Он бес жыл өткен соң...
Ескерту: Жақын жолдасым Әміржан Қосановқа арнап аталмыш хатты ақпан айында жазып, оған оны фейсбук арқылы жолдаған едім. "Оғаш хатты" әлеуметтік жүйе арқылы біраз адам оқып-танысып, олардың арасында қызу талқыға түсіп те үлгерді. Саясаттың ортасында қызу белсенділікте жүрген курстасымның абақтыға қамалғанына байланысты, ол аталмыш хатыма дер кезінде жауап жаза алмады. Бірақ, міндетті түрде жауап беретінін және қарсы болмасам "Жас алаш" газетінде жариялауға ұсынатынын айтты. Келістім. Бірақ, өкінішке қарай, "Жас алаштың" 5 сәуірдегі санына оның жауабы ғана шығыпты. Менің хатым ұшті-күйлі жоқ. Соған қарағанда "демократшыл бағыттағы өте еркін басылымның" бетіне оғаштау ұсынысым сыймаған болуы керек. Әлде бас редакторға қисықтау ойым жақпады ма, кім білсін, Әміржанның жауабы менің хатымсыз басылыпты. Бұл маған қарсыласы сахнада көрінбейтін айтыс ақынының біржақты арнау жыры сияқты әсер етті. Үндемей-ақ қояр едім, жұрттың көбі телефон соғып, досыңа не ұсыныс айтып едің деп сұрап жатқан соң, фейсбуктан тауып алыңдар деп кері қайыруды дұрыс көрмедім.
Он бес жыл өткен соң немесе Әміржан досыма оғаштау ұсыныс
Ескерту: Жақын жолдасым Әміржан Қосановқа арнап аталмыш хатты ақпан айында жазып, оған оны фейсбук арқылы жолдаған едім. "Оғаш хатты" әлеуметтік жүйе арқылы біраз адам оқып-танысып, олардың арасында қызу талқыға түсіп те үлгерді. Саясаттың ортасында қызу белсенділікте жүрген курстасымның абақтыға қамалғанына байланысты, ол аталмыш хатыма дер кезінде жауап жаза алмады. Бірақ, міндетті түрде жауап беретінін және қарсы болмасам "Жас алаш" газетінде жариялауға ұсынатынын айтты. Келістім. Бірақ, өкінішке қарай, "Жас алаштың" 5 сәуірдегі санына оның жауабы ғана шығыпты. Менің хатым ұшті-күйлі жоқ. Соған қарағанда "демократшыл бағыттағы өте еркін басылымның" бетіне оғаштау ұсынысым сыймаған болуы керек. Әлде бас редакторға қисықтау ойым жақпады ма, кім білсін, Әміржанның жауабы менің хатымсыз басылыпты. Бұл маған қарсыласы сахнада көрінбейтін айтыс ақынының біржақты арнау жыры сияқты әсер етті. Үндемей-ақ қояр едім, жұрттың көбі телефон соғып, досыңа не ұсыныс айтып едің деп сұрап жатқан соң, фейсбуктан тауып алыңдар деп кері қайыруды дұрыс көрмедім.
Он бес жыл өткен соң немесе Әміржан досыма оғаштау ұсыныс
Әміржан, биыл (басқа курстастарымыз сияқты) екеуміздің танысқанымызға 30 жыл толады екен. 2012 жылы (екеуміздің) бұдан басқа "мерейтойларымыз" да жеткілікті. Басшыларымен өзің таныстырған "Хабардың" есігін жүрексіне ашып, танымал телеарнаның қатардағы редакторы болып қызметке кіргеніме 15 жыл толыпты (қазір "Қазақстандамын"). Тұла бойды жанартаудай атқылаған көңіл-күйдің жетегіне еріп, мақсаттан гөрі өкпесі басым, оппозицияның қатарына сенің қосылғаныңа 15 жыл өтіпті. Екі дос үшін "әбден жуатын" нәрсе. Осы жылдар ішінде не "тындырғанымызды" еске алмай -ақ қоялық. Мен мемлекеттік ақпарат құралдарында қызмет етіп жүріп билік жұмысын насихаттадым, ал сен керісінше мен жақтаған сол биліктің іс-әрекетін сынап белсене күрес жүргіздің. Өз мақсатыңа тым берілгенің сонша, жұмысың мен жеке басыңның арасындағы шекараны анықтай алмай қалатын кездерің де жиіледі. Екеуміз сол үшін талай рет дастархан басында шекісіп қалдық. Жүйке жұғартар кездер аз болған жоқ, әрине...
