ҒАСЫР БҰЛБҰЛЫ – КҮЛӘШ
Күләш Байсейітова - 100 жыл
Биыл Шығыс бұлбұлы атанған ұлы актриса Күләш Жасынқызы Байсейітованың туғанына 100 жыл. Жақсы - елге ортақ. Иісі қазаққа мақтан болған әнші-актрисаның туған жері, туған күні ел аузында, құжаттарында әртүрлі болып қалғандықтан жақсыға әркім талас дегендей, қазақтың даласында туса да, кіндік қаны тамған жері ашық бұрмалануда. Бұл да кезіндегі саясаттың әсерінен туған жағдай. 24 жасында қазақ деген халықтың даңқын Мәскеу сахнасында көтеріп, оның мәдениетін, дарынын танытқан әнші-актриса қайткенде астанада - Алматыда туып-өскен болуы керек болған. Оның ауылдан шыққанын ол кезде олқы санаған. Күләш Жасынқызының шыққан тегін ашып айтсақ, оның туған жері де даусыз болады. ХVIII ғасырдан Қараменде би бастап Солтүстік Балқаш өңірін мекен еткен Дадан Тобықтының Манас атасынан тараған Мандардан Қара туады. Қарадан - Айқожа, одан Мәмбет, Бейіс, Уәли. Бейістен: Жасын, Қасымбек, Разбек, Айтбек. Жасыннан: Тұрсын, Күләш, Райхан, Хамза (екінші әйелінен туған).
Күләш Байсейітова - 100 жыл
Биыл Шығыс бұлбұлы атанған ұлы актриса Күләш Жасынқызы Байсейітованың туғанына 100 жыл. Жақсы - елге ортақ. Иісі қазаққа мақтан болған әнші-актрисаның туған жері, туған күні ел аузында, құжаттарында әртүрлі болып қалғандықтан жақсыға әркім талас дегендей, қазақтың даласында туса да, кіндік қаны тамған жері ашық бұрмалануда. Бұл да кезіндегі саясаттың әсерінен туған жағдай. 24 жасында қазақ деген халықтың даңқын Мәскеу сахнасында көтеріп, оның мәдениетін, дарынын танытқан әнші-актриса қайткенде астанада - Алматыда туып-өскен болуы керек болған. Оның ауылдан шыққанын ол кезде олқы санаған. Күләш Жасынқызының шыққан тегін ашып айтсақ, оның туған жері де даусыз болады. ХVIII ғасырдан Қараменде би бастап Солтүстік Балқаш өңірін мекен еткен Дадан Тобықтының Манас атасынан тараған Мандардан Қара туады. Қарадан - Айқожа, одан Мәмбет, Бейіс, Уәли. Бейістен: Жасын, Қасымбек, Разбек, Айтбек. Жасыннан: Тұрсын, Күләш, Райхан, Хамза (екінші әйелінен туған).
Күләштің анасы Зибажан Айдарханқызы ажарлы, әнші, ұлттық қолөнер шебері болған кісі. Күләштің туған нағашы атасы Дадан Тобықтының Құланшы руынан Мәнжұғұл батыр, нағашы шешесі Қырмызы атақты Ақсары Бөртебай көпестің қызы. Жақын нағашысы Исаев Сейтіхан Ахметұлы. Сондықтан Күләш Сейтіханды оқытқан екен, ол ҚР еңбегі сіңген қызметкер, Президент Н. Назарбаевтың оқытушысы, Қаскелеңде тұрады. Күләштің ауылдастары Кенжебекова Дәнерияның, Кенжебекова Рысжанның - қазір 90 жасқа келген қарт ана, айтуынша Күләштің кіндік шешесі ақын Нарманбет Орманбетұлының немере інісі Мақатбектің (дұрысы Орманбеттің Ерденбегінің ұлы Нақыпбектің) әйелі Зағипа (Мақатбеков Айталымның шешесі). Белгілі журналист Қасым Орманбетовтың айтуынша 1928 жылдары бай тұқымы деп айыпталмау үшін Нарманбет бидің немере інісі Нақыпбек «Мақатбек» (1960 жылы дүние салды) болып өзгертіліп жазылып кеткен. Күләштің кіндігін сол кезде 20 жасар шамасындағы келіншек Зағипаға (1970 жылдары қайтыс болды) кестіру себебі қалай десеңіз, Мәнжұғұл мен Байжомарт батырлар-құрдастар (1806 ж. туған), іргелері алшақтамаған өте сыйлас жандар, қыстақтары тақау Қарасу өзені мен Балқаш көліне жағалай тораңғылы тоғайда. Батырлық, елге ардақтылық қасиеттері жұғысты болсын деген ырыммен немересі Күләштің кіндігін кесуді Байжомарттың бір шаңырағын ұстап отырған келінге жол берген екен. Күләштің туған жері бүгіндері Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Нарманбет ауылы аталады. Бұл өлке ХХ ғасырдың басында Қотанбұлақ болысы, Қарқаралы уезі, Семей губерниясы атанған.
