Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саяси портрет 11330 28 пікір 23 Наурыз, 2021 сағат 11:44

Сәулетші Уәлиханов

Жалғасы. Басы: Ханзада

«Менің ағаларым» сериясынан

«Алмас қылыш қын түбінде жатпас»
Қазақ мақалы

Бабаларының ежелгі ата қонысы саналатын Көкше жеріндегі Сырымбет елді мекеніндегі орта мектепті тәмамдаған соң Шот-Аман 1950 жылы ағасы Тұрсынның жан досы, ол кезде өзі де студент, кейін мәшһүр ғалым атанған Евней Бөкетовтің ақыл-кеңесімен Мәскеуге аттанады.

Мәскеуде де жолы оңғарылып, қазақтың тұңғыш кәсіби архитекторы Төлеу Бәсеновтің жөн сілтеуімен Мәскеу архитектура институтына түседі. Онда қазақтың болашақ талантты сәулетшілері Рүстем Сейдалин, Адамбек Қапановтармен бірге оқып, болашақ мемлекет қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов, болашақ экономист ғалым, академик Аманжол Қошанов, болашақ дипломат Сәлім Құрманғожиндармен дос-жар бола жүріп, ол кезде қазақ арасында сирек кездесетін архитектор мамандығын алып шығады.

Шоқан мен оның інісі Мақы қазақтың алғашқы кәсіби суретшілері болды. Сондықтан сурет, мүсін өнері Уәлихановтардың қанында бар. Шот-Аман да біртіндеп осы синкреттік өнерге бет бұрады. Шығармашылық өмірінің алғашқы кезеңінде мүсіншілер Т.Досмағамбетов және О.Прокофьевалармен бірге Әліби Жанкелдинге, мүсінші Б.Әбішевпен бірге Тоқаш Бокинге, мүсінші Т.Досмағамбетов және архитектор А.Қайырбаевпен бірге Ғани Мұратбаевқа, мүсінші Т.Досмағамбетов және сәулетші А.Қапановтармен бірге Дінмұхамед Қонаев бюсті сияқты тамаша ескерткіштер жүйесін дүниеге әкелді. Саяси тұрғыдан алғанда кейбір кейіпкерлердің бейнесі бүгінгі тарихта солғын тартқанымен, таза өнер туындылары ретінде олардың көркемдік құндылығы төмендеген жоқ.

Кеңестік дәуірдегі Шот-Аман қаламынан туған шедевр ретінде Ұлттық Ғылым академиясының алдына 1969 жылы орнатылған Шоқанға арналған монументалды кешенді атауға болады. Мұнда қазақтың талантты мүсіншісі Хәкімжан Наурызбаев сомдаған Шоқан ескерткіші Шот-Аман Ыдырысұлы жасаған архитектуралық кеңістікпен керемет үйлесім тапқан.

Шоқанның 8 метрлік ескерткішінің еңсесін биіктете түсу үшін сәулетші Шот-Аман бар өнерін салған. Қара габродан жасалған тұғырдың сыртқы бетіне түсірілген Шоқанның сөздері мен ою-өрнек ескерткішпен ерекше үндесіп тұр. Кешеннің алдында орналасқан ұлттық нақышта өрнектелген 12 тұғыр ұлы ғалымның бейнесіне  тағзым етуге келгендерге арналған құрметті қарауылдай әсер қалдырады. Қос қапталдағы мөлдір сулы хауыз да Шоқанның жан дүниесінің тазалығынан хабар бергендей. Егер бұған бойын еркін ұстаған, ойлы әрі жас Шоқанның келісті, көркем келбетін қосар болсаңыз, бұл ескерткіш кешенін кеңестік Қазақстандағы ең үйлесімді архитектуралық - скульптуралық композиция ретінде бағалауға болады.

Шот-Аман ағамыз кеңес заманында толассыз шығармашылық еңбегімен қатар қоғамдық, мемлекеттік қызметтерді де абыроймен алып жүрді. Ол ұзақ жылдар Қазақстан Сәулетшілер Одағының басқарма төрағасы әрі КСРО Сәулетшілер Одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарды.