Уақыт құрғыр жылдам. Көзді ашып-жұмғанша зу ете қалады. Артыма қарасам, екеуміздің жасай алғанымыздан гөрі жасай алмағанымыз көп. Көкірек құрғыр көкті алады. Бірақ, өкінішке қарай, қазақтың бәрін "көк жәшікке" телміртетін жобалар өндірісін қалыптастыра алмадым. Мемлекеттік телеарналар осы күнге дейін өз көрермендерінің сан ауқымын артыра алмай отыр. Қанша тырыссам да, ойымдағы "төңкерісті" телевизия саласында жасай алмадым, мойындау керек. Жасауға өрем жетпеді десем, жалған болар еді. Жасатпады десем - жылағандық. Ақталудың ең оңай жолы "жылау". Бәрі кінәлі, сен ғана кереметсің! Сенікі дұрыс, басқалардікі бұрыс. Бірақ, мен бұл тәсілді қолданып жақсы аттанғым келмейді. Алайда, соңғы он жыл ішіндегі телевизиялық жұмысымда, өзімді қою батпақ-шалшықтың ішінде доп теуіп жүрген футболшыға ұқсағанымды жасыра алмаймын. Алысқа тепкің келеді, теппе деп жатқан ешкім жоқ, Теуіп көр...
Жарайды, мені қойшы... Өзің ше? Осы жылдар ішінде төккен терің, "жеген таяғың" қаншама? Жүйемен жаға жыртысамын деп жүйкең де тозған болар? Самайдағы мол ақ шашың, алаңы мол тіресті күндеріңнің белгісі шығар? Бірақ, діттегеніңе сен де жете алмадың. Әрине, оған сен кінәлі де емес шығарсың? Саған бұдан жиырма жыл ертерек немесе кешірек дүниеге келу керек пе еді, кім білсін? Мүмкін, басқа елде ұлтың басқа болып ғұмыр кешкеніңде жолың ашылып, жұлдызың жарқырар ма еді? (Мен сенің қазақ болғаныңды кемшілік санап отырған жоқпын, күндестігі мен немқұрайлылығы өзінің түбіне жетіп, жалтақтығы мен жалпақтығы болашақта тамырын шауып тынатын қазақтың ортасында туғаның саған минус болғанын айтып отырмын). Саясаттың дәмі билікте қаншалықты тәтті болса, оппозицияда соншалықты ащылау ма, қалай? Мүмкін, қателесермін. Ол жағы менен гөрі өзіңе мәлім. Екеуінің де "нанын" жедің. (Соңғысын "наннан" гөрі "таяқ" деген орынды шығар?). Мен ешқашан шенеунік болған емеспін, телевизияда саласында жүріп (бастық емес) жетекші болуға тырыстым. Қазір не істеп, не бітіріп жүрсіңдер деген сұрақ қойылса, екеуміз де ештеңеге мақтана алмайтын сияқтымыз. Әрине, сен "халқымыздың қолдауымен, болашақ жолында әділет үшін деп күресемін" деп айтарсың? Айтуға құқың бар. Оған сенемін де... Абақтыға да романтика қуғаннан қайта қайта отырып жүрмеген боларсың? Бірақ, осының бәрі бала-шағаның ойыны сияқты болып кеткен жоқ па, қалай ойлайсың? Тасыған "өзен" арнасына түсті, "теңіз-көлдің" бәрі самал соқпағандай тып тыныш. Халықтың басым көпшілігі, қатысушы ролінен гөрі көрермен орнын өзіне қолайлы санаса, онда мұның бәрі өздерің ойнайтын спектакльге ұқсап кетеді.
