Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2015 0 пікір 12 Сәуір, 2012 сағат 05:57

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Төбемізден төнген пулемет пен мылтықтар осылайша үш түн шақылдап, жатақханаға үш түн дәреттендірген соң ғайып болды. Алтай партизандарының Үрімжіден алыстағанын содан білдік. Бірақ, мүдір жариялаған тәртіп сақталып, қақпа алдындағы қарауыл сол бойы қақшиып тұра берді. Сыртқа бесеу болып қосақталып шыққанымызбен, кездескен адамымызға тілдесе алмасақ, онан не пайда, қамалып отыра бердік.

Бұл тәртіпке қарсы шығушылар ұйғыр сабақтастардан көбейе түсті. Олардың мектеп сыртына шыққысы келгендері қақпаға жақынырақ барып қарап отырады да, ханзу сабақтастарының емін-еркін шығып бара жатқанын көрген соң солай шыға бермекші болып жетіп барады, қақпа күзетушілер көкіректен тірей қалады:

- Анауыңды неге шығарасың, мен неге шықпаймын? - деп ұйғыр сабақтас кимелейді.

- Сен шықпайсың, маулүйзы1.

Әрине, ұйғыр жұдырығы бұрынырақ тиеді мұндайда. Жұдырық тиген ханзу сабақтастар: «да!» деседі, «са!» деседі, бір-ақ қаптайды сонан соң. «Ұр, гойларны!» дейтін айғаймен қосыла жауатын ұйғыр жұдырық аз болып қалады да, олар таяқты жеп-жеп, тәртіп бөліміне айдап апарылады. Меңгерушінің «әділ» таяғын тағы жеп қайтады сөйтіп. «Кіші күнә» мен «үлкен күнәнің» біреуі желкесіне қона шыққанын кештегі ту түсіру жиынында бір-ақ естіседі.

ІІІ

Төбемізден төнген пулемет пен мылтықтар осылайша үш түн шақылдап, жатақханаға үш түн дәреттендірген соң ғайып болды. Алтай партизандарының Үрімжіден алыстағанын содан білдік. Бірақ, мүдір жариялаған тәртіп сақталып, қақпа алдындағы қарауыл сол бойы қақшиып тұра берді. Сыртқа бесеу болып қосақталып шыққанымызбен, кездескен адамымызға тілдесе алмасақ, онан не пайда, қамалып отыра бердік.

Бұл тәртіпке қарсы шығушылар ұйғыр сабақтастардан көбейе түсті. Олардың мектеп сыртына шыққысы келгендері қақпаға жақынырақ барып қарап отырады да, ханзу сабақтастарының емін-еркін шығып бара жатқанын көрген соң солай шыға бермекші болып жетіп барады, қақпа күзетушілер көкіректен тірей қалады:

- Анауыңды неге шығарасың, мен неге шықпаймын? - деп ұйғыр сабақтас кимелейді.

- Сен шықпайсың, маулүйзы1.

Әрине, ұйғыр жұдырығы бұрынырақ тиеді мұндайда. Жұдырық тиген ханзу сабақтастар: «да!» деседі, «са!» деседі, бір-ақ қаптайды сонан соң. «Ұр, гойларны!» дейтін айғаймен қосыла жауатын ұйғыр жұдырық аз болып қалады да, олар таяқты жеп-жеп, тәртіп бөліміне айдап апарылады. Меңгерушінің «әділ» таяғын тағы жеп қайтады сөйтіп. «Кіші күнә» мен «үлкен күнәнің» біреуі желкесіне қона шыққанын кештегі ту түсіру жиынында бір-ақ естіседі.

- Жабал аттанбасақ бірдеме дегелі бола ма бұ гойларге!- деп Юсуф Қасым сақылдайды.

Ханзу сабақтастарға қару беріп, төбемізге шығарғалы ұлттық сабақтастардың көбінің зығырданы қайнай бастаған еді. Қайраты бар Юсуф Қасым, Шақан сияқтылар және қақпа алдында таяққа тойғандар ашық сақылдап жүрді.

Жатақханамызға дәретхана орнағаннан бастап Ынтықбайдың райы маған тәп-тәуір жылығандай көрініп еді. Екінші күні түнде, бұрыннан тату-тәтті сабақтасша, тура қарап сыр айта сөйледі:

- Осы бізге күні бұрын ойласатын бір мәселе қойылып жатыр. Естуімше, Алтайдың жолы бекіпті. Енді Тарбағатай жолы бекісе, үйлерімізге мүлде қайта алмай қалатын сияқтымыз, қайтсек болар екен?

- Оны кімнен естідің?- деп мен бажайлай қарадым.

- Басқа кластардағы сабақтастардың бәрі айтып жүр. Кәмен де солай дейді.

- Кәмен қалай айтып жүр мұны?!... Оның да қайтып кеткісі бар ма екен?

- Жоқ, ол қайтпайды ғой, бізге қиын болатын сияқты, партизандар Үрімжінің шетіне ілінсе, мына пиғылына қарағанда, бізді осылардың өздері-ақ қырып салады!

«Аузы күйген үріп ұрттайды, бұл жуан бас қараның маған істеген қастығы аз болды ма. Кәменмен әлі сырласады екен өзі» деген ой буып, бұл жылтырауына жіби қойғым келмеді. Сенбедім де кекете тойтардым:

- Тек, олай деме, біз үлгілі класпыз ғой, бір-бірімізді аямай шаға берсек, бізді бұлар аямас деймісің. «Қырады» деген сөзді маған екінші айтпа!

- Маған бұдан қаттырақ сөйлейтін де жөнің бар-ау Биғаш, бетіме басатыныңды біліп-ақ келгемін қасыңа. Сөйлеселік, түсініселікші!

Мен көрпеме кіріп, үнсіз жатып қалған соң да, лебіз күтіп, недәуір отырып қалған Ынтықбай күрсіне түрегеліп, өз орнына қайтты. Қамалудың үшінші күні Қуаттың аржағына келіп отырып, әр не жайында ұзақ әңгімелесіп еді. Түнінде жаттығудан қайтып келсем, өзі бұрын жат, жау санайтын сабақтастарының әрқайсысымен-ақ іштесіп, шүйіркелесіп отырыпты. Тіпті «қанжыға қосса да қақтығысармын» деп санайтын «қас» Серәлімен де қалжыңдасып қояды.

