Думан ҮСЕНХАН. Қомағайланған қақалады
Қырық екi жыл бойына билiктен түспей, адам құқықтары мен бостандықтарын аяққа таптаған, қала бердi мыңдаған халықты басып жаныштап, қынадай қырған Ливияның экс-көсемi Муаммар Каддафидiң әлемдегi соңғы мүлiктерiнiң келесi тобы тәркiлендi. Өткен аптада Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың сұрауымен Италияның қаржылық гвардиясы Каддафи отбасына тиесiлi 1,1 миллиард еуроға тұратын түрлi компания акцияларын, банктiк шоттарды, жылжитын және жылжымайтын мүлiктердi жапты. Осыған дейiн жыл басында АҚШ пен бiрқатар Еуропа елдерi 20 миллиард еуроны Каддафи иелiгiнен шығарып, Ливия халқына қайтарған едi. Италияда тәркiленген мүлiктердiң құрамында белгiлi итальян банкi Unicredit-тiң 1,25 пайыз акциясы (шамамен 611 миллион еуро), Finmeccanica өнеркәсiптiк тобының 2,1 пайызы (41 миллион еуро), Eni энергетикалық концернiнiң 0,58% (406 миллион еуро), Fiat автомобильдiк компаниясының 0,33% (53 миллион еуро) сонымен қатар Ювентус футбол клубының акциялары бар.

Италияда бұл туралы бастама өткен жылдың қыркүйек айында басталған едi. Ол уақытта Италия сыртқы iстер министрi Франко Фраттини Каддафидiң Италиядағы ақшасын тәркiлеп, ливиялық оппозицияға бермек болған. Алайда бiраз уақыт бойы бұған БҰҰ тарапынан жауап келе қоймаған. Дегенмен Еуроодақ мемлекеттерi Каддафи отбасына тиесiлi шоттарды жабу туралы қаулыны өткен жылдың басында-ақ қабылдап қойған-ды. Содан берi диктаторлар отбасынан 150 миллиард долларға жуық қаржы тәркiленген. Мәселен, Еуропа елдерiндегi миллиардтаған ақшасын айтпағанның өзiнде, 1995 жылы Ливияның құрамына өтiп кеткен Испанияның Андалусия ауданындағы Коста-дель-Соль курортының жетi мың гектар жерiн де өз жеке меншiгiне айналдырып алған Каддафилер, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде ақшасын жасырған екен. АҚШ-та - 30 миллиард, Швейцарияда - 360 миллион, Ұлыбританияда - 1,46 миллиард, Канадада - 2,4 млрд, Жапонияда - 4,4 млрд, Германияда - 143 млрд, Нидерландыда - 2 млрд, Швецияда - 1,6 млрд доллар, Францияда - 230 миллион, Австрияда - 1,2 млрд, Бельгияда - 14 млрд еуро, тағысын тағылар. Бұлар тек ақша түрiнде ғана емес, сонымен қатар жылжитын, жылжымайтын мүлiктер, бизнес орталықтары, алып қонақ үйлер мен зәулiм сарайлар түрiнде де болған. Мұның көбi әлi де болса, ливиялықтарға қайтарылып үлгермедi. Бiрнеше жылдар бойы халықтың қаққанда қанын, соққанда сөлiн шығарып жүрiп жинап алған Муаммардың байлығы оны өлiмiнен құтқара алмады.
Халықтың қаһарынан да құтқармады. Тiптi құтқара алатындай да қауқары жоқ-ты. Бұл, әрине, тек Муаммардың ғана емес, оның дос-жарандары мен туған-туыс, бала-шағасының қолындағы ақшалар мен мүлiктер. Оның басқа жақтастарын тағы қосыңыз. Қазақстандық билiк басындағыларды ойлантатын жайлар. Назарбаевтың Храпунов айтып жүрген жеке байлығын айтпағанда, оның туған-туыстарында да бүкiл Қазақстанды қамтамасыз ете аларлықтай мүмкiндiгi бар. Жаңаөзенде мұнайшылар еңбек дауымен заңды жалақысын ала алмай жүргенде, баласының сүндеттойына бiр миллион доллар жұмсап, той тойлайтын Құлыбаевтың, "аспаннан доллар жаудыратын" Болат Назарбаевтың, Храпуновтың айтуы бойынша үлескерлердi зар жылатып қойған Әлия Назарбаеваның, ойда жоқта байып жүрген Динара Құлыбаеваның байлығын қосқанда Каддафидiкiнен кем түспес, сiрә. Басқа да туған-туыстар бар дегендей. Тимур арқылы Гогаға өтiп кеткен ақшаны тағы қосыңыз. Осының бәрiн ұстап тұру үшiн "елбасы" туралы заң жеткiлiктi ме? Халықтың меншiгiн иемденiп, халықтың есебiнен байып жүргендер сәл ойланса дұрыс болар едi. Егер аз уақыт iшiнде миллиардер болу мүмкiн болса, жұрттың бәрi байып кетер едi ғой. Мұндай миллиардтар қайдан келген миллиардтар? Осылай асап жеймiн деп, бiр күнi түйiлiп қалмасымызға кiм кепiл? Сол үшiн байқаған жөн. Бұл бәрiне қатысты...
«Жас Алаш», 10 сәуір 2012