Күләштің әкесі Жасын Бейісұлы 30-жылдары Балқаш құрылысында Қарамұрын мүйісінде (Ескі алаңда) тұрып, етікші болған екен. Қолы шебер өнерлі, серілік құрған кісі Зибажан мен қыздарын тастап ел аралап кеткен. Найманның бір қызынан туған Әсия атты қызы Пекинде атақты биші болыпты, оның балалары да бар, өнерлі жандар. Бірақ оларды Күләштің туыстары жақын тұтпады, Қытайға қайтып кетті. Әсияның қызы Зура Мамынның Алматыда кездескенде айтқаны, Күләш және Әсия Жасынқыздары бірін бірі білген, Күләштің қаза тапқанын естігенде қайғыдан 40 күннен соң дүние салған, әкесінің Балқаш деген айдынның жағалауында екенін, сол туған елге жету керегін тапсырып аманат етіп кеткен екен. 1957 жылы Күләш Қытайға концертпен бармақ болған себебінің бірі осы болу керек, бірақ белгілі алтаудың жала хаты кедергі болған. Ақыры бірін бірі көре алмай кеткен екі ару екі елде қазақ өнерінің періштесіндей дүниеден өткен.
Күләштің сіңлісі Райханнан Раушан Байсейітова туған. Бұл жөнінде Раушан Байсейітова былай дейді: - Алматыда бір үйде Күләш пен Қанабек, ұлы Алдан, қыздары Құралай, Қарлығаш, Қаршыға және бүкіл Беиісовтар отбасы: Жасын ата, Зибажан апам, үлкен қызы Тұрсын, кішісі Райхан күйеулерімен бәрі бір тұрған. Күләштің кішкентай қызы Қаршыға балабақшада қайғылы қайтыс болғанда Райхан анам мені туыпты. Қаралы болып отырған Күләш апасының бауырына анам мені салып берген. Содан мен Байсейітовтардың қызы болып өстім, оны өзіме қадір тұтамын. Мәпелеп өсірді, оқытты, еңбекке баулыды. Күләш пен Райхан екеуі де опера және балет театрында актриса болып жүргенде мен де балерина болып еңбек жолын бастадым, жеткен атақ-даңқым осы аналарымның арқасы...».
Раушанның қолында Күләш Жасынқызының күнделік дәптері сақталған екен. Қазақ әндерін араб-латын қарпімен, орыс әндерін кириллицамен әдемілеп сұлу жазғаны ұлы әншінің өресінің биіктігінің куәсі.
Күләштің туған інісі Хамза Жасынұлы Балқашта тұрды. Күләш оны қолына алып оқытқан, бірақ өзі өтініп елге анасына қайтып кетіпті. «Неге өйттіңіз?» - десем, «Күләш тәтем өте сұлу, атағы таудай, үйіне қазақтың керемет ірі адамдары, ғалымдар, жазушылар келеді. Мен әпкеме тартпаған, түрім келіспейтіндей ұялатынмын, даңқты әншінің інісімін деуге жараспайтын сияқты. Сонан соң сылтау тауып қайтып кеттім ғой. Қанша шақырса да бармадым», - деген. Ұзын бойлы, қарасұр кісі еді. Атақты әпкесін періштедей көрген ғой. Хамза Жасынұлының балалары Әмзә, Құралай, Гауһар Жасыновтар Балқашта тұрады. Бәрі білікті мамандар, келбетті жандар Жасын атаның шаңырағын ұстап отыр.