- Енді жетті,- деді Қуат маған күбірлеп,  жақындасқысы келіпті, сен де сырт айнала берме! Өзің айтқандай, береке-бірліктен жақсы тіршілік жоқ. Сенбесең де ішіңе сақта, сырына қанып, сынасып көрмеймісің!

Төртінші күннің кешінде төбемізге қару құрылмай кеңи қалдық. «Кеңу» дегенім, әрине, дәретке барудың ғана еркіндігі ғой. Қақпадан шықпай тағы үш күн өткен соң, қыстық демалысымыз аяқтап, сабақ басталды. Менің достарымнан қоштасып кеткен үшеуінің келмейтінін енді білген Ынтықбай бір үзілісте менен сұрады.

- Үй, әлгі Қабен, Бексапа, Өмірбек қайтып келмейтінін саған айтып па еді?

- Жоқ,- деп жүре бердім де, бір мысқылдың орайы келіп, қайрыла қалдым. - Оларды қайтесің, шағуыңа мен-ақ жетіп жатпаймын ба?

- Ей, Биғаш, осыны қояйықшы енді, бізге не жетпейді осы?!

- Бізге әйтеуір бір нәрсенің жетпейтіні анық!

- Ал, соны айтшы, ұғысалық!

- Оны білсем бүйтіп ұрыла берер ме едім. Ұрушы болған соң ұғарсың, өзің айт!

Өзі қара қоңыр, қалың пұшпақ жігіттің қызарғаны біліне ме, әйтеуір мойығандай күлімсіреп тұрып қалды...

Кештерде Кәменнің алдына түсіп, жаттығуға қатынаса бердім. Кластағы өміріміз бұрынғыдан недәуір өзгеріс тапқан тәрізді. Өзара арбасып, ырылдасып жүрген сабақтастардың анық татуласқаны байқалды. Шақан да, Салық та маған ежелден тату адамша сөйлеп жүрді. Тым ашық рай байқатпасам да, қалың бұлтымды да көрсетпей, жауабына жай ғана жауап айта беретін болдым.

- Биғаш, бері жүрші,- деп бір демалыста Ынтықбай қолымнан тартып, оңашаға шықты. - Сен алдыңғы күні маған: «әйтеуір бір нәрсенің жетпейтіні анық, өзің айт!» деп едің ғой. Көп ойландым да таптым, соны айтайын. Бізге, әсіресе маған ақыл-сана жетпей қалған екен, дұрыс тауыппын ба?

- Тауыпсың. Ал сол ненің санасы?

- Адамдық-азаматтық сана!

- Ол кімде кем екен?

- Менде дедім ғой, менде кем екен! Бәрі де менен болды!... Ескі салттың санасымен ғана қалыппын!...

- Болды, болды, жеткізіп айттың, қалғанын сөз етпесең де түсінікті!... Құшақ ашсаң қойным дайын, борыш артсаң мойным дайын!...  Айтқаныңа нандым, қайтсаң-оңба!

Ынтықбай құшырлана ұмтылып келіп құшақтай алды. Менің көзімнен жас та ыршып кетіп еді. Екеуміздің қатты құшақтасып тұрғанымызды көрген Салық:

- Ей, ананы қара, ана екеуін қара!- деп саңғырлағанда, маңындағы сабақтастар түгел қарасып, қарқылдай күлісе жетті де, қоршай қалды....

- Міне, дұрыс ақылды енді таптыңдар,- деп жуан қарнымен түгел солқылдады Оралқан. - «Алтау ала болса арадағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді»...

Осыдан соң-ақ бізге расында да «төбедегі» келе бастады, тығынды кітаптарымызды бәріміз де ашық, еркін оқи алатын, бірімізде жоқты бірімізден ауысып пайдаланатын болдық. Бақылау күшейіп, мектеп сыртына шығудан қалғалы қапасқа түскендей тарылған жағдайымыз өз арамызда солай кеңіп, класта да, жатақханада да бәрімізбен базар жасағандай, білім алудың аңдусыз, арбаусыз көңілді шағы басталды. Шыны ыдыстағы суға қамалған бір топ алтын балық сияқты, аядай суымызда айдын мұхитта жүргендей жарқылдастық.

Бұл базарымыз жатақханаға Кәмен кіргенде ғана жабылып, қазналарымыз құлыптала қалады. Оны бұрынғыдай қарсы алатын ешкім жоқ еді. Ешкімнен жылылық тани алмаған ол алшаңдай басып бір айналып қана шығып кетіп жүрді. Сөйтіп оның кесел-қырсығы бізге дарымайтын жағдайға түсіп қалды. Алалық болмағанда «арадағымызды» ол әкете алар ма!

Берекелі тобымыздың ақылымен сыртқа да шығып, «төбедегіні» келтіре алатын болдық: біреуіміз «ауырсақ» класымыздың өзінен-ақ төртеуіміз бірдей «ауыра» қоямыз. Бірі жөтеліп, түшкіріп, бірі арсы-күрсі ыңқылдап-күрсілдеп, бірі ішін, бірі бүйірін, бірі құйрығын ұстап шыға келген саны толық, шарты жетік бес оқушы болған соң, тәртіп бөлімінің біреуімізді бастық сайлап шығарудан басқа лажы қала ма?

Мұндай сыбайластар тобы «мектепке жақын» Совет азаматтары ауруханасынан басқа нені іздемек, екеуі ауруханаға, үшеуі оның артындағы кітап дүкеніне жетіп бір-ақ тоқтайды. Сөйтіп, көптен бері ала алмай жүрген кітаптарымызды да алып қайтатын болдық.