Әміржан, сен табиғатыңнан саясаткер болып туған адамсың, мен оны дос ретінде мақтан тұтамын. Білімпаздығың мен тәжірибеңді айтпағанның өзінде, қос тілде қатар ағатын шешендігіңнің өзі неге тұрады? (Сөзден сүрінбейтін Ертісбаевтың өзі де сенің мұртыңдай мұртым болсын деп армандамаса да Қосановтың қос тілді шешендігін Құдай бойыма қондырса ғой деп іштей қиялдайтыны анық). Бірақ, қазіргі саясатта қалтасы мен көңілі тоқтардың заманы жүріп тұр... "Орысшасы" соғымдалған шошқадай, "қазақшасы" көтерем қойдай қисайып тұратын олардың арасында сен жоқсың, сен сияқтылар жоқ. Бұл мәселеде мемлекет неден ұтып, неден ұтылып жатқанын білмеймін? Сенің саясаттағы тұлғалық орның сөзбастылықпен ғана шектеліп, нақты істен алшақ қалып қойған сияқты. Оның себептерін де білеміз. Түсінеміз. Күрсінеміз. Өкінішті-ақ.
Әрине, билік сапында жүрсең, бәрі мүлдем басқаша болар еді. Бірақ, саясаттың осы бір күрделі де ауыр жолын саналы түрде таңдап алдың. "Халық үшін қарсылықта жүрмін, қалың халықпен біргемін" дейсің. Шынымен-ақ біргесіңдер ме? Қазіргі билік те халықпен біртұтас. Соңғы сөйлемді тырнақшаға аласың ба, жоқ әлде әріптердің басын аяғына, аяғын басына төңкеріп жазасың ба, одан бәрібір ештеңе өзгермейді. Олардың сөзінің жаны бар. Халық билік жағында болғандықтан оның жақтастары көп. Сіздердің мүдделестеріңіз аз. Мүмкін, олардың саны сіз бен біз ойлаған мөлшерден әлдеғайда артық та шығар? Бірақ, шын ниетін оңашада сыбырлап жеткізетіндердің санын анықтайтын өлшем әлі табылған жоқ, Дәл қазір біздің қазақ ешқандай өзгерісті қажетсініп отырмаған секілді. Сұрақ қойып көрелікші. Халықты қазіргі биліктің ұстанып отырған саясаты қанағаттандыра ма? Ия, басым көпшілігін қанағаттандырады. Бұл сөзді ешқандай тырнақшасыз-ақ айтуға (жазуға) болады. Тағы бір сауал: Қазіргі биліктің ұстанып отырған "жасампаз" идеологиясы қазақстандықтарға ұнай ма? Баспасөз беттеріне көз жүгіртіп, телеарна эфиріне назар салсаң, бәріне бәрі ұнайтын секілді. Әсіресе, басты басылымдардың оқырмандары мен басты арналардың көрермендеріне. Өйткені, оларға тыныштық керек. Өзіне де, отбасына да, бизнесіне де, құлағына да... Ия, үндемейтіндер де кездесіп қалады. Бірақ, үндемеу де келісім белгісі екенін ұмытпа. Кухнядағы әңгіменің аты кухнядағы әңгіме. Ал оппозицияның халық алдындағы беделі сайлау нәтижелерінде қатты байқалып қалады. Соңғы сөйлемді оқып жымиып отырған шығарсың? Жарайды, онда басқа сұрақ. Сіздер парк-алаңдарда өткізіп жүрген (рұқсатты-рұқсатсыз) жиындарда неге ине шаншыр жер таппай сығылысқан қалың жақтаушыларды көрмейміз? Олардың саны неге жиырма мың, отыз мың, сексен мың емес? Мүмкін, шындығында өздерің айтып жүрген көпшіліктің емес, тым азшылықтың мүддесін қорғайтын топ қана шығарсыңдар? Сенің партияңның абыройы, өзіме қатысы бар кейбір телебағдарламаның жоғары көтерілмейтін рейтингісі сияқты. Әрине, екеуміз де ақталуға алпыс себеп, мың сылтау таба аламыз. Сен мұны Орталық сайлау комиссиясының, ал мен көрермен талғамын зерттеу мекемесінің дұрыс санамайтын кертартпалығына жаба саламыз. Бірақ, сол ақталудың шеті көрінбей кеткен жоқ па? Сендердің "кәсіптерің" сынау болғандықтан, өздеріңді ешкім сынай қоймас? Ал, көрермен біздің "ішімізді ылғи да кептіріп" жатады. Әсіресе, менің... Телевизияда бәрін мен тіреп тұр деп ойлайтын болуы керек. Олардың бәріне өзімнің шығармашылық "бишаралығымның" негізгі себептерін түсіндіруге мүмкіншілігім де жоқ, қызығушылығым шамалы.