Ал Мәмбеттен Ержан, одан Манарбек әнші туады. Сонда Күләш Жасынқызы Бейісова-Байсейітова мен Манарбек Ержанов аталары ағайынды жақын туыс екенін көреміз. Тағы бір дерек: Мандардың Мамай атасынан Құмалақ, одан Жабай, одан Арыстанбек, академик Қайдар Арыстанбековтың әкесі, қазақтан тұңғыш елші-саясаткері Ақмарал Қайдарқызының атасы. Мандардың Байзақ атасынан Сармантай, одан қаһарман күйші Ахметжан туады. Қазақ тарихына өшпес із қалдырған осы біртуар аталас адамдар Солтүстік Балқаш өңіріндегі Ақтоғай ауданына қарасты Тоқырауын өзені бойында туған. Осы өлкеде Шашубай ақын, күйші Аққыз Ахметова, халық әртісі Мағауия Хамзин, медицина ғылымдарының докторы Гүлбахрам Тарабаева, математик академик Орынбек Жәутіков, профессор Әлихан Мусин туған. Ал Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның, Жақып Ақпаевтың, Әлімхан Ермековтың кіндік қандары тамған қасиетті топырақ екені көпке белгілі. Осыншама дарындарды дүниеге әкелген киелі Ақтоғай жерінде Күләш сынды дара қыз өмірге келгеніне күмәнданудың, олқысынудың орны жоқ, шындықты мойындайтын уақыт жетті. Қазақ даласының қай бұрышы болсын қазаққа қымбат, сондықтан киелі Ақтогай топырағын, даралар туған ауылды олқысыну қазақ даласын бағаламау секілді. Ақтоғай - Балқашта Тобықты Мандар атасынан тараған жоғарыда аталған ұлылардың ұрпақтары бар.
Сонымен Күләш Байсейітованың қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Тоқырауын-Қарасу өзендерін бойлай жайқалған жайлаудағы қыстақта туғаны даусыз. Мен нағашы шешемнің қолында тәрбиелендім, Балқаштың бірінші құрылысшысы, шебер тігінші болған кісі. 1935 жылдан Балқаш құрылысына Алматыдан әртістерді Күләш бастап келгенін, сонан соғыс жылдары бірнеше рет концерт қойғанын айтып отыратын. 8-10 жасымнан ұлы әншіні үйден де, клубтың сахнасынан да көрдім. Ал Манарбек Ержанов жиі келетін, тәтем қызы Райханды ұзатқанда тойында Манарбек таң атқанша ән салғаны есімде. Кейін тәтем әңгімесінде: «Күләшқа туған жеріңді неге менсінбейсің, Алматыда тумағаның белгілі ғой» - деп реніш білдіргенде: «Оны менімен ешкім келісіп жазған жоқ, дайын паспортымды алып келіп, осылай болу керек деген соң, амалым бар ма, атағым соған сай болу керек екен», - деген еді. Соған өкпелемеу керек екен, - деп отыратын. Күләштің салған әндерінің пластинкасын патефонмен тыңдайтынбыз. Радиодан «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» опералары үзбей берілетін, сонда біз, балалар барлық арияларды жатқа білетінбіз де, әртістердің дауысына салып айтатынбыз. 1952 жылы сәуірде Балқаштағы мысшылар мәдениет сарайы ашылды, бұл үлкен қуаныш, той болған. Кіріп келгенде астыңғы қабатта Күләш Байсейітованың сырлы бояумен салынған Қыз Жібек рөліндегі әдемі үлкен суреті Шығыс аруының символындай ілулі тұратын. Кейін қазақ театры бөлмесінде тұрған. Біз жоғары сынып оқушылары тамаша ғимаратты тұңғыш қызықтаған едік. Сонда концертпен Күләш Байсейітова өзі де келген. Бұл қазақтың ардақты қызын соңғы көргенім еді. Халқым, туған жерім, - деп сөйлеген. Ал ақтоғайлықтар туған жерін менсінбеді деп өкпелеген еді, сонан ауыл жаққа барыңқырамаған. Күләш Жасынқызының шыққан тегі, туған жері жайлы деректер менің «58 статья-ЗАРЗАМАН» атты кітабымда толық көрсетілген. (Алматы, Дайк-Пресс», 2007 ж).
