл жердегі логикасын түсіну қиын, алайда анайылықтан аулақ болып жыныс мәселесі туралы қалам тарту мәдениетін қалыптастыру қажетілігі анық. Алайда жыныстық тәрбиедегі өрескелдіктер тек газет бетінде ғана орын алады деген түсінік қалыптаспауы керек, телевизордан да талай әттеген-айларды байқап қаласың, мысалы, қазақ телевидениесінің әзіл-сықақ бағдарламаларында «көгілдірлерді» көрсету үрдіске айналды, «Бұралқы сөз күлуге жақсы» ғой, дегенмен біздің елімізде Құдайға шүкір, тап ондай проблема жоқ сияқты, болса да бұл күлетін емес, жылап отырып жөндейтін мәселе сияқты. Телевидениенің одан басқа да келеңсіз рольдері жетіп жатыр, мәселен жарнамалардың жартысынан артығы жартылай жалаңаш сұлу әйелдің қатысуымен жүреді. Бұдан қандай қауіп бар дейсіз ғой, бұдан қоғамға орасан зор зиян бар, бәрін айтып жатып жатуға бір мақала түгіл 1-2 жорнал кемдік қылуы мүмкін, сондықтан еркектерге тиетін қиянат туралы аз-кем әңгіме қозғайын. Адам баласында ұят деген қасиет пайда болып абиұрын жапқалы, әсіресе көззинаның өзіне қатаң тиым салынған мұсылман қоғамында  әйел затының ашық-шашық жүруі құпталмайтын құбылыс еді. Жалаңаш ет көзіне түскен сәтте табиғаттың жаратылыс заңдығына сәйкес еркектің көңілі еркінен тыс елең ете қалады, ал жалаңаш әйелдің жанды-жансыз бейнесі көшеде, кітапта, газет-журналда, көгілдір экранда,...бір сөзбен айтқанда аттаған сайын кездесе бергендіктен бір оянып бір босап әрі-сәрі қалыпта , үнемі ширығып жүрсе зорығып қалатын кез келген бұлшық ет сияқты еркектігі елеңдей-елеңдей шаршайды... Осы жерден тоқтап айтылған жайтты аспаздың тәбетімен паралель жүргізіп көрейікші: ертеден қара кешке дейін тамақ пісірумен айналысатын аспаздың, жалпы күйеу күтумен айналысатын кез-келген айналайын келіншектің тамақ пісіру барысында ана астың да мына астың да дәмін-тұзын татып көреді, тіпті көп қарпымай-ақ та иісінің өзіне тояды. Сөйтіп алдына ас келгенде, дәлірек айтқанда өзі дастархан басындаға басқа қаһармандарға қарағанда тәбеті әлдеқайда аздау болады. Әрине, бұған қатты қынжылып жатқан ас пісірген аспазымыз, апамыз, жеңгеміз ... жоқ,  жұрт жесе болды, соған дән риза. (Себебі бұл қалыпты, солай болуы тиіс құбылыс). Ал бұндай ризашылықты күні бойы көзіне түскен жалаңаш еттен көзі де, көзінен басқа жері де болдырған еркектің әйелінен байқай аламыз ба ? Шын мәнінде мәдениетті, яғни өркениетті қоғамда әр балиғат жасына толған еркектің көзіне түсетін жалғыз жалаңаш тән жұбайыныкі болу керек-тін, оның өзі де Құдай қосқан қосағымен табысатын ақ төсекте анда-санда болатын қуаныш еді. Иә-иә, көшедегілердің көлбеңдегені өз алдына, оның үстіне әйелі де ашық-шашық жүретін болса ол қосақпен қосылудың ләззаты һәм қуанышы кем болуы заңдылық, өйткені күнде күндіз көріп жүрген нәрсе таңсық болудан қалады, ал құпия қалмағасын қуаныш та қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, Құдай берген (тіпті бұйырған деуге де болады) халал ләззаттың әсері, өткірлігі кемиді, ері мен әйелінің арасы салқындайды, түнгі шаруа күні бойы күтетін сәттен гөрі «супружеский долг»-парызға, бірте-бірте амал жоқ атқаратын міндетке айналады. Қолдан ұрықтандыру арқылы пайда болған қойдың еті дәмсіз болады дегенді бір жерден естіп едім, бұл жаны бар әңгіме болуы керек, сол сияқты құштарлығы кем қосылудан дүниеге келген ұрпақ артынан қанша баптасаң да қырық үш күндік кемдігі қалатын, сын сағаттарда сан соқтыратын Тайбурылдың кебін киіп жүрмей ме деген қауіпім бар. Жалаңаштықтың жария болуының тоқсан түрлі зияны бар,-деп жоғарыда айтып едім, бұл зиянда кейіпкерлерін бір аунатып тұрғызбаса іштері ауыратын сценарист-режиссерлердің де, бөкселерін олай да былай да ойнатып ойқастап жүретін замандастарымыздың да, нудизм қоғамымыздың басқа да түрлі-түсті қайраткерлерінің үлестері бар.

Әңгімеміздің өзегі болған белсіздікке өзге факторлардан басқа гиподинамия-қимыл аздығының да әсері бар, әсіресе жұмысы негізінен компьютер үстелінің айналшықтаумен шектелетіндер жамбастағы қан айналымның бұзылуы еркектік қабілеттің төмендеуіне әкеліп соқтыратынын ескеруі тиіс. Кезінде қазақ жігіттерінің қай мағынасында да белді болуына жылқы жануарының едәуір әсері болған сияқты: біріншіден аттың үстінде табаннан сыз өтпейді және жануардың жылуы белден төмен ерді суықтың әсерінен қорғайды, жылқының жүрісі- оның үстіне тамаша массаж мен жаттығу, атыңнан айналайын жылқы жануарының бұдан да басқа қасиетері мол болуы керек. Сіз бен біз сияқты қалалықтарға жиі-жиі жорға міну қол жетпейтін арман шығар, ең болмаса күнделікті тірлігімізге таза ауада жаяу серуен, дене еңбегі сияқты элементтерді кіргізу игі әсерін берері сөссіз. Алайда дене қимылының пайдасы бар екен деп оған аса қатты салыну мысалы, культуризм-атлетизм фанатына айналу, ана жер, мына жеріңді томпайтам,- деп  шамадан тыс салмақ көтеру, сондай-ақ шектен тыс жиі жыныстық қатынас та адамның нәпсәни де рухани да қуатын кемітетінін, сарқитынын ұмытпайық. Жалпы бел туралы әңгіме болғанда қоғамымызда орын алып отырған нәрсе импотенция-белдің жоқтығы емес, негізінен оның әлсіздігі екенін білейік. Аталған проблеманың жаппай етек алмағанымен жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанына белсіздікті-бедеулікті емдейтін клиниалардың ашыла бастауы дәлел, бұл мекемелер сұраныс болмаса ашылмас еді және де бірте-бірте олардың пайдаға шаш етектен бататынына күмәнім жоқ. Себебі, олардың табысы үшін саналы және санасыз түрде түп-түгел қоғам, тұтас индустриялар жұмыс істейді. Олардың бірі масс-медиа екенін жоғарыда айтып кеттік, одан да басқалары жеткілікті. Мысалы, қазіргі заманғы мода белсіздік-бедеуліктің біраз алғышарттарын жасайды: көзіміз әбден үйреніп болған қысқа етек пен шорты, капрон шөлки, денеге жабысып тұратын синтетика іш киім киетін болсақ Жетпісбай-Сексенбайлар қайда кетті деп қайран қалмайық. Осы қалпымыздан аумасақ Қырықбай-Елубайларға зар болып қалуымыз мүмкін. Ал күні кеше сәнге айналған кіндікке көрсету сәні - тұқымды тұздай құрту саясатының жемісін таяу болашақта жейтін табысты саласы. Шынын айту керек, кіндігін жалаңаштау үрдісі бұрын қазақ даласында болған - хас батырлар сауытының кіндік тұсынан тесік, саңылау қалдырып жауына «келсең-кел» деп тұрады екен, ал біздің апа-қарындастарымыз кімге олай деп тұрғаны түсініксіз. Көптеген проблемалардың алдын алады дейтін оңды-солды ұсынылып, жарнамаланып, тіпті тегін таратылып жатқан жатқан мүшеқап туралы (ондай проблеманың алдын алу үшін резеңкеден көмек сұрамай жеңіл жүрістен аулақ жүру жеткілікті емес пе), оның потенцияға тигізер кері әсері туралы әңгімелер де айтылып қалып жүр. Қоздырғыш құрал-жабдықтар индустриясының бұрын естіп көрмеген садизм, мазохизм сияқты сайтани құбылыстырды, жыныстық жүгенсіздіктерді өршітетіне күмән жоқ: қоздырғыш-тұрғызғыш-ыңырсытқыш пәлелерге қарсы тұтас бір мақаланы арнауға болады. Басқаңызға қалай екенін білмеймін, маған ел мен белдің арасындағы ұқсастық кездейсоқтық емес, бір сыр бар сияқты. «Балағынан бала саулаған» құтты халық боламыз десек, бесікпен қатар белді де түзеуіміз қажет. Қазақтың болашағы өз қолымызда, қандай сапалы резеңкеден жасалып, қалай аударсаң да ыңғайыңа көне беретін болса да «үрмелі қатын» («надувная баба») біздің көсегімізді көгертпейді. Мен руханиятымызбен қатар беліміз де сондай күшейіп бала-шағаларымыз біздерге қатысты мынандай жыр жолдарын жатқа айтып жүрсе екен деп армандаймын:

«Тоқсанда атам Тоқтарбай, алпыста анам Аналық...»

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036