Жұма, 22 Қараша 2024
Ғибырат 10557 19 пікір 16 Наурыз, 2021 сағат 11:29

Ханзада

«Менің ағаларым» сериясынан

«Алмас қылыш қын түбінде жатпас»
Қазақ мақалы

Қазақта  Шот-Аман Уәлиханды білмейтін адам сирек. Басым көпшілігі мемлекетіміздің айшықты рәмізі – Елтаңбаның авторы ретінде таниды. Аға буын аңызға айналған баһадүр Абылай хан әулетінің үлкені ретінде ардақ тұтса, зиялы қауым сәулетші, тарихшы, тіпті ақын, драматург ретінде құрметтейді. Бүгінгі әңгіме алуан өнерді меңгерген сегіз қырлы саңлақ жайлы болмақ.

Ағамызбен алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдарында таныстым...

(Суретте: Сәулетші Шота Уәлиханов)

Қай қоғамда, қай мемлекетте болсын жазушылар қауымы азат ойдың, еркін пікірдің ортасы саналады. Кеңес кезеңіндегі толып жатқан шектеуліктерге қарамастан қазақ қаламгерлері замана шындығын кейде көркемдеп, кейде астарлап айтып қалуға тырысатын. Мүлгіген қоғамдық ой-сананы оқта-текте серпілтіп, сілкінтіп жіберетін материалдар қаламгерлер басылымы «Қазақ әдебиетінде» арагідік болса да жарияланып тұрды. Ұлттық университеттің 4-курсын тәмамдаған жылдың жазында біз шығармашылық практикадан өту үшін дәл осы газетке келдік.

Одақтың үшінші қабатындағы ұядай ғана бөлмеде орналасқан «ғылым және әлеуметтік мәселелер» деп аталатын бөлімді ақын әрі аудармашы Әубәкір Нәлібаев ағамыз басқарды. Әукең сол кездегі қазақ зиялы қауымы ішіндегі кітапханасы ең бай жазушылар қатарынан болатын. Әр басылымы кітап әлеміндегі ерекше жаңалық ретінде қабылданатын шетелдік авторлардың қолға ілуде бір түсетін еңбектері Әубәкір ағамыздың кітапханасынан оп-оңай табылатын. Ол бұл «қазынасын» әзіл-қалжыңға жеңдіріп, қолды етіп жіберуге әуес қатарластарымен болмаса да, бізбен еркін бөлісті.

Бөлім меңгерушісінің тура қарсысында кейін Әукеңнің орнын басқан, ол кезде «Аққабаның толқыны» атты алғашқы жинағын ғана шығарып үлгерген жас жазушы Дидахмет Әшімханов отырды. Сол жылдары Дидаш ағамыз әлеуметтік очерктерді бұрқырата жазды. Өзіміз күнде көріп жүрген кіп-кішкентай мәселелерден әп-сәтте таудай проблемалар тудыратын. Қағазбастылық жайлаған қоғамда тонналап ысырап болатын қат дүние жайлы сол жазда жазылған «Қағаздар, аппақ қағаздар» атты очеркі әлі күнге дейін жадымда қалып қойыпты.

Ұядай кабинеттегі үшінші ноян сол кездің өзінде-ақ кесек турап, тіке тартатын жас сыншы Әмірхан Меңдеке еді.

Алматының жаймашуақ күндерінің бірінде айқара ашылған есіктен ішке  орта бойлы, бекзат келбетті, қимыл-қозғалысы еркін жігіт ағасы: «Сәлем бердік, мырзалар!», – деп саңқылдай сөйлеп кіріп келді де, ешкімнен рұхсат сұрамастан бірден төрге озды.

Жыға танымасам да, «мырзалар» деген мығым сөзінен-ақ тегін адам емес екендігін шамаладым. Өйткені бұл қазақтың жақсысы мен жайсаңына ғана айтылатын айбыны да, айтылуы да өзгеше «мырзалар» сөзі ресми қолданыстан қаға беріс қалып, оның орнын еркек-әйел, бала-шаға жапатармағай пайдаланатын «жолдастар» тартып алған заман болатын. Кесек мінезді қазақтың «мырзалар» деген бір-ақ ауыз сөзінен бөлмедегі төрт азамат бірден бойы-басын жинап, еңсесін тіктеп үлгерді.