Әміржан, әңгіме былай. Әрине, қаншама дос болсақ та екеуміздің қоғамдағы орнымыз бен көтерер салмағымыз салыстыруға келмейді. Сен саясатта өзіндік қолтаңбасы бар азаматсың. Ой-өрісі мемлекеттік деңгейде дейін өскен тұлғасың. Ал, менің аты-жөнім танымалсымақ болғанмен, мансап пен атақ сырқатына шалдыға қойған жоқпын. Өзімді көрермен алдында қарапайым қызметші санаймын. Бұл қызметке жұрттың неге қызығатынын қайдам, Бас продюсерлікті ешқашан да жоғары лауазым деп есептемеппін.
Әбеке, өз орнымызды лайықтыларға босатып, жаңа есімдерге жол ашайық. Жаңа адамдар, жаңа тұлғалар сахнаға шықсын. Мүмкін, екі майданға да сол адамдар жаңа леп әкелер? Жоғарыдағылар бізге бермеген еркіндікті соларға берер? Бізге ашпаған дарбазасын соларға ашар? Әрине, біз ешкімнің жолын бөгеп, аяғына шырмауық болып жармасып жатқанымыз жоқ қой. Дегенмен де.. Бұл менің риясыз ойым. Екеуміз де тым қабілетсіз адам емес сияқтымыз. Өзіңнің көштен озар ділмар шешендігің, ұшқыр журналистігің, сауатты қаламгерлігің, ешкімге ұқсамайтын сазгерлігің, әншілігің және тәп-тәуір ақындығың бар. Басқаны қиратпасам да шығармашылық саласындағы ұйымдастырушылық қабілетімді мен де ұрлата қойған жоқпын. Құдайға шүкір, идеяларым әлі сарқыла қоймаған сыңайлы. Бәрін қойып, таза шығармашылықпен айналысайық. Егер осы ұсынысыма келісе кетсең, біздің олигархтар қазақша сөйлегендей қатты қуанар едім. Мысалы, мен сені мықты бір бағдарламаның жүргізушісі ретінде көргім келеді. Танымдық тақырыптағы деректі фильмдер циклін жасайық. Бойынан жалқаулығы мен аңқаулығы әлі арылып бітпеген қазақтың сәби санасын оятатын ағарту жобалармен айналысайық. Бұлардың бәрі тек телевизия төңірегінде ғана емес. (Айтпақшы, "Tар жол-тайғақ кешу" жайлы кино түсірмек болған студенттік жоспарым есіңде шығар? Сәкен Сейфуллиннің ролін өзіңе ұсынған болатынмын? Қияли ұсынысым өз күшінде тұр).
Мен Бас продюсер ретінде бүгіннен бастап өз қызметімнен ерікті түрде бас тартып, қатардағы шығармашылық жауынгеріне айналдым. Енді телесериал өндірісімен кәсіби түрде шұғылданбақпын. Көп жылдан бергі арманым: Таралымы 100 мың данадан таза сұраным арқылы ғана асатын нағыз халықтық газет ашқым келеді. Интернет саласында да жобаларым бар. Әрине, бұлардың бәрін бірге істейік деп отырғаным жоқ. Қанша дегенмен, "екі қошқардың басы бір қазанға сия қоймайды". Ондаған жылдар бойы қалыптасқан көзғарасымызды ауыстыру да оңай емес. Бірақ, кейбір танымдық жобаларды іске асыру үшін неге басымызды біріктіре алмаймыз? Саясатсыз, бөлек мүддесіз, риясыз...
