Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 9428 3 пікір 5 Сәуір, 2021 сағат 16:43

«Сұраусыз» қарыздың cоңы. Қытайдың қарыз дағдарысы

Қытай экономикасының 40 жыл бойы дүрілдеп өскені әлемге аян. Экономиканың заңдылығына сай, оның соңғы жылдары өсу қарқынын баяулатқаны бар. Өсу көрсеткішінің түскеніне қарап, Қытайдың құлдырауға бет алғанын болжаушылар да бар. АҚШ-Қытай сауда және технология соғысынан кейін, Қытайдың төмендей бастаған сыртқы сауда көрсеткіштеріне, сондай-ақ, Трамптың соққылау мәнеріне қарап, Қытайды мүлде құрдымға «жібергендер», тіпті, сол оңбаған қалыпы тұтастығынан айырылып, бөлшек-бөлшектерге шашырап кетерін тұспалдаушылар да шыққан.

Дегенмен Қытай экономикасы сәуегейшілердің жорамалдарынан мүлде тағдырлы шықты. Пандемия есеңгіреткен 2020 жылдың өзінде +2,3 %-дық көрсеткішпен жер шарындағы басты экономикалардың ішінен өсім көрсеткен жалғыз ел болып танылды. Сыртқы саудасы 1,9%, оның ішінде экспорт тіпті, 4%, экспорт-импорттың оң сальдосы 27,4%-ға өсті. Дағдысынан жаңылмай 2020 жылы қазанда, мемлекеттің кезекті «14-ші бес жылдық жоспарын» белгілеп, «2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімдік даму межесін» бекітіп қойды.

Қытай экономикасының «мемлекеттік капитализм» сыйпатында екендігі ақиқат. Сондықтан да, онда нарықтық механизмдердің рөлі қанша дәріптелгенімен, мемлекеттік меншіктің тегеуірінділігіне байланысты жеме-жемге келгенде мемлекеттің экономиканы реттеудегі пәрменділігі қашан да алдыға шығады. Ал ол түптің түбінде қаржы-ақша саясатының күшімен іске асырылады. Міне, осы тетік Қытай экономикасындағы ішкі қарыздың қауырт та сұраусыз өсуін туындатып, ел экономикасын жарға жақындатып келе жатқан сыңайлы.

Бұл ел экономикасының, сырт көзге шалына бермейтін, бірақ, ұлттық интеллигенциясының алаңын тудырып отырған кілтипанды тұсының бірі. Соңғы мезгілдерде бюджеттік алымдар жылдан жылға қожырап, оның ЖІӨ-мен салыстырмасы ырғақты төмендеуі үрдіске айналғандай. 2015-2020 жж. бюджеттік кірістердің өсу қарқыны жалғасты бес жыл бойы ЖІӨ-нің өсу қарқынынан төмен болып келеді. Бюджеттің шығыс-кіріс айырмасы ұлғая келе 2020 жылы 6,3 трлн юанға жетіп, бюджет тапшылығы 10,8%-ды құрады.

Қытай экономикасының жеткен жетістіктерінің бәріне де инвестиция, сыртқы сауда және ішкі тұтынудың тұрақты артуының арқасында қол жеткізілгені белгілі. Мұның ішінде сыртқы сауда елдің арзан еңбек күшінің арқасында «әлемнің фабрикаcына» айналғанының әсерінен үдіріссіз артса, ішкі тұтыну экономикалық оңды реформалардың арқасында халықтың қалтасының қалыңдауына байланысты үдемелі ұлғайып отырды. Ал инвестиция есіктің сыртқа ашылуына орай тартылған шетелдік инвестиядан басқа, негізінен мемлекеттің пәрменді қаржыландыру екпініне сүйенді. Бұл Қытайлық жүйе жағдайында үкіметтің мемлекеттік секторды мемлекеттік қаржы көздерімен тоқтаусыз қамдауымен, мемлекеттік емес секторға түрлі мемлекеттік қолдау және көпвекторлы қаржы көздерінен сусындауына мүмкіндік беруімен іске асырылды. Ақыр аяғында «реформалау, экономиканы дамыту, тұрақтылықты сақтаудың барлығы да бюджетке сүйенетін, бюджет дегеніңіздің сол реформа, даму, тұрақтылықтың өзі болып қалған» жағдай қалыптасты («Yukai» құнды қағаздарды зерттеу академиясы зерттеушісі Yu Kai).