Біздің өзара ынтымақтасып алғанымызды сезген Кәмен шиыршық атты. Ханзу тілі сабағына кіргенде де, педагогика сабағына аударушылық еткен сағаттарында да өзінің бұрынғы сабақтас тұстастығын ұмыта ақыраңдап, шақар сәуірік бастана берді. Кішкене Әмірқан қарсылық көрсеткелі сиреген терезе тыңшылығын қайта жиілетіп, тіпті күндіз де кластың қағаз терезесінен тыңдай жүретінді шығарды. Сүркей, шайпау мінезінен жасқанатын болып қалғандығымыздан, онысын көрсек те көрмегенсіп жүре бердік. Ол ханзу тілін оқытудың орнына саяси лекция өтуді жиілетті. «Ұлы данышпан көсеміміз, дүниеде теңдесі жоқ ұлы философ, құдіретті қолбасшымыз Жяң Жұңжыңға1 - данышпан Зұңсайға2 үкіметтің үгіт-нәсихат аппараттары түгелімен көсемдерін осылай көпіртіп, көбік шаша жөнелген.

Менің тілім тіпті күрмеулі. Класымызға ынтымақ орнағанын Кәмен, тек менен ғана тараған «кесапат» деп қарайтындай, маған тіпті шұқшия түсті. Кеште қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына барғанымызда менен көз жазуды қойды. Күрмелетін тағы бір жайым - Кәменнің осы театр дайындығынан мені тайдыруға сұқтанғандығы, тек Сәду мен Ақылбай ғана сақтап келе жатқанын білемін. Кәмен амал тауып, шын үшкірсе, меңгеруші мені шыжымдай салмай ма? Сол театр дайындығына қатынаспай қалу маған тынысым буылумен бірдей сезіледі. Өйтетіні, өзі көрінбесе де Күлән арқылы Нұрияның лебімен ғана тыныстап жүрмеймін бе? Сол ұйымға барып тұрмасам, сол леп жетпей қалар еді маған. Сөйтіп, тынысым үшін тілімді Кәменнен тарта тұруым, оны қазірше ушықтырмауым керек сияқты...

Кәменнен қанша теперіш көрсем де, сөз қайтармай шыдап, асыға күткен күніме әрең жеттім. Ол Нұриямен кездесетін күнім еді. Күләннің айтуынша, Нұрия ресми ойын қойылатын кеште келмек болатын. Сол қасиетті күннің қадыр түнін күзеткендей түн бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықтым. Таңертеңгі ботқаны іше сала партама келіп қалғып отырғанымда Кәмен шошытып оятты.

- Жүр, ей, тәртіп бөліміне!

«Тәртіп бөлімі» аталғанда үдірейе қалатын дағдымыз бойынша сабақтастар түгел қарады маған. Театрдың ақырғы дайындығы бүгін күндіз жүргізілетінін білетін менің де жүрегім сол ызғарлы атаудан зырқ ете түсті...

Ызғарлы бөлімде аяздың дәл өзі отыр екен. Оқушылардан қатынасатын үшеумізді қатар тұрғызып қойып, маған қарап қытымын тіге сөйледі меңгеруші:

- Бүгін ойын көруге оқушылардың да баруы мүмкін. Басқа ешқандай мектептің ешқандай оқушысымен сөйлесулеріңе рұқсат жоқ!- деп, арса тістерін ақсита тістенді. - Мүлде рұқсат жоқ!... Ұқтың ба, жоқ па?

Төте маған ғана қаратқандығы үшін:

- Ұқтым, - дедім Кәменге қарап қойып, - бұдан бұрын да «сырт оқушы» көрмедік!... Мына Калаусы1 біледі.

- Сен сөйлеспедің бе?!- деп төне түсті меңгеруші.

- Сөйлесу түгіл сырт оқушы көрмедім!.. Пьеса дайындығында оқушыдан осы үшеумізден басқа ешкім жоқ!

- Бір қызбен сөйлеспедің бе?!

- Ол қыз сол ұйымның хатшысы. Пъесаның бас рөлінде. Алғаш барғанда ол пъеса туралы біраз сөйлеп түсіндірген. Одан кейін Калаусының бұйрығымен мына сабақтастардың қатарында отырдым. Дәретке «баугау» деп рұқсат сұрап шығып тұрамын. Рас қой, мұғалім еке?!

Кәмен тыңдамағансып, қожайынына қарай берді.

- Дұрыс, рұқсат сұрап шығуың дұрыс,- деп қалды меңгеруші, - мұнан соң ешкіммен сөйлеспейсіңдер, дәретке де рұқсатсыз шықпайсыңдар!... Ұқтыңдар ма, жоқ па?!... Егер бұл тәртіп орындалмаса, қатты жазалаймын!

Осы ораймен жолымды бүгінше кеңітіп алғым келді. «Толық дайындалып болған пъесаның сахнаға қойылатын күнінде мені жібермей қоя алмайды ғой!»

- Баугау, меңгеруші!- деп тік қарап, жебедей қата қалдым. Өздері осындай әскери итағатты жақсы көруші еді. - Сізден «қатты жаза» емес, жұмсақ жаза да тартқым келмейді, осы пъесаға бармай-ақ қояйын!

- Не үшін, мектеп тәртібіне наразылығың үшін бе?

- Олай емес, оқушылық тәртіпті толық орындау үшін бармаймын.

- Қалайша?

- Сыртқы адамдар, мәселен, сол ұйым қызметкерлері оқушыны тілсіз, құлақсыз деп түсінбейді. Бірге жүргендіктен істің жайын сұрасып, сөйлесіп ақылдаса, түсінісе жүреді, оған жауап айтпай болмайды. Жауап қатсам жазаланады екенмін, жауап қатпасам назаланады екенмін. Бұдан да бармағаным мың жақсы.

Меңгеруші түйіліп қалып қолын бір-ақ сермеді. «Барма» дегені ме, «бар» дегені ме, қайсысы екенін түсінбесем де, әйтеуір «бөлімнен шық!» дегені толық түсінікті ғой, шығып жүре бердім. Кәмен мен екі оқушы қақпаға беттегенде мен класқа беттеп едім. Кәмен қуып келіп, білегімнен ұстай алды.

- Қайда барасың, жүр былай, мұның не сенің?

- Меңгерушіге айттым ғой, бармаймын! Шықпаймын сыртқа!... Сөйлеспей-ақ қойдым ешкіммен!

- Ей, ес бар ма өзіңде, меңгерушіден әрең сұрап алып жүрсек... Енді бармай, бүгін қойылатын театрды бұзбақпысың?