Осы өлкенің тумасы Шашубай Қошқарбайұлы Күләшті қызындай көрген. Шашекеңнің айтыстарын тыңдап мәз болып отырған Күләштің фотосуреті де жарияланған. Шашекең қайтыс болғанда ұлы әншінің көңіл айтып жазған жеделхаты жергілікті газетте жарияланған. Өмірде де, өнерде де ағалы-қарындасты болған екі дүлдүл Ақтоғай-Балқаш елінің мақтанышы. 1957 жылы Мәскеуде белгісіз жайда кенеттен көз жұмған сүйікті қызымен Балқаш әуежайында қала тұрғындары күңірене қоштасқан болатын.
Тағы бір мысал. Күләш Байсейітова өте бауырмал болған кісі. Балқаш қаласында тұратын зейнеткер заңгер Мэри Абдулинаның жеке мұрағатынан сарғайған фотосуреттерді алдым. Қыз-Жібек рөліндегі жас Күләш, 1936 жылы түсірілген. Сыртына:орысша «На память Умит от Куляш 3.У1-38 г.» деген күлгін түсті сиямен өз қолымен жазған екен. Көзіме оттай басылған осы суреттің тарихын сұрасам, Мэри анасы Үмітжан Шойымбекқызы Абдулинаның естелігін, фотосуретін көрсетті. «1935 жылы Қазақ мемлекетінің опера және балет театрында алғаш Күләшпен кездестім. Екі жас үлкендігі болатын, жерлеспіз, Қарағанды облысының Қоңырат ауданының тумасымыз. Ол өте ақжарқын, бауырмал, кішіпейіл, қарапайым еді, апалы-сіңлідей болдық. 1936 жылдың ақпан айынан бастап Мәскеуде мамыр айында өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қарқын басталған кез еді. Өлкелік компартия комитетінен Т. Жүргенов және ақын-жазушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұқтар Әуезов, Жамбыл ата, Ораз Жандосов атсалысып қазақ өнерінде жан-жақты ғұрып-дәстүрлерінің көрсетілуін көздеген. Сонда Мәскеуге Күләшпен бірге бардым. Алматы вокзалында шығарып салушы жұрт көп болды. Анам Балдырған екеумізге алладан сәттілік тілеп батасын берді. Поезбен жеті тәулік жүріп бардық, жолда өте көңілді болды. Жамбыл атаның қасында қызықты әңгімелер, ән мен күй. Мәскеуліктер қошеметпен гүл шоқтарымен қарсы алды. Әсіресе, Мәскеуде оқып жатқан студенттер думандатты. «Москва» қонақ үйіне орналастық. Декаданың ашылу салтанаты қатты толғандырды. Жібек - Күләш, Төлеген - Қанабек, Төлегеннің анасы - Үрия Тұрдықұлова, Шеге - Манарбек Ержанов. Күләш жайнап шыға келгенде-ақ сахна құлпырып сала беретін. Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Сталин бастаған Саяси Бюро мүшелері қазақ әніне аузын ашып, көзін жұмып, таң-тамаша болды. Екінші күні «Жалбыр» спектаклін қойдық. Жалбырды орындаған Құрманбек Жандарбеков, Хадишаны Күләш Байсейітова ойнады. Москвалықтардың сұрауымен осы екі спектакль алты рет қойылды, арасында Колонный залында, басқа мекемелерде концерттер бердік. Қорытынды концерт атақты Үлкен театрдың сахнасынан берілді. Күләштің орындауындағы «Гәкку», «Майраның әні», «Елім-ай» әндерін мәскеуліктер қошеметпен қарсы алды, қайталап «Бис»-ке шақырды. Ән салудағы шеберлігімен, кең үнімен көзге түскен Жамал Омарова «Қара торғай», «Ақ бидай»-ды орындаса, Шара «Балбырауын» биімен тамсандырды. Декадаға қатысқандарды Кремльге шақырды, М.И. Калинин «Еңбек Қызыл Ту» орденін бірінші Күләштің омырауына, екінші Жамбыл атаға тақты. 300-дей адамның ішінде тағы 13 адам марапатталды. Олар Сәкен Сейфуллин, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Темірбек Жүргенов. «Құрмет белгісі» орденін Е.