Әбеке, бойдағы жалын көмескіленбей тұрғанда өзіміз қызығатын, өзгелерді қызықтыратын нақты жұмыспен айналысайық! Сенің сериалыңда не шатағым бар дейтін шығарсың? Деректі фильммен бас қатырғым келмейді дейтін шығарсың? Жазатын болсам, басатын басылым толып жатыр дейтін шығарсың? Бәрі орынды. Шығармашылықта айналысатын шаруа бастан асады. Игерілмей жатқан жанрлар мен қозғалмай жатқан тақырыптар қаншама? Шығармашылық демекші, осы бір ғажайып әлемнің есігін жауып қойғанымызға біраз болыпты. Мен, өмірі таусылмайтын"түзу" жиындарға, сен нәтижесі көрінбейтін "қызу" жиындарға алтын уақыттың бәрін құрбандыққа шалып келеміз. Дәлірек айтқанда, сен оппозицияға барғалы 15 жылыңды, ал мен бас продюсер болғалы 10 жылымды босқа жоғалтып алған сияқтымыз. Жоғалттық деген күпірлік шығар? Сыйлаған өмірі үшін, жасаған тіршілігіміз үшін, алып жатқан әрбір тыныс- деміміз үшін Аллаға мың да бір рахмет! Бірақ, сол уақыттың қадірін шынымен ақ бағалап жүрміз бе?
P.S. Өзімнің жеке пікіріме келсек, халыққа да, қоғамға да, санаға да өзгеріс керек деп ойлаймын. Бірақ, оны көшедегі айғай-шудың күшімен емес, қаламның ұшымен де жасауға болады. Өйткені, бүгінгі қазақтың басым көпшілігі алаңға шығуды ойлап отырған жоқ, олардың "алаңы" - алаңдаумен ғана шектеліп жүр.
24.02.2012 жыл.
Абас-шах Серік
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының продюсері
***
Он бес жылға кешiккен хат немесе Серік Абас-шах досымның оғаштау ұсынысына қиғаштау жауап
Қадiрлi Серiк!
Сенiң хатыңның маған ғана емес, дүйiм жұртқа жеткенiне бiр айдың жүзi бопты. Бүгiнгi болмысымызға беймаза баға берген, өзiңе ғана жарасатын (бұ жерде мен сенi мақтап, ұпай жинайын деп тұрған жоқпын) әрi мемлекеттiк телеарнаның жетекшiсiнiң ресми сөздерiне ұқсамайтын үшбу хатыңа тым кеш жауап бергенiме кешiрiм сұраймын. Кiнәлiмiн: екiншi митингiге байланысты тағы да 15 күнге ақпараттық кеңiстiктен "жоғалып" кеттiм. Жауап кеш келдi деп, ұрыспассың! Ұрыссаң, Түлкiбаста сенi мен менiң тiлеуiмiздi тiлеп отырған сексеннен асқан шешеңе шағымданып, бiр ретiн табармын.
Хаттың соңындағы нақты ұсынысыңа жауап берер алдында, қоғамдағы қордаланып қалған қызықтар мен шыжықтарға берген бағаларыңа барынша байыппен бағамдауға рұқсат бер.Менiң оппозициядағы 15 жылдық "стажым" туралы айта келiп, "Өз мақсатыңа тым берiлгенiң сонша, жұмысың мен жеке басыңның арасындағы шекараны анықтай алмай қалатын кездерiң де жиiледi. Екеумiз сол үшiн талай рет дастарқан басында шекiсiп қалдық" дейсiң. Шекiсiп, сосын бекiсiп жүргенiмiз рас. Бiрақ сен менiң келiспейтiнiмдi бiлесiң. Табиғатта һәм қоғамда гармония деген ұғым бар. Менiңше, адамның да өмiрiнде, оның күнделiктi айналысып жүрген тiрлiгiнде де жұмыс қамы мен жеке бастың жанының гармониясы болуы шарт! Iшкi сенiмсiз еш жерде: билiкте, оппозицияда, мектеп не емханада, жеке фирмада жұмыс iстеуге болмайды. Ол, ең алдымен, адамның өзiне обал, өмiрi босқа өтедi! Ал ол Өмiр адамға, өзiң бiлесiң, бiр-ақ рет берiледi! Осы өмiрдегi қателiгiн екiншiсiнде түзеп жiберу мүмкiн емес!
Нанасың ба, Секе, нанбайсың ба, бiрақ менiң күнделiктi тiрлiгiм мен жеке бас қалауымның, қоғамдағы оқиғалар мен тұлғаларға берер бағамның арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ! Ойымдағыны ашық айта аламын. Ол деген қандай бақыт! Шынымды айтсам, осы атқарып жүрген қызметiм арқылы ел сыйлайды, керек десең, кейбiр тұрмыстағы пендешiлiк шаруалар риясыз "шешiлiп" те жатады.