– Сіздерге бір тарихи материал әкелдім. Мұнда Шоқан туралы, Шоқанның туған інісі, менің атам – Мақы жөнінде тың деректер бар. Біз Шоқанның өзін танығанымызбен, оның өскен, өнген  ортасы жайлы біліміміз аздау. Сол олқылықтың орнын толтыратын уақыт жетті, – деп қонағымыз мәселені әріден бастады. Ұсынылып отырған мақаладан бас редактордың әбден хабардар екендігін шегелей түсуді ұмытпады. Қоштасарда көтеріңкі леппен айтылған «Аман-сау болыңдар, мырзалар!» деген сөзі тағы да бәріміздің жан сарайымызды жадырата түсті.

Шоқан мен оның туған інісі Мақының есімі аталғанда-ақ қонағымыздың кім екенін аңғарсақ та Әубәкір ағамыз:

– Бұл Шота Уәлиханов (ол кезде есім-сойы солай жазылатын) деген ағаларың. Оның әр келісі біз үшін үлкен олжа. Бүгінгі олжаны Мұхтардың қанжығасына байлайық. Тезірек қарап шығып, номерге дайында. Түсінбеген жерің болса, авторға телефон шалуға болады. Аңқылдаған, ашық адам, – деп тапсырманы қысқа қайырды.

Ағамыз ұсынған материалды әлденеше рет қызыға, құныға оқып шықтым. Аудармасы қалыптасып үлгерген кейбір терминдерді қазақшалағаным болмаса, авторлық нұсқа түгелімен сақталды. Әдеби газеттің стиліне сай «Ескінің көзі – тарихтың өзі» деген әдемі атау берілген мақала «Қазақ әдебиеті» айқармасының 1981 жылғы 28 тамыздағы номерінде жарқ ете қалды.

Сол күні-ақ қолы ашық, пейілі кең Шот-Аман ағамыз: «Талай аруақты ардақтаған мырзаларға Уәли хан әулеті дастарханынан сарқыт» деп төңкерілген қазы-қарталарға көк мойын, қызыл мойынды қоса тіркеп, бөлімдегі жігіттерді бек риза еткені де әлі ұмытыла қойған жоқ.

ҰЛЫ ХАННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Әр қазақтың жүрегіне ерекше жақын қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың туған інісі Мақының шөбересі, Абылай ханның алтыншы ұрпағы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан ағамызбен қырық жылға жуық уақытқа созылған сыйластық тура осы жүздесуден басталып, бір-біріне рухы жақын, іштей ұғынысқан, ағалы-інілі, тіпті әкелі-балалы жандарға ғана тән жарасымды қарым-қатынасқа созылатынын ол кезде екеуміз де болжай алмаған едік.

Бүгінде еліміздегі барлық мектеп, университет, әскери бөлім, түрлі мемлекеттік мекеме атаулының төрінде Шот-Аман Уәлихан жасаған еліміздің айбынды символы – Елтаңба қойылған. Тек осы еңбегінің өзі-ақ оның есімін тәуелсіз Қазақстан тарихына өшпестей етіп жазды. Бірақ біздің бүгінгі мақсатымыз – асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы саналатын тұғырлы тұлғаның өмірі мен өнерінің өзге де қырларына үңілу.

Шот-Аман әріден тартсаң дүниенің төрт бұрышына бірдей даңқы кеткен қаһарлы Шыңғыс қағанның ұрпағы. Шоқаннан бастап Марғұланға дейінгі ғалымдар еңбегін саралай келіп, ағамыздың өзі түзген шежіреге сай оның ата тегі: «Шыңғыс хан – Жошы хан  – Тоқай темір – Өз Темір – Қожа – Бәдіғұл оғлан – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан – Әз Жәнібек – Жәдік –Шығай хан – Есім хан – Жәңгір хан – Уәли бақы – Қанішер Абылай – Көркем Уәли – Абылай хан» болып таратылады. Шыңғыстан Абылайға дейін артық-кемі жоқ тұп-тура 18 ата.

