Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 12841 7 пікір 16 Наурыз, 2021 сағат 12:16

Әлиханның 155 жылдығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұс келіп отыр

Алаш идеясы – азаттық пен мемлекеттіліктің бастауы! Алаш идеясы – ұлттық идеология! Қазақ тарихындағы ең ұлы идея – Алаш идеясы. Алаш – ұлт тәуелсіздігінің темірқазығы. Бүгінгі егемендігіміздің hәм мемлекеттілігіміздің түп негізі осы идеяда жатыр.  

Осы орайда, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында:

«18-19 ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырды. XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идея­сын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсы­лар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов және басқалар болды.   

Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!», - деп тарихи бағасын берді.

Алаш идеясы – қазақ халқын біріктіруші, мемлекетшілдікке бағыттаушы идея ретінде әрдайым қазақпен бірге жасайды. Алаш – сөз бен істі, жоспар мен мақсатты ұйыстырып атқара білген, елдің бойына күш-қуат пен сенім берген жалпыұлттық идея. Қазақ тарихындағы аса ірі тұлға, Алаш көшбасшысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары өз халқына аспанның асты мен жердің үстіндегі тұтас игіліктерге еншісі бар, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасын жалғаған атажұрттан мирас болып бұйырған ұлы даланың иесі ретінде сезінуге, осы идеяны санаға сіңіру үшін қалтқысыз қызмет қылды. Әлихан Бөкейханның «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген рухты сөзі көзі тірі кезінде Алаш идеясына қызмет етті. Әлихан Бөкейхан өмірден өткеннен кейін де, бұл сөз ұлттық ұстаным іспетті қазаққа мәңгілік қызмет ете бермек. Осы ұстанымды және Алаш идеясын ұғынғанда hәм бойымызға дарыта толық қабылдағанда ғана біздің ұлттық идеологиямыз күшті болмақ. Ал, ұлттық идеологиясы күшті елдің мемлекеттілігі мызғымайтын, тәуелсіздігі теңселмейтін жарқын болашағы болатыны хақ!

Бұл тұста, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық  жолында құрбан болды.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс!»,
- деп нақты айтып өтті.

Ендігі біздің міндет, Алаш алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз – Алаштың жолымен жүру, Алаш аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, ұлыларға тағзым ету, өткенге құрмет көрсету. Алаш ардақтылары қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту жолы –тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстаным екенін әсте естен шығармағанымыз абзал.

Бүгін Алаш көшбасшысы, қазақ көсемі, көрнекті ұлт қайраткері, автономиялы тұңғыш дербес мемлекетіміздің іргесін қалаған аса ірі тұлға, ағартушы-ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл болып отыр.

Биылғы жыл – Азаттық жылы, Әлихан жылы, Алаш жылы.

Әлихан Бөкейхан – азаттық үшін туып, азаттық жолында құрбан болған, өле-өлгенше қазаққа қызмет қылған ұлы тұлға. Әлихан мен Азаттық егіз ұғым!

Әлихан Бөкейханның «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» ретінде ЮНЕСКО мойындап, халықаралық деңгейде дүркіреген 150 жылдық мерейтойы ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихи межесімен қатар келсе, биылғы 155 жылдығы тәуелсіздіктің «орда бұзар» отыз жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – жәй сәйкестік емес, тарихтың өзі байланыстырып отырған сабақтастық, үндестік.

Алаш көсемінің мерейтойы әлбетте, ел басындағы азаматтардың да назарынан тыс қалмақ емес. Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған бас конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауын жолдап, жоғары бағасын берді:

«Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын!
Әлихан Бөкейхан – төл тарихымызда өшпес із қалдырған біртуар тұлға. Ол    ХХ ғасырдың басында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшін бастап, дербес ел болудың алғышарттары мен негіздерін айқындады. Халқының бостандығы үшін бүкіл ғұмырын сарп етті.

Ғылымның әртүрлі саласына терең бойлаған саңлақ саясаткер қазақтың ой-өрісін кеңейтіп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосты. Ұлттық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыруға ұйытқы болды. Халқына адал қызмет етіп, мол мұра қалдырды.

Тарихи тұлғаның мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, бүгінгі егемендігіміз – Әлихан бастаған ұлт зиялыларының орындалған арманы.
Әлихан Бөкейханның тағылымды өмір жолы әрдайым дәріптеліп, жастар үшін үлгі-өнеге болуға тиіс.