Кеңестік архитектурадағы партиялық диктат пен КСРО Архитекторлар одағы одақтас республикалардағы әріптестерінің ұлттық дәстүрлерден қуат алатын жаңашыл туындыларына үнемі тосырқай қарады. Мұндай «қайнайды қаның, ашиды жаның» дейтін ахуал Шот-Аман Ыдырысұлының талай мәрте ашу-ызасын тудырады. КСРО архитекторлар одағының 1984 жылы маусым айында өткен басқосуында Мәскеу өкілі, тарих ғылымының докторы, профессор О.А. Швидловский Алматыдағы шығыстық үлгіде салынған «Арасан» кешенін сын тезіне алады. Оның сөзін кейбір жағымпаздар қағып әкетіп, отқа май құяды. Айғайға ойбай қосқан әріптестерінің  жандайшаптығына Ш.Уәлихан лезде тойтарыс беріп: «И был удивлен, когда отдельные товарищи с трибуны начали хвалить доклад. Не мог понять: то ли мы учимся на все смотреть сквозь пальцы, то ли мы начинаем кривить душой. Его анализ был недостаточно профессиональным, обзор лишь беглым сообщением, выводы представляются туманными. Если речь шла бы об авторитете одного человека, промолчал бы, но речь идет об авторитете Союза. Меня беспокоит то, что Олег Александрович критиковал объект, не посетив его, не увидев своими глазами. Это тем более рискованно для доктора исторических наук, для архитектора, не построившего в жизни ни одного здания»,– деп одақ өкілінің тас-талқанын шығарды.

Бұл ар-ожданына дақ түспеген шынайы шығармашыл тұлғаның бір адамға ғана емес, сол кездегі кеңес қоғамындағы ұлттық қайнарлардан тамыр тартатын еркін творчестволық ізденістерге тосқауыл қойғыш кеңестік сұрқай саясатқа қарсы бағытталған жан-айқайы болатын.

«Арасан» сауықтыру кешені өзінің әсем келбетімен қатар, күллі мұсылман дүниесінде кеңінен тараған шығыс моншаларының үздік үлгілері негізінде кеңес заманында салынған бірегей ғимарат еді. Алматы мен оның қонақтарын дән риза етіп, Мәскеудің әйгілі «Сандуны» моншасынан асып түскен кешенді Мәскеудің қырағы көздері сәулет өнеріндегі «ұлтшылдық» көрінісі  ретінде бағалап, оны салған талантты сәулетшілердің жолын кесуді мақсат еткен. Олардың бұл келте пікіріне Шот-Аман ағамыз келісті тойтарыс беріпті.

Ш.Уәлиханның осы пленумдағы сөзін білімділік пен біліктіліктің шешендік өнермен қабаттаса өрілген тамаша көрінісі деуге болады. Ол өз сөзінде біздің заманымызға дейінгі көне Рим теремдері, ортағасырлық шығыс хамамдары, осы заманғы орыс моншалары, өзгеше дәстүрдегі финн сауналарына қатысты тарихқа кәсіби архитектуралық экскурс жасай келіп: «Следовать традициям отцов – не значит отвергать настоящее и бежать от будущего. Просто одно дополняет другое. В этом мы видим живую связь времен и синтез  разных культур, продолжение добрых традиций», – деген қорытынды жасайды.

Архитектор Ш. Уәлихан Мәскеудің небір ығай мен сығайлары бас қосқан жиындарда бірыңғай темір мен бетоннан тұрғызылған құрастырмалы, жалғанбалы ғимараттардан құралған кеңестік нысандарды сынап, әріптестерінің ұлттық дәстүрден қуат алатын өзіндік туындыларын қолдап отырған. Оның Киев, Тбилиси, Вильнюс, Душанбе қалаларының архитектуралық келбетіне қатысты пікірлері осының айқын дәлелі.