- Бұзған кім, бүгін рөлге шыққалы тұрған әртісті көрсетіп, сұраққа тартқызған кім?!... Соттату-жазалату үшін, мылқау болып, еркінен айрылу үшін есі дұрыс адам ойын қоюға қатынаса ма?..  Мектептен шықпаймын, оқимын!

- Ей, сендер жүре беріңдер,- деді Кәмен тұрып қалған екі оқушыға. Бізге қарап тұрған қақпа күзетшілеріне: «шығарып жібер» дегендей ым қақты да, маған қайта төнді. - Меңгерушіге сені көрсеткен кім, неге шата бересің сен!

- Күләнмен бір-екі ауыз сөйлескенімді Калаусы айтпай, меңгерушінің өзі барып көрді ме? Шын шатпақ дәлелімен сөйлеушіден емес, дәлелсіз сөйлеушіден шығар мұғалім еке! Айтпағаныңды дәлелдеші қане?

- Анығын түсінбей сөйлеме, Биғабіл!... Жүрші, жол жөнекей ұғындырайын, кеш қалдық!- деп Кәмен қолтығымнан сүйрей жөнелмекші болды. Мен тұрып алдым:

- Қазір ұғындырыңыз, маған да жан керек, анығын түсінбей шықпаймын!

- По, неткен бірмойын едің, кім білген мұндайыңды?! «Сәдудің кешегі тапсыруы бойынша бүгін күндіз барып дайындалуға меңгерушіден рұқсат сұрағанбыз... Ақылбай екеуміз... сен үшеуіңнің кіммен сөйлесіп жүргендеріңді сұрағанда, Ақылбай екеуміз бір-бірімізді бажырайтып қойып өтірік айта алмадық, мұғаліміміз ғой. Күләнмен біраз сөйлескенің сонда айтылды.

- Ақылбай айтты ма, сіз айттыңыз ба?

- Ұстаздар арасындағы мәселені тексеруші болма, зор қателік болады, Биғабіл!... Істі мен айтқан-ақ болайын. Бірақ соншалық жеңілдетіп айтпасам, меңгерушінің мінезі өзіңе белгілі ғой, неге жазаламады? Жаңа саған сыпайы сөйлеп отыруы біздің жеңілдетіп қана жеткізуімізден екенін неге түсінбейсің?

- Түсінейін-ақ, бірақ одан ауырлатып жеткізерлік не мәселе бар еді? Сіз ұстазсыз ғой, бұған жауап күтуім әдепсіздік болады. Есіңізде қалар, артық шағымға ашты жауап қана қару болатынын түсінерсіз... Енді сіздің уақытыңызды зая етпейін, жаңа өзіне де айттым ғой, жұмсақ жазаны да көргім келмейді, мұғалім еке, бүгін театр көретіндер көп. Жазатайым біреуі келіп, бірдеме сұрай қалса, үндемей қала алмаспын. Оны сіз тағы жеткізесіз де, меңгеруші жазалайды. Екінші реткісі болғандықтан оңай тиіспес. «Аш құлақтан, тыныш құлақ», бармай-ақ қояйын!

- Бармай қалуыңды Сәду бізден көрмей ме, қандай адамсың өзің!- деп Кәмен жан-жағына назалана қарады. - Жә, болды, мұндайыңды енді тергетпей-ақ қоялық! - Осы сөз шыққан соң жетегіне көніп, ілби жүріп едім, - тек өз орныңды сақта!- деп Кәмен желім бопсасын енді өз аузынан еселей шұбалтты. - Оқушылық тәртіпті бұзсаң... Біз де ұстазбыз ғой... басынсаң ашуымыз келеді. Жазалау деген содан шығады, есіңде болсын!... Әртістерден сырт адам келсе, сөйлеспей-ақ қойсаң болмады ма, қазіргі ең үлкен тәртіп осы ғой!

Бұл сөзінен бүгін Нұрияның келетінін Кәменнің де сезгені, сол үшін бүгін меңгерушіге шегелетіп, мені сонымен сөйлесуден мықтап тимақ болғаны айқындалды. Жаңа ғана жариялаған кеңшілігінен әпсәтте тана қалғаны да сол үшін ғой. Тесілген шелекте су, уағдада қу тұрған ба? Мұғалім-екемнің аға жөнелген сол үлкен тесігін тығындай тұру керек сияқты.

- Мұғалім-еке, «оқушының ең үлкен тәртібі - сыртпен сөйлеспеу» болды ғой. Ал, бұл тәртіптен шеттеудің жеке өз басыңызды қорлаушылық - «басынушылық» есептеліп, ашуыңызды келтіретін себебі не? Соны ашық айтыңызшы, мен толық орындайын!... Кіммен сөйлессем, сізді басынғандық болатынын анықтап айтып қойсаңыз, содан мықтап тиылсам болмады ма!... «Олда-білде» дейін, айтыңызшы соны!...

Ойланып қалған Кәмен бұл өтінішке жауап қатпай, басқа сөзге жетектеді.

- Мұнан кейін «мұғалім-еке» деп атауыңды қойшы Биғабіл, жаңағы «Калаусы» деп атауың дұрыс!

- Мақұл!... Жақтырғаныңыз болсын, «Калаусы» деп-ақ атайын!... Калаусы, сізді «басынудың», «ызаңызды келтірудің» маған ешқандай зәрураты жоқ! Бірақ бірге істеп, бірге жүріп ешкімге тіл қатпайтын адам бола ма, ал мен сөйлессем-ақ үлкен қатер сияқты. Сонда да, бұл қатерден аулақ боламын деп, адамша сөйлеген бар адамға тіл қатпай қоюым тіпті де мүмкін емес... Кейбір адамдармен сөйлеспей-ақ қоюға болар, айтыңызшы соны, мен аузымды шегелеп-ақ қояйын!

- Сырт адамдармен, оқушылармен сөйлес пе деді ғой жаңа меңгеруші, сол болмады ма?- деп тыжырынды Кәмен.

- Меңгерушінің басқа оқушыларға айтпағанын маған ғана айтқызып төндірген сіз ғой, мұны өз сөзіңіз-ақ түсіндірді ғой. Күләнмен сөйлескенімді «Ақылбай екеуіңіз» айтыпсыз. Ал сөйлессем, «басынушылық» болып өз ызаңызды келтіретіндер бар екен, «жазалау деген содан шығады» дедіңіз. Егер анықтап ұқтырып қоймасаңыз, қатерге ұшырайтын сияқтымын, Калаусы!... Клубқа барған соң осы жағдайымның бәрін Сәду мен Ақылбайға айтамын да сөзсіз қайтып кетемін! Ұйым не қылмақ маған, тек «ұстаздың қаһарына» ұшырамасам болғаны!

