Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5285 0 пікір 2 Сәуір, 2012 сағат 11:39

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. Сатираның салмағын қайтсек арттырамыз?

«Сатира - күштілер қаруы» деген екен кезінде ұлағатты ұстаз, қазақ сатирасының белгілі теоретигі Темірбек Қожакеев. Ол кісі бұлай дегенде астарында ақыл-ой мен терең пайым-парасат жататын жауынгер жанрға екінің бірі бұғалық сала алмайтынын, оны тек ақылы мен айласы, батылдығы мен батырлығы тең түскен таңдаулы сардарлардың ғана бағындыра алатынын меңзеген болар. Бір анығы, ата-бабаларымыз қай заманда да оралымды ойын көркем тілмен кестелей білген. Ердің құнын екі ауыз сөзбен кесіп, қолмен тарқатылмас түйінді тілмен шешкен. Қалжыңының өзі кісіні мақтамен бауыздарлықтай соншама өткір және мейлінше жарасымды болған. Қарап тұрсақ, соның бәрі - сатира, соның бәрі - юмор. Ал сатираның бүгінгі таңдағы хал, қадірі, қоғамға әсері қандай болып отыр? Сөз сұйылып, күлкі дарақыланып кеткен жоқ па? Қайтсек салмағын арттырамыз?..

«Сатира - күштілер қаруы» деген екен кезінде ұлағатты ұстаз, қазақ сатирасының белгілі теоретигі Темірбек Қожакеев. Ол кісі бұлай дегенде астарында ақыл-ой мен терең пайым-парасат жататын жауынгер жанрға екінің бірі бұғалық сала алмайтынын, оны тек ақылы мен айласы, батылдығы мен батырлығы тең түскен таңдаулы сардарлардың ғана бағындыра алатынын меңзеген болар. Бір анығы, ата-бабаларымыз қай заманда да оралымды ойын көркем тілмен кестелей білген. Ердің құнын екі ауыз сөзбен кесіп, қолмен тарқатылмас түйінді тілмен шешкен. Қалжыңының өзі кісіні мақтамен бауыздарлықтай соншама өткір және мейлінше жарасымды болған. Қарап тұрсақ, соның бәрі - сатира, соның бәрі - юмор. Ал сатираның бүгінгі таңдағы хал, қадірі, қоғамға әсері қандай болып отыр? Сөз сұйылып, күлкі дарақыланып кеткен жоқ па? Қайтсек салмағын арттырамыз?..
Сатираның қай заманда да қоғамның қозғаушы күші, иммунитеті болғаны анық. Қандай да бір кеселді жағдай, келеңсіз кө­ріністің өзін уытты сөзбен түйреп, соның түйі­нін тарқатуға, шипасын табуға жұрт­шылықты жұмылдыру, ой салу арғы-бергі заман сатириктерінің басты назарында болды. Бұл ретте, Әзиз Несин, Ильф пен Петров, Н.Го­голь шығармалары өз кезеңінің ащы шын­дығын өткір сипаттап қана қойған жоқ, ондағы әрбір тіркес пен ой орамдары қанатты сөзге айналды. Қазақ сатирасының Ш.Сма­ханұлы, О.Әубәкіров, С.Кенжеахметов сынды көрнекті өкілдерінің туындыларын айт­пағанда, бүгінгі К.Әмірбек, Т.Әлімбекұлы шығармалары да аталмыш салаға үлкен олжа салып жүр. Сол сияқты, Д.Исабековтің «Ес­керт­кішінің» өзі не тұрады! Немесе Ғ.Мү­сірепов, Б.Майлин, Т.Нұрмағамбетов әңгі­мелеріндегі қазақы юмор қандай! Былайша айтқанда, ауызды қу шөппен сүртетіндей жағдай жоқ, жазылатын дүниелер жазылып жатыр. Дегенмен соларды халыққа жеткізу, ой өрнегін, мән-мазмұнын сақтай отырып көр­сету жағы кемшін. Мысалы, «мен сахнаға әртістігім ұстап, керемет шеберлігім тасып бара жатқандықтан шықпаймын, тек өзімнің жазған дүниемді сол қалпында оқып беремін. Ал оны бір әртіске берер болсам, ол әлгі шығарма сөздерінің жартысын далада қал­дырады да, қалғанының барлығын оспадар қылықтарымен толтырып, солайша жұртты қыран-топан қылғысы келеді.
Оны көргенде сөзімнің далада қалып кеткеніне жүрегім ауырады» дейді белгілі сатирик Толымбек Әлім­бекұлы. Айтса айтқандай, қазіргі әзіл-сықақ театрлары әртістерінің көпшілігі бос күлкі шақыратын бұралқы сөз бен жеңіл-желпі көріністерді қайталаудан әріге аса алмай жүр. Әжуалайтындары - баяғы сол ерлі-зайыптылардың салғыласы мен шал-кемпірдің теке-тіресі, ары кетсе, базар, несие, сауна төңірегіндегі өсек-аяң­дар. Өкінішке қарай, сатираның баға­сын түсіретін осындай жайттар азаймай отыр.
Бір анығы, соңғы уақытта әзіл-сықақ театрларының қарасы көбейді. Баяғыдағы бір ғана «Тамашадан» «Бауыржан-шоу», «Терісқақпай», «Күлкі керуені», «Шаншар» балалап, оның соңы «Аққу-Гәкку», «Алда­рас­пан», «Екі езулерге» ұласты. Мүмкін, осы­ның нәтижесінде өзара бәсеке ұлғайып, сатира айдынына ең таңдаулылар мен нағыз лайықтылар ғана сұрыпталып шығар деген үміт басым. Тек әртістеріміз де, оларға материал ұсынатын қаламгерлер қауымы да орысқа, басқаға еліктегенді қойып, сатира өнерін өз табиғатымызға, қазақы қалпымызға мейлінше жақындата түссе, жөн болар еді.
Өмір күн сайын өзгеріп жатыр. Айнала­мызда қаншама жағдайлар орын алуда. Бұл орайда, сатира тек қана әзіл-оспақ, же­ңіл күлкі емес, ол - заманға, қоғамға ашу-айбат, әжуа-мысқыл, Қожакеевше айт­­сақ, құдіретті қару! Яғни орнымен жұм­сап, парасатты түрде пайдалана білсек, көп нәрсені өзгертуге мүмкіндік бар.
Сатираның салмағын қайткенде артты­руға болады дегеннен туындайтын бір мәселе - осы салада ізденіп, азды-көпті еңбек сіңіріп жүрген жандарды, яғни сати­ра сарбаздарын марапаттау жағына көңіл бөлінбей жүргендігі. Мысалы, бізде қалам­герлер қауымына тапсырылатын «Алаш», «Тарлан» сыйлықтары бар. Бірақ неге екенін, сатирик жазушылар мен сатирик ақындардың осы жүлделерді еншілегені кемде-кем. Сатираның деңгейін көтеріп, шығармашылық иелерінің қызығушылы­ғын, ізденісін арттырамыз десек, мүмкін, осы сала бойынша арнайы сыйлық таға­йын­даған жөн болар?! Айта кетер тағы бір жайт, бұрындары «Ауылдың айтқыштары», «Құрдастар қалжыңы», «Сөз тапқанға қол­қа жоқ» деген сияқты арнайы жинақтар шы­ғып тұрушы еді. Бүгінде олардың да қ­а­расы азайды. Негізі, сондай арнайы жи­нақ­тар шығару, оларды басқа тілдерге ау­да­ру жағы да ескерілсе, артықтық етпес еді.