Еліміз азаттығын алып, өнер адамдарының еңсесін басқан түрлі идеологиялық, шығармашылық шектеуліктер жойылған кезде Шот-Аман Ыдырысұлының екінші тынысы ашылды.

Әуелі 1990 жылдың 30 қазанында Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация жарияланды. Қоғамдық ой-санаға зор серпіліс әкелген осы бір тарихи оқиғадан кейін ақпарат құралдарында егемен елдің  мемлекеттік туы, елтаңбасы, әнұраны туралы мәселе көтеріліп, қызу талқылау басталып кетті. Көп ұзамай Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңінен алынған «Құр шулаймыз, жоқ жалау, Байрақсыз қайрат – бос қайрат» атты ұранға бергісіз тақырыппен Шот-Аман Уәлиханның етектей  мақаласы «Ана тілі» газетінің 1991 жылғы 10 қазандағы  нөмірінде жарқ ете қалды.

Ағамыз әңгімені сақ, ғұн, көк түрік заманындағы жолбарысты жалау, бөрілі байрақтардан бастап осы заманғы вексиллология ғылымында жинақталған деректерді түгел қорытып, мемлекеттік тудың алты бірдей нұсқасын қалың көпшілік назарына ұсынады. Мен ағамыз мемлекеттік ту жобаларын дайындаған кезде жанынан табылып, өзім тікелей куәгер болған, жадымда жатталып қалған жағдаяттар жөнінде оқырмандармен бөліссем деймін.

Шөкең алдымен қаланың у-шуынан қашып, «Алмалы» демалыс үйіне қарасты саяжайлардың бірін жалға алып, алаңсыз жұмысқа кірісті. Әуелі адамзаттың арғы-бергі тарихындағы ту тарихына қатысты деректер түгел ақтарылды. Екінші кезекте, жер шарындағы барлық  мемлекеттердің тулары зерттелді. Орыс геральдикасы мен кеңестік тутану ғылымы да қалыс қалмады. Қытай, жапон туларының тарихы түгенделді. Тулардың түсі, көлемі, композицисы, ондағы белгілер мен эмблемалардың мән-мағынасы, тіпті ұсақ детальдарына дейін сараланды. Таблицалар мен альбомдар жасалып, алуан түрлі символдар сызылды. Өзімен ежеттес азаматтармен хабарласып, пікір алмасуды да ұмытқан жоқ. Нәтижесінде бірегей жоба дүниеге келді.

Тудың негізгі нұсқасы бірнеше сатыдан тұратын конкурстан аман өтіп, мәреге жетті. Мәренің алдында мен ұзындығы 2, ал биіктігі 1 метр болатын негізгі нұсқаны «Сымбат» сән академиясына жеткіздім. Оның президенті Сабыргүл Жайлаубекқызы Асанованың көмегімен жібек матадан жасатып, ағаш сапқа бекіттік. Осы күнгі мемлекеттік тумен түстес көкжібектің ортасындағы оңынан туған айдың аясындағы дербес планета сияқты қазақтың шаңырағы орналасқан, ал сол жақ бұрышында жеті бұрышты жұлдыз бейнеленген тудың маған да, оны дайындауға қатысқан академияның қызметкерлеріне де әсері ғаламат болды. Алып жүруге  ыңғайлы болуы үшін көкжібек туға ақ жібектен қап жасатып, кешкілік ағамыздың саяжайына әкелдім. Ұзақ уақыт бойы жасаған шығармашылық еңбегінің ақжібек, көкжібек боп желбіреген нәтижесін көрген ағамыздың қуанышында шек болмады.