Қызарақтай ойланып тыңдаған Кәмен:

- Ойбо-о-й, қоймадың ғой тіпті. Кіммен сөйлессең де сөйлесе берші, шатағым болмасын....

Қуымның бірінші рет ағызып жіберген осы уағдасын шағымға Ақылбайды қосақтаған өтірігімен түртпектеп екінші рет айтқыздым. Үшінші рет айтқызып, бекітуге уақыт жетпеді. Клубқа кірсек, сахна безеудің сасқалақ жұмысы жүріп жатыр екен. Бірі олай, бірі бұлай тартып, дұрыс орналастыра алмай даңғырласады. Біз де кірісіп кеттік.

Көшпелі, тұрақты сахналардың бәрін ыңғайласқандығымды, декорация жұмысына ысылғандығымды көрсеткім келді. «Нұрияш әлі-ақ бұл сахнаның періштесі болып шығар, менің де осы бастан кірігіп алуым, Кәмен түртіп қалғанда ұшып түспейтін аброй тауып үлгеруім керек қой!». Бізден бұрын келген әртістер құрып қойған «алты бақанды» бекемдеп қайта құрып, сахна төріндегі таулы декорация қанаттарын да ауыстырып түзеп шықтым.

- Міне, енді келісті, - деді Сәду.

Мұнан соң екінші акттегі1 киіз үйді де тігуге кірістік. Мұндағы артистердің көбі уық бауын да байлап көрмеген сияқты. Сахналық жарық жарты үйді тігуге де менің нұсқам дұрыс шығып, айтқаным қабылданды.

- Енді жақсы гримші тауып қоюымыз керек,- деді Сәду, - арнаулы гримші болмағандықтан, бірімізді біріміз бояумен баттастырып, тым үйлесімсіз безеп қоятынымыз бар!

Нұриямен еркінірек сөйлесіп алуыма гримшіліктен қолайлы міндет жоқ сияқты көрінді маған. Өз рөлім орындалып болған соң ыңғай гримханада отырамын ғой. Кәмендер сахнаға шыққанда біз оңаша қалатын орайлы уақыт көп болады.

- Гримшілікке мен тәуір едім,- десем де, өзімді-өзім ұсынғаныма жүзім қызара жөнелді. Бірақ, оқасы жоқ сияқты, Нұрия үшін әр неге де көніп, бәрі де болуға тиістімін ғой!

Сәду ойлана қарап сұрады менен:

- Бұрын істеп көріп пе едің?

- Үш-төрт жыл істегенмін. Мына Шұғаңызды бұдан әрі құлпыртар едім!

Артистердің бәрі күліп жібергенде, Кәмен төмен қарап сызданды да, «бұдан әрі құлпыртып» дегеніме Күлән қызарып сықылықтай түсті. «Жұп-жуас» оқушысының бекер белсенбейтініне сенген Сәду разы болғандай, басын изеп-изеп қалды.

- Бірақ өз рөліңді орындауға қайшы келіп қалмай ма?

- Мұның рөлі алғашқы пердеде, сонан соң ақырғы көріністе ғана, Кәрім рөлінде ғой!- деді Күлән.

- Онда болды! Бүгінгі декорацияның құрылысын бәрі де көрді ғой, басқа артистер осы бойынша істей берер. Сен енді өз рөліңнен сырт жұмыстан гримшілікті ғана істе!... Жарайтын сияқтысың!

- «Сияқты» ғана емес, болып-ақ тұр,- деді Қали атты бір кексе артист күрсініп, - сахнамызға мықты бір азамат қосылған секілді!

Өлкелік қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының мәдениет бөлімін басқаратын бұл кісінің мына мақтауы мұнан кейін де мені сахнаға тартып, Кәменнен еркіндік әперетіндей көңілдендірді.

- Енді түскі тамаққа барып қана қайталық, - деді Сәду. - Көшеге құлақтандыру жапсырылып болған. Азаматтар, бүгін дем алып отыратын күніміз емес, осы бір тамаша трагедияны сәтті орындап шықсақ, клубымыздың мұнан кейінгі базары кеңейетіні анық. Бұл үшін бар күштеріңді аямаңдар!... Мына үш оқушы бүгін осы жерден тамақтанып, сахнадағы бұйымдарды күзетсін!

Басқа артистер тарай жөнелді де, Кәмен Сәдумен сөйлесіп қалды. Бізді айдап қайтуға таласқан сияқты. Сәду көнбеді білем, Кәмен сазара шықты. Сыфан1 асханасының жайын білетін Сәдудің бізді бүгін тойдырмақ екенін түсіндік: Қалиға базардан үш адам тоярлық мәнті алдырып беруді тапсырып қайтты.

Сахнаның артқы есігінен Күлән ымдап шақырды.

- Бүгінгі белсенділігіңе разы болдым,- деп күлімсіреді мен жете бере. - Өнерің менің сіңілімді сиқырлауыңда ғана екен десем, бәріне жетеді екен ғой?!

- Маған өнер үйретіп жатқан сол сіңіліңнің өзі, бір әңгімелесу үшін бар өнерді игергім келді.

- Ол қазір біздің үйге барды, артқы жақпен жүгіріп барып қайтпаймысың?!

- Бармайын, аңдушым қиын шығып тұр. Кәмен бүгін мені тәртіп меңгерушісіне бір тергетіп шегелетіп шығарды!

- Олай болса кеште, бірінші пердедегі рөлің орындалған соң ауланың түп жағындағы тал арасынан кездеседі. Гримшілік шаруаңды тездетіп бітірерсің!

- Негізгісі ойын басталғанша бітеді ғой... Кәмен рөлге шыққан кездерде өзі гримханаға «жылынуға» да кіріп тұрмай ма... бірақ, мектеп значегын қадамасын.

- Иә,- деп Күлән сық ете түсті, - ойласқанбыз.