Г. Брусиловский, Ү. Тұрдықұлова, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Манарбек Ержанов алды. 1936 жылдың 25 мамыры күні сағат 20-да Кремльдің үлкен залына шақырылдық. Саяси Бюро, үкімет мүшелері қазақ өнерпаздарын орындарынан тұрып шапалақтап қарсы алғанда, бір марқайып қалдық. Күләш Сталиннің қасына, Шара, Құрманбек, Елубай, Қанабектер, Ораз Исаев үлкен басшылармен аралас отырды. Ұлттық еңсеміз биіктеп, қазақты танытқандай болдық. Мәскеулік ірілердің ішінде 24 жасында «КСРО халық әртісі» атағын тұңғыш иеленген Күләш жүргені қазақ үшін керемет мақтан еді. Бірінші болып «КСРО Жоғарғы Советінің депутаты» болды. Жұлдызы жанып, халқымыз сүйген қызы болса да, өте қарапайым, кішіпейіл, адамға деген жүрек жылылығы мол болды, одан өзгермеді. Анам Балдырған Бекқызы айтатын: «Күләш жасынан домбырада, сырнайда ойнап, ән салған», - деп. Сүйікті әні Еңліктің ариясы. Өзінің азан шақырып қойған аты Гүлбахрам, композитор Е. Брусиловский «Гуля» дейтін. 1937 жылы Байсейітовтар отбасында тұңғышы Құралай туды. Сол жылы «Амангелді» киносы түсірілді. Мен сол кинода Шара, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыровтармен бірге ойнадым, бір кадрде өртеніп жатқан киіз үйден екі жас баланы алып шыққан әйел мен едім. «Амангелді» киносын бірнеше рет Байсейітовтармен бірге көруші едік, тату-тәтті ұжымдай болдық...», - деген Үмітжан Шойымбекқызының естелігі талай сырды шертеді. Үмітжан Шойымбекқызы, руы әлтеке -Әкембек, туған жері Кенелі тауының баурайы, Қазақ опера және балет театрының алғашқы актрисаларының бірі ретінде түрлі рөлдерді орындаған. Үмітжанның анасы Балдырған Бекқызы Ақсақ Қожантай Төлеген атасының ұрпағы. Үмітжан, Бектауатаны мекендеген әлтеке Қожаназар Абдулин Абдуақасқа тұрмысқа шыққан. Өз заманының көзі ашық азаматы, Петропавл қаласында «Ленин туы» газетінің бас редакторы. Отбасының жағдайымен актриса Үмітжан Шойынбекқызы өнерден қол үзіп кеткен. Сонымен Солтүстік Балқаш өңіріндегі Ақтоғай ауданына қарасты Кенелі, Бектауата тауларының баурайында қарақат теріп, Тоқырауын өзенінің тұнық суын ішіп, арғымақ мінген Үмітжан, Абдуақас, Күләш атты қыз-жігіттерін дала жусанының жұпар иісті самалы аймалаған, қатар өскен замандастар екен. Ақтоғай елінің Күләш, Үмітжан атты екі қарлығашы 1936 жылы Мәскеу сахнасында қатар қанат қаққаны сарғайған мұрағат құжаттарымен, фотосуреттерімен айғақтала түседі. Мәскеуге Күләш 1934 жылы қыста бірінші рет әндерін пластинкаға жаздыруға барған. Онымен бірге Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков болған. Бірақ пластинкалар 1935 жылы ғана шыққан екен. Күләштің өнер жолына түсуіне бірден бір қамқорлық жасаған әкесі Жасынның кіші інісі Айтбек Бейісов. Ақтоғай жерінен бірінші шыққан режиссер 20-шы жылдардың өзінде дарынымен белгілі болған. 1925 ж. «Еңлік Кебек» спектаклін қойған. Сонда Ораз Жандосов Кебек рөлін, оның әйелі Фатима Еңлік болып ойнаған. 1926 жылы «Батыр Арқалық» пьесасын қойғанда басты рөлді Қанабек Байсейітов орындағаны, сонда Күләштің туысы Манарбек Ержановты өнерге тартқаны белгілі. Айтбектің Күләш пен анасына баспана тауып беріп, әртістік өнерге баулығанын туыстары Қайдар Арыстанбеков, Әсия Ыбышқызы Қасенова (Бижанның Қасенінің немересі) айтқан.