Сол күні кешке ұлпадай аппақ қар ұшқындап, демалыс үйінің аумағындағы барлық шамдар самаладай жарқырап тұрды. Біз біраз уақыт көк туды желбірете ұстап, көтеріңкі көңіл-күймен қыдырыстап жүрдік. Кенет алдымыздан Қазақстанға алғаш келген Германияда тұратын Ахмет Бақы деген қандасымыз ұшырасып: «Бұл қандай ту?» – деп сұрады. «Бұл – Қазақ елінің болашақ мемлекеттік туы. Сәті түссе, дүниенің төрт бұрышында Қазақстанның аты аталғанда айы оңынан, жұлдызы солынан туған, ата-бабаларымыздың қара шаңырағы бейнеленген осы ту желбірейтін болады», – деп Шот-Аман аға оған  зор мақтаныш сезіммен жауап қатты.  Сол сәтте Ахмет бауырымыз тізерлеп отыра қалып, туды қапсыра құшақтап, бетіне басып, қайта-қайта сүйе бастады. Көзінен жас парлап: «Осы еді ғой біздің талай жылдан бері аңсап күткеніміз»,– деп дауысы дірілдеп, жылап жіберді. Дауысы да, денесі де зор, еңгезердей азаматтың еңкілдеп жылағаны әлі күнге дейін менің есімнен кетер емес. Шот-Аман ағамыз тудың үш нұсқасын: бірыңғай көкке ақ символдар салынған, бірыңғай аққа көк белгілер өрнектелген және қос қапталы ақ, ортасына көк жолақ түскен үш бірдей сипатта жасады. Үшеуінің де дәл ортасындағы ай аясындағы шаңырақ пен сол жақтағы жеті бұрышты жұлдыз өзгеріссіз қалды.

Көп талқылаулар нәтижесінде мемлекеттік ту ретінде Шәкен Ниязбеков ағамыз жасаған, бүгінде бар қазақтың жүрегіне жол тапқан шапақты күн арқалаған алтын қыранды нұсқа қабылданып, тәуелсіз еліміздің киелі рәмізі атанды. Шот-Аман ағамыз әріптесін ақ пейілмен құттықтап, өзі жасаған ақжолтай туды ата дәстүріне сай қайта түлеген Уәлихан әулетінің байрағы ретінде сақтап қойды.

Тоқсан бірінші жылы қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкелген тағы бір оқиға мемлекеттік елтаңбаға жарияланған конкурс болды. Бұл іске де Шот-Аман ағамыз білек сыбана кірісіп, оның да бірнеше нұсқасын жасады.  Негізгі нұсқаның орталық элементтері түгел айқындалған кезде өзіне тән ашық-жарқын мінезбен  «Қазақ халқының елтаңбасы қалай болуы керек?» деген тақырыппен «Ана тілі» газетіне жариялап, көпшілік талқысына ұсынды.

Бұл нұсқаның дәл ортасында кез келген отбасының, жалпы қазақ елінің символы саналатын шаңырақ бейнеленіп,  оның шеңберіне: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген сөздер жазылды. Одан жоғары оңынан туған ай мен дәл төбесіне тәж іспеттес жеті бұрышты жұлдыз орналасты. Елтаңбаның қос қапталында елдігіміздің белгісі шаңырақты зеңгір көкке алып ұшқан қос қанат көрініс тапты. Қанаттың тұғырына ірі әріптермен тасқа қашалғандай етіп «Қазақстан» сөзі бәдізделді.

Шот-Аман Уәлихан ұсынған мемлекеттік елтаңба нұсқасы көп көңілінен шықты. Әр қазақтың ұғымына жақын көк аспан, қара шаңырақ, көтеріліп ұшқан қос қанат және көк түріктерден жеткен көне дәстүр үлгісінде өрнектелген «Қазақстан» сөзі республикалық баспасөзде жиі аталып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сол жылғы қазанның 2-жұлдызында Байқоңырдан қазақтың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров тұңғыш рет ғарышқа самғады. Шот-Аман ағамыз ғарышкерге өзі жасаған қос қанатты елтаңба жобасын табыстап үлгеріпті. Космодромда өткен баспасөз мәслихатында жүрек тұсында бейнеленген елтаңба жобасын алақанымен аялай басып, қойылған сұрақтарға көтеріңкі леппен жауап берген Тоқтар Әубәкіровтің бейнесі сол сәтте-ақ әлемнің ақпарат құралдарын шарлап кетті.