Кеңес одағы кезінде жарық көрген оқулықтар мен тарихи зерттеулерде Қытай мен Ресей ортасынан қиыннан қиыстырып жол тапқан кемеңгер Абылай туралы «екі жүзді саясат ұстанған қазақ билеушісі» деген жалтақ, жайдақ пікір үстемдік етіп келді.

Түп-тамырын қазар болсаң, бұл тезис патшалық Ресей заманында басылған орыс энциклопедияларынан бастау алды. Мәселен, 1895 жылы жарық көрген  «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиялық сөздігінің 29-томында: «Орта жүзде айлакер де ақылды сұлтан Абылай тұтас жарты ғасыр бойы ең ықпалды адам болды. Ол Жоңғарияны Қытай бағындырып  алғанға дейін жоңғарлардың Қытаймен араздығын шебер пайдаланып, тәуелсіздігін сақтап келді», – деп жазылған. Өзі хан болса, өзінің басты мақсаты елінің тәуелсіздігін сақтау болса, онда түпкі мақсатына жету үшін  Абылай айлакер болмағанда кім болу керек?! Өкінішке орай Абылайға отаршылар таңған дәл осы сыңаржақ баға кеңес заманында жарық көрген көптеген еңбектерде көрініс тапты.

Данышпан жырау Бұхарекең айтқан «өгіз терісі талыстай» байтақ  жеріміз үшін бүгінгі ұрпақ қазақтың барлық хандарына дән риза болса да, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында тарих сахнасына шығып, елінің етек-жеңін бүтіндеп кеткен Абылай алдындағы қарызымыз шаш етектен. Екі тізгін, бір шылбыр қолға тиген тәуелсіздік тұсында ғана осы борышымызды біртіндеп өтей бастадық. Бұған да шүкіршілік дейік.

Қазір Абылай есімі мектептерге, университетке беріліп, бейнесі ұлттық валютаға шығарылды. Алматы мен Көкшетауда еңселі ескерткіштері бой көтеріп, 300 жылдық тойы атап өтілді. «Абылай хан» атты есімнамалық энциклопедия шығарылып, деректі фильмдер түсірілді. Жылдар бойы шаң басқан архивтерде жатқан Абылай хан туралы өлең-жыр, тарихи дастандар жарыққа шығып, арнайы зерттеулер жазылды. Солардың қай-қайсысында болмасын хан әулетінің үлкені, іздеушісі, жоқшысы ретінде  Шот-Аман ағамыз жүрді. Әр кезеңде жазған ғылыми-зерттеу еңбектерімен өзі де абылайтанушы, шоқантанушы ғалымға айналды.

Жастайынан әкесінің жорықтарына қатысып, 40 жасында таққа отырған Абылайдың ұлы – Уәли хан 1781-1819 жылдарда Орта Жүзді жеке дара биледі. Уәли ханның Сарғалдақ қожа немересі Айғаным ханымнан туған ұлы Шыңғыс 7 рет қатарынан аға сұлтан ретінде сайланып, халқына да жағып, патшаның да қыбын таба білген өз заманының олжалы қайраткері болды.

Орайы келгенде айта кетейік: мұрағатта 1863 жылы толтырылған Шыңғыс Уәлихановтың формулярлық тізімі сақталған. Құжатта оның 1834-1863 жылдар арасында Аманқарағай, Құсмұрын және Көкшетау округтеріне 8 рет аға сұлтан болып сайланғаны жазылған. Аға сұлтандыққа ие болған адамға майор шені қоса берілетін болса, ол полковникке дейін жоғарылаған. Жалпы қазақ даласында осы лауазым енгізілген уақыт аралығында бірде бір адам дәл мұндай нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Құжат рәсімделген жылы оның Жақып, Әбілмақыжан, Махмұд, Мұхамедия (Шоқанның есімі осылай көрсетілген), Сақыпкерей, Нұрмұхамед, Рахия, Нұрида, Шәрбан, Әпия есімді қыздары бар деп көрсетілген.