Күлән соны айтып қайтты да, біз тамақтанған соң үй жасауына әкелген кілемге қисая кеттік. Мұндайда ұйқы келерме, аунақши түстім де, сахна артындағы кереуеттің үстіне үйген көрпе-жастықтан әкеліп төсенбек болдым. Жетіп барып ірге жағындағы бір қалың көрпені жұлып алғанымда, Кәменнің мақталы сары сым мен құрым етікті борбайы жарық ете түсті, мен селк ете түстім. Қатты ұйықтап жатқансып пысылдай қалды өзі.

Алдыңғы есіктен қайтып кеткен болып, артқы есіктен қайта кіріп, дәл желкемізден баспалай жатыпты! «Күлән екеуміздің сөзімізді естіп қойды-ау» деп хауіптене қалып едім, Күлән артқы есіктен ымдағанда бұл сұмның зал бойлай алдыңғы есікке кетіп бара жатқаны есіме түсті де ол күдіктен серпіле қайтып, астыма көрпе салып жаттым. Сонда да көзім ілінер емес.

«Итаяғын да ұмытып, тападай тал түсте көз айырмай аңдыған мына ит кеште сирек өскен балапан тал арасында тақымымыздан ала түспесе не қылсын, - деген күдікті ой андыздап кеулей түсті. - Тал арасы болғанымен аппақ қар үстінде көзге айқын түсеміз-ау, қалай далдаланар екенбіз!... Әй, байыз тауып сөйлесе алмай қалармыз-ақ! Сөзді қысқа кесіп айта салайын оған: менің жағдайым сізді ұзақ күттіреді, шыдап күте аласыз ба, дейін..». «Жоқ, мұны оның рас сүйетінін білмей тұрып қалай айта аларсың!... Алдымен құшаққа тартып, сүйіп байқау керек шығар!... Беріліп сүйгізсе, сүйгені ғой... бірақ, жігітке сүйдіргені - пәк қыздың кірленгені емес пе! Оның арына дақ түсіріп алған соң шарт қойып кергудің өзі арсыздық болмай ма, сүйісіп алған соң қайтып айтарсың!... «Нұрияшты өзіңнің адамгершілігіңе тапсырдым» деп кеткен ғой Қабен. Егер ол мені ұзақ күте алмайтын болса, Қабеннің алдындағы адамгершілігім қайда кетпек?...» «Қой, сүю түгіл қолын да ұстамай тұрып кесетісіп алуым жөн! Сүю деген - некелену, некеленіп алған соң, түбінде мені күте алмайтын болсаң, қазір ажырасайық деу - Нұрияштай қызға ең дөрекі соққы болмай ма!... Иә, оның жанына кіршік түсіре алмаймын!... Кетсе, сол пәк күйінде кетсін!» «Әй, бірақ, сүйіспей-біліспей тұрып, әлгі сөзді қайтып баттита аларсың, бетіміздің бір былғануы былғанар-ақ!» «Қой шырағым, нәпсінің айтқанына көніп, айдауына жүре берсең, бауырыңа төрт аяқ бітер!» «Жоқ, бұл сүю - нәпсі үшін емес, сүйемін деп, оның жан сезіміне жел-желік бітіріп, тат-дақ түсіріп, шартты сонан соң қоймақпысың? Ол - жылы-тәтті у беріп мастандыратын, сезімін солай алдап тұтқындайтын жадыгөй жауыздың қылығы! Алдымен ашық сөйлесіп кесетісу ғана әділет!...»

Артистер қайтып келді, Кәменнің тамаққа қашан кеткенін тағы білмей қалыппыз. Дайындық жұмысына қайта кірістік. Кешке шейін айтысқан осы екі ойды келістере алмай, екеуіне кезек ауып мен жүрмін. Бұрын ашық сөйлеспегендігіміз иә айқын хат жазыспағандығымыз, бір рет әрең тілдескелі тұрғанымда, әуреге салды.

Кеш батып, төрт көзбен күткен уақытым да жақындап келеді. Міндетіме асыға кірісіп, алдымен бірінші пердеде шығатындарды гримдеп жатырмын. Күлән грим орындығына кешірек келіп отырды. Нұрия ере келген шығар деген оймен маңайға жалтақтай түскенімді сезе қойып күліп жіберді де «кейінірек» деп күбірледі.

Есік ашылған сайын жалт қараймын, жарқ етіп кіріп келгендей, тұла бойым ду ете түседі. Күлән тағы да күледі. Жұрт көзінше «бояуыңыз бұзылып кетпесін!» дегеннен басқа ештеңе айта алмай гримдеп шығардым. Ол арт жағымдағы ұзын орындыққа отырып алды енді. Әр артисті безендірген сайын көпшілікке сыдырта қарап шығып, есікке телміргеніме сыңқ ете түседі. Терезеден қараңғы түскені байқалды. Гримханада артистерден сырт адамнан бір ғана жігіт отырған. Ол - мақталы көк мешпет-сымды, мұрты жаңа ғана тебіндеген, сұлу қара торы жігіт екен. Малақайын баса киіп, бұрышта отыр. «Нұрия келмеді ғой» дегендей Күләнға жалтақтадым. Ол қатарындағы Кәменге қарап күле береді. Ожар, суық Қарасай мырзаның харакеттеріне лайық гримделген Кәменге, басқалар да Күләнша қарап қойып, жымиысып отырған. Бір мұртын құлағына қарай қайқайтып, бір мұртын иегіне салбырата иіп жасағанмын. Қасы мен көз әлпеті де қисық. «Күлән соған күледі, Нұрия есінде де жоқ сияқты» деп таңырқаймын.

Есік ашылған сайын Кәмен де елеңдей қарап отыр еді, грим жұмысы аяқтай бере бұрышта отырған көк киімді жігітке көз астымен үңіле түсті.

- Ана жігіт кім?- деп сұрады қатарында отырған Күләннан.

- Менің Құтыбиден келген немере туысым. Ауырып келіпті, ойын басталғанша жылырақ үйде отырсын деп осында кіргізіп алдым.

