Сейсенбі, 2 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11571. Жазылғандар — 5757. Қайтыс болғандар — 41
Жаңалықтар 2081 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 19:23

ЖАСАМПАЗ ЖЫР — ЖАУҺАР ЖӘДIГЕР

(Әйгiлi “Қозы Көрпеш Баян сұлу” жырының тарихнамасынан мұрағаттық деректер)
Бiздiң әлi де танымай келе жатқан мәселемiз — қазақ елiне қатысы бар жазбаша ескерткiштер жайы. Мұның өзiндiк себептерi барға ұқсайды. Ең алдымен түрлi соғыстар кезiнде ежелгi қалалар, егiстiк, отырықшылық жүйелерiнiң қалпына келмей, қазақ қоғамының ұзақ тоқыраушылыққа душар болғандығы деп ұғу керек.
Бiрақ, “таң атпайын десе де күн шығуын қоймайды” дегендей, бiлiктi адамдарымыздың мәдени талғамы мен талабы жыл өткен сайын тарихи мұраларды бiлуге құштар болып отыр. Мiне, 15 ғасыр бойы қалың елдiң бойын балқытып, жүрегiн тулатып келе жатқан жауһар жәдiгердiң бiрi де, бiрегейi — “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры.

(Әйгiлi “Қозы Көрпеш Баян сұлу” жырының тарихнамасынан мұрағаттық деректер)
Бiздiң әлi де танымай келе жатқан мәселемiз — қазақ елiне қатысы бар жазбаша ескерткiштер жайы. Мұның өзiндiк себептерi барға ұқсайды. Ең алдымен түрлi соғыстар кезiнде ежелгi қалалар, егiстiк, отырықшылық жүйелерiнiң қалпына келмей, қазақ қоғамының ұзақ тоқыраушылыққа душар болғандығы деп ұғу керек.
Бiрақ, “таң атпайын десе де күн шығуын қоймайды” дегендей, бiлiктi адамдарымыздың мәдени талғамы мен талабы жыл өткен сайын тарихи мұраларды бiлуге құштар болып отыр. Мiне, 15 ғасыр бойы қалың елдiң бойын балқытып, жүрегiн тулатып келе жатқан жауһар жәдiгердiң бiрi де, бiрегейi — “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры.
Бұл жерде “жыр түгiлi, бұдан 1500 жылдай бұрын қазақ халқы болды ма екен?” деген сұрақ та тууы мүмкiн. Әрине, бұл үшiн тарихи деректерге жүгiну керек. Иә, бұдан 1500 жыл бұрын дәл бүгiнгiдей Қазақ атты этногенездi иемденген халық болмаған. Обал-сауабы өзiне, егер кеңестiк билiк кезiнде Қазақстанның, тiптi, сонау көне заманнан бүгiнге дейiнгi тарихын баяндайтын беделдi басылым деректерiне сүйенсек, (Қазақ ССР-ның 5 томдық тарихы, том 1, 1997), ол кезде Түркi қағанаты атты құл иеленушi мемлекет болған. Қазiргi қазақ жерiнiң басым көпшiлiгi әртүрлi ұлыстар, рулар, тайпалардың қоластына қараған. 200 жылдай үстемдiк еткен бұл Түркi қағанаты ыдыраған соң әр ұлыс, әр ру өзара ерiктi-ерiксiз жер ыңғайымен бiрiгiп, iрiленген тайпалар, ұлыстар құруға мәжбүр болған. Осындай iрiленген ұлыстар негiзiнде өзбек, қырғыз, қазақ, хақас, якут, башқұрт, қарақалпақ, тува халықтары iрiктеле бастаған.
Ал, қазақ халқының құрамы сол iрiленген қыпшақтан, қарлықтан, арғыннан, түргештен, наймандардан құралу кезеңiн бастан өткiзген. Осылардың iшiнде қазақтың халықтық негiзiне өзектi ұйытқы болған аса iрi ұлыстар түргеш пен қарлұқ деп баяндалады.
Қарлұқты соңырақ кезде қазақ жұрты “Алтай-қарпық” деп атап кеткен. Халық аузында мынадай өлең де бар:
“Қазақтың үлкен үйi
Алтай-Қарпық!
Ұлысқа орда болған аты артық”.