Өзiң жайлы "Өкiнiшке қарай, қазақтың бәрiн "көк жәшiкке" телмiртетiн жобалар өндiрiсiн қалыптастыра алмадым... Қанша тырыссам да, ойымдағы "төңкерiстi" телевизия саласында жасай алмадым, мойындау керек. Телевизиялық жұмысымдағы соңғы он жылды тек дағдарыспен сипаттауға болатын сияқты" депсiң. Сенiң өзiңнiң атқарған қызметiңе көңiлiңнiң толмауы заңды, бiрақ дуалы аузыңды қу шөппен сүртуiңмен тағы да келiспеймiн!
Иә, сен жұмыс iстеген "Хабар" мен "Қазақстан" телеарналары - қасаң да қатып қалған құрылымдар ғой. Сенiң студент кезден баршаға мәлiм басқаша ойлауың, қазiрше айтқанда "креативiң" олардың тар арнасына сыймай жүрдi. Бiрақ осы уақыт iшiнде сен бас продюсер ретiнде жоқтан бар жасауға тырыстың, сенiң авторлық теле жобаларың кейде ресми идеологияның тiмiскi талаптарынан тыс шығып кетiп, қалың көрерменнiң ыстық iлтипатына ие болды. Мәселен, осы күнге дейiн сенiң атақты "77 күн" мен " Ұят болмасын" хабарларыңдағы тосын тақырыптарың мен күлкiлi кейiпкерлерiң ел санасында әлi де кезiп жүр. Экранда қазiр өздерi болмаса сөздерi қалды.
Рас, егер де шығармашылық мүмкiндiк берiлгенде сенiң табыстарың мен жетiстiктерiң бұдан да зор болар едi. Сондықтан аса қатты түңiлме: атқара алмағаныңа сен емес, тележүйе кiнәлi! Ол да өзгерер!
Есiңде болса, сонау 90-жылдардың аяғында мен Үкiмет баспасөз қызметiнде жүргенде, "Хабар" бiзге тiкелей бағынышты болды. Сол кезде өз басым сендердiң телеарналарыңдағы журналистердiң шығармашылық дербестiгiне қол сұқпауға, тосын ойлы тапқырлық пен талантқа тыйым салмауға тырыстым. Айтсам, ел мүддесiн айттым.
Хатыңда менiң осы жылдары атқарған қызметiме баға берiпсiң. Бар пiкiрiңмен келiспеймiн деуiм де ретсiз болар. Бiраз ойың менiң көкiрегiмде сайрап тұр! Сiресiп қалған саяси жүйеге сыймай жүрген менi тележүйенiң iшiне сыймай жүрген сен түсiнбегенде, кiм түсiнедi, Секе!
"Қазiргi саясатта қалтасы мен көңiлi тоқтардың заманы жүрiп тұр... "Орысшасы" соғымдалған шошқадай, "қазақшасы" көтерем қойдай қисайып тұратын олардың арасында сен жоқсың, сен сияқтылар жоқ", - депсiң.
Сен саяси аренадағы әншейiнде көзге түсiп жүрген тұлғаларды айтып отырсың. Ал, менiңше, кез келген саяси процестiң ең басты да негiзгi кейiпкерi - халық! Рас, саяси ұйым құрып, оның қызметiн қамтамасыз ету үшiн қыруар қаржы қажет. Кей партиялар өз "спонсорының" сойылын ғана соғып, оған шаң жұқтырмай, қолдан пұт жасайтыны да бар. Ол жалғыз ғана оппозицияның кемшiлiгi емес екенiне келiсерсiң...
- "Қазiргi билiк те халықпен бiртұтас", - дейсiң. Мұнымен де келiспеймiн! Бiздiң билiк халықпен емес, басынан шiрiген балықпен бiр тұтас! Байлық пен былықпен бiртұтас!Тұрмыс тауқыметiнде тiленген халқым қайда, шенеунiк боп шiренген билiк қайда?!
Әрине, өзiң талай жыл еңбек еткен "Хабар" мен "Қазақстанды" қарасаң, бәрi тамаша! Бiрақ сенi тарих соты алдында ақтап алар бiр жайт бар: сен осы екi телеарнаның ақпараттық саясатына тiкелей жауап бермедiң, сенiң бағытың басқа жақта болды. Сондықтан мен сенi жазғырмайын.