(Суретте: Аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов)

Шыңғыс сұлтан атақты Шорман бидің қызы Зейнепке үйленіп, одан 7 ұл, 6 қыз сүйген екен. Ұлдың үлкені Шоқан болса, одан кейінгісі Шот-Аман ағамыздың туған атасы – Мақы (толық ныспысы – Әбілмақыжан, өз қолымен толтырылған орыс тілді ресми құжаттарда – «Абдул-Макажан» деп көрсетілген).

Шоқан өмірінен хабардар көзі қарақты оқырман Мақының құлақ пен тілден айрылған зағип жан болғандығын біледі. Шындығында Мақы анадан он екі мүшесі бірдей сау болып туыпты. Жеті жасында сүзекпен ауырып, талықсып кеткен сәтінде надан емшілер өлдіге санап, суық бөлмеге шығарады. Арада біраз уақыт өткенде өлік жөнелтуге дайындық жасау үшін тастай бөлмеге кездейсоқ кіргендердің бірі оның тірі екенін байқап, ата-анасына хабар береді. Жабыла емдеп, баланы ажалдан алып қалса да, Мақы есту, сөйлеу қабілетінен біржолата айрылады.

Зағип болса да жас күнінен зеректігімен қатарынан ілгері кеткен інісін ерекше жақсы көрген Шоқан әкесі Шыңғысқа айта жүріп, оны 1855 жылы Санкт-Петербургтегі мылқау балаларға арналған көркемсурет училищесіне түсіреді. Мақы 11 жыл қатарынан Петербургте оқып, Шоқан қайтыс болған соң 1866 жылы ғана еліне оралады.

Шоқан інісінің оқуын қадағалап, оған үнемі қамқорлық көрсетті. Әйгілі Қашғар сапарынан кейін Санкт-Петербургке келгенде оны училище басшылары мен оқытушыларына ерекше табыстаған. Бұл деректерді біз Шоқанның әкесі Шыңғысқа жазған хаттарынан табамыз. Солардың бірінде кезекті кездесуден соң інісі өзінің сирек кездесетін 6 кітабын рұхсатсыз алып кеткенін жазады. Мұның өзі Мақының училище оқу бағдарламасымен шектеліп қалмай, Шоқан ағасы сияқты ғылым-білімнің алуан саласына құмартқан зерделі жас болғандығын аңғартады.

Мақы ағамыз Петерборда алған мол білім, европалық тәлім-тәрбие мен тәжірибесінің арқасында өмірден көп мұқтаждық, қағажу көре қоймапты. Омбыда іс жүргізуші, картограф, суретші болып оншақты жыл қызмет істеген соң, біржола елге оралып, өмірінің соңын Шыңғыс әулетінің ата қонысы Сырымбетте өткізіпті. Кейін үйленіп, Ыдырыс, Қасым, Садуақас атты үш ұл, бес қыздың әкесі болады. Перзенттерінің бәрі дүниеге аман-сау келіп, өмірден өз орнын тауыпты.

Мұрағаттарда Мақының Дала генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийге 1883 жылы 5 сәуірде жазған ғарызнамасы сақталған. Онда Мақы 7 жасында зағип болып, 10 жасында Петербургтегі училищеге келіп түскенін, оны ойдағыдай бітірген соң түрлі кеңсе қызметтерін атқарғанын жазады. Отставкаға шықса да үйде қол қусырып отырмай, әлі де жұмыс істеуге әбден жарайтынын айта келіп, өзіне лайық қызмет беруін сұрайды. Генерал-губернатор оны жылдық жалақысы 500 сом болатын лауазымға тағайындау туралы бұрыштама соққан.