Сондай-ақ, көне қазақ шежiресiне құлақ түрсек, “қазақ төрт ағайынды: Төлегетай, Төргелтай, Бөдентай, Бөргелтай”. Бұл аңыздың өзi қарлұқ ұлысының бiрнеше бұтақты қазақ халқы болып бiрiге бастау тұсына дәл келе ме деймiз.
Айтпаса сөздiң атасы өледi емес пе? Бiреу бiлер, бiреу бiлмес, әңгiме етiп отырған жасампаз жырдың шығу мерзiмiн бүгiнгi қазақ ғалымдарының iшiнде тұңғыш рет батыл болжап айтқан да, жазған да — шығысқазақстандық, тарих ғылымдарының докторы Мұсатай Ақынжанов (1905-1986). Ендеше, соны оқып көрелiк.
“Бiздiң көптеген ауыз әдебиетiмiздiң нұсқаларында, солардың бiрi “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының ертеректегi нұсқасында “хан” деген атау атымен жоқ. Бiрақ, ол тұтас хандық болмағандығын көрсетсе де, тапсыздықтың болмағанына дәлел емес. Тек заман шындығын бейнелейдi. Қарлұқ одағы тұтас хандық болмайды. Тұтас хандықтың орнына Үш жүздi әр рудан шыққан билер басқарады. “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының өзi де сонымен 9-10 ғасырларда қарлұқ одағының жасаған жыры болып табылады. Олай деп айту үшiн бiрнеше заттық белгiлер бар. Бiрiншiден, топонимикалық атауларда Қозы Көрпеш пен Баян моласының тұрған жерi де дәл келедi. Ал, тiлi 9-10 ғасырларға үйлеседi. Сондықтан, “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры қарлұқ одағының кейiнгiлерге қалдырған бiр ескерткiшi— ол қазақ тiлiнiң халық тiлi ретiнде жасалуының тұңғыш белгiсi”. (М.Ақынжанов. “Қазақтың тегi туралы”, Алматы, 1956, Қазақ мемлекеттiк көркем әдебиет баспасы, 153-154 беттер).
Ал, әйгiлi этнограф-тарихшы, академик Әлкей Марғұлан қос ғашықтың Аягөз бойындағы күмбездi зиратын жан-жақты зерттеу барысында жасампаз жырдың пайда болу мерзiмiн 15 ғасырға жеткiзедi.
“Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгiнiң бiрi — оның күмбезi. Бұл күмбез өте ерте уақытта исламнан бұрын, ғұн заманында, не Түркi қағанаты кезiнде тұрғызылған белгi. Себебi, тастан дөңгелек үй, мұнара жасау Түрiк қағанаты кезiнде ерекше орын алған. Қыпшақ пен оғыздар ондай дөңгелек, төбесiнде күмбезi бар тас үйлердi, “дың”, “дiңгек”, “тас үй” деп атаған. Сол сөздер, сол тарихи дәстүрдi жалғастырып, олардың ұрпақтары сақтаған. Дөңгелете салған тас үйлер, бүтiндей жазда отыратын киiз үйге ұқсайды, асты дөңгелек, төбесiнде биiк еңсесi бар, сырты күмбезденiп, сәулет берiп тұрады. Қазақтың көп жырында айтылатын “Еңсесi биiк ақ ордам” — осының сәулеттiк құрылымын жарқын түрде суреттейтiн ұғым”. (Ә.Марғұлан. “Ежелгi жырлар, аңыздар”, 1985, 284 бет).
Сөз орайы келгенде айта кету керек, атағы қазақ көлемiнен асып, әлемдiк деңгейде әйгiлi болған ұлы дастанды тану мен талдау барысында орыс ағайындар да болғанын алдымен айтуға тура келедi. Көптеген зерттеушiлер орыстардың бұл жасампаз жыр айналасындағы тарихнамалық iзденiстерiн тек ХIХ ғасырда басталған дейдi. Бұл — мүлде жаңсақ дерек.