Шот-Аман ағаның өз кіндігінен тараған ұлы жоқ. Құдайға шүкір, өзі әрдайым «Зина ханым» деп еркелететін жеңгеміз екеуінің алтын асықтай екі қызы бар.  Үлкені Гүлшат әке жолын қуып архитектор мамандығын таңдаса, кішісі Баян - философ. Қазір екі қызынан Оқжетпес, Айдар бастаған бірнеше немере сүйіп, сүйікті ата болып отырған жайы бар.

Қанша дегенмен отыз ұл таптырған Абылай ханның тұқымы емес пе, «Бар қазақ – менің бауырым» деген ұранды ұстанатын Шот-Аман ағамыз халқына еңбек сіңіруді мақсат еткен азаматтардан сегіз ұл таңдауға шешім қабылдайды. Алғашқы таңдауы Шөкеңді шын мәнінде туған әкесіндей құрметтеп, барлық шығармашыл бастамаларына қамқорлық көрсеткен Иманғали Тасмағамбетовке арналса, екінші кезек Мыржақып Дулатовтың сүйегін Карелиядан туған жеріне жеткізген жас ғалым Марат Әбсәметовке тиді. Шөкеңнің үшінші таңдауы маған түсті. Алғашқы төрттікке Елтаңба жобасын ғарышқа алып ұшқан Қазақстанның халық қаһарманы, Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров кірді. Шөкең кейінірек сегіз ұлының атын атап, түсін түстеп, әрқайсысына мінездеме берген батасын толғау ретінде баспасөзде жариялады.

Шот-Аман Уәлихан жасаған Елтаңба жобасы кейін қосалқы автор Жандарбек Мәлібеков тарапынан одан әрі жетілдіре, толықтырыла түсіп, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы ретінде ресми түрде бекітілді. Осыншама қошемет пен құрмет Шөкеңдей тынымсыз тұлғаны жаңа ізденістерге жетеледі.

Картинки монумент независимости алматы, Стоковые Фотографии и Роялти-Фри Изображения монумент независимости алматы | Depositphotos®

(Тәуелсіздік монументі)

Тәуелсіздіктен соң Қазақстан дүниенің төрт бұрышындағы алуан мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнатып, алыс-берістерді жиілете түсті.  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 1990 жылы Мысырға жасаған сапарында делегация құрамында Шот-Аман ағамыз да болады. Ел астанасы Каирде өткен ресми кездесулерден кейін делегацияның Президент бастаған бір бөлігі ежелгі  Египет астаналарының бірі болған, аспан астындағы музей іспеттес көне қала  Луксорға келді. Елбасы Луксор храмының кіреберісіндегі көне обелискіге қарап тұрып Шот-Аман ағамызға:

– Шөке, тәуелсіздігіміздің белгісіндей болатын осындай монументті орнататын уақыт бізге келіп жеткен сияқты, – деп ой тастайды. Елбасы идеясын құп алған сәулетші сол сапардан оралысымен бір топ талантты сәулетші, мүсінші жастарды жинап, жаңа жобаға –Тәуелсіздік монументіне кіріседі.

Мен бұл жобаның дүниеге келу тарихына алғашқы эскиздері қағазға түскен күннен бастап, еңселі ескерткіш бой көтергенге дейін куә болдым. Әлдеқашан тарихқа айналған осы оқиғаға қатысты сирек деректерді оқырманмен бөлісе кетсем артық бола қоймас.