Сен менi бүкiл оппозиция үшiн жазғырма: мен оның бiр ғана бөлшегiмiн. Шынымды айтсам, өзiм де сонда жүрген кейбiреуiнiң менменшiлдiгiн, ретсiз амбициясын жақтырмаймын. Бiрақ " ел үшiн қиналып жүр ғой" деп санасамын.
"Ал оппозицияның халық алдындағы беделi сайлау нәтижелерiнде қатты байқалып қалады... Сiздер саябақ-алаңдарда өткiзiп жүрген (рұқсатты-рұқсатсыз) жиындарда неге ине шаншыр жер таппай сығылысқан қалың жақтаушыларды көрмеймiз? Мүмкiн, өздерiң айтып жүргендей көпшiлiктiң емес, тым азшылықтың мүддесiн қорғайтын шығарсыңдар? Сенiң партияңның абыройы, өзiме қатысы бар кейбiр телебағдарламаның жоғары көтерiлмейтiн рейтингiсi сияқты".
Бұл сөзiңдi толық келтiрген себебiм келiскендiгiм емес, берiспегендiгiм!
Сайлау туралы әңгiме бөлек. 10 мыңға тарта сайлау комиссияларына оппозиция өкiлдерiн енгiзейiк ресми түрде. Көрейiк сонда билiктiң шынайы сайлау рейтингiсiн.
Қазақтың жерiн Қытайға жалға беру, ана тiлiмiздi ардақтау, баға мен тарифтердiң өсуi деген өткiр тақырыптарға арналған митингiлерге халық неге он мыңдап келмейдi деген мен үшiн қиын сауалыңа халықтың ақшасына күн көрiп жатқан мемлекеттiк телеарналардың "қатысы" бар! Олардың эфирiнде бiз, оппозиция, мүлдем жоқпыз ғой!
Эксперимент жасайықшы: келесi митинг туралы мен сен әзiрше жұмыс iстеп жүрген "Қазақстан" телеарнасына сұхбат берейiн. Менi тағы да "ұйымдастырушы" деп соттасын, абақтыға жапсын, сенi болса, жұмыстан шығарып жiберсiн Ақорда. Сонда көрейiк сол митингiге қанша адам келетiнiн! Жә, қайтемiз, мен сенi өзгерте алмаймын, сен менi өзгерте алмайсың! Оны екеумiз баяғыда, ҚазМУ-дың жатақханасының аядай бiр бөлмесiнде Нұрлан Нүсенұлымен тұрғанда түсiнген сияқтымын. Сөзiңнiң түйiнi мынадай екен: "Әбеке, өз орнымызды лайықтыларға босатып, жаңа есiмдерге жол ашайық. Жаңа адамдар, жаңа тұлғалар сахнаға шықсын... Кейбiр танымдық жобаларды iске асыру үшiн неге басымызды бiрiктiре алмаймыз? Саясатсыз, бөлек мүддесiз, риясыз...".
"Әбеке, бойдағы жалын көмескiленбей тұрғанда өзiмiз қызығатын, өзгелердi қызықтыратын нақты жұмыспен айналысайық!» - депсiң Секе!
Алдымен жобалар туралы. Сол жобада мен "Қазақ тарихы 1991 жылға дейiн жасалған және ол тарихта қазiргi президенттен де басқа мықты тұлғалар болған" деп хабар жасасам, оны кiм бередi екен эфирге? Сен күнi кеше үйге келiп, менiң жұбайым Розаның шайын iшiп отырып айтқаныңдай, "бас продюсер" емес, жай продюсер сияқты таз қалпыңа түсiпсiң. Құтты болсын!
Мәртебем кiшiрейдi деп қиналма! Бiз екеумiз ешкiмнен де артық емеспiз, әрқайсысы өз қызметiн атқарып жүрген курстастарымыздан еш артықшылығымыз жоқ. Сқабылұлы, Смайыл, Жанболат, Кемелбаева, Қожан, Қаба және басқалар. Қызметтi қайтесiң, нығметiң бар. Қазақ қадiрлер қылығың болса, құрметiң де болар, соған шүкiр. Облыс, аудан деңгейiңде ел алдында сыйлы боп жүрген қаншама курстас жүр!