Сонымен нешелеген түрдегі қаржы институттары мен экономиканың жалпы секторындағы қаржылық қатынастар, атап айтқанда алашақ-берешектік мәмілелер туындады. Ол және бүгіндері сомасының көлемімен, экономиканың ауқымындағы үлестілігінің жоғарылығымен «тәуекелі мен қатері қабағат үлкен, аса ауыр жағдайға  келіп тіреліп отыр» (Lou Jiwei, қытайдың алдыңғы қаржы минстрі).

Мәселенің мәні мынадай: Бір жағынан экономиканың өсімінің баяулауына байланысты бюджеттік кірістерінің жиналуы азайып отырса, екінші жағынан міндетті қаржылық шығындар үдіріссіз артып, кіріс пен шығыстың кереғар өсімі ушығып барады. Мысалы, пандемиялы 2020 жылы елдің бюджеттік кірістері -3,9%-ға өсіп, 1976 жылдан кейінгі ең төменгі көрсеткішке жетті. Бұған қоғамның қарттануына байланысты туындаған күтімдер шығыны мен пандемияның кесірінен жұмсалып жатқан есептен тыс шығындар қосылып, жағдайды асқындырып отыр. Әлемдегі аумалы-төкпелілікке сай ойламаған кесімсіз қатерлер өз алдына бір төбе.

Қытай 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бюджеттен 4 трлн юанды инфрақұрылымды дамытуға салу жолымен сытылып шыққаны мәлім. Осыдан кейін-ақ, кеңейтпелі бюджеттік саясаттан бас тартқан емес. Сонан бергі бюджет тапшылығына саналы ырық беру саясаты әр сатылы қарыздың қауырт өсуіне алып келді. 2020 жылы Қытай үкіметінің қарызы 46,55 трлн юнға жетіп (алдыңғы жылдағыға 8,6 трлн қосып), берешектік мөлшері (үкімет қарызы/ЖІӨ) 45,8% болыпты (2019 ж. 38,3%). Бұл осы көрсеткіштің халықаралық ескерту немесе сақтық сызығынан (60%) әлі алыс жатқанымен, үкімет қарыздарына өте қатынасты, яғни үкімет қарызы саналмағанымен, ақырында бәрібір үкімет қайтаратын қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге жұмсалған жергілікті 10,8 трлн қарызды тіркесек (10,6%), жаңағы 60%-ға тақайды. Қытайлық жүйеде қоғамның орнықтылығы үшін орталық үкіметтің жергілікті үкіметтің түрлі қарыздарын өзіне алатын міндеттемесін ескерсек, Қытай үкіметінің берешектік мөлшері халықаралық сақтық сызығынан «өтіп кеткен» болуы да кәдік. Информациялық ашықтық жоқ жүйеде біздің осы көрсеткіштің тегі қанща болғанынан мәңгі хабарсыз кетуіміз де мүмкін.

