Жұма, 22 Қараша 2024
Алаң 5831 51 пікір 27 Наурыз, 2021 сағат 12:55

Жер реформасына соңғы нүкте сөзсіз қойылуы керек!

Бүгінгі басты тақырып - Жер реформасы болып тұр. Жер - қазақтың жаны, ары, намысы. Тіпті, шері деп те айтуға болады. Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді! Президент бұл жағынан жел өтпестей етіп, тарихи шешім қабылдады.

Жер комиссиясының бірінші отырысында белгілі бола бастады, «жер мемлекет меншігінде болу керек!» деген пікір алға озып шықты.

Қарапайым халық жердің тұтастай мемлекет меншігінде болғанын қос қолын көтеріп қолдап шығары белгілі.

Сондай-ақ, жердің басым бөлігі жеке меншікке баяғыда өтіп кеткенін де жұрт біліп отыр. Оның тағы кімдердің қолында екенін де қу ішіміз сезіп тұр. Бірақ, ешкімнің есімін ешкім әлі атаған жоқ. «Шындық та жөтел сияқты, Жыбырлап тұрар тамақта» - деп, Қадыр ақын айтпақшы, бәріміздің көмейімізде шампан құйылған құмыраның тығыны құсап тұрғаны анық.

Нық сеніммен айта аламын, Президентте бір гектар да жер жоқ! Президенттің қасында жүрген тағы екі-үш жас жігітте де солай деп ойлаймын. Қара халықтың қолындағы эердің көлемі көп емес...

Ал, сонда жерді уысында ұстап отырғандар кімдер?

Әрине, бірінші кезекте ескі-жаңа Үкімет мүшелері; әр деңгейдегі әкімдер, депутаттар, соттар, прокурорлар және олардың жақын туыстары. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы-соңғы шенеуніктер мен олардың тумалары. Және ол жер болғанда қандай, ең шұрайлысын басып қалған ғой!

Ұзақ жылдар бойы ішке жиналған жердің құсасы кісі ойнайтын шаруа емес. Сол құсаның 2016 жылы мемлекетті теңселтіп жібергенін ескерсек, биыл жер реформасына соңғы нүкте сөзсіз қойылуы керек!

Егер, жер реформасы өз деңгейінде жүрсін, сөйтіп мемлекеттің болашағы қауіпсіз болсын, халықтың тыныштығы қамтамасыз етілсін десе, ең алдымен қазіргі билік басындағы тұлғалар бірден саналылық әрі белсенділік тантып, бүкіл жерін мемлекет меншігіне өткізуге дайын екендіктерін ашық мәлімдеулері тиіс!

Бұл - мемлекет пен ұлт алдындағы зор және тарихи жауапкершілік!

Мемлекетшілдік пен құлқынқұмарлықтың таразыға түсетін, ел басқарған жігіттердің нағыз сыналатын тұсы!

Уақыт олардан бір ғана батыл шешім қабылдауды талап етуде. Шегінерге жол жоқ деп ойлаймын!

Әріптестері ағынан ақтарыла білсе болды, Мемлекет басшысы бастаған Жер реформасынан тез нәтиже шығады, халық та бірден сабасына түседі, тіпті де болашаққа жол ашылады...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290