Қозы Көрпеш — Баян сұлу зираты туралы орыс тiлiнде қағаз бетiнде тұңғыш дерек түсiрушi Григорий Волошин деген казак жүздiгi. Ол 1769-1770 жылдары торғауыттар мен қалмақтардың Қытай асып, сол жаққа қалай сiңiп жатқанын жасырын түрде бiлу мақсатымен ел кезу сапарларының бiрiнде бүгiнгi Аягөз өзенiнiң бойындағы қос ғашықтың биiк күмбездi зиратына көзi түсiп, оны сипаттап өзiнiң ресми есебiне кiргiзедi. Тiптi, зират басындағы мүсiндердiң бiр-екеуiнiң суретiн де салып, ол тұрған жердi картасына түсiредi. Бұл карта күнi бүгiнге дейiн Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң мұрағатында аман жатыр.
Қос ғашықтың бұл келiстi күмбездi кешенiн кезiнде шетелдiк Х.Бардсон, И.Фальк, С.Броневский, А.Шренк, П.Семенов-Тяньшаньский, Г.Потанин, Н.Пантусов, А.Уваров, И.Кастенье секiлдi оқымыстылар мен ғалымдар көрiп, танымдық мақалалар жазып кеттi. “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының орыс ортасында таралуын осы елдiң көптеген ғалымдары А.С.Пушкиннiң 1833 жылы Орынбор сапарына байланыстыра баяндауға бейiм. Рас, сол үш күндiк сапар кезiнде ұлы ақынға жергiлiктi бiр зиялы адам керегiне жаратар деген үмiтпен қазақ жырының орысшаға қарасөзбен баяндалған 5-6 беттiк нұсқасын ұсынған. Ал орыс әдебиетiнде өзiндiк орны бар, арқалы ақын А.С.Пушкиннiң ұстазы Г.Р.Державиннiң кейбiр өмiр деректерiнде ол “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырымен, тiптi, 1812 жылы танысып үлгерген. Үлгерген деуiмiздiң дәлелi — дәл осы 1812 жылы Қазан қаласында орыс тiлiне аударылған жасампаз жырдың бiр данасы Г.Р.Державинге оның жас кезiнде әскерде бiрге болған досы Н.Тимашев деген помещик жолдаған. Орыс тiлiне ұлы жырды аударған Н.Тимашевтiң Тимофей Беляев деген ақын-жанды басыбайлы шаруасы екен. Бұл кезде А.С.Пушкин патша селосындағы лицейде оқып жүрген. Г.Р.Державин болашақ ақынға әдебиеттен сабақ берген. Мұны аз десек, сол лицейде жетi жұрттың тiлiн бiлетiн мұғалiмдердiң болғандығын ескерсек, Пушкин жас кезiнде бұл жырмен солар арқылы да танысып үлгерген болар деймiз.
Орыс тiлiне Т.Беляев тәржiмалаған ұлы жырдың қазақтар үшiн бiр қиғаштығы болар. Өйткенi, осы ақын аударған бұл жырдың кiтап мұқабасында “башқұрт құрайшылары жырлаған нұсқадан аударылған” деп анық жазылған. Амал не, одан берi 200 жылдай орыстың көптеген әдебиет зерттеушiлерi жырдың башқұрт нұсқасының өзi оларға қазақтардан ауысқан деген деректердi сан рет алға тартса да таспамен жазылғанды өзгерту әлi оңайға түспей келедi.
Ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтардан ұрпақтарға ауызша жетiп отырған бұл жырдың қазақ тiлiнде тұңғыш толық қағаз бетiне түсуi 1834 жылдың үлесiне тиедi. Жырды халық жыршыларының айтуларынан жазып алған көкшетаулық Ә.Дербiсалин деген қатардағы кеңсе қызметкерi. Ал жырды қазақша тұңғыш рет, 1870 жылы баспа бетiне шығарушы — орыс академигi В.Радлов. Дәл осы жылы осы ғалым жырдың немiс тiлiне аударылған нұсқасын да баспадан шығартқан. Мұны аз десек, тағы осы ғалым жырдың ұйғыр тiлiне аударылған нұсқасын да 1886 жылы көпшiлiк назарына ұсынды.