Мен де Дадан Тобықты ұрпағымын. 1937 жылы Қусақ даласында туғанымды ауылкеңес кітабына тіркеп, туу туралы куәлігімді толтырған ауыл Кеңес төрағасы Есеналы Кашкин деген аталас туысымыз: «Атыңды Күләш қойдым. Әнші Күләш апаңдай абыройлы бол!» - деп, саяси қуғын-сүргінге ұшырап айдалып бара жатқанда нәресте мені қайта қолына алып: «Соңғы ұрпағым сенсің, біздің әнші Күләшімізге тартып өс!» - деп қоштасқанын маған әкем де, ағам да, бүкіл ауыл адамдары да айтқан еді. Ұлы әншіні мақтан тұтып, нақаққа құрбан болған сол әкемізді мұрағат тереңінен тауып алдым. Мен, әрине, ұлы әншідей бола алмадым, ондай дарын маған бітпеген, бірақ өмірде өз орнымды таптым. Өлке тарихын зерттеп, жазу маған бұйырыпты. Біздің Ақтоғайдың кең даласында 1936-1937 жылдары Күләш Байсейітованың даңқы жайылғанда туылған қыз атаулының бәріне ырым етіп аттарын Күләш қойған. Бірақ дара мен дана бір ғасырда бір-ақ рет дүниеге келеді ғой. Әнші Күләш биік тұлға, қайталанбас жарық жұлдыз, біртуар дала перзенті болып қала береді. Күләш салған «Шилі өзен», «Гәкку», «Қуанамын» әндері Ақтоғай еліне кең тараған, ұлы әншінің көзіндей, қалған ізіндей сақтап, айтып жүрген сіңлілері бұл елде жеткілікті.
Ал Күләш Жасынқызының туған күніне келсек, төлқұжатында 1912 жылы 2-ші мамырда туған. Өзімен қатар жүрген құрбы-досы Шара «Өмірім менің-өнерім» атты кітабының 192-бетінде Күләш өзі қалжыңдап: «1912 жылы қаңтар айының онекісінде дүниеге екі алып келді. Оның бірі - Күләш, екіншісі - Димаш, біздің соңымыздан Шара секілді «кәкір-шүкірлер» келіпті, - деп бұлақ суындай сыңғыр күлкісіне салып сақылдап күлетін» - деп жазады. Бұл жайды қызы Қарлығаш Байсейітова да растайды. Кезінде қазақтар туған күн дегенді атамағанын және тууы туралы орыстардың шіркеу кітабындай діни кітапқа да тіркелмегенін білеміз. Өзі де, көзі де жоқ кісінің туған күнін айту орынсыз. Кеңес үкіметі тұсында ірі тұлғалардың туған күнін сол кездегі мереке күндерімен жаза бергені де белгілі. Сондықтан қай күні туса да, әйтеуір 2012 жыл ұлы әншінің жылы, ғасырлық ғұмыр аты өшпеген жыл. Иісі қазаққа ортақ мақтан ұлы тұлға Күләш Жасынқызы Бейісова-Байсейітованың ғасырлық мерейтойын атап өту - қазақ елінің даңқын асыра түсер салтанат және оны кіндік қаны тамған ұлылар мекені - Ақтоғай жерінде бастау әділдік болар деп ойлаймын. Ұлы әншінің ұрпақтарына құрмет көрсету де Ақтоғай - Балқаш еліне парыз.
Күләш Сардарбек,
тарихшы-өлкетанушы,
ҚР журналистер Одағының мүшесі
«Абай-ақпарат
Төртінші суретте: Күләштің әкесі - Бейісов Жасын, анасы - Зибажан,
қызы - Қарлығаш, жұбайы - Қанабек. Алматы қаласы. 1938-1939 жж.
Қарлығаш Байсейітованың жеке мұрағатынан
«Қыз Жібек» операсынан Жібектің әні «Гәкку» kiz gibek by Omirzhan Abdihalyh
«Абай» операсынан Ажардың ариясы 10 abay by Omirzhan Abdihalyh
Халық әні «Елігі-ай» 16 elik ai by Omirzhan Abdihalyh
Халық әні «Шилі өзен» 17 shile ozen by Omirzhan Abdihalyh