  • Өз пікірім

Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры:
- Бұрынғыдай емес, соңғы уақытта сатира жанрына жақсы көңіл бөліне бастады. Қай телеарнаны қарасаңыз да, арнайы әзіл-сықақ бағдарламалары немесе сондай жобалар көрсетіліп тұрады. Комедиялық фильмдер түсіріліп жатыр, әзіл-сықақ театр­ла­ры ашылуда. Бұл, әрине, жекелеген кісілердің бастама­сымен атқарылып жатқан шаруалар. Ал жалпы, мемлекеттік тұрғы­да алғанда, менің ойымша, сатириктерді қатты көтеруге, ын­таландыруға соншалықты ықылас жоқ сияқты. Өйткені «әзіл­кештер, қоғамды сынайтындар көбейіп кетеді» деп қауіптенеді. Мен мысалы, атақты сатириктеріміздің мемлекеттік дәрежедегі үл­кен сыйлыққа ұсынылғанын, алғанын көрген де, естіген де емеспін.
Жалпы алғанда, «Сатираның тілі не болып жатыр? Біз қанша­лық­ты күлдіре алып жүрміз?» деген мәселе менің жанымды ауыр­та­ды. Себебі сатира, әзіл тілдің дамыған жерінде жүреді. Тіл қан­­шалықты дамыса, сатира да соншалықты дамиды, сонша­лықты түсініледі, қабылданады. Бізде әзіл түгіл, сөздің астарын түсінбейтіндер көп. Көрерменді күлдіру дәрежеміздің төмендеу болып жататыны содан. Астарлы күлкі қалып бара жатыр. Оның орнына «Анау тұрыпты, басынан бір ұрыпты, басы жалпайып ке­тіпті» десең, жұрт күле салады. Яғни мән-мағынасыз күлкі көбейіп кетті. Сондықтан тілді дамытсақ, сатирамыздың да салмағы, көр­кемдік жағы артар еді.
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, сатирик жазушы:
- Күлкі қашан да керек. Тек қазіргі күлкінің салмағы қандай? Меніңше, күлкі театрларының көпшілікке ұсынып жүрген қазіргі күлкісі тым арзан. Көбіне отбасы-ошақ қасындағы әңгімені сөз етеді. Бұған, мүмкін, әртістер мен сатириктерді ғана кінәлауға болмас. Саясатты сөз етуге, қоғамдағы өзге де дертті тақырыптар­ды көтеруге олардың білімі жетеді. Тек біздің көрермендер оны қабылдауға дайын емес. Мысалы, айтары таусылған «Тамаша» ойын-сауық отауына да, бір өзі бір театрға айналған Тұрсынбек Қа­б­атовқа да жұрт жаппай барады. Байыппен қарасаңыз, екеуі­нің де айтары белгілі. Бірақ алғашқысы кеудеңнен кері итереді, қабылдай алмайсың. Екіншісіне еріксіз езу тартасың. Әлде күлкіні беру тәсілі өзгеше ме?
Жалпы, бізде қазір күлкі театрлары жетерлік. Бірақ бет-бей­несі өзгеше, жолы дара бірі жоқ. Бәрі бірін-бірі қайталайды. Өйткені олар ізденбейді. Әзіл-сықақты өздері жазады. Ел ішінде байқау жариялап, үздік қойылымдарға жақсы қаламақы қойса, тың дүние табуға болар еді...
«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255