Жыр тарихнамасын әңгiме еткенде, ұлы көршiмiз орыс ағайындар арасында оның кеңiнен насихатталғанын айтпай кетсек, дұрыс болмас едi. Тек ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегiнде аталмыш жырды осы халық тiлiне үзiп-үзiп аударғандарымен, ол туралы мәндi мақалалар, зерделi зерттеулер 85 рет мерзiмдi баспасөз беттерiнде жарық көрiптi. Егер бұл деректердiң сiлтемелерi қайда делiнсе, “Записки Семипалатинского отдела общества изучения Казахстана” атты хабаршы жинақтың 1929 жылы шыққан 1-томынан табуға болады. Осы жинақта И.Чеканинский дегеннiң “Библиографический указатель статей, заметок касающихся поэмы и памятника “Козы Корпеш Баян сулу” атты үлкен танымды мақаласы жарияланған. (Том 1, 55-63 беттер). Демек, орыстар қазақтың бұл жырына қырын қарады деуге еш негiз жоқ.
Сөйтсе де ормандай орыстың ортасында өз тiлiне бұл жырдың жатық және толық аударылуы тек 1927 жылы жүзеге асты. Көкшетаулық орыс ақыны Г.Тверитин аударған жыр (Жанақ жырлаған нұсқа) орыс тiлiнде сол жылы Қазақ АССР-ның астанасы Қызылорда қаласында жеке кiтап болып жарық көрдi. Жасампаз жырға ақ тiлек айтып, беташар жазған — Қазақ үкiметiнiң сол тұстағы оқу-ағарту министрi Смағұл Садуақасов едi.
Осы бiр ұлы шығарманы асқан зейiндiлiкпен жинаушылардың бiрi — қазақтың 19 ғасырдағы тамаша ғалымы Ш.Уәлиханов. Ол бұл жыр нұсқаларының бiрiн алғаш рет 1851 жылы 16 жасында әкесi Шыңғыстың қадағалауымен қағаз бетiне түсiрген. Сондай-ақ, ол оны кейiннен Жанақтан 1862 жылы, Шөжеден 1864 жылы жазып алған. Жазғандарын Шоқан орыс достарына берiп, олардың насихатталуын да ойластырған.
Ұлы Абай да шығарманың шынайлығы мен өрiстiлiгiне тәнтi болып, Жанақ жырлаған нұсқаны өзiнiң ақын шәкiрттерiнiң бiрi Бейсенбай Жүнiсбекұлы дегенге өзгертiңкiреп жырла деп тапсырма берген. Ақын тапсырмасы орындалған. Бейсенбай Қозы өмiрiн ұзартыңқырап, одан Баянға бiр ұл тудыртып, ұрпақтар жалғастығын ұлғайтып, өмiр көшiн жаңа өрiстерге бағыттаған.
Ал кеңестiк кезеңде мәңгiлiк махаббат жырын зерделi зерттеу шаруасының басы-қасынан әр кез қазақ әдебиетiнiң толағай тұлғасы Мұхтар Әуезов табыла бiлдi. Ыстығына күйдi, суығына тоңды. Сонау 1925 жылы Ленинград мемлекеттiк университетiнде оқып жүргенде жазып, жеке оқулық ретiнде Қызылорда қаласында бастыртып шығартқан “Әдебиет тарихы” (1927) деп аталатын зерттеу еңбегiнiң iшiнде ең көлемдi тарау (2 баспатабақ) “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырына арналғаны тегiн емес. Соныға түрен салып, оны зерттеуiнiң сара жолына ұластырды. 1936 жылы жырдың Жанақ-Бейсенбай нұсқасын жеке кiтапша етiп бастыртып, оған қысқа да нұсқа алғысөз жазады.
Кейiнiрек ұлы жазушы осы жыр туралы алғашқы жазғандарын жан-жақты тереңдей зерттеу нәтижесiнде оған қайта оралып, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” деген атпен көп томдық “Қазақ әдебиетi тарихының” 1 томына (1959), сондай-ақ, “Мысли разных лет” (1961) кiтабына бастырды. Өмiрiнiң соңғы отыз жыл бойында Әуезов жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетiнiң осы iнжу-маржаны айналасындағы пайымдауларын студенттер бойына терең сiңiруден жалықпады. Ендеше, осы ұлы Әуезов айтқандай: “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” дастанын дүниежүзiлiк поэманың тамаша үлгiсiне жатқызып, оны қазақ жерiндегi “Ромео-Джульетта” деп атау — әдiл баға”.

 


Ғабит Зұлхаров, бұрынғы мұрағат қызметкерi, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi,
Аягөз қаласы
«Түркістан» газеті» 2 шілде 2009 жыл

0 пікір