Шоқанның досы Колпаковскийдің осы демеуімен «коллегиялық регистратор» болып тағайындалған Мақыға 1884 жылдың 4 желтоқсанында шенеунік аттестаты толтырылған. Мұрағатта сақталған бұл құжаттағы кейбір отбасылық мағлұматтарды келтіре кетер болсақ, онда Мақының 1884 жылы 1 маусымда туған Ыдырыс атты ұлы, 1881 жылғы Зұғира, 1880 жылғы Әсма және 1877 жылғы Ажар есімді қыздары болғандығы көрсетілген. Құжатта Мақының 1866-1883 жылдар арасында Баянауылда, Атбасарда, Көкшетауда, Ақмолада түрлі кеңсе қызметтерін атқарғаны, 1871 жылдың 16 ақпанында оған үкіметтік Сенаттың арнайы бұйрығымен коллегиялық регистратор шені берілгені жазылған. Мұндай лауазым иесін қарамағындағылар «мәртебелім» яғни «ваше благородие» деп көтермелей сөйлейтін әжептәуір беделі бар шен болатын.

Шоқанның сүйікті інісі Мақының дүниеден озуына орай, сол кездегі жалпыұлттық басылым – «Қазақ газеті» 1916 жылы 16 маусымда қазанама жариялап, онда: «Бұл кісінің өнер-білімі мылқау түгіл, тілі бар адамда жоқ еді. План түсіру, сурет салу, русша-мұсылманша неше түрлі машық жазулар, кесте тігу, ою секілділер. Ағаш ісіне келгенде ағаштан түйін түйетін шебер еді. Сағат істеуге де шебер. Қол өнерінен бір ісі Омскіде болған көрмеге түсіп, мақтау медаль берілген. Көп болмаса да аз уақыт үкімет қызметінде  де болған. Марқұмның мінез-құлығы, тақуалық тазалығы басқа кісіде сирек табылатын еді. Ағасы Шоқан қандай еске түссе, бұл кісі де сондай еске түсетін адам», – деп жазады. Үлкен өнер иесі Мақы Уәлихановтың бізге жеткен суретіндегі түр-тұлғасы, кескін-келбеті, шаш қойысы, сақал-мұртын бастыруы, киім киісі, ойлы жүзіне қарап-ақ оның бекзат болмысын аңғару еш қиынға соқпайды.

(Суретте: Әкелі-балалы Мақы мен Ыдырыс Уәлихановтар)

Шот-Аман ағамыз Мақы Уәлихановтың үлкен ұлы Ыдырыстан тарайды. Ыдырыс Мақыұлы Уәлиханов Троицк қаласындағы  Расулия медресесін тәмамдаған соң бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған. Атақты әдебиетші ғалым Есмағамбет Ысмайылов пен ақын Жұмағали Саин дәл осы Ыдырыс ағамыздың шәкірттері екен.

Шот-Аман ағамыздың анасы Нәубат апамыз да орыс жылнамаларында «Шемяка» деп аталатын атақты Сәмеке ханның тұқымы, Арқа жұртына даңқы асқан Қоңырқұлжа төренің Әбділда деген немересінің қызы.

Ыдырыс пен Нәубаттың алғашқы балалары шетіней берген соң дүниеге келген ұлының атын қазақи ырымға сай «Тұрсын» деп қояды. Болашағынан зор үміт күттіріп, Шоқан атасындай аса талантты, өнерлі жас болып өскен Тұрсын тым ерте, небәрі 22 жасында дүние салыпты.

Тұрсыннан кейін араға 7 жыл салып дүниеге келген Шот-Аман аға есімінің де қызғылықты тарихы бар. Жаңа туған сәбидің кіндігін жетім балаға шотпен кестіріп, нәрестенің иткөйлегін 30 әйелдің етегінен өткізіп, аман қалсын деген ырыммен атын «Шот Аман» қояды. Ескілікті наным-сенім бойынша жаңа туған баланы алуға келген ажал иткөйлегі 30 әйелдің бауырынан өткен бөбектің кімнен туғанын біле алмай адасып қалады екен. Осылайша Шот-Аман ағамыздың өмірі дүниеге келген күнінен бастап-ақ тіршілік үшін күрестен басталыпты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед 

Қазақ Әдебиеті газеті. № 11, жұма. 12 наурыз, 2021 жыл

Жалғасы бар...

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5180