Менiң, Серiк досым, жауабым мынадай! Сен мемлекеттiк телеарнадан кетпе! Сен секiлдi, қоғамдағы жағдайға сыни көзқарасы бар, елге бiр табан болса да, жақындау азаматтар сонда жүру керек! Мен де сен ұнатпайтын, сенбейтiн, кей кезде түсiнбейтiн, саяси оппозицияда жүре берейiн!
Оппозициялық қызметiм үшiн қылмыстық не әкiмшiлiк соттан өтiп, бас бостандығымнан айырылуға дайынмын, демократия жолында отбасымды, бала-шағамды тәрк еттiм деп бiр жас шықса, мен "АЗАТ" ЖСДП партиясындағы бас хатшылық орнымды беруге дайынмын! Бiрақ ол бiлсiн, мен билiктен де, оппозиция демеушiлерiнен де нәпақа алған жоқпын! Саған ғана емес, басқаға да айтарым: бүгiнгi Қазақстанда Ақордаға (президентке, жалпы Үкiметке) сын айту - өте қиын шаруа! Егер де мен осы салада рахаттанып жүр десең, қатты қателесесiң! Оңай емес! Өзiң ғана қиналмайсың. Туған-туысқаныңа да салқының тиiп кетедi. Атып тастау, соттау, күнделiктi аңду, телефоныңды тыңдау туралы айтпай-ақ қояйын. Осыдан бiраз уақыт бұрын маған тағы да бiр ақордашыл ағаң шықты. "Мына билiк өзгермейдi! Сен болсаң 45-тен астың. Шашың ағарды. Қашанғы осылай жүре бересiң? Билiкке кел! Жақсы қызметке лайықсың!" деген болатын.Мен оған "әлеуметтiк әдiлет", "сыни көзқарастарға төзiмдiк" туралы айта бастап едiм: "Қойшы осының бәрiн! Келмесең, келмей-ақ қой Үкiметке! Он жылдан кейiн суретiң немерелерiң оқитын сыныптарда демократтар қатарында iлiнiп тұрсын десең, жүре бер осылай!" деп жекiрiп тастаған.Мен айттым: "Лайым солай болсын!"- деп. Сөз соңында: "Өзiмнiң жеке пiкiрiме келсек, қазаққа да, қоғамға да, санаға да өзгерiс керек деп ойлаймын. Бiрақ оны көшедегi айғай-шудың күшiмен емес, қаламның ұшымен де жасауға болады. Бүгiнгi қазақтың басым көпшiлiгi алаңға шығуды ойлап отырған жоқ, олардың «алаңы» - алаңдау ғана..." депсiң. Сен айтқан өзгерiстi жасау үшiн сенiң және менiң қолымыздағы қаламның күшi жеткiлiксiз болса не iстеймiз? Азаттықты аңсаған адамның, запыран құсқан заманның, қазақылығы қатқылдау боп бара жатқан қоғамның күшi қажет пе екен? Әлде Алашым дейтiн әрбiр азаматтың iсi қажет пе екен? Мен сен айтып отырған Алаңды емес, шамамды ойлайтын қазақпын! Сол алаңда басы жарылмаса екен деп баламды ойлайтын қазақпын! Бiрақ соған қоса, құлдық болмаса екен деп әспеттейтiн, санамды ойлайтын қазақпын. Жұртымның жүрегiндегi жазылмас Желтоқсан мен Жаңаөзендей жарамды ойлайтын қазақпын! Дәулет пен сәулеттен жұрдай болып, дәлдiреп қалған Даламды ойлайтын қазақпын! Дала сияқты тұғырын тәрк еткен Қаламды ойлайтын қазақпын. Ұлы Абай мен Махамбет оята алмаған қазақты қарапайым ғана ауыл баласы - екеумiз оята ала ма екенбiз, менiң талантты досым? Соны ойланайық, Секе! PS деп сен постскриптум жазыпсың.
Мен PS жазбай-ақ қояйын. Осы жария жанрға енгiзгiм келмеген кейбiр "комменттi" сенiң үйiңдегi анаңның менiң үйiмдегi кiшi құрбысы - шешемнiң үйiнде баяғыша шай iшiп отырып айтармын саған...
Әмiржан ҚОСАНОВ
«Абай-ақпарат»
«Азат» ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосановтың жауап хаты «Жас Алаш» газетінен алынды.