Шөкең өзіне тән қызуқандылықпен жобаға дайындықтың көрігін бірден-ақ қыздырып жіберді. Оның Алматының Қабанбай батыр көшесінде орналасқан Ескерткіштер қорғау қоғамының басшысы ретіндегі кабинеті бас штабқа айналып,  жобаға қатысушы Әділет Жұмабай, Нұрлан Далбай, Қазбек Жарылғапов сияқты жастар күн сайын келетін, үнемі таласып, пікірлесіп отыратын, араның ұясындай гуілдеген орынға айналды. Бүкіл идеялардың басты генераторы, әрине, Шөкеңнің өзі. Әуелі Қазақстанның әр өңірінде кездесетін құлпытас, сынтас, балбалтастар мен олардың пішіні, көлемі, нақыштары зерттелді. Қазақ жерінен табылған «Алтын адамнан» басталатын түрлі археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер мен олардың бейне-бедерлері тиянақталды. Қазақ тарихының сақ заманынан тәуелсіздікке дейінгі аралықтағы басты кезеңдері мен оқиғалары жүйеленді. Әлем мемлекеттеріндегі тәуелсіздік идеясына қатысты барлық ескерткіштер сүзгіден өткізілді. Осындай қисапсыз мол ізденістердің нәтижесінде сәулет және мүсін өнерінің аса күрделі бірегей кешенінің бет-бейнесі айқындала түсті.  Тәуелсіздік монументінің етектен қараған адамға көк аспанмен астасқан Алтын адам орналасқан стелласы 1996 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен бауырлас Түркияның Президенті С.Демирелдің қатысуымен сол кездегі астанамыз Алматының төрі  – Республика алаңында салтанатты түрде бой көтерді.

Маңғыстаудағы құлпытастар үлгісінде ұлттық өрнекпен көмкерілген ұзындығы 28 метрлік текшетастардың ұшар басына қазақ жерінен дүниенің төрт бұрышына түгел тараған қызғалдаққа ұқсайтын мық тұғырдағы қанатты барыстың үстіне тарихымыздың киесі әрі иесіндей болып Алтын адам жайғасты. Оның оң қолында қыраны, сол қолында садағы, белінде алтын сапты алмас қанжары, иығында сауыт бұзар үш жебе салынған қорамсағы бар. Айбынды  Алтын адам биіктігінің өзі алты метрге жетті.

Тәуелсіздік монументінің қос қапталында орналасқан тақтатастағы белгілер мен бедерлер – қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін, тас тілінде сөйлеген бірегей кешен. Еркін өмірді аңсаған ер қазақтың ескі замандардан бүгінге дейін жеткен барлық арман-мүдделерінің жиынтығы.

Монументтің артқы жағына қос қапталға қарай доғаша иілген он панно орналастырылып, оған ежелгі сақ дәуірінен басталып, тәуелсіздікке дейін орын алған басты оқиғалар бейнеленді. Монументтің екінші кезеңінде, діңгектің төрт жағына халқымыздың дүниетанымында ерекше мағынаға ие төрт мүсіндік бейне: ақылгөй абыз ата, ақ жаулықты ана, еліміздің бейбітшіл болашағын мегзейтін құлыншақ мінген ұл мен қыз орнығып, ескерткіш кешеннің ұлттық рухы мен мазмұнды мағынасы айшықтала түсті.

Шөкең тәуелсіздік монументі тұрғызылатын жер белгіленіп, аса күрделі кешеннің әрбір деталі өз орнына түскенше тыным тапқан жоқ. Ескерткішті текшелеу, бәдіздеу, құю жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде түрлі ақпарат құралдарына сұхбат беріп, мақала жазып, әрбір деталінің символдық мәнін жұртшылыққа түсіндірумен болды.

Монумент халқымыздың 2500 жылдық киелі тарихының таспен өріліп, құрыштан құйылған символындай болып тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматының бас алаңында әлі күнге дейін асқақтап тұр.