- Грим бітті ме?... Ойынды басталық енді!- деп Сәду кіріп келді де, кейінгі актке кіретін екі-үш «кемпір»-«шалдан» басқа артистер түгел тұрып, сахнаға кетті. Өзім асыға гримделдім. Айнаға қарап сұйық қара бояумен жаңа тебіндеп қалған мұрт жасап тұрғанымда, бұрышта отырған жігіттің маған қарап жымия күлгені алдымдағы айнадан көрінді. «Дәл өзінің мұртындай болып шыққанына күлгені шығар» деген оймен бір қарап қойып қана асығыс гримделе бердім. Жігіт орнынан тұрып, есікке қарай өте бере, айнадағы менің жүзіме тағы қарады. Ұшқын атқан кең көкшіл көз - өзегімді өртеп жүрген көкейкесті, нақ таныс көз жарқ етіп көзіме бір тоғысты да лып беріп өте шықты. Тұла бойым лап ете түскендей, жалт қарадым артынан. «Жоқ, ол емес, бүкіс екен өзі, реңі де қара торы ғой... Көзі қалай ұқсаған Нұрияшқа!... Қайта бір қарамай кетті-ау өзі!» деген оймен шала-шарпы гримделе салдым да рөліме лайық тымақ пен қазақша жеңіл мешпетшені киіп, белбеуді жүре байладым. Жаңағы бүкіс қара торы жүгіт сахнаның оң босаға жақ бүйіріне, аспа пердені далдалана келіп отырыпты. Мен гримханадан шыққанда көз алмай қарап отырды да, жақындай бергенімде сол құштар көзімді сахнада тұрған артистерге аударып әкетті. Нұрия қайда отырғанын білу үшін алдымен сахнаның екі жақ бүйірін қыдыра қарадым. Жоқ, көрінбеді. Сәду шымылдық сыртына шығып, көрермендерге пъеса жайында түсінік сөйлеп тұр, сахнаның сол жақ босағасына келіп шымылдықтың шетінен сығаладым. Ділгір көзім залда отырған көрермендерді тінте аралады. «Ұқсамады-ау бірі де, арт жақта ма әлде келмеді ме?!...»

Жалт қайрылдым сахнаға. Күлән алты бақан түбінде маған қарап күлімсіреп тұр екен. Әлгі көзі ыстық «бүкіс жігіт» те қарсы босағада жымиып отырған сияқты...

Зал қол шапалақпен шатырлай жөнелді. Сәду қайта кіріп, сахна табалдырығындағы суфлерлік ұяға түсе ойын бастау ысқырығын тартты. Жарма шымылдық сырт ете ашыла сала «Әбіш» екеуміз сахнаға кіріп, «Шұғаға» жақындай барып амандастық. (Пъеса осылай басталушы еді.) «Бүкіс жігіттің» әлгі теңдессіз ыстық көзі маған енді кірпік қақпай қадалды. Көрермендердің мыңдаған көзін елең құрлы көрмей, мен де сол көзге қарап тұрып қалған сияқтымын. «Өзің екенсің ғой!... Бәсе, Күлән неге күле беред десем, танымай қалыппын-ау, ә!..» деген оймен рөлде тұрғанымды да сезбей қадалыппын.

«Шұға» залдағы көрермендерден бетін сырт бұра беріп күбірлеп қалғанда бір-ақ түсіндім:

- Енді бәрлеріңіздің маған қарауларыңыз жөн шығар! - деп маған күлімсірей қарап қойды. «Менің Шұғам әне, енді таптым!» дегендей жымидым да, жиыла қойып, Кәрім бейнесіне келе қалдым...

Нұрияға телміріп қалмауға зорлана шыдап жүріп бірінші акттегі рөлімді тәуір орындадым. Шымылдық жабыла сала артистер абыр-сабыр болысып, декорация өзгертуге кірісіп кетті. Бұл артистердің ең асығыс, ең қарбалас мезеті болушы еді. Гримін өзгертетін бір артистің бетін сүйкектете салып, гримханадан шыққанымда «кетті» деп қалып Күлән өте шықты алдымнан. Жалт қарасам, отырған орнынан Нұрия көрінбеді. Кәменнің рөлге шығуын бошалағандай кезе жүріп күтіп, ол сахнаға кіре бергенде артқы есіктен мен де шыға жөнелдім.

Әне, Нұрия, талдың шетіне іліне, қайрыла қарап тұр екен! Бүкірлік рөлден ол да азат болғандай, бойын түп-түзу ұстайтын қалпына келе қалыпты, түн бұлыңғыр болса да ақ қар үстінен айқын көрінді. Тымағымды қолыма ала жүгірдім. Ол маған қарай түсіп, тал арасына кірді де, жетіп қалған маған кілт бұрылып, екі қолын жая ұмтылды. Қолға бөгет тымақты басыма қондыра сала құшақтадым, ол да іркіліссіз құшты, кірпік қақпай қарасқан күйі еріндеріміз жақындаса берді.

- Сүй?1 - деген әскери зейіл үн сақ ете түсті осы мезетте. Айқасқан құшақтарымыз сылқ түсті.

- Уо!2- деп мен де сақ ете түсіп, Нұрияштан екі адым шегіне қойдым.

Ауланың түп жағындағы талдың арасынан аяқ сықыры естілді, бері жүрген сияқты. Мен Нұрияға клуб жақты нұсқап қойып, қарсы жүрдім. Мылтығын кезеніп келеді екен біреу, шошайған тымағымды алдымен көріп, нақ «банды қазақты» елестетті білем, кілт тоқтай қалып, мылтық шақпағын қайырды:

- Тұр, солай!- деп ханзуша зекіді. - Көтер, қолыңды!

Мен қолымды көтерісіммен жақындап келіп тоқтады:

- Сен кімсің?

- Әртіспін,- деп тымағымды жұлып алдым, - клубта ойын қойып жатырмыз.

- Мұнда не қып жүрсің?

- Дәретке шықтым, асығыспын!

- Туфи!... Дәретхана қайда? Қайтып кет!

Мен қайта оралғанда Нұрия тал арасынан шығып клубқа жақындап барып күтіп тұр екен. Көзін қол орамалымен баса өксіп қалды да, бір қолымды алып, сол орамалын алақаныма басып ұстатты. Оттай ыстық екі алақанымен ысқылай сылады қолымның сыртын. Оның сүйріктей саусақтарын қос қолыма алып, көкірегіме апара бергенімде тағы бір сықыр естілді. Арқасынан аялай сылап, клубтың артқы есігіне тарттым.