Қарыз сомасының өзінің ауқымдылығымен қатар, мерзімді өтелуге тиісті қарыз өсімінің (%-ының) әлеуметтік бюджет шығындарындағы үлесі жылма жыл артып келеді. Ол тіпті, қарыздың арту қарқынынан да өтіп кетіп отыр. Мысалы 2020 жылы жалпы қарыздың өсуі 15,4% болса, жаңағы аталған өсімнің өсу қарқыны 16,1%-ға жеткен. Сөйтіп, 2019 жылы орталық үкімет бюджетінің осы өсімді төлеуге жіберген шығыны жалпы бюджет шығынының 13%-ын ұстаса, 2020 жылы ол 15%-ға жетті. Мұнымен қоймай, мемлекет кепілдігіндегі қарыздар мен жергілікті үкіметтің қарыздарының қайтару мерзімінің 2021-2025 жылдар аралығына (екеуінің осы жылдардағы әр жылдық орташа сомасы жеке-жеке 2,6 трлн және 2,8 трлн юанды құрамақ) шоғырлануы бюджет тапшылығын онан сайын асқындырып, қарыз тәуекелін ширата түскелі тұр. Қала-кент инфрақұрылымды жетілдіруге алынған қарыздардың қайтарылу мерзімі де сол 2021-2026 жылдарға түсіп тұр екен. Жағдай тым қиындаған жағдайда бұл тек үкіметтің қайтару мерзімін ары қарай ұзарту сынды әкімшілік пәрменімен немесе ақша басып шығарумен ғана реттелетін шаруа. Бұның жеткен толғақты шегере тұру сықылды тірлік екені анық.

Әңгіменің қызығы жергілікті қарыз айналасында. 2020 жылы Қытайда 14 өлке (провинция) мен орталыққа тікелей қарайтын 4 қаланың бюджеттік кірісі кері қарай өскен. 23 өлкенің өзін-өзі бюджеттік қамдауы 50%-ға жетпей қалған. Мысалы, Xizang/Тібет/, Qinghai, Gansu өлкелерінің өзін-өзі бюджеттік қамдауы жеке-жеке әрең 10,1%, 15,1%, 21,5%-ды құраған. Бұл осы өлкелердің абсолютты түрде орталық бюджетке қол жайып қалғанынан дерек береді. Осы себептен де 2020 жылға жеткенде жергілікті жерлердегі арнайы қарастырылған жобалар бойынша қарыз сомасы (12,92 млрд) классикалық қарыз сомасынан (12,74 млрд) асып кетті. Мамандар «осындай арнайы қарыздардың өнімділігінің төмен болатындығынан оны бәрібір де бюджет қаржысымен қайтаруға тура келетіндіктен, ол да кәдуелгі қарыз санатына жатқылуы керек. Оны бюджет тапшылығына санамай өзімізді өзіміз алдағаннан көрі, оның қатерлілігін ашыққа шығару керек» деп қарайды. («Yukai құнды қағаздары» зерттеу академиясы, Yu Kai). Қазіргі мәліметтерден қарағанда, жергілікті үкіметтің көрінеу берешектік мөлшері (қарыз сомасы/жиынтық қаржылық қуаты) 97%-ға жетіпті (2019 ж. 78%). Бұл көрсеткіш бойынша халықаралық дағдылы сақтық аумағының 100%-120% екенін ескерсек, көмескі қарыз сомаларын қосқанда, оның жаңағы қатерлі аумақтан әлі де қайда асып кеткенін бағамдау үшін аса қиын болмаса керек. Мамандар тіпті, көмескі қарызды санамағанның өзінде, өткен үш жылдағы көрінеу қарыздың өсу қарқынынан «қатерлі аумаққа» 2023 жылы-ақ, жарып кіретінін есептеп шыққан (Huang Hua, «өткен-кеткенге назар» сайты, 09.03.2020). Кілтиппанның бәрі сол көмескі қарызда. Өйткені, Қытай заңнамасы бойынша, жергілікті үкімет жергілікті салықты жинап пайдаланудан сырт,  иелігіндегі жерлерді ақылы ұсыну, акция пакетін бөлісу, тіпті тікелей қаржы салу сықылды қадамдар арқылы қаржы жарақтау-жасақтау институттарын ұйымдастырып, солар арқылы несие беруге, қаржы тартуға құқылы. Олардың саны 2008 жылғы 3000-нан 2018 жылғы 11736-ға көбейген. Сонымен, аймақтарда қарастылығындағы жерді кепілге қойып банктен қарыз алатын, шаруашылық жерлерін шаруалардан арзанға сатып алып оны құрылыс фирмаларына қымбатқа сатып ақша жинайтын, жергілікті жобалардың келешек пайдасын кепілге бағалап қаржы жинау сияқты қым-қуыт мәмілелер басталды. Келешегі қамтамасыз етілмеген ақша ағындары, жең ұшынан жалғасу, лауазым-ақша айырбасы, түптің түбінде жергілікті бюджеттің қарыз батпағына сүңги түсуі осы берекесіздіктен бастау алады.