Өлімнен де күшті» монументі

(Семейдегі ядролық сынақ құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі)

Шот-Аман Уәлиханның жасаған жойдалы туындылардың бірі - 2001 жылы Семей қаласында орнатылған ядролық сынақ құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, ел ішінде ең көп талқыланған мәселе – ұлтымызға өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген ядролық сынақтарды біржолата тоқтату жайы еді. Елбасымыздың Президент қызметіне кіріскен кездегі ең алғашқы жарлықтарының бірі халқымызға ажал сепкен осы полигонды жабуға арналды. Бір мезгілде бірнеше жобамен қатар жұмыс істейтін Шот-Аман ағамыз бұл тақырыппен тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ айналыса бастады. Талай мәрте ақын досы Олжас Сүлейменовпен де ақылдасады. Ядролық сынақтың халық саулығына тигізген жан түршігерлік зардаптары жөнінде академик дәрігер Бақия Атшабаровтың ғылыми-сараптамалық қорытындыларымен мұқият танысты. Ядролық сынақтарға қатысты оқыған, көрген, білген, естіген деректері жан-дүниесі  нәзік адамды тебіренткені соншалық, Шот-Аман бұл тақырыпқа өлең-реквием де жазды.

Семей қаласында орнатылған бұл монументте биіктігі 19 метрлік қара тасты тас-талқан етіп төбеден төнген қап-қара тажалдай атом жарылысының саңырауқұлаққа ұқсайтын қорқынышты сүлдесі бейнеленген. Оның төменгі жағында кіршіксіз тазалықтың белгісіндей, әппақ мәрмәрдан жасалған жаңа туған тіршілік иесі – сәбиін бауырына басқан ана кейіптелген. Көк аспанды  қақырата сөгіп, тас төбеден өлім сепкен қара түнек ажал қанша сұсты болса да, анасының ыстық құшағындағы жаңа өмір белгісі – жас нәресте  алдында мүлде дәрменсіз. Өйткені Жер Ананың  өзінен  күш-қуат алатын  Ана мен бала бейнесі өлімнен де күшті. Күн мен түн, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім сияқты үздіксіз талас-тартысқа түсіп жатқан кереғар образдар жүйесі арқылы сәулетші өлімнен өмірдің күштірек екендігін шынайы суреткерлік сезімталдықпен жеткізе білген.

Ескерткіш атаулы – мүсінші мен суретшінің шығармашылық одағының жемісі. Мүсіннің өзі орналасқан  ортамен  жарасым табуын шебер сәулетші ғана үйлестіре алады. Шот-Аман – дәл осындай шебер. Сондықтан ол талантты жас мүсіншілер, сәулетшілермен шығармашылық одақ жасай жүріп, Астанада - Кенесарыға, Қостанайда - Ахмет Байтұрсыновқа, Семейде - Шәкәрімге, Ерейментауда -  Бөгенбай батырға, Көкшетауда  Талғат Бигелдиновке  арнап тамаша ескерткіштерді орнатты.

Тоқсаныншы жылдар сәулетші Шот-Аман Уәлихан үшін өте берекелі  болды. Оның қаламынан бірінен соң бірі «Жер Ана», «Күн Ана», «Мыңжылдық», «Халықтар достығы», «Ашаршылық пен репрессия құрбандары» монументтері, Аңырақай шайқасының панорамасы, «Даңқ» пантеоны сияқты көптеген жобалар дүниеге келді. Қашан да қажымайтын, талмайтын сәулеткер олардың бірқатарының нобайын баспасөзге  жариялады. Басым көпшілігі сызба, макет түрінде қалса да оған Шот-Аман шебер  көп қынжыла қойған жоқ. Талантты туынды бүгін болмаса ертең, уақыты келгенде ел кәдесі мен ұрпақ қажетіне жарайтынына бек сенімді.

Шот-Аман Уәлиханның тәуелсіздік жылдары сәулет-мүсін өнері саласындағы туындыларын саралай келіп, суреткер дәл осы кезеңде бір өзі бір институттың, тұтас шығармашылық одақтың қызметін атқарды деген қорытынды жасасақ, артық айтқандық бола қоймас деймін.

Мұхтар Құл-Мұхаммед 

Қазақ Әдебиеті газеті. № 12, жұма. 19 наурыз, 2021 жыл

Жалғасы бар...

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061