Өскелең ұрпақ Алаш арыстары ұстанған мемлекеттілік пен мемлекетшілдік идеясына қашанда берік болып, азаттық рухын асқақтата береді деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!»

Қазақ Президенті бұл сөзінде, тәуелсіздіктің бастауында Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары тұрғанын, өскелең ұрпақ Алаш идеясын ұстануы тиіс екенін айқын айтып отыр.

Сондай-ақ, Президент Тоқаев дәл бүгінгі күнге арнап жазған сөзінде «Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», - деп Әлихан Бөкейханға өзінің биік бағасы мен шынайы құрметін көрсетіп отыр.

Сөз бар, оның іске асуы бар. Сөзбен құрмет көрсету бар және оны іспен дәлелдеу бар...

Бүгінгі күні Әлихан Бөкейханның атында көшелер, мектептер, ескерткіштер (Семей қаласында тұңғыш ашылған жеке дара ескерткіш, Қарқаралы қаласындағы «Алаш арыстары» ескерткіш) бар. Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен, бес жылдан бері оң нәтижесін бермей келе жатқан мәселе – Қарағандыдағы Октябрь ауданының атауы Әлихан Бөкейхан болып ауысуда. Күллі Алаш азаматтары қуанып, сүйіншіледі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бағдарламаға Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да енгізілді. Осының барлығы қуантарлық жағдай. Иә, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Әлихан қандай құрметке де лайық. Әлихан Бөкейхан есімі Қазақстанның әр жерінде беріліп жатса да артық етпес.

Тәуелсіз Қазақстан Алаш идеясы төңірегінде өз бастамаларын, мақсат-міндеттерін алға қойып, жан-жақты қарыштап дамып келеді. Әлихан Бөкейханның мақсат-ұстанымы дербес мемлекет болғанда жүзеге асуда. Оның бірден-бір көрінісі – елорданың Алматыдан Астанаға көшуі. Сөзімнің дәлелі Әлихан Бөкейханның өзі болсын: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау». Қараөткел – бүгінде елорда орналасқан жердің ежелгі атауы. Әлихан Бөкейхан бұл тұста, Тәуелсіз Алаш мемлекетін құруды және оның астанасы ретінде Қараөткел жерін белгілеуді идея тұрғысында айтып отыр. Бұл идея ел егемендігін алған кезеңде жүзеге асты.

Шын мәніндегі мемлекеттіктің негізін қалаушы ірі қайраткер, ел тағдырының ең қиын кезеңінде тізгін ұстап, ту көтерген тарихи тұлғаларға құрмет көрсету, оларды елдіктің бастауы ретінде пір тұту әлемдік тәжірибеде де бар жағдай. Американдықтар Джордж Вашингтонды, орыс халқы Бірінші Петрді, түріктер Ататүрікті қалай ең жоғарғы тұлғасы ретінде қабылдайды, Әлихан Бөкейхан да қазақтың дәл осындай тұлғасына айналуы тиіс деп есептеймін.

Әлихан Бөкейхан – ұлт азаттығы жолындағы ұлы күрескер!

Әлихан Бөкейханға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тарихи жоғары бағасын берді. Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО – БҰҰ-ның бір бөлігі) «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» ретінде мойындады. Тұтас түркі елдерінің Әлиханға деген құрметі айрықшы екенін оқып-көріп жүрміз.

Жоғарыда аталған факторлардың барлығын ескере келе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ең жоғарғы құрметтерге бек лайықты деп есептеймін және Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын қазақ елі биылғы мерейлі жылда атқаруы тиіс бес міндетті ұсынамын:

1. Мәскеу қаласының (РФ) «Дон» зиратындағы Әлихан Бөкейханның топырағын Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық пантеонға жерлеу және басына белгі қою.

2. Павлодар немесе Петропавл қаласының атауын Әлихан Бөкейхан қаласы деп ауыстыру.

3. Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне немесе Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Әлихан Бөкейханның есімін беру.

4. Нұр-Сұлтан қаласының орталық көрнекті аумағына Әлихан Бөкейханның еңселі ескерткішін орнату.

5. Нұр-Сұлтан қаласынан «Алаш аллеясын» ашу.

Ержан Еңсебай 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489