Жерігілікті билік болса оның тиімділігі мен оң нәтижелеріне ғана жауап береді, тиімсіз салдарларына қоғамды барымталау арқылы орталық үкіметке қысым түсіреді. Мұндайда әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғылықты жұрттың мүддесін алдыға шығара қояды. Ақырында орталық үкімет қарызды ортақ қазынадан жауып береді, немесе қарыздың шарттарын жаймашуақтап «оңтайландырады». Жоғарыдағы аталған көмескі қарыздар деген осындайдан туындайды. Сондықтан да ол «Қытайда елес сияқты өмір сүруде. Оның бар-жоғын жергілікті биліктің өзі біліп жарытпайд» («Caizhu Finance» сайты, 28.09.2020.

Ал оның сомасы бүгіндері 30-50 трлн шамаланады. 2017 жылы маусымда қала-кенттердің инфрақұрылымдарын жетілдіру заемын тарқатқан фирмалардың жалпы қарызы 47 млрд юанды құрапты. Демек бұл сома сол жылғы ІЖӨ-нің (82 трлн) 57%-ына пара-пар деген сөз! Экономистер оның қазірдің өзінде ІЖӨ-нің жартысына жуық екенін атайды. Анығында, Қытайда жергілікті қаржылық сенімділік пен жергілікті билікті тіреп тұрған жердің құны ғана. Қытайдағы жергілікті бюджетті «жер бюджеті» деп тәмсіл сонан пайда болған. Зәудеқалам жердің құнына бірдеңе болса, қарыз қайтару емес, биліктің ырғақты қызметімен қоса жүйелік дағдарыс жүз берері хақ. Ал мұндай жағдайда орталық үкіметтің қолынан келері тек ақша басу аппаратына жүгіну болмақ. Оның зардабы, әрине инфлияция мен әлеуметтік толқулар болмақ. Қытайдағы жергілікті қарыздың ауқымды бөлігі құрылыс саласына тиеселі. Нағыз белшесінен қарыз сала осы. Мамандар Бейжиң, Шаңхай бастатқан ең табысты 7 қаланың бюджеттік жиналымын қоса салса да 2021 жылғы құрылыс фирмаларының жиынтық қарызын өтеуге жетпейтіндігін санап шыққан («Төре сөз емес» сайты, 14.03.2020).

Жеке кісілердің қарызы жайлы сөз бөлек. Қытайдағы ресми статистиканың өзі елде 780 млн адамның берешек екендігін деректеп отыр. Жекeлердің үй және көлік сатып алуға, тұрмыстық тұтынуға қаржылық ұйымдарға жүгінуі мен тәуелденуі тоқтаусыз асқынып барады. Оған технологияның жаңа жетістіктеріне иек артқан интернет несиесінің қатты дамуы да дем беріп отыр. Қытайдың қаржы нарығын қадағалау мекемелерінің Джек Маны тәртіпке шақыруының сыры да осында жатыр, сөйтсе ол 200 млн-ға жуық халықты өзіне қарыздай байлап алған болып шықты.

Әлем экономикасының құлдырауы, Байден үкіметінің тұтас батысты Қытайға қарсы ұйымдастыра алуы, АҚШ қаржы минстрлігінің мемлекеттік қарыздарды төпелей таратуы Қытайлық қаржы жүйесінің болжамдылығын тұрақсыздандыруға ықтимал әсері де менмұндалайды.

Мақаланы қаржыгер Ru Song-ның «Қытайлық үлгідегі қарыз дағдарысы тақап қалды» («Америка акциялары» сайты) деген мақаласындағы «бұл мәселеде ешқандай қаперге аларлық тәжірибе жоқ. Өйткені бұл (қытайлық жүйені меңзейді - авт.) елден ала бітімі бөлек жүйе» деген пайымымен аяқтағымыз келеді.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351