Үнсіз-дыбыссыз келіп кірдік. Кішкене ғана ауыз бөлмеде шам жоқ еді. Тұра қалдық та бас киімдерімізді қолға алып, құшақтаса түстік. Екі жүректің жарыса соғуынан басқа сыбдырсыз қараңғыда бетке бет алма кезек төселе келе, еріндер енді табыса қалып еді.

- Кімсің?- деді гримхана жақтағы есіктен біреу. Бері қарай аяғын тақ-тұқ басып келіп тоқтады.

- Мен, Биғабіл.

- Мен алдыңғы есіктен кірейін!- деп сыбырлаған Нұрия лып етіп шыға жөнелді...

Мұнан соң гримханада да, сахна бүйірінде де жас дымымен жаудыраған көздердің шағылыса өтуінен басқа үн де, тіл де қатыса алмадық. Нұрия сахна босағасында отырған бір кезде Кәмен үңіле түсті оған. Мен оның арт жағында сабақтастарыммен бірге отырғанмын. Қатарына келіп отыра қалды Кәмен.

- Сіздің атыңыз кім?- деп сұрағандай болды. Нұрия естімеген кісіше үн қатпай, қойылып жатқан ойыннан көз алмай қойды. - Сені танып отырмын! - деп Кәмен тағы үңілді. Нұрия тағы да елеместікке салынды, міз бақпай тамашалау тәрізінде отыр.

Бұл тұс уланған «Шұға» төсек тартып қалған, Базарбай қойшыны шақыртып алып, Әбіштің өлеңін сонымен қосыла айтып жатқан кез еді. Бүкіл зал тым-тырыс тына тыңдаған махаббат зарының бұл әнін «бүкіс жігіттің» де бар назармен беріле тыңдайтын жөні бар болатын. Нұрияның Кәмен сөзіне осы сылтаумен құлақ аспай қоюы дұрыс көрінді. Кәмен тағы сыбырлады. Сахнаға мен де бар ықыласымды салғандай ентелеп, оның сыбырын құлағымды тоса тыңдадым:

- Түріңді осынша өзгертіп, осынша сырлы құбылысқа көшуің өзіңе үлкен қатер ғой Нұрия!... Бандылардың шпионы ғана осылай жүреді. Мен сені қимаймын, жылы жауабыңды бер маған!... Ойланып болған шығарсың, осы қазір естігім келеді!

- Нұрияңыз кім?!- деп Нұрия таңданғанси сыбырлады.

- Нұрия - сен. Мені сынауың жетті ғой енді, жаным дейін, жақсы жауабыңды айтшы!... Менде титтей көңілің болса жасырмай қазір бер жауабыңды!

Нұрия ойынға қараған бойы қатқылдау сыбырлады:

- Сөз айтып жүрген сол қызың мен болсам, Құдай біледі, шапалақпен тартып жіберер едім, жауабым сол ғана болар еді... Неткен дөрекі адамсыз?

- Осылай де, бірақ әлі де ойланып көр Нұрия, түбінде менікі боласың!

Кәмен орнынан тұрды. Мен ешнәрседен хабарсызсып, шалқалай қалдым, Кәмен теңселе жүріп сахнаның арт жағына кеткенде Нұрия маған жалт қайрылды. «Залға түсіп кет!» дегендей есікті ымдап қойып, ойынға қарағанси түстім. Менің қасымдағы оқушыға қарап сыбырлады Нұрия:

- Күләнға айта салыңызшы, Құтыбиден келген туысы едім, ауырып тұрмын, жатқан үйіме ертерек жетіп алайын, мені іздемесін!

Соны айтты да маған қарап қойып, оң жағымдағы бүйір есіктен шыға жөнелді. Әлден уақытта артқы есіктен бір ұйғыр сақшы келді біздің қасымызға, алақ-жұлақ етіп әрқайсынымызға бір қарайды.

- Мына орында отырған көк киімді жігіт қайда?

- Білмедік,- дей салып ойынға үңіле түстім. Сақшы сахна маңын айнала іздеді. Рөлге шақырылған Кәмен арт жақтан асыға келіп сахнаға кірді.

 

Тергеушім, бұл тараудан менің тым қатерлі қылмыскер екендігімді көрдіңіз. Қылмыскер қауымның ынтымақтасуынан зор қырсық бар ма. Жікшілдікпен жидіп, азулыға әзір ас болып жатқан «үлгілі класыңыздың» ынтымағына ұйтқы болып, сол ырыздығыңызды тасқа айналдырдым; тастай қатып бірікті де, үкіметіңіздің тазын әшкерелейтін оқулық тауып, өздерінің еркін оқу жолын тапты.

Мұндай ынтымақты қылмыс деп атамай, ақыл деп атауымыз ашуыңызды келтірер-ақ. Кешіріңіз, бұлай атауымның сізге жағарлық себебі бар: «ақылды Мыңгуйдің мылтығынан үйрендік» демей, «қылмысты Мыңгуйдің мылтығынан үйрендік» десем, ашуыңыз одан да қатты келмей ме? Қылмысты басқадан үйрендім деуді сіздің заң көтермейді ғой. Қылмыскер аталған адам, дүниенің бар қылмысын өзіне сорғыштай тартып алуға, бәрі менің қылмысым деп мойындай беруге борышты ғой. Сонда ғана рас қылмысты болып айқындалады. Сондықтан бұл жерде «қылмыс» атауын «ақыл» деп атамасам, өзім ақымақ болып, арам таяқ жеймін ғой. Қалай атасам да әйтеуір сол кезде ынтымаққа ұйтқы болған ең зор қылмысымды мойындадым. Ал, осыған сол дәуір белсендісінің қалыңдығын тартып алғанымды қосып мойындаған соң не қалды!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



1 Маулүйзы (қытайша) - есек.

1 Жұңжың - Жяң Жешінің әсілі есімі.

2 Зұңсай (ханзуша) - партия төрағасы.

1 Калаусы - Кәмен мұғалім.

1 Көрініс перде.

1 Сыфан - педагогикалық мектеп.

1 Сүй (ханзуша) - кім?

2 Уо (ханзуша) - мен.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475