Қазақстандағы екінші адам кім?
Қазақстандағы екінші адам кім? Мұндай сауалнаманы Үкіметтің штаттан тыс кеңесшісі Ербол Еділов «Тelegram» каналында жариялаған.
15 - 22 наурыз аралығында өткен сауалнамаға 10 368 адам қатысыпты. Ал, «екінші адам» болуға Кәрім Мәсімов, Тимур Құлыбаев, Самат Әбіш, Қайрат Сатыбалды, Бауыржан Байбек секілді лауазымды адамдар таңдап алынған.
Нәтижесінде, дауыс берушілердің 33 пайызы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовты «екінші адам» санайтындарын айтыпты.
Ал, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев 20 пайыз дауыс жинаған. Одан кейінгі орынды экс-президенттің көмекшісі Абай Бисембаев жинапты.
ҰҚК Төрағасының орынбасары Самат Әбіш - 9 пайыз, Үкімет басшысы Асқар Мамин - 8 пайыз, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин - 7 пайыз, «Alatau Capital invest» басқарма төрағасы Қайрат Сатыбалды - 4 пайыз, «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек - 4 пайыз, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов - 3 пайыз, «Самрұқ-Қазынаның» бұрынғы төрағасы Ахметжан Есімов - 2 пайыз дауыс алған.
Сонымен, Еділов мырза елдегі «екінші адамды» анықтағысы келіпті. Еділов сауалнамасына қатысқан 10 мыңнан аса адам Қазақстандағы екінші адам – Мәсімов депті. Ал, «бірінші адам» кім? Сұрақты бұлай қоюуымыздың себебі де жоқ емес. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда билік транзиті болып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткенде, оның орнын сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басқан. Кейін Тоқаев мырза президенттік сайлауға экс-президент Н.Назарбаев төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы атынан қатысып, жеңіске жетті. Алайда, батыстық басылымдар Қазақстанда билік транзиті толық жүзеге аспағанын айтып, «елдегі ең ықпалды адам – Нұрсұлтан Назарбаев» деп атаған. Сондықтан да, Қазақстандағы №1 адам (лауазым иесі) кім деген сұрақ біраздан бері елішілік талқының тақырыбына айналған.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz